Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4632 0 пікір 28 Қаңтар, 2014 сағат 08:49

Неслихан Мұстафақызы: «Үйіміз Қазақстанда болады деуші еді»

Солдан оңға қарай: Мұстафа Өзтүріктің кіші қызы Аслыхан, ұлы Нәзірбек және үлкен қызы Неслихан.

Қазақтың қаһарман ұлдарының бірі, әлемге әйгілі спортшы, таэквондодан қара белбеу бойынша 7 дан иегері, елімізде таэквондо (WTF) федерациясының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Мұстафа Өзтүрік ресми құжатында  Мұстафа Кәбенұлы Әбдірахман болып жазылған ол 1955 жылы Түркия елінде дүниеге келген. Тайван ұлттық-саяси университетінің журналистика факультетін бітірген. Оқуымен қатар Тайвандағы кунг-фу мектебінде шыңдалған.  Ағылшын, қытай, түрік, жапон, кәріс, қазақ тілдерін меңгерген. Таэквондо спортынан әлемнің бірнеше мәрте чемпионы атанып, Қытай, Түркия, Германияда таэквондо мектебін ашқан. Мұстафаның басты қасиеті – ол қай жерде жүрсе де, өзінің қазақ екенін айтудан жалықпаған, мақтан тұтқан. Туған елге, қазақ топырағына деген сүйіспеншілігі шексіз еді. Бұған Мұстафаның: «Шетте жүріп, батыр болам десеңіз, еліңді сүй»  деп әрдайым айтып жүретіндігі бірден бір дәлел.

Солдан оңға қарай: Мұстафа Өзтүріктің кіші қызы Аслыхан, ұлы Нәзірбек және үлкен қызы Неслихан.

Қазақтың қаһарман ұлдарының бірі, әлемге әйгілі спортшы, таэквондодан қара белбеу бойынша 7 дан иегері, елімізде таэквондо (WTF) федерациясының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Мұстафа Өзтүрік ресми құжатында  Мұстафа Кәбенұлы Әбдірахман болып жазылған ол 1955 жылы Түркия елінде дүниеге келген. Тайван ұлттық-саяси университетінің журналистика факультетін бітірген. Оқуымен қатар Тайвандағы кунг-фу мектебінде шыңдалған.  Ағылшын, қытай, түрік, жапон, кәріс, қазақ тілдерін меңгерген. Таэквондо спортынан әлемнің бірнеше мәрте чемпионы атанып, Қытай, Түркия, Германияда таэквондо мектебін ашқан. Мұстафаның басты қасиеті – ол қай жерде жүрсе де, өзінің қазақ екенін айтудан жалықпаған, мақтан тұтқан. Туған елге, қазақ топырағына деген сүйіспеншілігі шексіз еді. Бұған Мұстафаның: «Шетте жүріп, батыр болам десеңіз, еліңді сүй»  деп әрдайым айтып жүретіндігі бірден бір дәлел.

Өткен ғасырдың 90-жылдары таэквондо сынды спорт түрін қазақ топырағына әкеліп, тамыр жайғызған тау тұлғалы азамат, Алты Алаштың мақтанышы Мұстафа Өзтүріктің кенеттен өмірден өтуі қалың елін күңірентіп жіберген еді.
Жуырда өмірімен күллі қазақтың рухын көтерген ерен ұлды жанындай жақсы көрген халқы үшін қуанышты оқиға болды. 31-телеарнаның «Айтылмаған әңгіме» бағдарламасының шақыртуымен асылдың сынығы Мұстафа Өзтүріктің ұрпағы, нақты айтқанда ұлы мен қыздары және жалғыз қарындасы Қазақстанға келді. 18 жылдан кейін алғашқы болып іздеп барған 31-телеарна қызметкерлері Мұстафа Өзтүрік жерленген жерге барып, құран оқытып, кейін қарындасы мен балаларын әуежайдан үлкен құрметпен күтіп алғандығын теледидардан көрдік. Мұстафаның тікелей ұрпағының қатысуымен біртуар азаматқа деген сағыныш пен көңілде ұялаған өкінішке толы болып өткен бағдарламадан соң, Мұстафа Өзтүріктің үлкен қызы Неслихан Өзтүрікпен интернет арқылы тілдесудің сәті түсті.
– Сәлеметсіз бе, Неслихан? Қазақ халқы сіздерді телеарнадан көріп, қатты қуанды. Ал сіз Қазақстанға келгенде қандай сезімде болдыңыз?
– Сәлеметсіз бе! Мен ең алдымен, бізді Қазақстанға шақырған 31-телеарнаға алғыс айтқым келеді. Қазақстанды қатты ұнаттым. Әсіресе, мәдениеті мен адамдары ұнады.
– Қазақстанға 18 жылдан кейін бірінші рет келуіңіз бе?
– Иә, бірінші рет 1995 жылы әкем қайтыс болғанда келіп едім. Бірақ ол кезде тым кішкентай едім. Содан кейінгі келуім осы.
– Аналарыңыз қайда? Ол кісі неге келмеді?
– Анам қажылыққа кеткен еді, сол себепті келе алмады.
– Әкеңіздің арманы Қазақстанда тұру еді. Ал сіздердің Қазақстанға көшіп келу ойларыңызда бар ма?
– Иә, дұрыс айтасыз. Әкем бала күнімде «Бәрімізге Қазақстаннан үй соғамын. Сенің бөлмең бірінші қабатта болады» дейтін. Сонда мен қатты қуанатынмын. Бірақ әкемнің қазасы біздің өмірімізді өзгертті. Әкем болғанда, бәлкім сізбен Алматы не Астанада өз үйімізде қазақша сөйлесіп отыратын ба едік?
– Қазақстан үкіметі елге шақырып, үй беріп, жұмысқа орналастырса келесіздер ме?
– Оны қазір білмеймін. Менің бір білерім – елімді, жұртымды таптым. Алматыдан көп достар таптым.
– Әкеңізге арнап жазған әніңізді өз орындауыңызда естіп, қатты толқыдым. Көзімнен жас та шығып кетті. Даусыңыз әдемі екен. Сіз кәсіби әншісіз бе?
– Рахмет сізге! Мен өзім де «Little girl»-ді айтқан сайын, тыңдаған сайын жылаймын. Өйткені әкемді қатты сағынамын. Иә, мен кәсіби әншімін. Қазір өзіме жақсы продюсер іздеп жүрмін. Кім біледі, мүмкін продюсер Қазақстаннан табылып қалар. Америкалық бір продюсермен байланыстамын. Жауап күтіп отырмын.
– Мұстафа ағамыздың қарындасы Перихан әпкенің әкеңіздің Қазақстандағы достарына өкпесі бар сияқты. Ал сіздің Қазақстанға өкпеңіз жоқ па?
– Жоқ! Мен ешкімге ренжімеймін. Себебі өз аяғымда нық тұрған адаммын. Әркім өз ісіне өзі жауап берер. Әркім айнадағы өз жүзіне қысылмай еркін қарай алса, жүрегі таза, жаны тыныш болса болғаны, маған бәрібір.
– Қазақстанға келгенде әкеңіздің атындағы мектепте болдыңыз. Ескерткіші мен көшесін де көрдіңіз. Сізге ұнады ма?
– Иә, өте ұнады. Мұстафа Өзтүрік мектебінде таэквондо үйреніп жүрген балалардың жүзін көргенде, жүрегім елжіреп кетті. Сол жерде әкемнің рухы жүргендей болды. Кеудемді мақтаныш сезімі биледі. Сізге сөзбен айтып жеткізе алмайтын керемет сезімде болдым. Әкемнің атындағы көше мен ескерткішін көргенде де қуанышымда шек болмады. Соның бәріне ұйытқы болған азаматтарға көп рахмет айтамын. 18 жыл болды… Бірақ әкем біздің жүрегімізде бір сәтке де ұмытылмады. Қазақстанда да ұмытылмаған екен. Мектебін, көшесі мен ескерткішін көргенде, соған көзім жетті. Қазақстан егемендік алған жылдары әкем еліне рухани күш берген адамдардың бірі. Біз де әкемнің жолын, арман-мақсатын жалғастыруға тырысамыз.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
–Сізге де көп рахмет! Бұйыртса, 2014 жылы әкемнің 60 жылдығында Қазақстанда кездесерміз.

Текті адамның ұрпағының да текті болатындығы заңдылық емес пе? Мұстафадай ғасырда бір туатын атпал азаматтың қызы Неслиханның «елім, жерім» деп тұрғандығына сұхбат барысында көз жеткіздік. Германияда туып өскен оның шет жерде жүрсе де ана тілін ұмытпай, қазақ тілінде сөйлеуге тырысуы жанымызды жадыратты. Әрі бұл – өз елінде жүріп, туған тілін білмейтін дүбәраларға үлгі боларлық жағдай. Өмір бойы тарихи Отанын аңсап, ақыры оған табан тіреген Мұстафадай азаматтың ұрпағының Қазақстанда емес, өзге елде тіршілік етіп жатқандығы ойландырады-ақ. Қазақ еліне таэквондо спортының сара жолын салып кеткен, елін сүйген, елі сүйген азаматқа деген құрметтің өз елінде әлі де өз дәрежесінде жасалынбай жатқандығы өзекті өрттейді. Алматыдағы өзінің ғұмыры секілді көшесінің де қысқалығы, оның елдегі жалғыз ескерткішінің күтімсіздігі де қынжылтпай қоймайды. Осы жағдайға байланысты Мұстафаның досы Серік Әбдірахманов бауырымыздың 60 жылдығына орай жаңа ескерткіш салу жөнінде үкіметке ұсыныс білдіруді өз мойнына алғандай болды. Қазақ халқы үшін ұятты болып тұрған іс мемлекет тарапынан қолға алынып, Мұстафаның 60 жылдық мерейтойында тиісті деңгейде құрмет көрсетіліп, азаматтың атына сай ескерткіш орнатылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Мұстафа нағыз батыр. Сондықтан Алты Алаштың рухын көтерген, қазақтың айбынына баланған айбоз ұлы – Мұстафаға «Халық қаһарманы» атағын берсе де артық болмас еді.

Арна ЖҰМАТАЙ

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552