Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Саңлақ 2097 1 пікір 7 Тамыз, 2024 сағат 13:20

Олимпиададағы теракт: қалай болып еді?

Коллаж: Abai.kz / Википедия

Осыдан 52 жыл бұрын Мюнхенде өткен Жазғы Ойындарда лаңкестер спортшыларды кәдімгі Олимпиялық қалашықтың өзінен қолға түсіріп, алып кеткен. Израильдік 11 атлеттің бірде-бірі тірі қалмаған.

«Бақыт пен қуаныш Ойындары»

1972 жыл. Мюнхен Олимпиадасының екінші аптасы өтіп жатқан еді. Екінші дүниежүзілік соғыстың біткеніне 27 жыл болған, алайда сол кезде күллі әлемнің алдында абыройы айрандай төгілген Германия өзінің нацистік ұстанымнан әлдеқашан бас тартқанын, бүгінде бейбіт те меймандос ел екенін жария ете түсуге әлі де құштар болатын. Олимпиаданың ұранын да «Бақыт пен қуаныш Ойындары» деп атаған немістер өз елінің кім-кім үшін де ашық, бәрімен де ынтымақтас, доспейіл мемлекет екенін дәлелдеуді мақсат тұтты.

Ұйымдастырушылардың бұл ниетіне спорт мерекесіне бүкіл көршілерімен – жалпы тұтас араб әлемімен дерлік жанжалдасып біткен Израильдің де қатысуы сайма-сай келе кетті. Израиль делегациясының құрамында кезінде фашистік концлагерьлерде азап шеккен тұтқындар да бар болатын (бапкерлер, администраторлар, т.б.). Ол уақытта «Спорт – саясаттан алшақ» деген үндеуге көпшілік әлі де сенетін еді, сондықтан милитаристік пиғылдан түбегейлі арылып, алаңсыз да бақытты тұрмысқа ұмтылған неміс халқының жаймашуақ көңіл-күйі спорт мерекесінің бейбітсүйгіш рухымен керемет үйлесім тауып жатты.

Сурет: Википедиядан алынды

Израиль делегациясы небәрі 30-ақ адамнан тұратын, оның жартысы ғана – спортшылар, қалғаны – бапкерлер, төрешілер, спорт шенеуніктері еді. Кісі саны аз болғандықтан, ұйымдастырушылар оларды жаңадан салынған Олимпиялық қалашықтың (әр Олимпиада кезінде оған қатысушы атлеттер жатып-тұратын уақытша мекенді жұрт үнемі осылай атайды) бас қақпасынан аса қашық емес шағындау корпустың бірінші қабатына орналастырды.

Олимпиада басталмай тұрып-ақ израильдіктер қауіпсіздік мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Делегация басшысы Шмуэль Лалкин әсіресе өздері жайғасқан орынның бас қақпаға тым жақын екенін, корпус алдында қарулы күзеттің жоқтығын, Олимпиялық қалашыққа кіргізіп-шығарар пункттегі тәртіптің осалдығын айтып, дабыл қаққан екен. Алайда ұйымдастырушылар бұл спорт мерекесінің ұраны – бақыт пен қуаныш екенін, қарулы полицияның ол философияға еш үйлеспейтінін, бұған дейін Германия жеріндегі ірі жарыстардың ешбірінде оқыс оқиға болмағанын, қысқасы, соншалықты қорқа қоятындай қауіп-қатердің жоқтығын айтып, сабырға шақырған.

Поштамен жіберілген қару-жарақ

Өткен ғасырдың 70-жылдарының басында Палестина арабтарының радикал тобы «Қара қыркүйек ұйымы» (арабша – «Мүнәззамат айлүл әл-әсуад») атты террорлық ұйым құрған болатын. Оның бас идеологы – болашақта Палестинаны азат ету қозғалысының көшбасшысына айналатын Ясир Арафаттың сенімді серігі Әли Хасан Саламе еді. Ұйымның бұлай аталу себебі – 1970 жылдың 16-27 қыркүйегі аралығында болған қарулы қақтығысқа байланысты. Израиль Иордан өзенінің батыс жағалауынан түре қуып шыққан палестиналық арабтар Иордания жерінен пана тапқандай болған-ды. Алайда Палестинаны азат ету ұйымының мүшелері «Иордания мемлекеті өз қандастарын – палестиналық арабтарды жаудың (Израильдің) аяусыз соққысынан арашалай алмады» деп ашуланып, иордан халқын өз короліне қарсы көтеріліске үндеді. Бұрын да король Хусейнге наразы болып жүретін жергілікті халықтың бір тобы бұл үндеуді қуана құптап, қолына қару алды. 11 күнге созылған шайқаста шамамен он мыңдай араб (көбі – палестиналық) қаза тауып, 150 мыңдай босқын көрші Ливанға ауды.

Сурет: Википедиядан алынды

Осы оқиғаға орай өздерін «Қара қыркүйек ұйымы» деп атаған террорлық топ Израильден кек алудың қолайлы сәтін күтті. Мюнхен Олимпиадасы қарсаңында ұйым мүшелері жалған құжаттар жасатып, бір тобы Италия арқылы, екінші бөлігі Австрия арқылы Германия шекарасынан өтті. Ал қажетті қару-жарақ пен оқ-дәріні (8 Калашников автоматы, олардың оққа лық толы 30 оқшантай-«магазині», бірнеше ТТ тапаншасы және 24 қол гранатасы) олар Мюнхенге Ливия елшілігінің дипломатиялық поштасы арқылы жеткізіпті.

Қару-жарақты поштамен жібергені несі? Қалайша?

Былай екен. 1961 жылы қабылданған «Дипломатиялық қатынастар туралы» Вена конвенциясына сәйкес, дипломатиялық поштамен жіберілген пакеттер, қаптар, шабадандар, т.б. заттар тек ресми курьер қағазында көрсетілген атаулары арқылы ғана қабыл алынады. Яғни қағаздағы арнайы тізімде «мыналардың ішінде құжат, келісімшарт, киім-кешек, техникалық құрал-жабдық, т.б. елшілік қызметкерлерінің ресми қолданысына қажетті заттар бар» делінсе, қабылдаушы тарап сол тізімді тексеріп қана соңына «қабыл алынды» деп қояды. Сыртында «Expedition officielle» деген ресми белгісі бар әлгі пакет, шабадан, қаптарды ешкімнің де ашып көруіне рұқсат етілмейді. Лаңкестер дипломатиялық поштаның осы бір артықшылығын өз мақсатына тиімді пайдаланған. Демек, Ливия басшылығы (бұл да – араб елі) бұл құпия жоспардан хабардар болған.

Мюнхен Олимпиадасы басталардан үш апта бұрын Германия үкіметіне Ливандағы (Ливия емес) бір тыңшыдан «лаңкестер Ойындар кезінде тосыннан топалаң салмақ» деген хабар келген екен. Бірақ, неге екені белгісіз, ел билігі бұл ақпаратқа сенбеген. Сөйтіп, қапы қалған.

Сурет: Википедиядан алынды

Лаңкестерге... канадалықтар көмектескен

Қыркүйектің 4-інен 5-іне қараған түні «Адидас» спорт формасын киген, иықтарына қару-жарақ толы спорт сөмкесін ілген 8 лаңкес Олимпиялық қалашықтың торкөз дуалының түбіне келеді. Спортшылар өздері тұратын осы мекенге үнемі тексеру пункті бар бас қақпа арқылы кіре бермеген екен, оны кейін көпшілігі мойындаған. Шынында да, сонау жақпен айналып жүрудің қажеті қанша деп, әркім өз корпусының тұсындағы торкөз дуалдан өрмелеп-ақ асып түсе берген.

Тап сол түні лаңкестерге дуал түбінде канадалық ватерполшылар кездесіп қалған. Сол күндері КСРО – Канада хоккейшілерінің бірнеше матчтан тұратын суперсериясы өтіп жатқан еді (Олимпиадаға қатысы жоқ). Әлгі канадалықтар сол серияның кезекті ойынын медиаорталықтағы теледидардан тамашалап, өз хоккейшілерінің 4:1 есебімен жеңгеніне қуанып, енді бапкерлеріне көрінбей жатар орындарына жетіп алуға асығып келеді екен. Олар лаңкестерді де өздері секілді олимпияшылар деп ойлап (кигендері де, иығына асынғандары да – спорттық киім, спорттық сөмке), дуалдан асып түсуге біріне бірі көмектесіп, Олимпиялық қалашық ішіне кірген соң, әрқайсысы өз корпустарына қарай кете барған. Бұл кезде таңғы сағат 04.20 еді.

«Апыр-ай, олар бізбен бірге кіріпті-ау. Біз оларды басқа бір елдің спортшылары екен деп ойладық. Олимпиялық қалашық деген ығы-жығы мекен ғой, не көп – ел көп, не көп – спортшы көп. Он минуттан соң тарс-тарс атылған қару дыбысына ұқсас дауыстар естідік. Сонда да қауіп ойламаппыз – әлдекімдер өз чемпиондығын атап өтіп, отшашу атып жатыр екен деппіз» деп еске алады кейін су добынан Канада құрамасының ойыншысы Роберт Томпсон.

Лаңкестердің көрші корпустағы Израиль спортшыларын кепілдікке алғанын олар ертеңіне бір-ақ естіпті.

Түнгі шабуыл

Израиль спортшылары бұл кезде шырт ұйқыда жатыр еді. Олар әлгінде «Шатырдағы скрипкашы» атты спектакльді көріп, сосын сол қойылымда ойнаған белгілі актермен кешкі ас ішіп, соңыра түнгі Мюнхен көшелерінің көрінісін тамашалап кеп, төсекке қисайған-ды. Олар №31-корпустың бірінші қабатының бес бөлмесіне жайғасқан болатын. Алайда Израиль олимпияшыларының бәрі бірдей бұл жерде жатпайтын. Жеңіл атлет Эстер Шахамаров пен жүзгіш Шломит Нир Олимпиялық қалашықтың басқа шетіндегі корпуста, ал үш яхташы желкенді жарыстар өткізілетін Киль қалашығында еді.

Сурет: Википедиядан алынды

Лаңкестер Олимпиялық қалашықты беске біледі екен. Өйткені бірнеше апта бойы жақсылап бақылап, зерттепті, ал екі лаңкес тіпті сонда қара жұмысшы боп кіріп те алған екен! Дуал мен корпус арасындағы 70 метр қашықтықты көзге түспей лезде жүгіріп өткен олар израильдіктер жатқан үйге жетіп, бапкерлер мен төрешілер жатқан 1-бөлменің есігін өз кілттерімен ашуға кірісіпті («қара жұмысшының» бірі сол күні осы ғимаратты жинастырған екен, кілт көшірмесін жасатып үлгеріпті).

Кілт сұғатын тесіктің тысырынан балуандар бапкері Йосеф Гутфройнд оянып кетіп, дереу сәл ашыла бастаған есікке ұмтылған. Салмағы ауыр, денесі зор ол беттеріне қара маска киген қарулы топты ішке кіргізбей, есікті толық ашқызбай, едәуір қарсыласқан. Олардың ышқынған даусынан оянған ауыр атлетика бапкері Тувья Соколовский атып тұрып терезені баспен соға қиратып, қаша жөнелген. Бөлмедегі қалған алты адам тұтқынға түскен.

«Мені оятқан Гутфройндтың айғайы болды. Төсектен атып тұрдым, қарасам, енді сәл кешіксем мұздай қаруланған қорқынышты топ бөлмеге басып кіргелі тұр екен. Сол секундта-ақ сездім: қашпасам – құримын! Терезені сындырдым да, секіріп түсіп (бірінші қабат қой), көрші корпусқа қарай бездім. Лаңкестер соңымнан оқ жаудырды, кейбірі тура құлағымның түбінен ысылдап өтіп жатты. Әйтеуір аман құтылдым» деп еске алыпты Соколовский кейін.

1-бөлмені басып алған лаңкестер енді қолға түскендерден басқа израильдіктер жатқан бөлмелерді көрсетуін талап етеді. Бастапқы қарбалас сәтте-ақ шекесі жарылып, жараланып қалған күрес жаттықтырушысы Моше Вайнберг оларды семсерлесушілер, желаяқтар және атқыштар жатқан 2-бөлменің жанынан ертіп өтіп, алты бірдей алып балуан атлет жайғасқан 3-бөлмеге алып барады – шамасы, солардың күші мен қарсылығынан үміттенсе керек. Алайда шырт ұйқыда жатқан олар да еш қарсыласа алмай қалады.

Сөйтіп, кепілге алынғандар саны 12-ге жетеді. Лаңкестер бұлармен әуре боп жатқанда, өзге израильдіктер басқа корпустарға қашып үлгереді.

Моше Вайнберг пен ауыр атлет Йосеф Романо террорлық акттың алғашқы құрбаны болды. 1-бөлмеге қайтып келе жатқанда ол екеуі лаңкестерге бас салған. Осы сәтті тиімді пайдаланған ең жеңіл салмақтағы балуан Гади Цобари жертөлеге зып беріп, ғимарат астындағы көлік қоятын автотұрақ арқылы қашып шыққан. Ызаланған лаңкестер Вайнбергті табан астында атып өлтіреді де, Романоны ауыр жаралап, оны (өзге тұтқындарды үнемі үрейде ұстау үшін) әлсін-әлі азаптап отырады.

Терроршы топтың талабы мынадай екен: Израиль мен Батыс Еуропа түрмелерінде жатқан екі жүзден астам палестиналықты босатып, Египет аумағына жеткізу. Израиль бұған үзілді-кесілді қарсы шықты. «Лаңкестермен келіссөз жүргізілмейді» десті олар. Израиль билігі кепілге алынған спортшыларды құтқару операциясын осындай қысылтаяң жағдайлар үшін арнайы әзірленген өз сарбаздарының көмегімен жүргізуді ұсынды. Арнайы дайындықтан өткен сақа сарбаздар Тель-Авивтен Мюнхенге ұшуға әзір еді, бірақ Германия бас тартты: өзге мемлекеттің әскері бұл ел территориясында ешқандай әрекет жасауға хақылы емес екен.

«Көріп тұрып, көрмеген болдық»

Бұл кезде Олимпиада тоқтаған жоқ еді, сайыстар мен ойындар өте берді. Тек 5 қыркүйек күні жергілікті уақыт бойынша сағат 16 шамасында лаңкестер тағы екі тұтқынды атып өлтірген соң ғана ұйымдастырушылар жарыс барысын тоқтата тұруға мәжбүр болды. Бірақ Олимпиялық қалашықта тіршілік қайнап жатты – басқа корпустағы спортшылар өз балкондарынан лаңкестер басып алған ғимараттағы ахуалды бақылаумен болды, ресми адамдар мен келіссөз жүргізушілер ары-бері шапқылап жүрді, журналистер тыным таппай, аудио-видео-репортаждар жасап, әркім өз елінің газеттеріне шұғыл ақпарат жолдап, телетайп, телефакс, телефон құлағына жармасып жатты.

«Біз тап жанымызда нендей сұмдық болып жатқанын көре тұрып, көрсете алмадық, – деп еске алған екен кезінде баскетболдан КСРО құрамасы сапында әлем чемпионы болған, кейін жанына микрофонды серік еткен белгілі спорт комментаторы Нина Еремина. – Барлық журналистер Олимпиялық қалашықтан тікелей эфирде хабар таратып жатты. Ал біз камерамызды өшіріп қойып, өтірік түсірген болдық. Өйткені мұндай ақпаратты КСРО телевидениесі ешқашан көрсетпейтін. Түсіруге тыйым салатын. Амал жоқ, үнсіз қалдық. Бірақ қалашықтағы ахуал өте қорқынышты еді. Қару асынған лаңкестердің балконда ары-бері теңселіп жүргені, терезеден сыртқа, біз жаққа тесіле қарағаны зәре-құтыңды алады. «Бүйткен Олимпиадасы құрысын» деп, қашан елге қайтқанша асықтым».

Құтқару амалы неге жүзеге аспады?

5 қыркүйек күні кешке таман лаңкестер жаңа талап қойды: Германия өкіметі бұларға тез арада дайын экипажы бар арнайы ұшақ беруі қажет, ол ұшақ лаңкестер мен олар кепілге алған тұтқындарды Каирге апаруға тиіс. Олимпиялық қалашықтан бұларды әуежайға екі тікұшақ жеткізуі керек, ал ғимараттан қонып тұрған тікұшаққа дейін екі автобуспен жетіп алуы керек.

Билік лаңкестердің талабын орындауға мәжбүр болды.

«Біз терезеден қарап тұрдық: алдымен екі автобус келді. Біріншісінен көздері таңылған, қолдары артқа қайыра байланған төрт спортшыны алып шықты да, бірінші тікұшаққа отырғызды. Сосын тағы бес тұтқынды екінші автобустан түсіріп, екінші тікұшаққа мінгізді. Бұл – біздің оларды соңғы рет көруіміз екен» деп еске алады сол кезде небәрі 19 жаста болған, басқа корпуста жатқан израильдік жүзгіш қыз Шломит Нир (былтыр 70 жасқа толыпты).

Фюрстенфельдбрук аэродромында лаңкестерді «Боинг-707» ұшағы күтіп тұрды. Ұшақтың «экипажы» – ұшқыштардың киімін киген неміс полициясы қызметкерлері еді. Жоспар бойынша олар бортты бір тексеріп шығу үшін ұшаққа кірген екі лаңкесті жайратуға тиіс-тін, ал сырттағы содырларды арнаулы орындарға жайғасқан мергендер көздеп отырған-ды. Кепілге алынған спортшыларды құтқару операциясына Бавария өлкесінің ішкі істер министрі Бруно Мерк, Германия Федеративтік Республикасы ішкі істер министрі Ганс-Дитрих Геншер және Мюнхен полициясының шефі Манфред Шрайбер жетекшілік етті.

Өкінішке қарай, операция ойдағыдай өтпеді. Басты себеп – ол әу баста мұқият ойластырылмаған еді, екіншіден, орындаушылардың әрекеті өте олақ та салақ болды;

1) ұшқыш киімін киген полицейлер нағыз әрекет етер шақта лаңкестерден қорқып, «операцияға қатыспаймыз» деп, ұшақтан түсіп, қашып кетті;

2) лаңкестердің саны төрт-бесеу деп шамаланған еді, шын мәнінде олар сегіз болып шықты;

3) жолдағы көлік кептелісінің кесірінен бронетранспортерлар әуежайға белгіленген мерзімнен сәл кешігіп жетті;

4) аэродромдағы ұшу алаңында жарық жеткіліксіз болды;

5) бес мергеннің (шын мәнінде бұлар әр демалыс сайын тир атып жүрген полицейлер екен) қаруы – оптикалық көздеуіші өте қарапайым винтовкалар қараңғы түсе бастаған уақытта, оның үстіне жарығы аз жерде аса тиімді бола қойған жоқ;

6) мергендер мен операция жетекшілерінің арасында тұрақты байланыс болмады;

7) соның кесірінен лаңкестерге оқ жаудыру келісілген уақыттан ерте және бейберекет басталды...

Бос қалған ұшақтан шығып келе жатқан лаңкестерге атылған алғашқы оқтан соң лезде ретсіз атыс басталып кетті, бірден гранаталар жарылып, тікұшақта қол-аяғы байлаулы отырған (кепілге алынған) тоғыз спортшы және бір полицей қаза болды. Сегіз лаңкестің бесеуі сол жерде жер жастанып, үшеуі қолға түсті.

Сурет: Википедиядан алынды

Жиырма жылға созылған кек

Өлген бес лаңкестің денесін Германия Муамар Каддафи қайта-қайта талап етіп, сұрап қоймаған соң Ливияға жөнелтіпті. Оларды 30 мың адамның қатысуымен қаралы жиын жасап қарсы алып, қас батырларша жерлепті. Тірі қалған үш лаңкесті Израиль қанша сұратса да, немістер бермей, «өз заңымызбен соттаймыз» депті. Алайда, арада екі ай өткенде, Lufthansa неміс әуе компаниясының Бейрут – Анкара рейсі бойынша ұшқан ұшағын кепілге алған терроршылардың талабына («түрмедегі үш лаңкесті босатыңдар, әйтпесе ұшақты жарамыз» деген) сәйкес босатуға мәжбүр болыпты. Бостандыққа шыққан үш лаңкесті де Ливия қуана қарсы алып, паналатыпты.

Израильдің сол кездегі әйел премьер-министрі Голда Меир «Моссадқа» («ерекше мақсаттарды орындау мекемесі», жалпақ тілмен айтқанда, аталған елдің барлау басқармасы) «Жаратқанның жазасы» атты құпия операцияны жоспарлауды тапсырады. Мұндағы мақсат – Мюнхендегі терактқа титтей де қатысы бар ұйымдардың жазасын беру, кек қайтару.

Бұл операция жиырма жылға созылды. Нәтижесінде терактты өз мойнына алған «Қара қыркүйек ұйымының» 13 содыры әлемнің әр түкпірінде – Римде, Парижде, Афинада, Лиллехаммерде өлім құшумен болды.

Әлгі бостандыққа шыққан үш лаңкестің бірі – Жамал әл-Гаши ғана қазір тірі екен. Жасы 71-ге келіпті. Бірақ оның қайда тұратынын ешкім білмейді. Әйтеуір Солтүстік Африканың бір елінде жүр деседі. Алжирде ме, Ливияда ма, Тунисте ме? Беймәлім. Сосын соңына түсуді «Моссадтың» өзі де қойса керек.

«Мюнхенде жасаған тірлігіме титтей де өкінбеймін, – депті әл-Гаши Ливияға аман-есен оралған күні-ақ. – Бұған дейін Палестина проблемасына әлем еш мән бермейтін. Ал енді біздің азаттық үшін күресімізден бүкіл жаһан хабардар болды»...

1972 жылдың 6 қыркүйегі күні (яғни теракттың ертеңіне) Мюнхендегі Олимпиялық стадионда қаралы рәсім өтті. Трибунадан 80 мың адам тік тұрып тамашалаған бұл рәсімге 3 мың спортшы қатысты. Тек он араб елі мен КСРО ғана қатыспады (Кеңес Одағы ол кезде Израиль мемлекеттігін мойындамайтын еді).

* * *

Былтырғы қазан айынан бері Израиль мен Палестина арасы тіптен ушығып кетті. Лаңкестер Париж Олимпиадасында да қарап қалмайды дескендер де аз емес-ті. Тап қазір Франция астанасындағы спортшылардың қауіпсіздік мәселесі қалай болып жатыр? Бұл жайында келесі жолы әңгімелейміз.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2070