Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Саңлақ 2382 5 пікір 29 Шілде, 2024 сағат 14:20

Париж-2024: Бапкердің өлімі, ұсталған «шпиондар»

Сурет: olympics.com

Олимпиада – тек жеңістер мен жеңілістерден, әдістер мен ұпайлардан, жүлделер мен голдардан ғана тұрмайды. Мұндай таза спорттық көрсеткіштермен қатар былайғы жанкүйер жұрттың, көрермен қауымның назарынан тыс қалып жататын тосын оқиғалар да аз емес. Бүгін біз спорт алаңдарының сыртында – шымылдықтың ар жағында не болып жатқанына шолу жасайық.

ОЛИМПИАДАНЫҢ АШЫЛУЫН ДА КӨРЕ АЛМАДЫ

Спорт мерекесі басталар күні, ашылу салтанатынан бірнеше сағат бұрын Париждегі Олимпия ауылының іргесінде, Океания аймағындағы шағын арал-мемлекет – Самоаның бокс құрамасының бас бапкері Лионель Элика-Фатупайто қайтыс болды. Әлдекімнің шақыруымен лезде жетіп келген «Жедел жәрдем» дәрігерлері кеш қалыпты – жүрек талмасына ұшыраған бапкер о дүниеге аттанып кеткен екен. Қайғылы оқиға да әсер еткен болар, марқұм жаттықтырушының шәкірті – 91 келі салмақта сынға түсетін боксшы Ато Плодзицки-Фаоагали кеше 1/8 финалда бельгиялық Виктор Шельстраттан жеңіліп, еліне еңсесі түсіп қайтты.

АРМЯН – ДОС ТА, ӘЗЕРБАЙЖАН – ЖАУ МА?

«France-2 телеарнасының комментаторы Лоран Делаусс Олимпиаданың ашылу салтанатындағы командалар шеруі кезінде Таулы Қарабақ мәселесіне қатысты арандатпақ пиғылдағы ойларын айтып салды. Осы арқылы-ақ Франция бұл мәселеде кімді қолдайтынын көрсетіп қойды» деп есептейді Әзербайжан баспасөзі.

Францияда өте үлкен армян диаспорасы бар, шамамен миллионға жуық. Олардың көпшілігі француздарға сіңісіп кетті, бірақ шыққан тегін ұмытпай, тарихи отанымен байланысын үзбегендер де аз емес. Олардың ықпалды бөлігі Франция үкіметінен үнемі Армениямен достық қарым-қатынасты нығайта түсуді талап етіп отырады. Осындай лоббидің де әсерінен шығар, 2012 жылы Франция парламенті «1915 жылғы армян геноцидін жоққа шығару заңмен қудаланады» деген заң да шығарды. Сыртқы саясатта да француздар әрдайым Арменияны қолдап отырады.

Сондықтан да Сена өзені бойымен армян командасының шеруі көрінген кезде, комментатордың: «Ал бұл – тарихи тұрғыдан француздардың жүрегіне жақын біздің армян достарымыз!» – деп ағынан жарылуы көпшілікті таңғалдыра қойған жоқ. Бұдан кейін аузы жеңіл айташының: «Өткен жыл армян халқы үшін қасіретке толы болды, олардың Таулы Қарабағы әзербайжан әскерінің құрсауында қалды», – деп салуы саяси тұрғыдан да, қисын жағынан да барып тұрған сауатсыздық еді. Телеэкраннан Әзербайжан командасы көрінген сәтте де Делаусс: «Ал бұл – Армениямен территориялық жанжалы бар әлгі Кавказ республикасы», – деп өз антипатиясын аңғартып алды.

Мұны білген Әзербайжан жағы ашуға булықты. «Олимпиялық ойындар ежелден бейбітшілікке үндейтін, соғыс-жанжал атаулының бәріне қарсы шығатын жарыс еді ғой. Ал Франция үкіметімен тығыз байланысы бар телеарна сол олимпиялық қағидаларды аяққа басып, саяси біржақтылық танытып отыр. Таулы Қарабақ «Әзербайжан әскерінің құрсауында қалған жоқ», сол жердің түпкі иесі – Әзербайжан мемлекетінің құзырына өтті. Мұны айыра алмаған француздардың ол оқиғаға баға беруге қандай құқығы бар? Армяндар – достарың екен, сонда әзербайжандар – жауларың ба? Телекомментатор да, телеарна да, ақыры ақиқатшыл болып көрінгісі келеді екен, неге онда Франция командасының шеруі кезінде бұл елдің жарты әлемге жасаған озбыр отаршылдығын атап өтпеді? Осы ойсыз әрекеттері арқылы олар әзербайжан және армян жанкүйерлері мен спортшыларының арасында от тұтанып, тәртіпсіздікке ұласуын қалап отыр ма? Біз мұны жайдан-жай қалдырмаймыз. Халықаралық олимпиялық комитетке де жүгінеміз, біздің елдің сыртқы істер министрлігі де Франция СІМ-іне нота жолдайды» деп жазылған Oxu.Az. басылымының мақаласында.

ТЕМІР ЖОЛДАҒЫ ТЕРАКТ

Олимпиада басталар күні Франция темір жолдарында кішігірім теракт болып, көптеген пойыздар өз кестесінен көп кешігіп жүруге мәжбүр болды, тіпті кейбірі мүлде жүрмей қалды. Себеп – теміржол линияларындағы кабельдердің барлық жерде бір уақытта өртенуі. Француз полициясы мұны әлдебір қаскөй топтың қасақана жасаған қастандығы деп отыр. Баспасөз тіпті Ресейді кінәлауда.

Үш күн бойы Париж тұрғындары, сондай-ақ Олимпиада көруге келген шетелдік туристер жол жүру жағынан едәуір қиындық көрді. Пойыздар дүйсенбіден, яғни 29 шілдеден бастап қайтадан қалыпты жұмыс кестесіне көшті.

ҰСТАЛҒАН «ШПИОНДАР»

Олимпиададағы футбол турниріне қатысып жатқан Канада әйелдер құрамасының өкілдері өздерінің топтық кезеңдегі алғашқы қарсыласы – Жаңа Зеландия командасының жаттығу алаңына ...дрондар жіберіпті. Иә, иә, қарсыласының ойын тактикасын осындай тосын әдіспен зерттемек болған.

Сент-Этьенн қаласының стадионында кезекті жаттығуын өткізіп жатқан жаңазеландиялық футболшы қыздар өздерінің үстінен ұшып жүрген «беймәлім объектіні» байқап қойып, басшыларына хабар берген. Нәтижеде олардың канадалықтар жіберген «шпиондар» екені анықталған. ФИФА Канада командасын қатаң жазалады – 200 мың франк айыппұл төлейді, 6 ұпайдан айрылады. Енді олардың келесі кезеңге шыға қоюы неғайбыл.

ЛУПАНЫ ӘКЕЛ!

Олимпиададағы садақ тартудан қыздардың командалық турнирінде жеңімпазды анықтау қиынға соқты. Алтын жүлдені кім алатынын ақырында ...лупа шешті!

Финалда Оңтүстік Корея және Қытай қыздары кездескен еді. Тоғыз жылдан бері ешкімнен жеңілмей келе жатқан кореялықтар басты фаворит саналды. Алайда қытай арулары да мерген екен, мүлт кетпеді. Әр командадағы үш спортшы кезек-кезек жебесін атып болған соң қараса – есеп 27:27!

Соңғы, үшінші боп атқан корей қызының жебесін төреші 9-дыққа тигізді деп есептеген еді. Бірақ сырт көзге жебе тоғыздық пен ондықтың шекарасында тұрғандай көрінген. Міне, осы сәтте төреші қолына лупасын алып, нысананы тура қасына барып тексерді. Расында да, корей қызының атқан оғы ондыққа тиген екен! Ендеше есеп 28:27 деген сөз, сөйтіп, Оңтүстік Корея қыздары жеңді де, алтын жүлдеге ие болды: олар – Лим Си Хен, Чон Хун Ен және Нам Су Хен.

СЕНАДА СЫҢСИ АҚҚАН ҚЫЗЫЛ РАУШАН

Олимпиаданың ашылу рәсімінде Алжир спортшылары Сена өзеніне қып-қызыл раушан гүлдерін тастапты. Олардың мұнысы – 1961 жылдың 17 қазаны күні Алжирдің Франциядан тәуелсіздігін алуын қолдаушылардың шеруі кезінде Париж полициясының оғынан қаза тапқандарды еске алу акциясы екен.

Францияда, оның ішінде Парижде осы елдің қаншама жыл отары болған Алжир елінен қоныс аударғандар сол 60-жылдары да аз емес-ті. Алжир өз тәуелсіздігін жариялағанда тарихи отанының саяси шешімін қолдап, мыңдаған адам алаңға шыққан еді (олардың ішінде алжирліктерден өзге Мағриб елдерінің өкілдері де, жалпы басқа мұсылмандар да бар-тын). Тарихшылардың мәліметінше, Морис Папон бастаған Париж полициясы шеруді қорқыту-күштеу арқылы таратпақ болып, ақырында кемі 70 (кей деректерде тіпті 200-ге жуық) адамды атып өлтіріп, денесін Сенаға ағызып жіберген. 12 мың шерушіні тұтқындаған. Тарихта бұл оқиға «Париждегі қан-қасап» деген атпен қалған.

2021 жылы Франция президенті Эммануэль Макрон бұл оқиғаны «Кешіруге болмайтын қылмыс» деп мойындады. Ал кеше Сенаға қызыл раушан гүлдерін тастаған Алжир делегациясының өкілі: «Бұл – сол жазықсыз құрбандарды еске алу ғана, басқа ештеңе де емес. Жасасын Алжир!» – деді.

СОНЫМЕН ЖҰМБАҚ АЛАУГЕР КІМ БОЛДЫ?

Олимпиаданың ашылу рәсімін тамашаласаңыз, от пен судан өтіп, бүкіл кедергіні жеңіп, жарыс алауын даңқты Зинедин Зиданның қолына әкеп табыстайтын беті бүркеулі жұмбақ алаугерді көрген боларсыз?

Ол – кәсіби акробат, фрираннан (еркін жүгіруден) Франция чемпионы, Assassin’s Creed жарнамалық роликтеріне түсіп жүрген актер Саймон Ногейра екен. Бірақ алауды Зиданға табыстаған соң, бет-жүзін ашып, өзінің кім екенін халыққа неге көрсетпегені түсініксіз. Бәлкім, жұмбақ қана емес, тым ұялшақ та алаугер шығар.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052