Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3880 0 пікір 29 Қаңтар, 2014 сағат 05:54

Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ. ӘН ӘЛЕМІНДЕГІ ӘНЕЛ

1-сурет. Елбасының кішкентай Әнелмен сөйлескен сәті. Қостанай, 2006 жыл.

2-сурет. П.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінің студенті Әнел Қаршығаева. 2014 жыл.

 

Елбасымен тілдескен ерке қыз

1-сурет. Елбасының кішкентай Әнелмен сөйлескен сәті. Қостанай, 2006 жыл.

2-сурет. П.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінің студенті Әнел Қаршығаева. 2014 жыл.

 

Елбасымен тілдескен ерке қыз

Әнел былдырлап тілі шыққан кезден ыңылдап ән айта бастады. Мұнысын көргендер «Болашақта әнші болады-ау...» дейтін. Қыздарының ыңғайын байқаған ата-анасы Еркін мен Айсұлу да 2005 жылы қаладағы М.Хакімжанова атындағы №20 гимназияның 1-сыныбына барған Әнелді музыкалық сауатын ашсын деп, №1 Қостанай қалалық музыка мектебінің скрипка сыныбына берді. Сонымен қатар, ол шағын байқауларға қатысып, ән айтып жүрді. «Балалық әуестікпен кім ән айтпайды?!» Жұрт солай ойлағанмен, талантты жазбай танитын кәнігі мамандар Қостанайдың қасиетті топырағынан тағы бір талапты жастың шыққанын сол кезде-ақ байқаса керек.
Әнелдің ата-анасына 2006 жылғы күзде «Алтын микрофон» конкурсының продюсері Вячеслав Авдеев телефондап, қыздарын жас дарындар байқауына қатысуға шақырады. Ең бастысы, жаңадан ашылатын Достық үйінде өтетін шараны Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі тамашалайды екен. Мұны естіген анасы Айсұлу байыз таппай, музыка мамандарымен кеңесіп, ән таңдау, студияда өңдеу сияқты шаруаларға кірісті.
Көптен күткен 7 қыркүйек те келді. Құлқын сәріден Достық үйіне жиналған түрлі этнос өкілдері құйтақандай өнерпаздарын өбектеп-ақ жатыр. Протокол мен әкімдік қызметкерлерінде де тыным жоқ. Балалардың қатысуымен өтетін шаралар протоколдың аясынан шығып кете беретінін білетін олар оқушыларға қайта-қайта түсіндіріп әуре. «Қимылдама, сөйлеме, жылама, қозғалма» деген бұйрықтарды үдеткені сонша, кей балақайлардың томсырайып қалғаны байқалды. Дегенмен, Президент залға кіріп келгенде барлығы жадырай күлімдеп, жамырай сәлемдесті. Тумысынан балажан кісі ғой, әртүрлі этностың ұлттық киімін киіп, татулық пен бірліктің белгісі танытқан бүлдіршіндерді көргенде Елбасы риясыз жымиып келіп, ою-өрнекпен көмкерілген қазақы көйлегі жарасып тұрған Әнелдің жанына жайғасты.
– Өнерлі балаларымыз Нұрсұлтан Әбішұлының алдында кезек-кезек ән салып, залда керемет ахуал орнады – дейді шара ұйымдастырушысы В.Авдеев. – Әрине, көзіміз сахна жақта болғанымен, назарымыз Президентте. Бір кезде жан-жағына сүйсіне көз салған жоғары мәртебелі қонақ тура қасындағы қазақша киімді ұлдан әлдене сұрап жатқанын байқадық. Шамасы, сауалына жауап ала алмаса керек, оған қарай бірнеше рет еңкейді. Жауап жоқ. Іштей дегбіріміз кете бастады. Енді қайттік дей бергенде, күтпеген қиындықтан бәрімізді Әнел құтқарды. Кейін білгеніміз,  Президент жанында отырған Жақан Жақсылықовтан атын сұрапты. Ал ол сұрақты естісе де, үлкендер тарапынан «тыныш отыру» жайында үсті-үстіне ескерту жасалғандықтан, үнсіз қалған. Мұның бәрін сырттай бақылап тұрған пысық та сүйкімді Әнел шыдай алмай, бар даусымен «Жақан, атыңды сұрап жатыр ғой, айтсаңшы» деп айқай салады. Тура сол сәтте музыка кілт тоқтағандықтан, қыздың дауысы бүкіл залды жаңғыртып, Нұрсұлтан Әбішұлының өзі де бізбен қосылып, рахаттана күлді. Әнелдің батылдық танытқанына ұйымдастырушылар да риза болды.

Жүлде жауған жыл

«Нұрсұлтан атамен сөйлескім келген. Бірақ ол кісі маған емес, ар жағындағы Жақанға бұрылып, сұрақтар қойып жатты. Ол жауап бермей қойған соң орнымнан тұрдым да, Елбасының жанынан мойнымды созып, «Атыңды сұрап жатыр ғой, айт» деп бұйырыппын. Осы әрекетіме риза болған Нұрсұлтан Әбішұлы енді назарын маған аударды. Қайда оқитынымды, қандай өлең айтатынымды сұрады. Нақпа-нақ жауаптарыма күліп, өмірлі, өнерлі болып, сабақты жақсы оқуыма тілектестігін білдірді» – дейді жиналған дүйім жұртты ыңғайсыз жайттан құтқарып, жадыратып жіберген Еркіннің ерке қызы Әнел Қаршығаева.
Кішкентай қыздарының Елбасымен есте қаларлық қызықты жүздесуі Қаршығаевтар отбасына ерекше дем берді. Әнге құмарлығын баланың әуестігіне балап келген Еркін мен Айсұлу 7 қыркүйектен соң Әнелдің өнерін шындап баптауға бел байлады. Музыка мектебіндегі Түлкібек Рысмағамбетов бастаған мұғалімдері де балғын қыздың келешегіне үмітпен қарап, дайындығын күшейтті. Еткен еңбек, төгілген тер текке кеткен жоқ. Әнел Қаршығаева өнер жолындағы алғашқы биіктерін бағындыра бастады. Ол алдымен 2008 жылы халықаралық деңгейге көтерілген Қостанайдағы «Алтын микрофон» байқауына қатысты. Бұл кезде жасы 10-ға толған жеткіншек белгілі композитор Бейбіт Оралұлының «Толғау» атты әнін мәнеріне келтіре шырқайтын. Сонымен бірге ресейлік поп-жұлдыз Пугачеваның «Арлекиносын» да өзіне ғана тән нақышпен әндеткенде тыңдармандар бұл ән біздің кейіпкерге арнап жазылғандай әсерде қалатын. Қазақстаннан бөлек, көрші елдердің кішкентай жұлдыздары қатысқан екікүндік байқау соңында қазылар алқасы бірауыздан бас жүлде – Гран-приге Әнел Қаршығаеваны лайық деп тапты. Міне, өнердегі тұсауы «алтынмен» кесілген Әнелдің осыдан соң жұлдызы жарқырай түсті. Арадағы шамалы уақыттан кейін талантты қызға «Сиқырлы микрофон» бүкілресейлік эстрада әндері конкурсына шақырту келді. Алғашқы жеңісінен арқаланған Әнел сөзге келместен Сатка қаласындағы сайысқа барып, лауреат атанды. Іле-шала Алматыда балалардың дәстүрлі «Бозторғай» халықаралық вокалдық шығармашылық байқауында бақ сынап, тағы да бас жүлдені талассыз алды. Араға ай салып, «Шаттық» және «Айгөлек» байқауларында да жүлделі орындар иеленді.

Пугачевадан кейін, Хьюстоннан бұрын...

Аймақтық, республикалық бірқатар бәсекеден озып шығып, Қостанайдың атын аспандатқан Әнел Қаршығаеваға сол жылы «Астананың құрдасы» номинациясы бойынша жүлде тапсырылды. Расында да 1998 жылдың 25 маусымында туған Әнел – елорданың төл құрдасы. Айтулы мерейтой күні оны аймақ атынан бас қалада өнер көрсету үшін сол кездегі облыс әкімі Сергей Кулагиннің өзі жетектеп әкелді. Біздің кейіпкерімізге осылайша Елбасымен екінші рет кездесудің сәті түсті.
Қостанайлықтардың Астанаға тартуы – жаңа гүлзар тұсына Мемлекет басшысы мінген кортеж тоқтады. Нұрсұлтан Назарбаевтың алдынан әкім Кулагинмен бірге Әнел де шықты. «Нұрсұлтан ата, мен сізге ән айтып берейінші» деп тақылдай тіл қатқан ол өзінің «визит карточкасына» айналған атақты «Толғауды» Елбасының алдында нақышына келтіріп айтып шықты.
Алайда, Әнел үшін күтпеген тосын сый 6 шілде күні кешкісін мерекелік концертте болды. Әлемнің ең атақты жұлдыздары жиналған онжылдық мерейтой сахнасына атақты А.Пугачевадан  кейінгі кезек Әнел Қаршығаеваға тиеді деп кім ойлаған? Бірақ кішкентай әнші саспады. Елбасының сөзіне жазылған «Туған жер» әнін әуелете салғанда, халықтың жылы қабылдағаны дүркірете соққан шапалақтан білінді. Сахнаға өзінен кейін аты аңызға айналған Уитни Хьюстонның шығуы да Әнелдің бағын асыра түскендей болды. Осылай өрімдей жас талант әлемді аузына қаратқан поп-жұлдыздармен бір сахнада өнер көрсетті. Тағдырына тартылған осы керемет сый тікелей Елбасымен, ол салдырған әсем Астанамен және Нұрсұлтан Әбішұлының сөзіне жазылған «Туған жер» әнімен байланысты екенін сол жолы алғаш іштей түйсінді.

«Базарға» барып, бақ сынап...

Небәрі бір жыл ішінде жеткен жеңістері қаршадай қыз Әнел Қаршығаеваның атын аспандатып-ақ жіберді. Сосын жан-жақтан шақыртулар легі қаптады. 2009 жылы Рудныйдағы «Көктем әуені» аймақтық бәсекесіне скрипкамен шығып, 1-орынды иеленген ол бұрынырақ шақырту түскен «Славян базары» байқауына дайындала бастады. Иә, кәдімгі атағы жер жарған «Славянский базар». Оның үлкендерге арналған ән додасымен бірге жасөспірімдер арасындағы аса таланттыларды анықтауға арналған жобасы да қатар жүреді екен. Алыс-жақын елдегі бірқатар бәсекелерде бәсі жоғары болып, өзіне сенімі артқан Әнел тәуекел етіп, топ жетекшісі Танзила Бикчентаевамен бірге Белорусьтің Витебск қаласындағы әйгілі «базардан» бір-ақ шықты.
Бірінен бірі өткен талантты жеткіншектер неше түрлі өнерлерін көрсетіп, «Славян базарындағы» думанды қыздырып тұр. Әнел Қаршығаева кезегі келгенде «Толғауды», сосын сүйемелдеуші клоундар тобымен шығып «Арлекиноны» шабыттана шырқағанда, шапалақ ұрмаған жан қалмады. «Әнел өзінің табиғи тамаша дауысымен, керемет костюмімен халықты да, қазыларды да таң-тамаша қалдырды. Орындау шеберлігі де мінсіз болғандықтан, сөзсіз Гран-приге таласты. Алайда, шыны керек, еуропалық қазылар қазақша айтылған «Толғауды» бар болмыс-бояуымен толық түсініп қабылдай алмады. Тек «Арлекиноны» тыңдағанда, сахнада Пугачеваның өзі жүргендей-ақ еріксіз таңдай қақты. Сөйтіп кезек жүлде бөлісіне жеткенде ары-бері тартысқан қазылар біздің Әнелге 3-орынды берді. Әрине, мұның өзі бұрын-соңды «Славян базарында» бағы жанбаған біздер үшін үлкен олжа», – деп еске алады сол шақты қазақстандық продюсер Вячеслав Авдеев.
Атақты «базардан» мерейлі оралған Әнел ел ішіндегі байқауларға да қатысып тұрды. «Қызылордадағы «Ботақан» халықаралық байқауында бақ сынап, 1-орынды жеңіп алғанымды айтпасам болмайды. Себебі, әкемнің туған жері – қасиетті Сыр өлкесі. Сондықтан менің сыртымнан қаншама ағайын-туыстың тілектес екенін үнемі еститінмін. Олардың алдына келіп ән салып, өнерімді көрсетудің өзі маған жүлде алғаннан да артық бақыт сыйлайтынына осы жолы көзім жетті. Өмірімде көрмеген туыстардың қаумалай қоршап, шынайы қуанғаны елжіретіп жібереді екен» – дейді, қазақы қалпын, ұлттық болмысын жоғалтпаған қайсар қыз.

Талап пен талпыныс

Өткен жылы Қостанайдағы дарынды балаларға арнаған мектепті, 8 жыл оқыған №1 музыка мектебін үздік бітірген Әнел ата-анасымен ақылдаса келіп, П.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжіне түсуді ұйғарады. Алайда мұнда скрипка бөліміне небәрі екі-ақ грант бөлінген екен. Не істеу керек? Тегін оқуға мүмкіндік беретін басқа саланы таңдаған жөн бе, әлде тәуекел етіп, тас жұту қажет пе? Жаратылысынан тәуекелшіл ол көп ойланбастан осы оқу орнына құжат тапсырды.
– Қаншама замандасымның арманына айналған екі гранттың біреуі маған бұйырды. Әрине, әке-шешем керемет қуанды. Өйткені, 80 жылдық тарихы бар Чайковский колледжінің қабырғасынан қазақтың талай танымал тұлғалары шықты емес пе?! Мен де ұлт мәдениеті мен өнерінің даңқын аспандатқым келеді. Осы мақсатты өзіме де білдірмей санама сіңірген Елбасымен өткен екі жүздесу болды деп ойлаймын. Сонау балғын балалық шақтағы кездесуде Нұрсұлтан Әбішұлымен сөйлесіп, тілегін тыңдап, суретке түспегенде, өнердің өріне дәл бұлай құлаш ұрмас па едім?  Өйткені, мен әлгі суретке қарап өстім. Ал он жасымда Елбасымен тағы жүздесудің сәті түсіп, алдында ән салғаннан кейін өнердің шырқау биігіне жеткенше тоқтамауға бел будым, – дейді Әнел.
Он алтыға толатын сүйкімді қыз енді «Жаңа толқын» байқауына қатысуды жоспарлап жүр. Сынға түссе, суырылып шығатын дарынды қыз әлі талай биіктерден көрініп, қазақтың маңдайы жарқыраған өнер майталманының біріне айналады деп үміттенеміз.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5560