Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 1260 11 пікір 29 Шілде, 2024 сағат 18:35

Сауалнама: Әділ сайлау - азаматтық қоғамның талабы

Сурет: gov.kz

Таза сайлау өтпей, әділ билік болмайды. Билікке әділетті адам келмей жаңа Қазақстан орнамайды. Ақиқаты осы.

Мәселен өркениетті елде «Келесі сайлауды әділ өткіземін» десе, «Осы уақытқа дейін әділ өтпегені ме?» деп биліктің астан-кестеңін шығарар еді. Неге десеңіз, аты айтып тұрғандай, сайлау – халықтың дауысы, халықтың шешімі. Ал оны бұрмалау, барып тұрған қылмыс.  Ал бізде сайлау әділ өте ме деген сөз сұрақ емес сөз тіркесіне айналып кеткендей. Себебін халық жақсы біледі. Осы тұста халықтан сайлау жайлы қандай ойда екендігін сұраған едік.

Бахтияр Валиханович Жаксикельдинов, «KELESHEK» жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

– Қазақстан Республикасы Конституциясының 1 бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», ал 3 бабында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» делінген. Яғни, халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді. Сайлау – бұл халықтың мемлекеттік билікті тікелей жүзеге асыруының көрінісі, демократиялық сипаттағы мемлекеттің саяси жүйесінің қазығы болып есептеледі. Сол себепті сайлау кез-келген демократиялық қоғам үшін, соның ішінде Қазақстан үшін де өте маңызды.

Қазақстандағы сайлау әділдігіне қатысты айтарым, сайлау жүйесі кез-келген саяси институт сияқты түрлі манипуляцияға ұшырауы мүмкін, бұл мүдделі күштердің оң, не теріс пиғылына байланысты. Ол жағын кәсіби саясаттанушылар көбірек зерттеп, ашып айтар. Ал менің назар аударғым келетін жәйт – бұл Қазақстан халқының өз конституциялық құқығы – сайлау құқығына сүлесоқ қарауы, халықтың саяси белсенділігінің, саяси сауаттылығының төмендігі. Кейбір күштер үшін бұл өз арам әрекетін жүзеге асырудың таптырмас мүмкіндігі. Бұны соңғы 30 жыл ішінде байқаған шығармыз. Ғасырға жуық мерзім тоталитарлық жүйенің құрсауында болғандықтан ба, халық әлі өз күшіне сенімсіз. Халық сайлау құқығы сынды қауқарлы күшін өз қолына алып, берген әр даусы үшін сұрау салып, мүддесін қорғайтын дәрежеге жеткенде ғана, әділ сайлау туралы сөз қозғауға болады деп ойлаймын.

Қазақ халқы үшін сайлау таңсық дүние емес. Көп елдерде тақ мұрагерлік жолмен берілсе, қазақ даласында төреден тараған сұлтандар бәсекеге түсіп, арасынан хан сайланған болатын. Сол кездегі неміс саяхатшысы И.Шильбергер өз деректерінде Алтын Орда астанасы Орда-Сарайда қоныстанып, бұл елде хан сайлауы қалай өтетіні туралы жазған: «Сайлау жарияланғаннан кейін талапкерді ақ киізге отырғызып, үш рет жоғары көтереді. Сонан соң оны киіз үй төңірегінде алып жүріп, таққа отырғызады да, оның қолына алтын семсер ұстатады. Содан кейін ол әдеттегідей ант беруі қажет». Біз хан сайлаған елміз, ханға дат айта алған елміз. Өз болашағымызды өз қолымызға алатын уақыт жетті.

Нұрсұлтан Маликович, Сот әкімшілігінің Жетісу облысы бойынша департаменті  баспасөз қызметінің басшысы:

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

– Халық – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы екендігіне назар аударсақ, сайлау - әр мемлекет үшін халықтың мүддесін, таңдауын білдіретініне кәміл сеніміміз мол.

Біздің елімізде сайлау турасында 1995 жылғы 28 қыркүйекте №2464 Конституциялық заңы қабылданған.

Конституциялық заңға сәйкес - Республика Президентiн, Парламентi Мәжiлiсiнiң және мәслихаттарының депутаттарын, аудандар, облыстық маңызы бар қалалар, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін (бұдан әрі осы Конституциялық заңның мәтіні бойынша – әкімдерді), өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жағдайында өткiзiледi.

Яки, сайлау – жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде, жасырын дауыс беру жағдайында өтетіні, республика азаматтарының сайлауға қатысу не қатыспауы өз еркінде болуы – бұл маңызды құқықтық принциптер есептейміз.

Әлбетте, әділ өтеді деген ойдамын. Себебі, сайлау барысында, дауыс беру күні дауыс беруге арналған сайлау учаскесі ашылған кезден бастап және сайлаушылардың дауыстарын санау кезінде дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін сайлау учаскесінде бір мезгілде әрбір кандидаттан немесе партиялық тізімін ұсынған саяси партиядан сенім білдірілген бір-бір адамнан, қызметтік куәлігі мен редакцияның тапсырмасы болған кезде әрбір бұқаралық ақпарат құралынан бір-бір өкілден, әрбір телеарнадан үшеуден аспайтын өкіл және Қазақстан Республикасының әрбір саяси партиясынан, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестігінен, коммерциялық емес ұйымынан бір-бір байқаушыдан және аудармашы бірге жүруге құқылы шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары қатысатынын және қатысуға құқылы екендігін айтып өтсек болады.

Сайлау – көпшіліктің білдірген сенімі деген ойдамын, Ата Заңымызға сәйкес – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Сондай-ақ, Конституцияға сәйкес - Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді.

Осыған орай, сайлау – халықтың билікті жүзеге асыруының бірден-бір тәсілі деп ой түюге болады.

Омарәлі Әділбекұлы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Алматы филиалының төрағасы, «Отандастар қоры» КеАҚ , Алматы қалалық фронт-кеңсесінің сарапшысы:

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

– Әрине, барлық дамушы елдер сияқты еліміз үшін де сайлаудың маңызы зор әсіресе мына Жаһандану заманында біз  әлемде қалыптасып отырған саяси үдерістерден  бейтарап қала алмаймыз. Кеңес одағы ыдыраған соң біз де тәуелсіз ел ретінде президент,  парламент сайлауларын бастан өткердік. Батыстың стандарттарына толықтай сай келмесе де парламенттік сайлау жүйесі әрі сайлау мәдениеті қалыптасты. «Төртінші қаңтар оқиғасынан» кейін біздің елде конституциялық сот қалпына келіп , сынақ ретінде ауыл және аудан әкімдері сайлана бастады. Мұның өзі саяси құрылымдық реформа жағынан зор алға жылжу еді. Бағыт дұрыс болғанымен барысы мен нәтижесі бар адамның мүддесінен шыға бермейді. Әр реткі сайлауда жершілдік,  рушылдық және сеператистік нысайлар байқалып қалды. Бұл дегеніміз жас Республикамыздың тұрақты дамуына, халықтың ұйыған береке-бірлігіне белгілі дәрежеде қауып-қатерлер төндірді. Сонымен бірге Батыстың жалпыға ортақ деген стандарттары барлық қоғамдық дерттің, ішкі-сыртқы қайшылықтың шипасы емес екенін, екінші жиһандық соғыстан кейін тәуелсіздік алған елдердің тарихы растап отыр. Сингапур,  Тайуан,  Оңтүстік Корея,  Түркия, Индонезия, Малайзия,  Египет қатарлы елдердің бәрі де бір мезгіл авторитарлық жүйеге арқа сүйеп тұрақтылықты сақтау арқылы дамудың даңғыл жолына түсіп, заңға бағынатын елге айналды.

Әділетті сайлау болу үшін ең әуелі тыныштық керек. Одан кейін халықтың заң сауаты, мемлекетшілдік танымы толықтай қалыптасуы керек. Олай болмаған да «бас басына би болған өңкей қиқымның» кебін киеміз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Парламенттік сайлауларға қылмыс әлемінің серкелері тікелей немесе жаналамай араласқаны жасырын емес. Одан кейін билік элитасына арқа сүйеген олиграктар заң қабылдаушы органға өз адамдарын тықпалап көрді , бұл үрдіс әлі де жалғасып жатыр. Сайлау саясатқорлар мен алаяқтардың аңқау, момын халықты өз қарабасы мен мүддесін  қорғау үшін құрал ретінде пайдаланатын мінберге айланбауы керек. Қайта нағыз  саясаткерлер мен кәсіби мамандарды таразыға салып, шыңдап шығаратын қоғамдық сүзгіге айналуы керек. Кезінде   Гитлердің де билікке сайлау арқылы келгенін ұмытпайық. Бізді сынаушылап көбінде Батыстың құндылықтарына арқа сүйеп пікір айтады бірақ  АҚШ, Ұлы Британияда тек  екі партия кезек -кезек билік құрғанын ұмытып кетеді. Ал, Жапония мен Сингапурда бір ғана партия сайлауда жеңіп шығатынын ауызға алмайды. ТМД елдерінің ішінде Украина мен Қырғызстан да одақ  тарағаннан кейін рартия дегенің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай өріп шыға келді. Ақыры не болды? Қырғызстан төңкерістен көз ашпай экономикасы құлдырады. Украина соғысқа ұрынды.

Еліміз тәуелсіздіктен кейін ақырын жүріп, анық басып көп векторлы саясаттың жемісін жеп келеміз. Енді Жаңа Қазақстан саяси реформалардың пакеттерін ортаға салды нәтижесі алда көрінеді , жемісін халқымыз көреді.

Олжас Мамыр, блоггер, қоғам белсендісі:

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

– Сайлау маңызды ма немесе сайлау бізге керек пе, деген сұрақ қойғанымыздың өзі қателік. Егер демократиялық ел боламыз десек сайлау маңыздылығын дәріптеуіміз қажет. Әрине біздегі сайлаудағы кемшіліктер орын алып жатады. Бұл біздегі сайлауға немқұрайлық арқасында жасалып жатқан дүниелер. 1 апта алдын таулы аймақтағы ауылда сайлауда бақылаушы болғанымда 166 блютен жарамсыз болды. Сайлаушылардың алғашқы рет келіп жатқанын дәлелі. Алда бәрі реттеледі деген үміттемін. Алдағы уақытта сайлаудың маңыздылығын осылай ұғынар деген ойдамын.

Сайлаушылар толықтай келіп, әділ сайлау жасай алсақ. “Жаңа Қазақстан”-ға жақынар болар едік.

Дастан Исламбек, Жамбыл облысы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі, ORDA.kz сайтының меншікті тілшісі:

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

– Еліміздегі сайлау ол демократиялық үрдістің бірі. Сайлау болған дұрыс. Сайлаудың маңыздылығы оның нормасына, деңгейіне байланысты болады. Мысалы жергілікті жерде, ауыл әкімдері өздерін сайлатып алады да, жұмыстарын дұрыс атқармай қызметтен кетіп жатады. Осы тұста әкімдер әкім деген сөздің қадірін түсіріп отыр.

Алайда елімізде сайлаудың жүз пайыз әділ өтетіндігіне күмәнім бар. Неге? Өйткені сайлауда дауысбұрмалаушылық мәселесі көп кездесіп жатты. Тас ғасырында өмір сүріп жатқан жоқпыз ғой, ештеңе білмей отыратындай. Өздеріңіз білетіндей сайлау кезіндегі мәселелер бейнетаспаға түсіріліп, халық арасында кеңінен таралып жатты. Бұл өз кезегінде халықтың сайлауға деген сеніміне дақ түсіреді. Өз басым әділ өткен сайлауды көрмедім әлі.

Бүгінгі таңда сайлаудың екінші жағы бар. Сол сайланған депутаттар болсын, әкімдер болсын міндеттерін орындауы туралы. Мысалы олардың ортақ сайлауалды бағдарламаларын ертең оқып біле алатын, 3-4 жылда қандай уәде беріп, халық алдында орындай алды ма, орындай алмады ма деген мәселемен жиі кездесіп жатамыз. Мысалы мен өзімнің тұратын округімнің депутаттарын танымаймын. Неге? Өйткені мен олардың сайлауына барып, дауыс берген жоқпын. Екіншіден дауыс беру үшін олар сайлауға қызықтырып шақырған да жоқ. Мәселен парламенттік сайлауларда кім сайланғанын жақсы білемін. Ал жерігілікті, қалалық, облыстық мәслихат болсын менің есімде жоқ. Ол жерде әділдік мүлде жоқ. Сайлаудың үрдісі ретінде әділ өтуі үшін сайлауға түсетін адамдардың өздері де адал әрі әділ болса дұрыс болар еді. Әйтпегенде  руластық, трайбализм, өзінің таныстығын араға салу деген сынды қалып кеткен стереотиптер әлі де бар деп ойлаймын.

Алмас Жұмаділ, «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының инженері:

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

– Әлемді өзгерткің келсе өзіңнен баста деген. Еліміздің дамуы біздердің қолда дегім келеді. Бұрындары өтірікті жүз рет қайталасаң шындыққа айналады деген сөзді жиі естісем де, астарына мән бере бермеген екенмін. Алайда, уақыт өте түсініп жатқандаймын. Тәуелсіздік алғалы 30 жылдан асса да халықтың билікке сенімі әлі толық қалыптаспаған. Сенім қалыптаспай жатып, сайлау туралы ойлау әлі ерте-ау. Қазақстан Республикасының заңы бойынша он сегіз жасқа толған әрбір азамат еліміздегі белгілі сайлауға өз үлесін қосып, қатыса алады. Ел азаматы ретінде бірде бір дауыс беруден тыс қалған емеспін. 12 жыл бойы дауыс беріп келсем де, менің де көкейімде көкейтесті сұрақтар орын алған. Себебі, бір ауыздан ақылдасып, өзіміз сенім артқан адамға дауыс берсек те, нәтижесі көңілді көншітпек емес. Тіптен, естеріңізде болса бір кездері сайлаудың бейнетаспаға түскен нұсқасы халық арасында кеңінен тарап кеткен еді. Сол жерде әділдіктің жоғын көруге болады. Кіріп дауысты бірінші адамға берсең, нәтижесінде екінші адамға берген болып шығасың. Бұл былайша айтқанда барып тұрған көзбояушылық қой. Кімді алдайды сонда халықты ма, өздерін бе?! Осы дауысбұрмалаушылықтың әдет болып бойға сіңгелі, халықтың билікке сенімі қалмаған. Бәрінің айтатыны сол, біз сайлауға бармасақ та біздің дауыстарымыз сайланған азаматтың дауыстар жинағында жүреді деп таңқалмайды да. Міне, жаңағы айтып жатқан өтірікті жүз рет қайталау дегенім осы. Халық болып біз сенбеген соң, биліктен нендей жақсылық күтеміз. Алайда, әділдік жоқ деп қойып қолды бір сілтесек, өскелең ұрпақтың жағдайы не болмақ. Осы тұста сайлаудың әділ өтуі үшін  халықты дауыс беруге шақырамын. Мүмкін қазір дауысымыз еленбесе де, болашақта әлі де әділдік орнайтын кез келер деп ойлаймын.

Жанұзақ Дүйсенбайұлы, зерттеуші:

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

– Бізде жылдан жылға жақсарып келе жатыр. Әсіресе ауыл әкімдерін сайлаудан басталған үрдіс мегаполиске де жетіп қалар. Ауыл әкімдерінің сайлауы Ерлан Тынымбайұлы айтқандай ара-тұра ру-тайпалық бәсеге де ұласып, бұрмаланып кететіні бар. Ол да уақыт өте жөнделер. Оған қоса ҚР Парламенті Мәжілісіне депутаттарды сайлауда да бірмандатты жүйені қосты. Партия тізімімен түскен депутатта ойын ашық айтар кезі аз болады. Көбі партия фракциясының көзқарасына сай жұмыс істеуді сұрап тұрады. Ал бір мандатты жүйеде еркіндік бар. Сол үшін де жылдан жылға сайлау ашық болып келе жатыр дегім келеді

Жандос Байжұма, Талғар аудандық мәслихат депутаты:

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды

– Кез келген мемлекеттің, соның ішінде Қазақстанның дамуында сайлау басты рөл атқарады. Бұл азаматтардың өз еркін білдіріп, ел басқару ісіне қатысуына мүмкіндік беретін маңызды тетік. Әрбір азамат жауапкершілікті сезініп, сайлауға белсенді қатысуы маңызды, өткені біздің таңдауымыз еліміздің болашағына тікелей әсер етеді.

Соңғы жылдары Қазақстанда сайлау процесінің ашықтығы мен тұтастығын арттыру бағытында елеулі қадамдар жасалды. Әлі де жақсартуды қажет ететін тұстары бар болса да, атмосфера жақсы жаққа өзгеріп жатыр деп айтуға болады. Әрбір азаматтың дауыс беруге ғана емес, сайлауды байқауға да белсенді қатысуы өте маңызды. Бұл бүкіл процестің әділ және ашық болуын қамтамасыз етуге көмектеседі.

Сайлау біздің әрқайсымызды тыңдауға мүмкіндік беретін маңызды демократиялық құралдардың бірі деп есептеймін. Барша қазақстандықтарды бейжай қалмай, белсенді азаматтық позиция ұстануға шақырамын. Үміткерлер ретінде қатысудан және бақылаушы болудан қорықпаңыз. Сайлау нәтижесі алдын ала белгілі болатын уақыт өтіп жатыр. Енді әрбір дауыстың естіліп, ескерілуі маңызды.

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475