Споршылардың сөздеріне түсіністікпен қарауымыз керек шығар
“Құдай бұйыртса, Алла нәсіп етсе, Тәңір жазса” бұл кез-келген иманды адамның аузынан шығатын жақсы сөз. Тек мұсылмандар емес, құдайға иманы бар кез-келген адам осылай айтады. Футболда діні әртүрлі ойыншылар да алаңға шығарда, пеналти тепкенде өз сеніміндегі құдайларына сиынып жатқанын байқаймыз. Бұл олардың жеке сенім мәселесі.
Бап пен бақ деген ұғым бар. Олимпиадаға келген әрбір спортшы үлкен жүлдені мақсат етіп келеді. Шетінен халықаралық додаларда топ жарып шыққан сайдың тасындай әбден іріктелген спортшылар. Осал адам ол жаққа жетпейді. Әр қайсысы қолынан келгенше дайындалады. Үлкен сайыста солардың біріне бап жетпесе, енді біріне бақ, яғни сәттілік жетпей қалады. Кейде мықты деген спортшының өзі біліп тұрғанын, жасап жүргенін орындай алмай жаңылысып жатады. Спортшылар Құдай қаласа, дегенде осы бақты, сәттілікті сұрайды.
Жеңіліп қалған спортшының “Құдайдың қалауы солай болды” дегендегісі “сәттілік жетпей қалды” дегені болса керек. Жалпы споршылардың мұндай сөздеріне қатты назар аудармай, түсіністікпен қарауымыз керек шығар.
Ал енді бабы жетпей жатқан жағын әр спортшы, әр жаттықтырушы, сол салаға жауапты әр басшы ойлануы, қатені түзетудің жолдарын қарастыруы парыз. Қатені түзетумен айналыспай бәрін құдайға ысырып қою да мәселенің екінші бір қате жағы. Бұған абай болу керек.
Сосын жүлде алған спортшының жетістігін сол сәттегі өзінің ерекше сезінген Құдайдың көмегімен байланыстыруы да жатырқай қарайтын жат дүние емес. Әрбір адамның өмірінде Құдайдың көмегін ерекше сезінген сәттері бар деп ойлаймын. Талғат Белгендинов атамыз да бір сөзінде арнайы дұға оқып, өте қиын сәттерде неше мәрте ұшағына оқ тимей аман-есен оралғандығын айтқан. Бұл олардың бастан кешіп, сезінген жағдайы. Оны бізге қарағанда өздері жақсырақ біледі.
Сосын мейлі спортшы болсын, басқасы болсын кез-келген адам ойын жеткізгенде сол сәттегі эмоцияның әсерімен кей сөздерді сәтсіз қолдануы әбден мүмкін ғой. Ішкі ниеті мен ұстанымын білмей жатып, бір сөзіне бола “анау екен, мынау екен” деп тон пішіп, үкім берген асығыстық әрі әділетсіздік деп ойлаймын.
Халықаралық аренада ел намысын қорғап жүрген азаматтардың кейбір сөздеріне түсінікпен қарағанымыз жөн болар.
Қайрат Жолдыбайұлының желідегі жазбасы
Abai.kz