Тоқаев: Мәсімовке рақымшылық жоқ!
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы (ҰҚҚ) Кәрім Мәсімовке рақымшылық жасаудан бас тартты. Бұл туралы қазақстандық БАҚ жарыса жазуда.
Президент Тоқаевтың бұл шешімі туралы ҚазТАГ агенттігіне ҚР Президенті әкімшілігіндегі дереккөзі хабарлап айтқан.
Еске сала кетейік, осыған дейін Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссия ҚР ҰҚҚ экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтың рақымшылық жасау туралы өтінішін қарап, рақымшылық жасаудан бас тартқан еді.
«Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссияның міндеті – кешірім жасау туралы материалдарды алдын ала қарау. Комиссия мемлекет басшысы жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Комиссияның қызметі мемлекет басшысының жарлығымен бекітілген ережемен реттеледі. Апелляциялық шағым берілгеннен кейін, ол тіркеледі, сұраулар Ішкі істер министрлігінің қылмыстық іздестіру департаментіне, Бас прокуратураға және Жоғарғы Сотқа жіберіледі. Ақпаратты алғаннан кейін Комиссияда жан-жақты талқыланады», - деп жазған еді Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов.
Ал Кәрім Мәсімов болса, 2024 жылғы маусым айының ортасында кешірім жасау туралы өтініш жазғаны белгілі болды.
Кәрім Мәсімовтің үкімі 2023 жылдың 24 сәуірінде шыққан. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша айыпты деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылған. Оған тағылған айыптар: ҚР ҚК 175 бабының 1 тармағы (Мемлекетке опасыздық жасау), 179 баптың 3 тармағы (Билікті күшпен басып алу) және 362 баптың 4 тармағы, 3 тармақшасы (қызметтік мансабын асыра пайдалану).
2024 жылдың 10 маусымында Кәрім Мәсімов президент Тоқаевтан рақымшылық жасауды сұраған. Ал бүгін президент Тоқаевтың Мәсімовке рақымшылық жасаудан бас тартқаны белгілі болды.
Abai.kz