Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 1884 2 пікір 22 Шілде, 2024 сағат 14:05

Көш тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жақсы болған...

Коллаж: qandastar.kz

Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы 28 қыркүйектен 4 қазанға дейін дүниежүзі қазақтары өкілдерінің қатысуымен бірінші құрылтай Алматыда өтеді. Құрылтайға алыс және жақын шет мемлекеттерден соның ішінде Түркия, Германия, Франция, Норвегия, Моңғолия, Қытай, Аустрия тағы басқа 33 елдерден және ТМД елдерінен болып 800 ден астам өкіл қатысады. Құрылтай құрметіне Алматы облысының Дегерес жайлауында дүбірлі той өтті. Құрылтай кезінде шетелден келген ағайындар Қазақстанды аралап, Түркістан, Жезқазған, Ұлытау сияқты еліміздің ежелгі саяси, тарихи, мәдени, рухани орталықтарында болып, ата-баба аруағына дұға бағыштап, рухына тағзым етіп еді.

Әлемнің әр жерінде тарыдай шашылып жүрген  қазақтардың алғашқы Құрылтайына қатысушылар Қазақстан халқынына және дүниежүзінің басқада халықтарына, мемлекеттеріне, олардың үкіметтеріне Үндеу қабылдады. Құрылтай күндері «Қазақтар: кеше, бүгін және ертең» деген тақырыпта ғылыми конференция өткізеді. Конференцияда ҚР Президенті Н.Назарбаев «Құшағымыз бауырларға айқара ашық» деген баяндама жасады. Баяндамада ол: «Бүгінгі күн – ерекше күн. Орта толды деген осы. Дәл осынау сәтте өзін қазақпын деп сезінетін әрбір адам жүрегі лүпілдеп, атамекеніне, тәуелсіз Қазақстанның астанасы Алматыға көз тігуде. Өйткені мұнда дүние жүзінің түкпір-түкпіріндегі иісі қазақ атаулының өкілдері тұңғыш рет бастарын қосып, алқалы жиын, салтанатты мәжіліс –  Құрылтайға жиналып отыр. Күні кеше ғана мұндай болады деген ой көбіміздің қиялымызға кірмеген шығар. Енді, міне, аңсаған арманның тағы біріне қол жеткіздік. Сан ғасырға созылған отаршылдықтың бұғауынан босанып, таяуда ғана тәуелсіздік алса да, қысқа мерзім ішінде бүкіл айдай әлем түгел мойындап, абыройы асып үлгірген Қазақстан жұртшылығы сіздерді, ардақты ағайын, туған жерде құшақ жая қарсы алып жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Мен Республика Президенті ретінде бәріңізді Дүниежүзі қазақтары Құрылтайының салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға: «Туған жерге қош келдіңіздер!», – деймін деген еді. 

Құрылтайда қазақ халқының тағдыры, ата-баба мұрасы, тілі, бүкіл дүниежүзіндегі қазақтарды біртұтас ұлттық мемлекетіне біріктірудің құқықтық негіздері мен мәселелері жөнінде баяндамалар тыңдалады. Конференцияда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, оның төрағасы болып Н.Назарбаев, ал төрағаның бірінші орынбасары Қ.Найманбаев сайланды. Бұл орталыққа ұлт өмірін жан-жақты зерттеп, қазақтардың әлеуметтік, экономика, мәдени, рухани тыныс-тіршілігіндегі мәселелерді шешу міндеттері жүктелді. Құрылтай шетелде жүрген қазақтарға олардың артында арқа сүйер іргелі елі барын танытып еді.

Жыл сайын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы шетелдегі қандастапрымыздың жағдайларына тиісті деңгейде зерттеулер жасап, шешімдерін шығарып, үкіметке түрлі бағдарламалар ұсынды. Сондай тыңғылықты жұмыстардың нәтижесінде 1996 жылдың өзінде (бұған дейінгі көші-қон квотасы туралы шараларын айтпағанда) «Шетелдегі отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Бұл бағдарламаларды мемлекет тарапынан бақылау үшін Көші-қон және демография жөніндегі агенттік құрылды. 1997 жылы 13 желтоқсанда «Халықтық көші-қоны заңы» қабылданды. Бұл заң көші-қон процестерінің құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін, сондай-ақ өзінің тарихи отанына оралған қандастар мен отбасылар үшін жаңа жерде өмір сүрудің жағдайларын қарастырып, тіршілікке бейімделу жолдарын айқындайтын болды. Осы заң негізінде үкімет көшіп келушілерге жан-жақты көмек көрсету, қамқорлық жасау шараларын белгіледі және осы негізде жұмыс жүргізді.

1991 жылдан 2000 жылға дейінгі кезең аралығында 41 мың отбасы көшіп келеді, олардың жан басы 176 мыңға жуық болды. Олардың ішінде Моңғолиядан 63,5 мың, Ираннан 4,8 мың, Түркиядан 2,4 мың, ТМД елдерінен 103 мыңдай адам келді. Ал 2001 жылы 600 отбасына Көші-қон квотасы белгіленді. Жоба бойынша әр жылы орта есеппен 20 мың отбасын көшіріп келу көзделген.

Ал араға он жыл салып 2002 жылы күзде Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы қазақтың рухани астанасы Түркістанда өтті. Түркістан көптеген тарихи кезеңдерді басынан өткерген, қазақ хандары мен билерінің мүрдесі жерленген қасиетті қала болғандықтан әдейі ырымдап таңдалса керек. Оның алдында Түркістан қаласының 1500 жылдығы аталып өткен болатын. Бұл құрылтайға алыс және жақын 32 шет мемлекеттен 400-ден астам өкіл қатысты. Құрылтайда оралмандардың тарихи отанына оралу мәселесі қаралып, көші-қон квотасының мөлшерін ұлғайту жоспары қарастырылады. 2003 жылы 5 мың отбасы, 2004 жылы 10 мың отбасы, 2005 жылы 15 мың отбасы елге көшіп келді, жылына 50-60 мың оралман елге көшіп келу мүмкіндігіне ие болады.

Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайында Пезезидент: «Тағдырымыз солай болып, аннан қашқандарды, мұннан қашқандарды Еуропадан да, Азиядан да тың жерді көтереміз деп, қазақтың санын азайтамыз деп, көп ұлтты болдық. Оны кемшілік деп санамау керек. Артықшылығымыз деп санау керек! Сондықтан біз әр ұлттың халқын бауырымызға басып үйренген халықпыз, ал енді шетелден көшіп келеміз деген өз қазақтарымызды бауырымызға баса алмаймсыз ба сонда?! Мен ойлаймын, сегіз жарым миллион қазақ Қазақстанда. Меніңше, қазір тоғыз миллионға жақындады. Себебі, осы жылдардың ішінде жарты миллион қазақ көшіп келді. Сегіз миллионды орташа үш жарымға, төртке бөлгенде қанша отбасы болады?! Екі миллионға жақын біздің отбасымыз бар. Төрт миллионға жақын отбасы екі қазақтан шақырып әкеп, аяғынан тұрғызып жіберсе, сонша қиыншылық болмас деп ойлаймын соларға. Бұл біздің елдігіміз болып саналар еді. Дүниежүзіне біз осындай мағлұмат, мәлімет, тәжірибе берер едік!» – деп шақырды әлемдегі барша қазақтарды.

Бірақ Құрылтайға келген кейбір делегация өкілдері «біз ата-бабамыздың жерінде жасап жатырмыз, ата-бабаларымыздың аруағын аттап көшіп келе алмаймыз» деген пікірлерін айтқанын әлі ұмыта қойғанымыз жоқ.

2005 жылы 27-28 қыркүйек аралығында Дүниежүзі қазақтарының үшінші құрылтайы Астанада өтті. Құрылтайға алыс және жақын 32 шет мемлекеттен, соның ішінде Ресейден, Қытайдан, Аустриядан, Сингапурдан, Мысырдан, 312 өкіл, сондай-ақ Қазақстанның барлық облыстары мен Алматы және Астана қалаларынан 200-ден астам өкіл қатысты.

Құрылтайда шетелде тұратын этикалық қазақ өкілдерін Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқыту үшін жағдай жасау, сондай-ақ тарихи отанына инвестиция әкелу мүмкіндіктері секілді мәселелер талқыланды. Нақтырақ айтар болсақ Құрылтайда: мәденит, оқу-білім, бұқаралық ақпарат құралдары және көші-қон мәселелерін қарастырған төрт секциялық мәжіліс өткізіліп, шетелдегі қазақтармен байланыс жасаудың өзекті мәселері талқыланады. Шетелдегі қазақ диаспорасы мен елге оралғандардың өзекті мәселелері жан-жақты айтылып, үш мәселеге – көші-қон, оқу-білім, мәдени-рухани және бұқаралық ақпарат құралдар мәселелеріне айырықша көңіл бөлінді. Құрылтайда жасаған баяндамасында Президент шетелдегі қазақ диаспорасы мен оралмандарға қолдау көрсетудің барлық тетіктерін айқындап, алда тұрған міндеттерді белгілеп берді. Отанға оралту жұмысын одан әрі жүйелеп, жетілдіре беруіне тоқталып еді.

Мен бұл үш Құрылтайдың астын сызып тұрып неге айтып отырмын, себебі  бұл үш құрылтайдың қазақ тарихында алатын орны өте маңызды. Өйткені бұл Құрылтайлар шетелдегі қандастарымыздың елге оралуына үлкен септігін тигізген болатын. Аталған үш Құрылтайда қабылданған Үндеу негізінде Үкімет бағдарламалар, шаралар әзірлеп, сол бойынша  жұмыс істегендіктен көші-қондағы мәселелердің көбі ың-дыңсыз шешіліп, шетелдегі қазақтардың оралуына, олардың кедергісіз азаматтық алуына және квотаға қол жеткізуіне мүмкіндік берген еді. Осы кезді, осы орайды дер кезінде пайдалана алған шетелдегі қандастардың біразы  елге оралып үлгірді. Өз басым тәуелсіздіктің алғашқы осы жылдарын –  шетелдегі қазақтарды елге оралтудың ең оңтайлы, қолайлы заманы болды деп санаймын.

Одан кейінгі ашылған Дүниежүзі қазақтарының төртінші (2011 ж.), бесінші (2017 ж.) құрылтайының алғашқы үш құрылтайға қарағанда қандастарымызды елге қайтару, оралту жағы бәсеңдеді. Өйткені, мұнда 2011 жылы «Халықтық көші-қоны заңы» қайта қаралып, өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, оралмандарды қабылдаудың, көші-қонның жолдары тарайтылды. Оның орнына «Нұрлы-көш» бағдарламасының 2-ші кезеңі іске қосылып, шетелдерде кіші құрылтайдың тұрақты өткізіліп тұруы екендігі, әрі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоының қолдау көрсететіндігі ашық айтылды. Құрылтайда Президент Н.Назарбаев: «Жастар – біздің болашағымыз. Біздің әлемдегі барша қазақ жастарының сапалы білім алуына тиісті жағдай жасауымыз кажет... Сондықтан мен әлемнің әр қиырындағы қазақ жастарын атамекенге оқуға және қазақ еліне қызмет етуге шақырамын»  деп, атап көрсеткен болатын.

Осыдан кейін оралмандардың Қазақстан азаматтығын алуды төрт жылға ұзартып, «соттылығы бар, жоқтығы» туралы құжат талап етіліп, біраз қоғамда шу болғаны әлі есімізде. Кейін бұл заң қайта өзгертіліп, азаматтық алу уақыты қысқартылған болатын. Бірақ қазақ көшінің тынысы тарылмаса кеңейген жоқ. Әлі де пробламалар жеткілікті.

Ал 2017 жылдың 22-25 маусым күндері Астанада өткен әлем қазақтарының бесінші құрылтайына 39 елден 350 өкіл, барлығы 750 делегат пен қонақ қатысады. Құрылтада шетелдегі ағайындармен мәдени-рухани байланыс, көші-қон, шетелдегі қазақ жастарының елімізде білім алуы, бизнес, кәсіпкерлік және тағы басқа мәселелер қаралды. Алдағы уақытта Қазақстан үкіметінің  шетелдегі қазақ диаспорасына қолдау көрсететін арнайы бағдарламасы жасалынатыны айтылды. Бірақ соңы сиырқұйымашақтап сұйылып кеткені белгілі.

1992 жылдан 2017 жылға дейін ашылған Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы әлемге тарыдай шашылып кеткен қазақ өкілдерінің басын бір шаңырақ астына жинап, оларға қолдау көрсетіп, қолайлы жағдай жасаудың әр алуан іс-шараларын қарастырып, оның жүзеге асуына өз септігін тигізгені белгілі. Бірақ үкімет көшіп келген ағайындарды белгілі бір мемлекеттік бағдарлама жасап жүйелі қоныстандыра алмады, жұмысқа да орналастыра алмады. Оралмандар жел қуған қаңбақтай әр жерге, әр сайға (шама шарқына қарай) қоныстанды немесе қолынан келген жұмыспен өздері айналысты. Қытайдан келген қазақтардың көбі базар жағалап, алып-сатарлықпен айналысты. Кейбіреуі жерді жергілікті қазақтардан жалға алып мал бақты, егіншілікпен шұғылданды. Қолынан үлкен іс келмейтіндер біреуге жалданып істеді, иә болмаса базарға барып арба сүйреп жанын бақты. Олар оған өкінген жоқ, балаларын отанына алып келгенін мақтаныш етті.

Ақиқатын айтар болсақ, соңғы он неше жылда қазақ көшінің саябырлап кетті, оның себебі көп. Оны мұнда термелеп жазып жатудың өзі артық, бұл мәселе дүйім жұртқа белгілі. Бейне жүгі ауған түйедей болып тұр. Шыны керек, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары оралмандарды қарсы алғандай қазір қызу ынта, айқара ашылған ыстық құшақ жоқ. Билік самарқау, жайбырақат. Қарап отырсаң, елге көшіп келіп жатқан қандастарды билік қинала, амалсыз қабылдап жатқандай көрінеді. Біржолата қабылдамай қояиын десе елдігіне сын, халықаралық адам құқықтарын қорғайтын ұйымдардан ұялалы, анығы сескенеді. Соның өзінде де түрлі кедергілер қойып қойған. Көшіп келіп қиналып жүретіндер басқа емес Қытайдан келген қазақтар.

Егер шетелден келген қандастарды қабылдау мен оларды орналыстыру мәселесі билікке соншалықты қиын болатын болса, онда шетелде жатқан қазақтарды елге оралыңдар, көшіп келіңдер деп оларды жылы орнынан қозғаудың не қажеті бар?!

Елге көшіп келу, келмеу қандастардың өз еркінде. Кезінде өзі шақырып, құшағын айқара ашып тұрғанда көшіп келу керек еді. Бірақ біз неге сөйтпедіңдер деп оларды кінәлаудың өзі артық. Ол кезде Қытай қазақтарының қотарыла көшіп келуіне мүмкіндігі болмады, кейбірінің экономикалық жағдайы жар бермеді, ал көшіп келемін дегендердің оқу жасындағы балаларына жергілікті сақшы мекемесі төлқұжат жасап бермей қойды. Көші-қон шақыртуымен біржолата көшіп келетіндей көбінің бір фамилилялы туыстары бұл жақта болмады. Ал көшіп кетуге толық мүмкіндігі барлар жылы орнын, жайлы қызметін тастап кеткісі келмеді. Сонда да ептеп жолын тауып көшіп келгендер болды.

2017 жылы Қытайдағы саяси науқан басталғаннан кейін, қазақтың біразы саяси лагерге тоғытылып кеткені белгілі. Осыдан кейін Қазақстанға көшемін деп жүрген қазақтар бұл ойынан айныды, айнымасқа да амалы болмады. Тек баласы оқуға келіп қалып қойғандар мен отбасы бөлініп қалғандар 2019 жылы шекара ашылғанда ғана өтіп келгені бар. Ал қазір көшіп келіп жатқандардың көбі туысынан бөлініп, жарылып қалған екені анық.

Тіпті қазір көп қандастардың Қазақстанға көшіп келу ынтасы жоқ екенін ұзын құлақтардан естіп, біліп жатырмыз. Әсіресе, Қазақстан мен Қытай арасында бір айлық визасыз тәртіп орнағаннан кейін қандастардың көбі елге оралғаннан гөрі барып-келіп тұрған тиімді көрінеді екен. Өйткені көшіп келіп алып құжаттарын дұрыстай алмай, оралман мәртебесіне қол жеткізе алмай жүргендерді біліп отыр. Атажұртқа көшіп келіп қиналғанша, туып-өскен, үйренген жерде қиналған оларға тимді секілді.

Бірақ қай-қайсымыз болсын «елге ел қосылса құт болатынын» естен шығармағанымыз дұрыс болар!

Мына «Құрылтайға келді, бірақ сұранып қайтты» деген мақалам халықаралық «Қазақстан-заман» газетінде жұмыс істеп жүргенде 2002 жылы жазылып еді. Мақала газет бетіне беріліп, баспаға жөнелтер кезінде бас редактор жағынан алынып тасталған болатын. Мақалада әңгіме болған тақырып бас жарып, көз шығармағанымен, алайда құрылтайға келген шетелдік өкілдердің кейбір артық талабы тілге тиек болған еді.

Құрылтайға келді, бірақ сұранып қайтты

Бүкіл түркі халықтарының рухани орталығы болған қасиетті Түркістанда Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайының салтанатпен өтуі қазақ таихына бір бет қосты. Осыдан он жыл ілгері Алматыда болып өткен бірінші құрылтай төрткіл дүниеде жасап жатқан қандастарымыздың жоғын жоқтап, барын түгендеп елдігімізді білдіру болса, бір жағынан атамекенінен көз жазып қалғандарды атажұрт топырағына тәуіп етіп, туыс-туғандарымен қауыштыру еді. Құдайға шүкіршілік, бірінші құрылтай өз мақсатына жетті. Аз да болса елге ел қосылып, қатарымыз көбейді. Алыс-жақын шетелдегі бауырларымызбен барыс-келісіміз жиілеп, мәдени-рухани байланыстар орната бастадық. Ал бұл жолғы құрылтайдың мақсаты ұлт болашағын ойлау мен ел тәуелсіздігін сақтаудан туындаған толғақты мәселені бірлікте ақылдасып шешу болды. Өйткені, құрылтайда баяндама жасаған президент Н.Назарбаевтың бұл тақырыпқа көбірек тоқталуы мұның айқын дәлелі. Бұл еліміздің бір белеске көтерілгендігін көрсетсе керек.

Ділгір мәселені бірлікте айқындап алайық

Президент Н.Ә.Назарбаев аталмыш баяндамасында қырыққа тарта елден келген қандастарымызға Қазақстан тәуелсіздік алған он жылдан бері атқарған шаралары мен қомақты жетістіктерін таныстыры келіп: «Әрине, жасай алмай жатқан нәрселер әлі де жетеді. Бірақ ілгері жылжу басталды, біз үшін бұл үлкен жетістік», – деп буыны әлі қатая қоймаған жас елдің қазіргі аяқ алысына қанағат етіп, байыппен ілгерілей беруді нысана етуді меңзейді.

«Мемлекеттіліктің бір күнде орнамайтыны және оны бір ғана ұрпақ құра алмайтыны белгілі. Қазақ мемлекеттілігін құруға сан ұрпақтың сан ғасырлық ғұмыры мен күш-жігері кетті» деп ғасырлар бойы, тәуелсіздікті армандап сол үшін жанын садақа етіп келген батыр бабаларымыз бен қайраткерлеріміздің қайтпас, қажымас рухын атап келіп, «Шын мәнінде толыққанды мемлекеттілік орнату орайы біздің ұрпаққа ғана бұйырғын» деп бүгінгі ұрпаққа Тәңірдің пейілі түсіп, тәуелсіздіктің бұйырғанына мың да бір шүкіршілік етеді.

Алайда, жаңа мың жылдықта әлем деңгейінде белең алған теке-тірес, ұлтаралық, мемлекетаралық қақтығыстар мен елімізде етек алған нашақорлық пен маскүнемдікке алаңдаушылық білдірген Елбасы: «Мінеки, осындай қырықпышақ заманда от пен суға ұрынбай, қатерлі өткелден аман өту тек ел билейтін бір ғана адамның емес, бүкіл баршамыздан айырықша естиярлық талап етті, біздің халық сол естиярлықты көрсеті» деп бейбіт сүйгіш қазақ халқының қай елде, қай жерде жүрсе де саналылық танытып отырғанын мақтанышпен тілге тиек етеді. Бірақ бұған тоқмейілсіп бейқам жатудың жөні жоқ, әлі де сергектік, сақтық керек екенін ескерген Елбасы: «Дүниежүзінің түпкір-түпкірінен келіп, төрт көзіміз түгел жиналып отырған кезде осы ділгір мәселені барынша жан-жақты талқылап, алға апарар адастырмас жолды бәріміз бірлесіп айқындап алуымыз керек. Бүгінгі кездесуді де соған арнауымыз керек» деп ақеділ тілегін білдіреді. Бұл Елбасымыздың «Көп түкірсе көл болады», «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген аталы сөзге тоқтап, тәуелсіздігіміздің ертеңі мен болашағы Сіздер мен Біздер де деген салмақты сұрақ тастап, ақылдасуға ниет еткені өзім дегенде өзгені де өзегіне теппейтін қазақтың тектілігін тағы бір көрсетті. Әрі бұл тектіліктен аттау әрбір қазаққа сын екенін ескертті.

Атамекен сіздерді асыға күтеді

Баяндамада Елбасымыз: «Атамекен Сіздерді асыға күтеді, құшақ жая қарсы алады, қолдан келген бар мүмкіндікті жасайды, бұл – біздің парызымыз» деген жүрек жарды сөзін айтып, шетелдегі қандастарымыздың қашан, қай кезде атамекеніне ораламыз десе құшағы ашық екенін ашық айтты. Бұл біздің елдің шын мәнінде тәуелсіздікке жетіп, өркениетті елге қарай бет бұрғанының бір көрінісі, қазақ халқының жаңа мың жылдыққа біртұтас халық ретінде нық қадам басқанының айқын белгісі болмақ.

Ата-бабамыздың басын тастап келе алмаймыз

Құрылтайда Президент Н.Ә.Назарбаев кейін арт-артынан сөз алған делегация өкілдері Елбасымыз айтқан және Құрылтай күткен үміт пен талаптардан ауытқып кеткенін неге айтпасқа, жазбасқа болмас. Ең алдымен сөз алған шығыстағы үлкен көршіміздің делегациясын бастап келген Қытай компартиясы орталық комитетіне кандидат, ШҰАР парткомы хатшысының орынбасары Асхат Керімбай мырза «Қазақ халқы мен қытай халқы етене бауырлас халық» деп бастаған ресіми баяндамасы Қытайдағы қандастарымыздың көкейтесті мәселесін шешіп, атажұртымызға көшсек деген арман-тілектерін орындамасы анық болды. Біз бұл жерде Асхат мырзаны кінәлаудан аулақпыз, алайда Қытайдан келген делегацияның құрамындағы 14 мүшесінің жетеуінің ханзу (қытай ұлты) болып келгенін біз ешбір түсіне алмадық. Осыдан да болар Қазақстан мен Қытай арасындағы көші-қон мәселесі бүгінге дейін мемлекеттік деңгейде бір шешімін таппай келгені.

Қытай осылай кетті делік, ал батыстағы үлкен көршіміз Ресейден келген қазақтар күмілжімей, ақиқатты төтесінен айтып салды. Астрахань обылысынан келген «Жолдастық» мәдени орталығының төрағасы Никита Ысқақов: «Біз, Астрахань қазақтары, кеше көшіп барған ел емес, ата-бабамыздың қонысында отырмыз. Астрахань аймағында Бөкейханның, Алаштың ардақты азаматтарының сүйегі жатыр, соны тастап, ішке көшіп келеміз деп те айта алмасақ керек» деп ата-баба аруағын аттап көшіп келмейтіндерін ашық айтты. Бірақ ұлттың болымысы, сана-сезімі, ана тілдің барған сайын бұлыңғыр тартып бара жатқан қаупін жасыра алмады. Бұл пиғыл Өзбекстан, Түрікменстан, Германия, Түркия, Белгия, Америка, Иран, Ауғанстан қазақтарынан да белең алып отырғаны жасырын емес.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Ірі-ірі мәдени шараларға бізді шақырып тұрса

Жалпы осы жолғы Құрылтайға келгендер тәуелсіз еліміздің іргесін нығайту және елге қалай оралу туралы өзекті ойларын айтудың орнына, өздері жасап жатқан елдегі өз проблемаларын басты орынға қойды. Қазақ мәдениеті мен салт-санасын, ана тілін оқу, білім саласын өздері тұрған елдерде дамыту үшін Қазақстан мемлекетінің шетелдегі қазақ мектептері мен басқа да оқу орындарына көз қырын салып, олардың ұстаз мамандарын, оқу құралдары (оқулық кітап) немесе компьютермен қамтамасыз етілуін, қазақ жастарының Қазақстанға келіп, арнаулы және жоғары оқу орындарында оқып білім алуларына қолайлы жағдай туғызуын, мәдениет үйі, кітапхана сықылды мәдени орталықтарына түрлі жәрдемдер көрсетуін, Қазақстанда шығатын түрлі әдебиеттер мен мерзімді басылымды алып оқуына қол ұшын беруін өтінді.

Олар және Қазақстан үкіметінің шетелдегі қазақ мәдени орталығына қолдау көрсетіп, Қазақстандағы ірі-ірі мәдени шараларға қазақ диаспорасы өкілдерінің тұрақты шақырылып тұруын, олардың белсенді мүшелерін де ескеру қажеттілігін өтінді. Әрине, бұл талап, өтініш дұрыс-ақ. Бұл өтінішті Қазақстан үкіметі мүмкіндігінше орындар. Бірақ көлге тамған тамшыдай көмек қайсы бір жыртығын жамай алсын, оның үстіне ұлттық салт-дәстүр мен ана тілінен айырылуға бет алған ұрпаққа тоқтау бола алар ма екен. Егер шын мәнінде келешек ұрпақтарына шын жаны ашыса түрлі көмек сұрап, екі арада шапқылап атақ-даңқ, байлық қуып әуре болып жүргенше көшбасын қарашаңыраққа қарай бұрып, естеріңіздің басында елдеріңізді тапқан жөн болар еді. Бірақ көз алдындағы рахатты ойлап, атаменге көшіп келуге құлық танытпай отырғаны өкінішті-ақ болып отыр.

Баян-Өлгейде 500 отбасы көшуге дайын отыр

Ал, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Моңғолиядағы бөлімшесінің Мизамхан Күнтуғанұлы «Баян-Өлгейде 500 отбасы Қазақстанстанға көшуге дайын отыр» деген жағымды хабар жеткізді. Бірақ Қазақстаннан квота сұрағаны көңілге қонбады. Шынайы Отаным, атамекенім деген қазаққа Қазақстан қашан квота берер екен деп күтіп отыру жараспас. Қытай қазақтарымен салыстырғанда Моңғолия қазақтарының бұл қылығы еркелік болды. ҚР көші-қон және демография агенттігінің мәліметіне қарағанда 1991 жылдан бері Қытайдан түрлі жолдармен (көші-қонмен, туысшылау және оқуға келіп қалып қою) көшіп келгендердің отбасы 500-ге әрен жетсе, ал Моңғолиядан 12 мың отбасы көшіп келіп, республиканың түкпір-түкпіріне қоныс теуіп сіңісіп үлгірген. Сонда көшуге дайын тұрған Баян-Өлгейдегі 500 отбасының бауыр-туысы, құда-жегжаты осында бар деген сөз. Егер олар нартәуекелмен көшіп келіп жатса далада қалмасы анық. Арада жергілікті әкімшіліктер мен демография агенттігі де бекер қарап жатпас еді. Ал Қытай қазақтарының квотамен көшіп келу былай тұрсын, өздігінен көшіп келетіндердің мәселесі толық шешілмей тұр. Себебі, көшіп келуші отбасының Қазақстанда бір әкеден, бір шешеден туған бір фамилалы болуы керек. Бәрінде ондай мүмкіндік қайдан болсын. Ал туысшылау визасымен көшіп келіп қалатындардың қатары аз. Олардың оқу жасындағы балалары болса, төлқұжат жасап бермейді екен. Осы мәселе Құрылтайда бір шешім табар деп едік, өкінішке қарай, жабулы қазан жабулы күйінде қала берді.

Міне көріп отырсыздар, біреуі көшіп келмейтіндерін айтса, ал екіншісі квота күтіп дайын отыр, ал үшіншісі квота берілген күннің де көшіп келуіне мүмкіндігі болмай отыр. Мұндай кереғар мәселені шешу қазақ мемлекетінің алдағы парызы болса игі. Сондықтан үкімет тарапынан квота бөлініп, көшіп келген қандастарымыз бен өз аяғымен келгендерді бөліп-жармай, қабылдап отыру керек. Өйткені, түрлі жолдармен өздері жол тауып әзер көшіп келген ағайындарды Көші-қон және демография басқармалары квотамен келгендерді тіркейміз, азаматтық береміз деп есігіне көп жолата бермейді. Бұл да елдігімізге сын.

Қорта келгенде, дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайынан түйгеніміз, қазақ диаспора өкілдерінің көбінің қарашаңырақтан алуға әуес екенін білдірсе, ал Қытай қазағының өкілі саяқ жүріп, сыр бермей кетті. Бірақ түбінде ұлтжанды, патриот қазақтар бір шаңырақ астына жиылары ақиқат.

Әлімжан Әшімұлы 

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963