Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 2700 4 пікір 2 Тамыз, 2024 сағат 13:07

Қытайдың хор қызы

Суреттер автордың мұрағатынан алынды

эссе - сын

«Талант табиғаты»

Бейжіңдеге Орталық ұлттар баспасынан 2005 жылдың қазанында жарық көрген «Талант  табиғаты» деген кітап менің қолыма әзер жетті. Олай дейтінім өткен жылдың маусым айында туып-өскен Қытай жеріне (Құлжа қаласына) еларалық «Қазақ елі» газеті редекторының орынбасары Зәкім Жайлыбаймен бірге он күндік жеке туысшылау сапарымен барып қайтқан едік. Бұл сапар менің атажұртқа көшіп келген 14 жылдың ішінде 8 жылдан кейін баруым еді. Мақсатымыз Қытай жеріндегі қандастарымызбен дидарласып, әріптестерімізбен рухани-мәдени байланыстар жасап қазаққа қатысты материалдар алып қайту болатын. Өкінішке қарай, біз барғанда Іле қазақ автономиялы облысы, Тарбағатай аймағының ақындар айтысы өтетін болып, Құлжадағы баспасөз өкілдері соған кеткен екен. Олармен кездесу орайына ие бола алмадық. Біздің осы сапардан біліп қайтқан ең үлкен жаңалығымыз Қытай қазақтарынан шыққан кинорежиссер айы оңынан туып, жұлдызы биіктеп, биіктеген сайын жарқырай түскені еді.

Біз Жанар туралы материал жазбақшы болып қанша тырысқанымызбен Жанардың дәл сол кезде Қытайдың қай қаласында, қай өлкесінде қызмет бабымен жүргенінен дерек ала алмадық. Енді қайттік деп тұрғанда, Жанар Сағатқызы туралы материалдар жинақталып, Бейжіңдегі Орталық ұлттар баспасынан «Талант табиғаты» деген атпен кітап болып шыққанын бір қандасымыздан естіп, Құлжа қаласындағы кітапханалардан іздедік. Бірақ, біз іздеген кітап болмай шықты. Аудандық кітапханаларға тілефон шалып сұрастырдықБәрібір одан да үміт болмады. Үрімжіге баруға уақыт жоқ. Соңында Құлжадағы жігіттер: «Сіздер қайта беріңіздер, кітап табылып жатса жеткізіп берейік» деп қалысты.

Иә, содан бері жарты жыл өтіпті. Құлжадағы жігіттер де уәдесінде тұрды. Кітап келді. Оқыдық. Шынымен де Жанар Сағатқызы Қытай қазағының мақтанышы ғана емес, әлем қазағының мақтанышына айналатындай-ақ еңбек етіпті. Өз қазағымызды айтпағанның өзінде, ол туралы Қытайдың, шетелдіктердің жазған мақалалары мен алғыс-тілектері соның айқын куәсі болып тұр. Кітапты оқып өзім де таңғалдым...

Жанарды өз басым 1987 жылдан бері білемін десем өтірік емес. Сол жылы Жанар «Жетім қыздың махаббаты» деген көркем фильмдегі бас кейіпкер, қазақ қызы Ғайнидің рөліне түсті. «Жетім қыздың махаббатындағы» Ғайнидің  образын, жарқын бейнесін Жанар Сағатқызы өте сәтті алып шыққан болатын. Жұрт жылы қабылдады. Аталмыш фильм Қытайда жаппай қойыла бастаған тұста Шаңхай қаласындағы белгілі кино маманы, режиссерді құттықтап: «Батыс өңірдің көк зеңгір аспанынан бір жұлдыз жарқырап шыға келді» деп жазғаны әлі есімізде. «Нанжиң» газетінің тілшісі Дай Жуңкай «Батыс өңірдің жұлдызы» деген мақаласында: «Мен оның көздеріне, қап-қара кірпіктерінің арасынан мөлдіреп тұрған жас моншағына қарай отырып, әлгі бір кино маманының «батыс өңірдің зеңгір көгінде жарқыраған жұлдыз» деген сөзін еріксіз есіме алдым... Бәлкім, осы бір жұлдыз кино экранының сол бір алақанындай аспанын таңдамайтын да болар, кей шақта бір жарқ етіп ғана сөніп қалатын жұлдыздар да аз болмаған ғой, бірақ ол қашан да жарқырап тұра береді...» деп жазғанын оқығаным бар. Мен ол кезде институтың 4 курс студенті едім. Бір кезде «Батыс өңірдің жұлдызы» атанып жүрген қазақ қызы Жанар енді аспан асты елінің жұлдызына айналады деп кім ойлаған?!

Енді біз «Талант табиғатына» үңіліп көрелік. Бұл кітапты Құрастырған Орталық ұлттар баспасының қызметкері, Жанардың ағасы Амантай Сағатұлы, ал редакторы Мұнай Әбілбайұлы екен. Кітап: «Өмір – өзіңдікі, қай жолды таңдау өзіңде», «Ең қасиетті нәрсе үйрену», «Бас бәйгені әкетер, бұл заманда озған іс» деген үш бөлімге бөлінген.Жинақта Жанарға тікелей қатысты 30-ға тарта мақала, естелік және алғыс хатармен бірге 7 ақынның арнау өлеңі беріліпті. Кітаптың форматы мен ішкі дизайыны Жанардың болымысын, жалпы қасиетін аша түскен.

Кітаптың алғы сөзін жазған жазушы-ғалым Сұлтан Жанболат ағамыз: «Ойлап отырсам «Талант табиғаты» атты мына кітапқа алғы сөз жазу оңай емес екен, Кітаптағы бас кейіпкер Жанар Сағатқызын таныстырайын десем, танымал жанды таныстыру қиындығын былай қойғанда, әрі оны бала жасынан әбден білетін қаламгер Әбдіманап Әбеуұлы жақсы жазыпты. Жанардың кинофильмдерді түсіру барысындағы өресі мен қабілетіне бұрылайын десем, оның осы жұмыста бірге жүрген әріптестері мен тілшілер маған сөз қалдырмапты. Әрине, Жанар жайлы сөз осы кітаппен таусылды дегендік емес» деп бастапты. Өте тауып айтылған сөз. Жанар туралы әлі талай кітаптың жазылатынына сеніміміз кәміл. Мен бұл кітапты оқып шығып өзімше көкейге түйгенімді газет оқырманымен бөліскенді жөн көрдім.

Жанардың Әкесі Сағат Жайпақ пен шешесі Тұрсын Жолынбетқызы Қытайға белгілі қаламгерлер. Қытай компартиясы қай жерге жіберсе сол жерге қаламын ескек, қағазын қайық жасап бірде Үрімжіге, бір де Бейжіңге ауысып жұмыс жасайды. Олардың да мақсат-мүддесі баяғы қазақ ақпараты мен мәдениетін қалай гүлдендіру еді... Осы салада қызмет жасап жүріп жарты ғасырлық өмірінің қалай өтіп кеткенін де білмей қалған ерлі-зайыпты қарт журналистар, соңғы өмірін Шыңжаңда өткізу үшін Үрімжіге табан тірейді.

«Ұлтым – қазақ, атым – Жанар»

Жанар Үрімжіде туылып, Бейжіңде бой жетеді. Ханзу тілінде сауатын ашады. Бейжіңде өскен балалардың ана тілінен айырылып қалу қаупі күшті еді. Бірақ қазақы ортадан шыққан ата-ана отбасында балаларына ана тілінде сөйлеп, қазақтың салт-санасы, әдет-ғұрыпы және мәдениетімен тәрбиелеуді өздерінің борышы санайды. Жанар балабақщшада ханзу тілінде оқыса, ал үйге келгенде қазақ тілінде сөйлесіп жүріп, екі тілді қатар меңгереді. Қазақ тілінде мақал-мәтелдер және Абайдың өлеңдерін жатқа оқитын болады. Кішкентай Жанар өзінің зеректігі және ұстаздарының көмегімен талаптың тайына қамшы басады. Бейжің Орталық радиостанциясының жасөспірімдерге арналңан «Йңхы» көркемөнер театрының кішкентай әртісі болып, «Сіріңке сатушы қыз», «Жеті жармақ», «Менің мұратым», «Көктемдегі хикая» атты фильмдергегі бас рһлдер де ойнайды. Қай жерде балаларға арналған концерттер ұйымдастырылса ол Жанарсыз өтпейтін болған.Кейде бірнеше орын қатар ұсыныс еткен күндер де кездескен. Ол және Бейжіңде өткізілетін мемлекеттік деңгейдегі құрылтайлар мен марапаттау-сыйлау шараларының жүргізушісі болып астана сахналарынан жиі-жиі бой көрсетіп тұратын болады.

Қайсы бір жылы Бейжіңде «Бірінші маусым» халықаралық балалар мерекесіне байланысты ұйымдастырылған мәдени шараға Жанар арнайы шақырылып көркемсөз оқиды. Сахнада мәнеріне келтіріп оқыған кішкентай қызға разы болған Дың Иыңчау ханым (премьер минстр Жуын Лайдың зайыбы – ред):

– Қызым, сенің  атың кім? – деп сұрайды.

Күлімқаққан өжет Жанар:

– Атым – Жанар, ұлтым – қазақ, – деп жауап береді.

Оған риза болған Дың Иыңчау ханым:

– Жарайсың қызым, бақытты бол! – деп, маңдайын сипап, бетінен сүйіп, рахметін айтады.

Қаршадай қазақ қызына Қытай халқының адал перзенті, ұлы саяси тұлға Жуын Лайдың зайыбының осы берген батасы Жанардың өнер көкжиегінен жұлдыз болып көрінуіне себеп те болған шығар. Кім білсін?!

Қара көз Ғайниді іздеу

Жанар әртіс болуды бала кезінен армандағанымен, бірақ оған үлкен мақсат қоймады. Әртістіктен гөрі әдебиеттке жақын болды. Ол Бейжің мұсылмандар орта мектебінде оқып жүрген кезде ынта-пейілін қоғамдық қылымдарға аударады. Мақсаты – Қытайдың атақты университеттерінің бірінің табалдырығын аттап, әдебиетші болып шығу еді.

Алайда, мынандай бір іс оның алға қойған мақсатын басқа арнаға бұрып әкетеді. 1986 жылдың жаз айы болатын. Сыныпта сабақ оқып отырған Жанарға мектеп директорының кабинетіне алыстан біреу телефон соғып шақырып жатқанын бір сыныптасы хабарлайды. Үрімжіден келгенім кеше ғана еді. Әке-шешеме бірдеме болып қалған жоқ па? – деп, үрейлене директор кабинетіне жүгіре жетіп телефон тұтқасын алғаны сол екен аржағынан:

– Уәй, Жанарсыз ба? Мен Тиянь-Шань кино студиясынан бір кино түсірмекші едік, соған өзіңді бас рөлге шыға ма деп отырмыз, – деген бөтен әйелдің даусын естиді. Бұл кинорежиссер Гуан Чүнлиан еді.

Әдебиеттен басқа мамандық таңдамаймын деп бар зейін-зердесін соған ғана аударған Жанарға бұл тосын, қисынсыз өтініш болды.

– Бара алмаймын, емтиханға дайындалып жатырмын, онысыз да мектеп мені жібермейді, – деп келте жауап қайтарғанда шыдамы кеткен режиссер:

– Телефон тұтқасын мектеп директорына бер! – деді қатқыл дауыпен.

Қарысы жақтың бұйымтайын бірден түсінген мектеп директоры:

– Жанар, мынау саған табылмайтын сәт, әдебиетші болу, әрине, жақсы. Бұл жағында сенің талантың бар., әртіс болу да даңқты қызмет. Жолың болып мықты әртіс болып жатсаң, мектебіміздің де мақтанышы боласың. Қазақ ұлтына да өнердің адамы керек барып кел, – дейді.

Бұл «Жетім қыздың махаббаты» фильмін жасаудың алдындағы дайындық сатысы болатын. Әңгіме фильмде Шыңжаңдағы Үш аймақ төңкерісін бейнелеуді негіз ете отырып, ұлттық армия жауынгерлерінің жетім қалған ұрпағы Ғайнидің сол бір зарлы замандағы азапты да, аңызға айналған тарихи барысы суреттеледі. Автор Ғайнидің және оның сүйген жігітінің төңкеріс үшін, махаббат үшін ізденген өмір жолын кестелеуді армандайды. Фильмде Ғайнидің сөзі де, қимыл-әрекеті де онша көп емес. Режиссер өзінің көкейінде жүрген сөзге бұйығы жас қыздың жан дүниесіндегі ішкі сезімдерін көзі арқылы бейнелеуді мақсат етеді. Дәл осындай көзді табу үшін режиссер Алтай мен Тиянь-Шань тауына дейінгі өңірді түгел шарлап, талай-талай қазақтың есігін ашып, әбден қалжырайды. Соңында үміті үзіліп Үрімжіге қайтады. Бұл кезде ол бір досының тойына сәті түсіп, осындай бір қаракөзді тауып аларын ойламаған да болар. Осыдан кейін режиссер оның ата-анасын іздеп барып, сөйлесіп үлгіргенше Жанар бұл арадан бірнеше мың шақырым Бейжіңге кетіп қалған да болатын. Сол орта мектепке режиссер телефон соққанан кейін барып, Үрімжіге қайта оралады. Ол ұшақтан түсе салып-ақ, алдынан күтіп алған режиссерге:

– Мына мені қалай таңдағандарыңызға қайранмын, өйткені мен бақытты қызбын,. Жетім емеспін, оның үстіне махаббат дегенді тіпті де түсінбеймін ғой, – дейді.

Міне, осылайша Жанар режиссемен бірге Ғайни өмір сүрген аласапыран жылдардың толқынына сүңгіп кете барады...Аталмыш фильм туралы тілші сұрағына Жанар: «Мен өте бақыттымын, менің көкейімнің бір бұрышында мазалап тұратын көмескі әуес бар еді. Мен оны мәңгі сол жасырын күйінде сақтап қалмақшы едім. Бірақ фильмде ойнау менің сол құпиямды Ғайниға әперді. Көрермендерге алып берді» деп жауап береді.

Алтын баспалдақ

1987 жыл. Орталық театр институты мен Бейжің халықтық көркемөнер театр институты бірігіп сынақ ретінде әртістер курсын ашуды бекітіп, Қытайдың жер-жеріне аттанады. Бисмилласын Бейжіңдегі мұсылман орта мектебінен бастайды. Оқушылардың дене бітімі мен келбетіне үңіле жүріп, сабақ оқып отырған Жанардың қасына келгенде әртіс таңдаушы кілт тоқтайды. Оның бітімі мен болымысына қызығып біраз тұрады да тіл қатпастан шығып кетеді. Институтқа барып талқыға салады.

– Жанардың сымбатына мін жоқ, айыбы аз ұлт, қыр мұрын, бота көз, классикалық театрымыздың рөліне шыуға үйлесе қоя ме екен?! – дейді әлгі әртіс таңдаушы.

Көңілде күдік көп. Бірақ жауап жоқ....

– Шынында да өз қыздарымыз тұрғанда, ханзудың ұлттық театрына түк таппағандай, аз ұлттан әртіс таңдағанымыз тым күлкілі ғой, – деп қалды тағы бірі.

– Театрға әртіс таңдауда салмақты болғанымыз дұрыс шығар, тыңнан, қарастырсақ қайтеді. Кейінгі күні Шыңжаң аудиториясын ашып жатсақ соған қабылдамаймыз ба? – деді және біреуі.

– Иә, олардың да ойын түсінуге болады. Мұнда бір ұлттың намысы жатыр. Осылайша бірінің сөзін бірі құптап, ары қарай намыс отын маздата бастағандай болады.

Бағанадан тіс жармай, тыңдап отырған факультет деканы сөз кезегін алды-ау бір кезде.

– Сіздер айтқан пікірдің жаны бар, шіркін Жанардың жаратылысында осылай болса, құба-құп еді. Институтың міндеті – басқа емес, дарындыларды тәрбиелеу. Кім де қабілет, дарын болса, сол шығатын заман бұл. Ал, Жанар аз ұлт болғанымен, онда талант, кәсіптік дарын бар. Онысыз да мәдениет дәрісі мен  мамандықтан емтихан нәтижесі барлық талапкерлердің алдында тұр. Қабылдауға әбден болады... Біздің іздегеніміз осындай үздік талапкер екен, ендеше, жолын тоспай қабылдауымыз керек. Өнерде ұлттық шек-шекара болмайды. Біздің мәдениетіміз Жанар арқылы қазақ ұлтына жетіп жатса мұның несі ерсі. Мәдениет дегеніміз осындай да алмаспай ма? – деді.

Талантты мойындаудың өзі ұлылық. Деканның осы сөзінен кейін Жанар мектептегі жасөспірім шағымен қоштасып, әртістікке кете барады. Әдебиетші боламын деген арманы көзінен бұлбұл болып ұшады...Кино болса бір сәрі, өзіне бейтаныс ханзудың ұлттық театры. Тіпті, ойына кіріп-шықпаған бір сала, соның ішінде күрделі де қиын мамандық. Бірақ сұңғыла қазақ қызына бұл да түк емес екен. Өнер десе өршелене түсетін ол театр өнерінің қыры мен сырын игере бастайды. Ұстаздары да Жанарды таңдағанына өкінбеді, қайта дән  риза болысты.

Біз жылдан кейін Жанардың өмірінде тағы да бір бұрылыс болды. Қытайдың Оқу-ағарту министрлігінің ұйғаруымен Мәскеудің Мемлекеттік театр институтының режиссер мамандығын оқып келуге жібереді. Алдымен Мәскеудің Мемлекеттік кино-театр институтының дайындық курсында орыс тілін үйренеді. Бір жылдан соң орыс тілін өзі білетін  қазақ, ханзу және ағылшын тілдерінен кем сөйлемейтін болып шығады. Сол жылы кино режиссерлігіне талапкерлер қабылдайтындығынан хабардар Жанар өзімді сынап көрейін, өте алмасам өкінбеймін, тым болмаса театр институтына түсермін деген оймен осы мамандыққа емтихан тапсырады. Міне қызы, Жанар емтиханға қатысқан 30 талапкердің алтауының бірі болып Қытайдан, тіпті бүкіл азиялықтардан жалғыз өзі қабылданады.

Ол барлық пәндерді үздік оқумен бірге, тәжірибелік жұмыстарды да үздік атқарады. Жанар диплом жұмысын дайындаған, кезде «Аптаның 8-күні» деген тақырыпта қорғайды. Бұл фильмның тақырыбынан, бүкіл мазмұнына дейін өмірде болмаған секілді сезілгенімен, әдетте тұрмыста жиі кездесіп отыратын қас-қағым оқиғалар аса шеберлікпен жасалады. Аталмыш фильм халықаралық шағын фестивальдың үздік авторлық сыйлығын жеңіп алады. Ол өзі студент бола тұра Мәскеу «Мир» телеарнасына ұсыныспен диктор, жүргізуші болып та жұмыс істейді. Жанардың Ресей телеарнасында жүргізуші болып істеуі Қытайдан барып оқыған студенттер тарихында бұрынды-соңды болмаған еді.

Бір күні Жанар киноны ауыз екі аудару міндетімен студияға келеді. Жетекші жұмысты бастайық дейді. Жанар фильмді орыс тіліне аударады.

– Жоқ, Жанар бұл фильмді ағылшыншаға тәржімалауымыз керек, – дейді жетекші. Жанар ағылшын тілінда ағыла жөнеледі.

Киноны ағылшынша тыңдап отырған әлгі кісінің Қытайға кино саралауға келген Халықаралық кино фестивальдың төрағасы канадалық  Монеал екенін Жанар жұмыс аяқтағаннан кейін бір-ақ біледі. Жанардың қайда салса содан шығатын, тілдік қабілетіне қайран қалған әлгі кісі оның басын сипап тұрып:

– Басыңның бір бөлігінде орыс тілі, бір бөлігінде ағылшын тілі, бір бөлігінде ханзу тілі, енді бір бөлігінде ана тіліңнің қоймасы бар десек, пай-пай мына кішкене басың кремет екен, – деген де Жанар:

– Шіркін, басымның бір жерінде режиссерлік қабілет қоймасы болуын қаншама тілеймін, – дейді күліп тұрып.

«Мир» телеарнасы Жанарға өзге ел халықтарымен рухани-мәдени байланыстар орнатуына дәнекер болады.

Мәскеудің Мемлекеттік кино институтында 6 жыл оқып, магистурасын да қызыл дипломмен бітіріп шыққан Жанар 6 жылдық оқуым режиссерлік творчествалық жолыма аздық етер, қалайда кино институтының аспирантурасына түсіп оқиын деген ойға келеді. Оның бұл ойын Қытайдың тиісті орындары да құп көреді. Осылайша Жанар орыс елінде 9 жыл табан тіреп оқып, режиссерлік өнерге қанығады. Орыс, украин халықтарының ескі, жаңа мәдениетімен, салт-сана дәстүрі және психологиясымен танысады. Ресейдегі 9 жыл оның алдағы кинорежиссерлік өнерінің алтын баспалдағы болып қаланады.

Жанар Ресейде оқып жүрген кездің өзінде, Қытайдың өз кинолары «Қызыл шие», «Жалын атқан ғашықтар» фильмдерінің түсірілуіне қатысады. Бұл киноларды қытайлықтар ұнатып көреді. Сонымен бірге Мәскеу «Мир» телеарнасының тапсырысымен Қытайға барып «Қытайдың қарттары», «Қытайдың велосипеттері» секілді Қытай реформасынан кейінгі өзгерістерді бейнелеген деректі фильм түсіріп, екі елдің мәдени-рухани ауыс-түйісіне пайдалы еңбек етеді. Мұнан тыс Ресейдің «Будтың оралуы» деген көркем фильмде хытайлық бір патыша ханымының рөлін ойнайды. Ал Италия мен Ресей бірлесіп жасаған «Аюдың досы – Жонатон» фильміне қосымша рөлге түседі.

Қайта шыныққан құрыш

Жанардың кино өнерінде танылып, жұлдызын аспанға шығарған 20 сериалы телефильм «Құрыш қалай шынықтының» түсірілуі еді. Қытай мен Украина бірлесіп түсірген 20 сериалы «Құрыш қалай шынықты» Островскийдің осы аттас романынан өзгертіліп түсірілген. Бұл Қытайдың кино әлемінде тұңғыш рет шетелдің әйгілі көркем шығармасын өзгертіп түсіруі және оған тұғыш рет шетелдік әртістердің қатысуын қосыңыз. Бұл Қытай тарихында бұрын-соңды болмаған тарихи оқиға болды.

Осы тұңғыштардың басында кім тұр? Әрине, қазақ қызы Жанар Сағатқызы тұр. Ханзудың көрнекті қаламгері Чүн Хуа Жанар туралы тоқталғанда: «Құрыш қалай шынықты» фильмін жасауда ешкім Жанарға тең келмейді», – деп жазыпты. Демек миллиярдтар елі әлде қашан мойындап қойған. Сондан да болар Қытайдың  фильмгері Жың Кайнанның Жанарды украин жеріне барып кино түсіруге таңдағаны. Жанарды мойндау, қазақты мойндау. Әрібірден кейін, қазақтың өнерден кенде емес екендігін мойындау. Шыны керек, егер Жанардан басқа біреу осы фильмге режиссерлік етсе, Құдай біледі, бұл фильм аспан асты елі мақтан ететіндей шықпаған болар ма еді.

Жанар алғаш Украинның «Довженко» кино студиясымен байланыс жасайды. Бұл студыияның матералдық базасы толық еді. Бейжіңге қайтып оралып, өзі жіберген орынға мәлімет береді. Барлығы құп көреді.

Екінші рет 1998 жылдың желтоқсанында бас жобалаушы Хияң Шауханы ертіп Украинаға қайта ұшады. Бұл 1999 жылы ақпанда телефильм түсіретін топ барғанға дейін барлық жұмысқа дайындық жасау болатын. Бұл олар үшін қымбат уақыт еді.

Өкінішке қарай, қытайлық автордың Павел Коршагин туралы жазған сценариы украиндықтардың көңілінен шықпай қалады. Осылай боларын Жанар баста білген... Оның себебі де түсінікті... Оның үстіне жазылған сериал тым қысқа, әрең бес серияға жетеді. 20 серияға жеткізу үшін 15 серияны жазу керек. Мақсат – сериалдың аз-көптігінде емес. Павелдің образын қалай ашу, ол өмір сүрген қоғамдық ортаны шынайы көрсетуде, қым-қуыт қайшылықтар мен қақтығыстарды жанды бейнелеуге тура келеді. Оған жұмсалатын қаржы да есептеулі. Енді қайту керек? Жанар мұны әбден ой елегінен өткізіп, бас режиисер Хан Ганга сериалды украиндықтардың өздеріне жаздыруды айтады. Ол мұны дұрыс көреді. Одан басқа жол жоқ еді. Сөйтіп Жанар өзі араласып жүріп Алик есімді бір сценаристі тапты. Жанар  оған: «Біз тек «Құрыш қалай шынықты» романын өзгертіп қана қойсақ, жалаңдық етеді. Сол дәуірде жазылған басқа романдардан да пайдалануымыз керек. Ой-сана тар болмауы тиіс. Сонан соң Павелдің негізгі образы көзінен айрылғаннан кейін сомдалуы шарт» деп тұжырым жасады. Алик Украинада тапсырыспен дедектив тақырыбында сценарий жазып жүргенг белгілі қаламгер еді.

Иә, Жанар тәуекелшілдік жасағанымен бейжіңдіктер одан хабарсыз еді. Олар бұрынғы сериал бойынша түсіріледі деп ойлаған. Бірақ осының алдында Жанар бастығы Жың Кайнанға хат жазып сериалды украиндықтардың өздеріне жаздырып жатқанын айтқан еді. Бұған Жың Кайнанның бұлқан-талқан болып ашуланғаны бар. Жанар да алған бетінен қайтпай «жығылсаң нардан жығылға» бірақ көшеді. Ол Аликкке фильмнің 13-14-сериасын тездетіп жазуды тапсырады. Өйткені, Павелдің қыстың күнгі өмірін қар бар кезде алдымен түсіріп алған өте маңызды. Бұл уақытты дұрыс пайдаланбаса, тұтас фильмге нұқсан келтірер еді. Ал, 11-12 сериасы көктем мезгілінде алынады. Бұл Павелдің Шепетовкада істеп жатқан кезі. Ал жазда жастық дәуірін яғни Тонямен махаббаттасқан, армияда болған кезі түсірілу керек. 13-14-серия жазылып болған соң оны Жанар ханзу тіліне тәржімалап Бейжіңге жөнелтеді. Бас режиисер Хан Гаң: «Өте жақсы, шынайы бейнеленген» демесі бар ма? Бірақ Жың Кайнан бірден жіби қоймайды. Себебі, сериалды өзгерткеннен кейін қатысты мекемелерге жүгіріп жүріп бекіттіру керек. Оны бекітпесе Жанардың еңбегі еш болады. Оны осы іс мазалады. Сонда Хан гаң: «Егер Жанар жаздырған сериал бойынша фильм түсірілетін болса мен Украинға барамын, әйтпесе арам тер болудың қажеті жоқ», – дейді.

Рождества мерекесі басталып кетеді. Украиндықтар мейрамда түгел дамалады. Ал Жанар жалғыз өзі «Довженко» кино студиясында Бейжіңнен тағатсыздана жауап күтумен болады. Бір күні ол Жың Кайнаннан: «...Үлкен жұмыс тындырыпсыңдар, фильмді тез алу жұмысына кірісіңдер» деген хат алғанда қуанғанынан Жанар жылап жібереді.

Сонымен Жанар уақыт өткізбей, фильмнің жұмысына бел шеше кірісіп кетеді. Фильмге тікелей қажетті орта кейіпкер таңдауға кіріседі. Себебі, сериал қанша тартымды жазылғанмен рөлге шығатын актерлер жақсы таңдалмаса, фильмнің маңызы болмайтындығын Жанар жақсы біледі.

Бұрын Украин режиссерлері қит етсе актерлерді Ресейден барып таңдайды екен. Ал Жанар болса, уақиға Украина топырағында болған екен, сөз жоқ Украинадан таңдаймыз, актерлер сценариде жазылғандай келбетті, ққимыл қарекеті сәйкескен, украин ұлтының психикасын шынайы аша алатын болу крек деп түйді. Ал «Довженко» кино студиясының директоры Мошенко (1973 жылы түсірілген «Құрыш қалай шынықты» 6 сериалы фильмнің режисcері. ред) мырзаның: «Құрыш қалай шынықтыны» кім де кім, киноға түсірмекші болса, ондағы бас кейіпкер фильмнің жаны Павел екенін естен шығармау керек» деген сөзі Жанарды тіпті де ширықтыра түсті.

Әртістерге Жанар осындай талаптар қоя отырып алыстан емес, жақынан тауып жатты. Бас кейіпкер Павел быраз абыржытты. Ақыры оны да тапты. Жанар Ира есімді актрисаны қабылдап жатып оның альбомынан бір жігіттің суретін көріп қалады. Ираға осы жігітті ертіп келуді тапсырады. Ертесінде ол жігіттің өзі де келе қалмасы бар ма. Ұзын бойлы, қоңыр шашты, жасы 25-терде, қасы керілген, қыр мұрынды. Көгілдір көзі қабағын түйгенде мұңая қалады, ал қуанғанда жадырап сала береді. Еркекке тән дене бітімінен байыптылық пен қайсарлық байқалады.

Іздеген адамның дәл өзі! «Павелдің рөліне дүп келеді» деп жанар бірден ұнатты. Жанар Павелді тапты. Украин режиссерлері сезіп-білмеген, құдайдың құтты күні жандарында жүрсе де аңғармаған Павелді тапты.

Фильм түсіріліп жатып, 14-ші сериаға келгенде бас режиссер Хан Гаң кенеттен Бейжіңге қайтып кетеді. Бұған бола Жанар абыржыған жоқ. Қайта фильм қызметкерлерін жұмылдырып қалған 7 серианы сәтті түсіріп шығады. Кейін аталмыш фильмге түскен акторлар: «Біз режиссер Жанар арқылы танылдық, егер ол болмаса ел қатарлы қарапайым актер болып жүре берген болар едік» деп Жанарға алғыстарын жаудырған.

Осы телефильмде аты аталған 120 актер бар. Бұлардың арасында қызыл армияның рөлін алып шыққан Жаң Шаухуа ғана қытайлық. Бұл фильм 270 күнде түсіріліп болады. Бас режиссер Хан гаң, атқарушы режиссер Жанар Сағатқызы бастаған 12 қытайлықтың басқасы украиндықтар.

Жанар «Құрыш қалай шынықтыны» түсіріп болып, Қытайға барғанда «Уанкы» деген мәдениет компаниясы 20 сериалы «Шошынған құс» атты телефильмді түсіруді бекітеді. Компанияның бас директоры Жанарға осы фильмге режиссерлік жасауға шақырады. Бұл Жанар үшін үлкен сын еді. Өйткені, бұл Жанардың тұңғыш рет тәуелсіз режиссерлік еткен қала өміріне арналған телефильм болатын. Жанар бұл фильмді де өте сәтті жасап шыққты. Ол және Қытайдың тұңғыш төрағасы Мау Зыдұңның оқушылық өмірін бейнелейтін «Бір дәуірдің жастары» деген фильмін де жақсы түсіреді.

Қазір Жанардың ең үлкен арманы өз ұлтын танытатын кино түсіру ойында бар екенін айтып, әрі осы ойын ертерек іске асыру үшін бар күшін салып, өзін шыңдау үстінде екен.

20 сериалы «Құрыш қалай шынықты» телефильмі осылайша аспан асты елін аралап кетті. Павел рухы қайта шыңдалып Қытайдың бар алабын дүр сілкіндірді. Қытайдың қарттары Павелдің сонау жылдардағы ерлігін, қайтпас жігерін естеріне алып, көзеріне жас келсе, жастары өмірге, болашаққа қалай көзқарас ұстанудың, өмірді қалай мәнді, мағаналы өткізудің өнегесін қабылдады. Бары мен бағын отанына, халқына арнаған Павел Корчагиннің қайсар рухы қазақтың қаракөз қызы арқылы миллиардтар жүрегінен орын табады.

Жанарға осы еңбегі үшін 2001 жылы Қытайдың «Хорқызы» сыйлығы беріледі. Және ХVIII кезекті Қытай «Дажұң» телеарнасының «Алтын бүркіт» сыйлығы мен «Үздік режиссер» атағын алады.

Иә, бір мақаламен бір кітапта айтылған мазмұнды қамту қиын. Біз өз керегімізді алдық, бұл алдағы күндері Жанар туралы тағы да мақала жазбаймыз, не болмаса өзімен тікелей сұхбат өткізбейміз дегенді білдірмесе керек. Сол үшін қазірше мақаламыздың соңын қытайлық ақын бауырымыз Құрыш Сақайұлының Жанарға арнап жазған «Жігітсің» деген өлеңінің мына екі шумағымен тамамдауды жөн санадық.

«Тумасақта шолпандай,
Сәтке бізде жанармыз.
Шолпандардан әрқандай,
Жарықсың сен Жанар қыз.

Өмір деген аз-ақ күн,
Содан бақыт табарсың.
Мақтанышы қазақтың,
Жанар десе Жанарсың.
Бәлкім сен де ертеңге,
Аңыз болып қаларсың!»

Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052