Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Саңлақ 2298 0 пікір 8 Тамыз, 2024 сағат 14:15

Париж-2024: Жүлдеден қаққан жүз грамм

Фото: Dan Mullan / Staff / Getty Images

Жазғы Олимпиялық ойындар да жабылуға жақын. Спорт түрлерінің кейбірінен жарыстар толық аяқталды, кейбірінің соңғы, шешуші сайыстары өтіп жатыр.

Қазақ боксшылары екі медаль иеленді. Ерлер арасынан Нұрбек Оралбай (80 келі) финалда украин былғары қолғап шебері Олександр Хижняктан төрешілер шешімі бойынша 2:3 есебімен жеңіліп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал қыздар боксында 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Назым Қызайбай жартылай финалда қытайлық Ву Юға есе жіберіп, қола жүлдеге ие болды.

Грек-рим күресінде бірнеше шебер балуанның жауырынын жерге тигізген Демеу Жадыраев (77 келі) шешуші белдесуде жапон спортшысы Нао Кусакадан жеңілді. Сөйтіп, Қазақстан қоржынына тағы бір күміс медаль салды. Ал 87 келі салмақта күрескен Нұрсұлтан Сұлтанов ширек финалда сүрінді.

Спорттық құзға өрмелеу спортынан ел намысын қорғап жатқан Әмір Маймұратов жарыстың алғашқы күнінде-ақ олимпиялық рекорд жасады. «Жылдамдық» бәсекесіндегі оның уақыт көрсеткіші – 4.89 болды. Алайда ертеңіне-ақ бұл рекорд құлады: Ведрик Леонардо (Индонезия) мәреге одан да жылдам (4.79) жетті. Ә.Маймұратов бүгін (8 тамызда) сайыстың ширек финалында бақ сынайды.

* * *

Сырықпен секіруде швед атлеті Арман Дюплантис 6 метр 25 сантиметр биіктікті бағындырып, әлем рекордын жасады. Ол – екі дүркін Олимпиада чемпионы.

Ал қыздар арасында алтын жүлдені украиналық Ярослава Магучих иеленді. Оның көрсеткіші – 2 метр 02 сантиметр.

***

400 метрге жүгіруде америкалық желаяқ Куинси Холл нағыз ерлік жасады. Ол мәреге жүз метр қалғанға дейін төртінші болып келе жатты. Одан британдық Мэттью Хадсон-Смит, замбиялық Музала Самуконга, Джерим Ричардс (Тринидад және Тобаго) секілді желаяқтар озып кеткен еді. Алайда ақырғы межеде барын салған К.Холл желдей есіп, әлгілердің бәрін артта қалдырды. Мәре сызығын ол Хадсон-Смиттен 0.04 секунд бұрын қиып өтіп, алтын медальға ие болды.

* * *

42 жастағы кубалық балуан Михаин Лопес бесінші рет Олимпиада чемпионы атанды. Грек-рим күресінен ең ауыр салмақта (130) сынға түскен ол шешуші белдесуді жеңген соң кілем ортасына шығып, аяқ киімін шешіп, тізерлеп отыра кетті. Оның күрес алаңында соңғы рет тұрғанын, осымен спорттық мансабын аяқтайтынын түсінген зал толы көрермен он минут бойы тоқтаусыз қол соқты.

Михаин Лопес алғаш рет Олимпиадаға сонау 2004 жылы Афинаға барған еді. 22 жастағы балуан ол кезде ширек финалда ресейлік Хасан Бароевтан жеңілген болатын. Есесіне, содан кейінгі бес Олимпиадада қатарынан алтын иеленумен келді: 2008 жылы Бейжіңде, 2012 жылы Лондонда, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода, 2021 жылы Токиода, енді, міне, 2024 жылы Парижде! Спортпен оның нағыз шыңында тұрып қоштасу деген осындай-ақ болар!

* * *

Диск лақтыру спортында екі рет Олимпиада рекорды жаңарды. Әуелі литвалық Миколас Алякна дискті 69 метр 97 сантиметр қашықтықта лақтырып, рекорд жасаған еді (ол – кезінде осы спорт түрінен Сиднейде және Афинада екі рет Олимпиада чемпионы болған Виргилиюс Алякнаның ұлы). Алайда кейін ямайкалық Роже Стона одан үш сантиметр асып түсіп (дәл 70 метр), алтын медаль алды. М.Алякна күмісті қанағат тұтты.

* * *

3 000 метрге кедергілермен жүгірудің финалында үздіктер қатарында алда келе жатқан эфиоп желаяғы Ламеха Гирма мәреге 200 метрдей қалғанда оңбай құлады. Ол кезекті кедергіден секіре бергенде аяқ киімінің ұшы бөгеуілге тиіп, сүрінді. Жерге басымен түскен оның жанына дереу дәрігерлер жетіп барып, алғашқы жәрдем көрсетті. Дегенмен спортшының ахуалы қиын екенін байқаған олар оны лезде ауруханаға алып кетті. Қазір Л.Гирманың жағдайы жаман емес.

Ал бұл сайыста марокколық желаяқ Суфьян әл-Баккали озып шығып, Олимпиада чемпионы атанды.

* * *

Париждегі футбол турнирінде тек жүлделі орындарды бөлісу ғана қалды. Бүгін, яғни 8 тамызда Марокко және Египет футболшылары қола жүлдені сарапқа салса (Астана уақытымен 20.00-де, ертең, 9 тамызда финалда Франция мен Испания (21.00) кездеседі.

* * *

Еркін күрестен қыздар арасында 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалына шыққан үнді балуаны Винеш Пхогат салмағының рұқсат етілген шектен 100 грамм (!) асып кетуінің кесірінен жарыстан шеттетілді. Бұл салмақ дәрежесінде сынға түсу үшін спортшының салмағы 48-52 келі аралығында болуы, артық не кем шықпауы керек еді.

Үндістан құрамасының дәрігері Диншоу Пардивала былай дейді: «Балуан, әдетте, өзінің нақты салмағынан сәл жеңілдеу салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Бұл белдесу барысында спортшыға аздап болсын артықшылық береді. Салмақ қуу процесі қатаң қадағаланады: жеңіл ғана тамақтану, су ішу, жаттығулар жасау, тер шығарудың түрлі тәсілдерін қолдану... Салмақ қуу барысында спортшы ағзасы сәл әлсірейді, күші азаяды, сол себепті біз сайыстан соң энегертикалық қуаты басым тағамдардың көмегімен дене күшін қайта қалпына келтіреміз. Бұл – жылдар бойы бүкіл әлем спортшысы қолданып келе жатқан әдіс.

Финалдан бір күн бұрын Винеш өте ауыр үш белдесу өткізді, сондықтан оның ағзасын қалпына келтіру және дегидрация жасау (денедегі артық сұйықтықты шығару) қажет еді. Кешке, жартылай финалдан соң, өлшенгенімізде, Винештің салмағы рұқсат етілген 52 келіден 2 келі 700 грамм асып тұрды. Біз түні бойы салмақ қуудың бар амалын жасадық: спортшы тамақтанған жоқ, тек су ішті, тер шығарды. Медициналық тұрғыдан біз қолдан келгеннің бәрін жасадық. Тіпті ақырында ол шашын да қысқартты, спорттық комбинезонының да артық тұсын кесті. Әйтеуір миллиграмдап болса да салмағын азайтуға барын салды.

Өкінішке қарай, бұдан еш нәтиже шыққан жоқ. Винештің салмағы 52 келіден бәрібір 100 грамм асып тұрды. Бізде бірер сағат артық уақыт болғанда, ол жүз грамды да бірдеме ғып құртар едік. Бірақ финал уақыты күндіз болды да, үлгермедік. Оны неге қатаң жазаға тартып, жарыстан шығарып тастағанын түсінбедік. Финалға қатыстырмай, қола жүлдемен қалдыруға да болар еді ғой. Өкінішті. Шешім шыққан соң біз инемен егу арқылы Винеш ағзасындағы су балансын қалпына келтіруге кірістік, қан анализін тексердік, қазір жағдайы жақсы...».

Винеш Пхогат жартылай финалда төрт жыл бойы жеңілмек түгілі, ешкімге ұпай да бермей келе жатқан жапондық Юя Сусаканы 3:2 есебімен жеңген болатын. Финалда да үнді қызы австралиялық Сара Энн Хильдебрандтқа лайықты қарсылас бола алар ма еді, кім білсін... Австралия балуаны кеше кубалық Юснейлис Гусман Лопесті аса қиналмай жеңіп, Олимпиада чемпионы атанды.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1979