Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 2229 0 пікір 5 Тамыз, 2024 сағат 14:29

Момынның ақысы...

Сурет: bezformata.com

Теңіз жағалауындағы курортты ауылдардың бірінде Исфендияр атты жігіт ағасы өмір сүріп жатты. Дегенмен «өмір сүрді» деген сөз оның тұрмыс салтына тіпті сәйкес келмейтін. Әйтеуір бірді-бірге жалғап, әйелі мен үш баласын зорға асырап, өлместің күйін кешіп жатқан... Жоқ, біз бұған отағасын кінәлаудан тіптен аулақпыз. Обалы не керек, елуді еңсерген Исфендияр ешқашан біреуге алақан жайып көрген емес, ертелі-кеш тырбанып еңбектенетін де жүретін.

«Жұмыстың ауыр-жеңілі болмайды», - дегенді үнемі айтудан жалықпайды. Алайда бір тілім нанның оған оңайлықпен келген күні болған емес. Осы жасына дейін не істемеді деңізші: ұста да болды, құрылысшы да болды, қолынан келмейтіні жоқ өзінің. Бірақ әйтеуір қанша еңбектенсе де, тұрмысына шыр бітпей қойды. Кейде өзі күйбең тірліктен шаршап та кетеді, қанша дегенмен жасы да келді ғой. Содан бір күні жазғы маусымда үйін демалушыларға жалға беріп көргісі келді. Алайда ойлап қараса, өздері шиеттей бес адам қуықтай үйге зорға сыйып жүр, ол бір. Екіншіден, үйдің ескіргені сонша, қаусап құлап қалудың сәл-ақ алдында тұр. Әсіресе едені әркімнің табаны тиген сайын шиқ-шиқ етіп, зарлап қоя береді байғұс. Қала берді, жауын жауса, төбеден тамшы сорғалайтыны тағы бар. Қысқасы, жөндеуге қыруар қаражат қажет еді.

Исфендияр туа-бітті осы бір ауылдың азаматы болатын. Ал ондайлар бұл ауылда саусақпен санарлықтай еді. Үлкен қала секілді тіршілігі қайнап жататын бұл ауылда бұрын 150-200 шақты ғана ошақ болса, соңғы кездері мұнда жаңа тұрғындар лек-легімен қоныс аударып, небір зәулім сарайлар мен биік-биік үйлер көбейді.

Паһ, шіркін, күн сайын таңертең сол үйлерден шығатын көліктерді айтсаңшы, тура бір қарапайым адам емес, патшалар мінердей. Бірақ бір қызығы, сол қабат-қабат сарай иелерінің басқа жақтарда да үйі бар-ау, себебі ауылға анда-санда мерекелер мен демалыс күндері ғана демалып кетуге бас сұғады. Алған кездері үйлер қаңырап бос тұрады. Ал Исфендияр байғұстың маңдайына біткені осы қирап қалудың сәл-ақ алдында тұрған лашық қана. Бірақ та сол жәпірейген лашық ылғи ығай мен сығайдың көркіне көз тоймас сарайымен иық тіресіп қатар тұр. Аралары әрі кетсе 100-150 метр қашық шығар. Бірақ отағасы ешқашан өзінің байбағлан қоңсысының біреуін де көзбен көрген емес, олардың кім екенін тіпті танымайды да. Әй бірақ бір жақсысы, Исфендияр ешқашан өзін байлармен салыстырып, тағдырына нала айтып көрген емес. Түнде ұйқысы тыныш. Денсаулығы да, шүкір. Бадалары да арсыз қылық көрсетпепті әзір. Келіншегі де тура өзі секілді момын жан, күн сайын Жаратқанның өзіне осындай жар мен бала-шаға бергенін шүкіршілік айтатын. Алайда, кейде отағасының көңілі түсіп те кетеді. Ондайда бірақ біреуге мұң шағып, біреуден бірдеңе сұрамайды. Бар болғаны намазында Тәңірге «менде басқалар секілді тырбыңдап ектеніп-ақ жүрмін ғой... басқасының бәріне көндігуге болар-ау; бірақ мына қаусап тұрғанүйді қайтем? Тезірек қолға алмасам, бірер жылда далада қаламыз ғой...» деп күбірлейді...

Жылдар алға жылжыған сайын жігіт ағасы бәріне қолды бір-ақ сілтеп, тағдырына көндікті. Алайда соңғы кездері ол бір әдет тапты: істейтін ісі бар ма, жоқ па, таңертең ерте тұрып алады. Сөйтеді де үйінен шығып, біраз жан-жағына қарап, ауыл арасын аралап жүріп қайтады. Бүгін де сол әдетпен аулаға шықты. Арайлап атқан таң шапағына қарап, кеудесін кере таза ауасын жұтып тұрған. Кенет... кенет көзіне әудем жерде бір нәрсе жылт-жылт еткендей көрінді. Оның жылтырағаны сонша, тіпті Күн арқан бойы көтерілген сайын оның шұғыласымен шағылысып, тұп-тура мұның жанарын от боп қаритындай. «Кеше кешке ғана бұл жерде ештеңе жоқ еді ғой?» деп ойлады ол ең бірінші. Сол себепті алдымен біреу-міреу шығып қала ма деп, сәл тосып тұрды. Бірақ айналада өзінен басқа тырс еткен тіршілік білінбеген соң не де болса көрмекке жақындап келді. Келді де әлгі жылтыраған нәрсені жерден Иіліп көтеріп алып, алақанына салып қарады. Ой тоба, «Николай заманының ондығы» екен. Алтын! Исфендияр кедей де болса, көрсоқыр емес еді: көне заман жәдігерлерінен жақсы хабардар болатын. Себебі баяғыда, әке-шешесі тірі кезде, өзі ұсталықты енді бастап жатқан бозбала шағында сол дәуірдің алтын-күмісін көргені бар-ды. Өйткені өздері де ол тұста ауқатты тұқымнан болатын. Мына алтынды көргенде көз алдына жарықтық анасының небір керемет әшекейлері елестеді. Сондықтан жігіт ағасы жоққа жасымай, қашанда «Әр нәрсе өз уақытында...» деп сабырға жеңдіретін. Исфендияр мұндай алтыннан бұйым жасап жүрген тұста, қазіргі зәулім сарай иелері тіпті тумаған да шығар, сірә. Ендеше, мұндай байлық дәл бұл жерде қайдан жатыр?!. Әлде, сонша жыл кедейлікке төзгеніне сыйлық ретінде Құдай «сабыр түбі – сары алтын» дегеннің тура мағынасында осылай «аспаннан алтын жаудыра» салды ма екен? Әйтесе, мынадай заманда, тап өз үйінің алдына бұл нәрсе қайдан келді? «Мүмін біреу әдейі тастап, тасадан мені мазақ қылып тұр ма?» депте ойлады бір жағы. Алайда ондай ешкімді байқамады. Сондықтан олжаны ақырындап, қойнына тықты да, осы бір «олжасы» жайлы жан баласына тіс жармауды жөн санады. Не де болса, кезінде көре жатар...

Байқаған да шығарсыздар, Исфендияр - өте ұстамды азамат. Оның үстіне мына өмірде ашылмайтын сыр жоқ. Адамдардан Алланың ерекшелігі де сол, ол барлығын біледі, барлығын көреді. Сондықтан да жігіт ағасы әлгі «ондықты» алып, сенімді бір жерге тығып қойды.

Келесі таңда осындай жағдай тағы қайталанды. Исфендияр бұл жолы мұның жайдан-жай емес, артында бір нәрсе тұрғанын анық сезді. Солайша күн сайын тура сол бір жерден тап сондай «олжаға» кенеле берді, кенеле берді. Бірақ бәрінде тек «ондық» ақша ғана емес, арасында «25-тік рубль» де кездесіп қалып жататын. Солайша біраз күн өтті. Исфендияр қанша тырысса да, «жарылқаушы мырзасының» кім екенін біле алмай-ақ қойды.

«Пошташы»; өзі іштей солай ат қойып алды, өз ісінің шебері екен. «Ұсталып» қалмас үшін, келу уақытын үнемі құбылтып отырды. Бірде кешқұрым, бірде түн жарымда немесе таң сәріде. Сол себепті де Исфендияр оның үстінен түсе алмай-ақ қойды бір. Ол өз қолындағысын аулаға тастап, жоқ боп кететін.Үй егесін таңғалдырған тағы бір жайт, «жарылқаушының» соңынан бірде-бір із қалдырмауы болды. Қақпа жабық, өзі кісі бойламас биік...

Жандары Жәннаттық болғыр ата-анасы кезінде қолдарынан кеп тұрғанда осындай биік қоршау қойып беріп кетіпті...Сірә, балаларының шамасы келмей қаларын сезгендей...Исфендияр қатырынан қанша түн аулаға шығып, қандай да бір тырс еткен дыбыс шығар ма екен, біреу-міреуді көріп қалар ма екенмін деп айналасын аңдумен болды.Сол мақсатта түнгі «қарауылдығына» ұйықтап қалмайын деп, күндіз көз шырымын алатын болды. Тіпті үйінің кіре беріс бұрышынан «бақылау пунктін»де жабдықтап та қойды. Ұзақ түнде осы жерде отыратын болған соң, өзіне бар жағдайды жасаған түрі ғой. Ауланың бұрышына шығарып тастаған ескі кереует те осы тұста қажетіне жарай кетті. Исфендияр сол кереуетке жантайып «түнгі қонағын» күтеді.

Сағаттар зулап өте берді, Исфендиярдың төзімі таусыла бастады. Қақпадан ешкім қарғып түскен жоқ, не оны қағып та кірген жоқ. Солайша өзінің «түнгі қонақты» күту туралы ойынан жалыға бастаған. Кенет сондай түндердің бірінде құлағынаалыстан бір дыбыс еміс-еміс естілгендей болды. Дыбыс қақпаның астыңғы жағынан шығып жатқан еді. Темірдің дәл жерге көмірлеген жері тас дуалмен қоршалған болатын, соның саңылауынан. Көз алмай сол тырс еткен жаққа қарады да отырды. Түннің көзге түртсе көргісіз тастай қараңғысынан әрең дегенде көзі шалды, аузына тістеген бір нәрсесі бар егеуқұйрық қақпадан өтуге тырмысып жатыр екен. Саңылау өте тар болатын, сондықтан сыймай жатса керек. Бұл онсызда күте-күте көзі төрт болған «қонағын» шошытып алмайын деп үнсіз ғана бақылап тұрды. Ол олай тырмысты, былай тырмысты әйтеуір бір кезде әупірімдеп аулаға кірді де, жан-жағына біраз жалтақтап тұрып, келесі «олжаны» күнделікті орынға тастай сала зытып, жоқ боп кетті.

Мәссаған, мұндай да қызық болады екен-ау?!. Таң қалғаннан Исфендияр тілін жұтып қоя жаздады тіпті. Осы жасына дейінгі өмірімде көп нәрсені көрдім деп ойлаушы еді, небір тылсым оқиғалар жайлы да естуші еді. Бірақ тап мұндай жайтты өз басымнан кешіремін деген ой үш ұйықтаса түсіне кіріп көрмепті. Әншейінде күндіз ауладағы тауық пен оның балапандарына күн бермейтін кеміргіш тышқанның түн баласы ұйқы көрмей осындай міндет атқаруына не түрткі болды екен, ә?!. «Мен байғұстың оған берер түгім де жоқ қой?» деп, көңілі құрғыр одан сайын босады отағасының. Құдай куә, алғаш «Олжа» табыла бастағалы күні бүгінге дейін Исфендияр оның бір түйіріне де тиіскен жоқ болатын, жарату тіпті ойына кірген де емен. Бар мақсаты қалайда бейтаныс жарылқаушыны ұстап алып, «айналайын, мұның бәрі не үшін?» деп сұрағысы келді. Ал, енді адам емес жануар ма, жәндік пе, егеуқұйрық өзіне осынша қызмет етеді деп кім ойлайды? Тап мына заманда айдаладағы сіңірі шыққан кедей байғұс түгілі, адамдар өз жақынының үйіне бас сұқпайтын болды ғой. Ендеше, мына жайтты қалай түсінуге болады?!. Исфендияр тышқан тасып әкелген алтын сомдардың өзі секілді жалаңаяқ біреудікі емес екенін керемет жақсы біледі. Байғұс кедейде мұндай байлық қайдан болсын. Ақша қазір тек жұрттан пара алушы жемқор мен, алаяқ шенеуніктерде ғой. Ал күн сайын нанын адал тауып жүрген жандар... Жә, сонымен бұл не де болса әлгі зәулім сарай иелерінің бірінікі болуы керек деп түйді ол. Соны егеуқұйрық иіскеп тауып, жалғыз мен емес, мен сияқты талай мұқтаж жандардың ауласына тастап кетіп жүрген болар деді. Не де болса, бұл – Алланың ісі! Кіп-кішкентай ғана жәндікті жақсылықтың жаршысы ету тек соның ғана қолынан келетін құдірет.

Дүниесі мен мал-мүлкінің есебі жоқ бір бай бәлкім бірер алтынының жоғалғанын байқамауы да мүмкін. Өйткені оның басы күн сайын «қайтсем,түйені түгімен жұтам?» деген оймен әуре емес пе? Алынған ақшаны содан соң осылай алтынға айналдырып қояды, ақыры міне қызығын тышқан көріп жатыр. Тышқан көргенде де оған алтынның керегі де жоқ қой, осылай Алланың бұйрығымен керек жеріне, мұқтаж жандарға таратып беруде.

Исфендияр болған жайтты басында өзіне сөз бергендей ешкімге айтпауға бекінді. Тіпті әйеліне де.Ол тағы шыдамай біреуге тіс жарып қойса ше... Басына бәле тілеп алып қайтеді, сондықтан үндемегеннен тәуірі жоқ....
Оқиға осылай жалғаса берді. Егеуқұйрықтың арқасында Исфендияр «бай адамға» айналды. Бірақ ағамыз ақылды адам болатын, асып-тасып кеткен жоқ, керек десеңіз тіпті табылған алтынның бірде-бір түйіріне тиіспеді де. Сол баз-бағыда немен айналысса, соны жалғастырып жүре берді. Осылай бес-алты ай өтті. Бір күні егеуқұйрық өзінен-өзі келмей қойды. Әрине, ақша да сап тыйылды. Исфендиярдың аздап көңілі толқыды. Жоқ, ауласына алтын келмей қойғанына емес, мүлдем олай емес! Ол иесі тышқанның ұрлығының үстінен түсіп, байғұсты өлтіріп тастамады ма екен деп қорықты. Алайда ондай ойдан тез арылды, яғни, «тышқан екеш тышқан да осыған дейін тасыған дәулетін жеткілікті деп біліп, енді басқа бір мұқтаж біреуге тасиын деген шығар» деп жұбатты өзін. Содан сәл тынышталайын деді... Бірақ бұл құпиясы жайлы жұмған аузын ашқан жоқ. Және сонша байлық оны жолдан да тайдыра алмады. Алайда алдыңғы кездегідей емес, енді біртіндеп алтындарды шетінен ауыстырып, ақшасын үй імен ауласын жөндеуге жұмсады. Өзінің қолынан келмейтіні жоқ деп едік қой. Сондықтан бұл істі қандай да бір көмекшісіз бір өзі атқарды. Балалар да есейді. Екі бөлмелі қуықтай үйге тағы екі бөлме қосты: бірі ұлына, қалған екеуі екі қызына. Олар әкелерінің бұл әрекетіне разы болды. Әркімнің бас-басына бір-бір жеке бөлмесі болады дегенге басында сене алмады. Үйдің іргетасы мықты екен, Исфендияр еш ойланбастан екінші қабат көтерді. Солайша баспанасы маңайындағы бай-бағландардыкінен асып түспесе, еш кем болған жоқ. Жарты ғасырлық ғұмырында Исфендиярдың көрмеген қиындығы қалмаған еді өзі де. Қанша қиналса да, тұрмыстың ауыртпашылығын бір өзі иығымен көтерді. Өзінен басқа ешкім оның салмағын сезінбесе екен деп тілейтін. Сондықтан жоқшылық дегеннің не екенін білетін ағамыз өз қолы өз аузына жеткен соң жағдайынашар көрші-қолаң, туған туыстарға көмектесе бастады. Ең соңында тіпті танымайтын жандардың да меселін қайтармауға көшті. Қиналып жүрген адам көрсе, қолынан келгенше қаражат бөлді. Көмек сұрай келген ешкімді құр қол қайтармады.

Үй іші оның жануарларға, әсіресе тышқандар мен егеуқұйрықтарға деген ерекше ықыласына тәнті болды.

Тіпті таң қалатын да. Оның сырын сұрағандарға Исфендияр жай ғана: «Е, біле білсеңіздер, бұл тілсіз жәндіктер кей адамдардан жүз есе қайырлы әрі сенімді», - деп жауап беретін...

Фархад Аскеров, «Щедрость ночного гостя»

Аударған: Мәриям Әбсаттар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5264