Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алашорда 3839 1 пікір 1 Тамыз, 2024 сағат 15:08

Қытай қазақтары жайынан

Сурет Абай Мырзағалидің жеке мұрағатынан алынды

Молдағали Бектұрлыұлы (1875-1932) – Жайық бойында туылып, Құлжада қайтыс болған ағартушы, журналист. Түркияда білім алып, 1909 жылдан бастап қытай қазақтары арасында мұғалім болды.

Өз заманының алғабасар өкілі ретінде ағартушылықтан бөлек, газет-журналдарға да хат-хабар жазып, автор ретінде қатысып отырды. Жазба соңында аты-жөнін – «алыстағы тілшіңіз» - деп, көрсетеді. Молдағалидың Қытай жерінде жүріп жазғандары татардың «Шура» (1908-1917) журналы, «Айқап» (1911-1913) журналы, «Қазақ» (1913-1918) газеттері «Қызыл ту» газеттерінде жарияланып тұрды. Белсене қалам тартып, өз көрген-білгендерімен, ой-толғамдарымен бөлісті. Әсіресе, Қытай қазақтарының салт-сана, әдет-ғұрыптары, қоныстануы,  шаруашылық реттері мен тіршілік жай-күйлері туралы мол мағлұмат қалдырды. «Қытай қазағы», «Қытай қазақтарының ас беруі», «Құлжа сахарасында жұт», «Қытайша оқу», т.б. сияқты 20-дан астам жазбалары бар. Мақалаларының қай-қайсысы болсын, бүгінгі күн талап-тілегі тұрғысынан этнографиялық бояуының сонылығы, деректік құндылығының жоғарылығымен маңыз алады.

Төменде Орал қаласында шығып тұрған «Қызыл ту» газетінің 1926 жылы август айында шыққан №95-96 санында жарияланған «Қытай қазақтары» атты жазбасын оқырманға ұсынамыз!

Сурет Абай Мырзағалидің жеке мұрағатынан алынды

Қытай қазақтары жайынан

(Мұғалім М.Бектұрлыұлы мен әңгіме)

Қытай қол астында 60 болыс қазақ бар. Барлығы үш губернеге қарайды. Құлжа, Шәуешек, және Үрімжі. Қытай қазақтары Тянь-Шань тауының аймағы Қас, Күнес, Текес деген өзендердің бойын мекен қылған қазақтардың Қытай патшалығына қарағанына 60 жыл, Шәуешек, Үрімжі губернелеріне (орта жүз) Керей қазағы, Құлжа губернесіне Қызай қазағы қарайды. Жері кең, күзгі, қысқы, жазғы қоныстары бөлек бөлек. Бір қонған жұртқа қайтадан ел қонбайды. Қытай қазағы көшіп жүреді. Бұл ел мен шектес Торғауыт қалмақтары мұнан 10 жыл бұрын қысқы қыстауы жоқ еді. 10 жылдан бері ел қыстау сала бастады. бұл жақта қыс көп болмайды. Сондықтан киіз үйде де күнелтіп отыра береді. Жері тау-тас, арба жүре алмайды. Мұнарланған ормандық, алма-өрік секілді жемістер жабайы өседі.

МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Малға бай. Кәсібі – мал өсіру. Егін кәсібі басталғанға он-ақ жыл. Алдыңғы қатар байлардың малы – 2 мың жылқы, бір мың қой, 500 сиыр, 15-20 түйе болады.

Орта шаруасында 500 жылқы, 1000 қой болады, 100-150 сиыр, 30-даған түйе болады.

Кедейлерінде: 3 ат, 10 сиыр, 100 қой малы болады. Соңғы 5 жылдың ішінде малы аз кедейлер көріне бестады. Бұған түрлі себептер бар.

Бірінші себеп: Қытай патшалығы соңғы жылдарда салықты бас алып тұр.

Мал бағасы арзан: жақсы ат 100 сом, қой 10 сом, сиыр 30 сом сатылады.

ЕГІС ЖӘЙІ

Соңғы 10 жылдан берлі бір қатар егін кәсібіне айналды, деген мен жалпы бейімделіп кеткен жоқ. Әлді шаруалар үй басына 10 шетен, кедейлері 2 шетен жер салады.

Егін салмайтындар малдарын өсіріп қарап отырады.

Егінге қолайлы қара топырақ жер өзен алаптары. Егінді суарып шығарады.

Қытай қазағының егініне жауынның керегі жоқ.

ОТЫРЫҚШЫЛЫҚ РЕТІ

Соңғы 10 жыл ішінде ағаштан қазақтар жақсы үйлер салдыра бастады. Үй салушылар орыстан қашып барғандар. Бұлар жалданып қызмет істейді.

Соңғы кезде былғары зауытын салдырушылар бола бастады.

Үкімет бұлардан салығын алды. Орыс жұртынан қашып барған қашқындар бар. Бұлардың беделі жоқ. Тек тамағы үшін қызмет етеді. Кейде қазақтардың еңбегін бермей қуып жіберетін кездері де болады.

ӘКІМШІЛІК РЕТІ

Қытай қазағында сайлау мен болатын болыс, старшын жоқ. Өзі өлсе баласы иә памошнигі бола береді. Елу басы (давреный) лерде солай. Бұлардың үкіметке қызметі тек малдан налог жинап беру болады.

Болыс старшындарының үстінен «Гүң*» қарайды. Гүң губернатырға бағынады.

Қытай қазағында ескі жаман әдет көп. Болыс, старшындарының алатын парасының саны жоқ. Болыстың жылқысына бір түнде қосылған ат айғырды есептей алмайсың.

АҒАРТУ ІСІ

Мұнан 15 жыл бұрын қытай қазағында тіпті оқу болмаған. 1910-ыншы жылдары татар қазақ мұғалімдері барып кей жерлерінде оқу басталған. Сонан бері оқу жағы едәуір көтерілді.

Қытайша оқу 16-ыншы жылы басталды. Бұ күнде қытай мектептерінде оқушы қазақтар бар: әйел арасында оқу жоқ. Мыңнан біреуі мектепке кіре алмайды.

Қытай қазағына мемлекет ішінде болып жатқан азамат соғысы ылаңының әсері тимейді. Тек налогін төлеп қана отырады.

(жалғасы бар)

Қ. Б.

«Қызыл ту». 1926 №96. 28 агуст

Қытай қазақтары жайынан

(Мұғалім М.Бектұрлыұлы мен әңгіме)

(Басы 95-санда)

ӘДЕТ ҒҰРПЫ ЖАЙЫНДА

Қытай қазағында қазақтың мұнан бұрынғы 100 жылдық әдет салтының бәрі бар.

Мысалы: ас беру, өлгенге дауыс қылу, тағы...тағылар...

Қытай қазағында әйел тұрмысы нашар. Әйел малша жұмсалады. 6 қатын алып отырған байлар бар. Бір кісіге айттырылған қыз екінші біреуге тие алмайды. Ері өлсе амангерлік құдай бұйрығындай. Қалың мал деген баяғы қалыбында. Қысқасы әйел тұрмысы өте нашар.

Сондықтан грандағы елдің қатын қыздары Кеңес еліне қашып шығып жатыр.

ДЕН САУЛЫҚ ЖАЙЫ

Қытай қазағында түрлі жұқпалы ауырулар көп. Теңге қотыр, мерез, соз, құрт ауыру тағы сондайлар. Үкіметтің беріп отырған жәрдемі жоқ. Қалық баяғы өз бақсылары мен әуіреленіп жүр.

Кеңес Росиясындағы қазақтар мен аралас шамалы. Жақын жер бізге Жетісу губернесі (Алматы қаласы). Құлжаға темір жол келмейді. Қазағстаннан «Еңбекші қазақ», Жетісудан «Тілші» газеттері барады. Бірақ қытай үкіметі бақылап отырады. Қорытынды сөзінде Молдағали жолдас былай деді:

«Қытай қазағына күннен күнге мал шаруашылығы азайып, егіс отырықшылыққа бейімделу көлемденіп келеді. Тұрмыс құбылған сайын, әкімдердің де бұзықтығы өршіп, қалықтың төменгі жағына зәбірі күшті. Ресей құрамасындағы кеңестің әсері қытай қазақтарына да тимей отырған жоқ. Кедей шаруалар кеңес орнатуды тілейді. Өмір тұрмысы дамылсыз тартысуда. Міні, қысқаша қытай қазақтарның қалы осы».

Жолдас Молдағали Бектұрлыұлы Орал уиезі Жұбанышкөл болысының қазағы. руы Жабағы Кердері. Бұл жолдас 1900  інші жылдарда ғылым іздеп Түркиеге барып, одан бір неше жылдай Азия, Еуропа қалаларын кезіп жүріп, 1909 інші жылы қытай қазақтарына барып мұғалім болған. Содан бері Бектұрлыұлы қытай жерінде. Ендігі мақсаты туған жері Орал губернесіне келмек.

Қ. Б.

Жетісіне үш рет шығатын Оралдың губернелік партия камитеті мен атқару камитетінің тілі.

Уақытша шығарушы: Сапаұлы Т. (Т. Сафиев)

Тираж: 1550

Дайындаған: Абай Мырзағали 

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2044