Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Саңлақ 1448 0 пікір 29 Шілде, 2024 сағат 16:05

Париж-2024: Қазақстан 8-орында келеді

Суреттер: Olympic.kz, Тұрар Қазанғапов

Жазғы Олимпиаданың алғашқы үш күнінде Қазақстан спортшылары үш жүлде олжалады.

27 шілдеде дзюдодан 60 келі салмақта сынға түскен Елдос Сметов финалда Франция атынан сынға түскен грузин Лука Мхеидзені жеңіп, қазақ дзюдосы тарихындағы алғашқы алтын медальға қол жеткізді. Елдостың бұған дейінгі Олимпиялық ойындарда күміс (Рио-де-Жанейро-2016) және қола (Токио-2021) жүлделерді иеленгенін ескерсек, оның еншісіндегі медальдар жиынтығы енді толық түгелденді. Жарайсың, Елдос!

Дзюдо спортынан Қазақстан қоржынына түскен тағы бір жүлде – 66 келі салмақ дәрежесінде бақ пен бап сынаған Ғұсман Қырғызбаевтың қола медалі. Ғұсман да финалға шығуға мүмкіндігі болды, бірақ соңғы сәтте, қосымша уақытта бразилиялық Виллиан Лимаға есе жіберді. Қола медаль үшін болған сайыста ол серб спортшысы Страхиня Бунчич айқын басым түсті.

Өкінішке қарай, осы дзюдодағы тағы бір үмітіміз – қыздар арасында 48 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Әбиба Әбужақынова қарсыластарының бәрін айқын басымдықпен жеңіп келіп, жартылай финалда испан қызы Лаура Мартинес Абилендадан айла асыра алмады. Сосын жұбаныш белдесуінде парагвайлық Габриэла Нарваэстен басым түсті. Алайда қола жүлде үшін болған тартысты бәсекеде Швецияның балуан қызы Тара Бабулфатқа есе жіберді. Бұған қарамастан, өзінің сенімді де айқын мәнерлі ойынымен біздің Әбиба шын мәнінде көрермен көзайымына айналды. Оның жарқын жеңістері әлі алда деп сенеміз.

Ал Париж Олимпиадасында Қазақстанға алғашқы медальды әперген – мергендер жұбы Ислам Сатпаев пен Александра Ле болатын. Пневматикалық мылтықтан 10 метр қашықтықтан оқ атудан олар Германия спортшыларынан басым түсіп, қола жүлдеге ие болды. Ислам мен Александра әлі жас, алда әлі талай жарыстарға қатысуға мүмкіндігі бар. Бұл – олардың алғашқы Олимпиадасы болса да, бірден жүлде тұғырына көтерілді.

Боксшыларымыздың дені бастапқы жекпе-жектерін сәтті өткізіп жатыр, кейбірі жарыс алаңына енді шығады. Тек команда капитаны Асланбек Шымбергенов қана (71 келі) 1/16 финалда иорданиялық былғары қолғап шебері Зейяд Ишаиштан жеңіліп қалды. Дегенмен Асланбек командалас серіктері елдің сенген үмітін ақтайды деп ойлаймыз.

Бүгінге дейінгі жүлделер кестесінде Қазақстан олимпияшылары 3 медальмен (1 алтын, 2 қола) 8-орында тұр. Мықтылар көшін 4 алтыны бар Австралия мен Жапония бастап келеді. Одан кейінгі орындарға әрқайсысы 3 алтынға ие АҚШ, Франция, Оңтүстік Корея және Қытай қонжиған. 7-орында 1 алтын, 2 күмісі бар Италия келеді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052