Сенбі, 23 Қараша 2024
Абай мұрасы 1624 6 пікір 1 Қыркүйек, 2024 сағат 15:07

Ислам мен тәңіршілдік - еліміздің екі құндылығы

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Халқымыз үшін қай заман болса да ұлы Абай бабамыздың өнеге-үлгісі, берген тағылымы ескірмейді.

Бүгінгі күндері қоғамда түрлі қайшылықтар күш алып отыр. Солардың бірі -- тәңіршілдік пен исламның арасындағы алауыздық. Бұл қайшылық күннен күнге өріс алып, халықты алаңдата бастады. Халық екіге бөлініп отыр. Халқымыздың бірлігі үшін бұл үлкен қауып. Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысымызды сақтап, халқымыздың тарих сахнасында мәңгілікті қалуы үшін халық бірлігін сақтай білуіміз керек. Сондықтан, бірлігімізді бұзбайтын жол іздеу уақыт талабы болып отыр.

Еліміздегі бұл келеңсіз құбылыстың (сонымен бірге, басқа да текетірестердің) себебі, Абай көрсеткен Болмыстың бірлігін түсінбеуден шығады. Болмыстың бірлігі ұмытылып, тек қана оның түрлі көріністеріне көңіл аударғанда, өмір туралы шексіз көп ұғымдар, көзқарастар, ағымдар пайда болып, олардың арасындағы тартыс өмірді күрес майданына айналдырып жібереді. Біздің еліміз ғана емес, бүгінгі бүкіл адамзат өмірі осының көріністері болып отыр.

Енді Абай ілімі бойынша осы маңызды мәселенің шешіміне келейік. Ол үшін Болмыстың не екеніне, Оның бірлігіне көз жіберуіміз керек.

Болмыстың негізін, Оның бірлігін Абай өзінің   отыз сегiзiншi сөзiнде қысқаша тұжырымдап береді. Бұл тұжырым Болмысты толық түсінуге мүмкіндік береді. Сондықтан, оны теология негізі деуге де болады. Болмыстың бірлігін ол былай деп түсіндіреді:

Бiз Алла тағала «бiр» деймiз, «бар» деймiз. Ол «бiр» дегеннiң өзi ақылымызға ұғымның бiр тиянағы үшiн айтылған сөз. Болмаса ол «бiр» дегеннiң өзi Алла тағалаға лайықты келмейдi... Ол «бір» деген сөз ғаламның ішінде, ғалам Алла тағаланың ішінде»

Енді осы қысқа тұжырымды саралап көрелік.

Алла тағала шексіз болғандықтан, Ол бүкіл Болмысты қамтиды, яғни Болмыстың Өзі. Абай Алла тағаланы Болмыстың көрінісі ретінде беріп отыр. Бұл тұжырым Алла тағаланың ешбір сөзбен сипаттауға болмайтын шексіздігін көрсетеді. Болмыс та осындай шексіз, ендеше, Болмыс Алла тағаланың көрінісі. Болмыс Алла тағала, ал Алла тағала Болмыс. Екеуінің айырмашылығы жоқ. Қандай дін болса да оның негізгі қағидалары осы тұжырымда. Болмыстың бірлігінен шығады.

Болмыс «бар», «болу» деген ұғымнан шығып, барлықты түгелдей қамтыйтын адамзат дүниетанымындағы ең ауқымды, және ең кең ұғым. Болмыс шексіз және көптеген көріністерден құралады. Сондықтан, Болмыс рухани мен материалдық әлемді толық қамтиды. Заттық әлемнің ішіндегілер де, оны сыртындағылар да, түгелдей Болмыс көріністері. Болмыс бір, шексіз және тұтас дегеніміз осы.

Ендеше Оның әрбір бөлігі (әрбір адам, түрлы қоғамдар мен ағымдар, бүкіл табиғат көріністері) де бірліккке ұмтылулары керек. Осылай, бірлік, және оған ұмтылу Болмыс қасиеті екенін көреміз. Болмыс бір болғандықтан, Оның көрінісінің бірі болып табылатын бүкіл адамзат та біртұтас.

Екінші маңызды ұғым Алла тағаланың шексіздігі. Алла тағала шексіз болғандықтан, Ол бүкіл Болмысты қамтиды. Бірақ бұл шексіздікті ақылмен түсiну қиын. Себебі, Абай сөзімен атқанда «Алла тағала өлшеусіз, біздің ақылымыз  өлшеулі. Өлшеусізді өлшеулімен түсінуге болмайды». Шексіз Алланы сөзбен де жеткізуге мүмкін емес. Оның есімі жоқ, бірақ, ұғымның бір тиянағы үшін біз түрлі сөздермен сипаттаймыз. Әр халық өзінше атайды, ал біздің қазақ «Алла», «Құдай» және «Тәңір» деп атайтыны білгілі. Бұл есімдер шексіз бір Абсолютті білдіреді. Түпкі мағынасы бір – бүкіл әлем бір көзден шығады, Ол таза Рух. Рух атауы көп болғанымен, Ол бөлінбейтін, барлығына ортақ, біртұтас. Барлығы Содан шығады. Ал Одан шыққандардың барлығы қайта қайтып, біртұтас болып, бір орталыққа бағынуы керек. Ол үшін жандар біріне бірі қызмет көрсетіп, өзара қамқорлық жасайды. Осылай Абай көрсеткен «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деңгейіне көтеріліп, ең жоғарғы Жанға, Түп Иеге қайтып, бірігуге мүмкіндік алады.

Мұсылмандар мен тәңіршілдердің арасындағы алауыздық осы қарапайым ақиқатты түсінбей, не болмаса мойындамаудан шығып отыр.

Болмыстың рухани және материалдық бөліктері бар. Оның бір бөлігі болып табылатын адамзат қоғамы да рухани және материалдық бөліктерден құралады. Қазақ қоғамында рухани бөлігін ислам құраса, ал материалдық бөлігін тәңіршілдік құрастырады.

Ислам имандылықтың тірегі. Адамгершілік имандылықтан пайда болады. Ғасырлар бойы ислам қазақ халқының рухани тірегі болып,  оны тарих сахынасындағы көптеген қиыншылықтардан аман алып шықты. Ислам болмаса қазақ халқы өзіндік болмысын сақтап қала алмас еді деуге болады. Бұған Сібір халықтарының тағдыры жақсы дәлел болады. Өздерінің дінінен айырылған Сібір халықтары қазіргі кезде маскүнемдікке салынып, моральдық жағынан құлдырап, өздерінің ұлттығын қорғай алмай, елдігін айырылып бара жатқаны белгілі. Халық саны азайып, жойылу үстінде. Қазақ елі үшін ислам біріктіруші күш болып, сонымен бірге, Алла тағалаға бағыттап, елімізді мұсылман әлемінің эгрогері аясында болуға мүкіндік береді.

Сонымен бірге, қазақ халқына тәңіршілдіктің маңызы да үлкен. Исламға дейінгі сонау түркі заманынан келе жатқан бұрынғы көшпенді қазақ халқының діні тәңіршілдік болды. Тәңіршілдік бүкіл болмысты толық қамтыйды. Тұтас Болмыстың бір бөлігі болып, оның ықпалына толық берілгендіктен, ежелгі түркі елдерінің тіршілігі әлемнің бір бөлігі ретінде қоршаған табиғатпен толық үйлесімді болған. Тәңіршілдік көшпелі халықтың бүкіл өмірін қамтыды. Осылай қазақ халқының өзіндік болмысы, салт-дәстүр, әдет-ғұрпы пайда болды. Қазақ болмысы бүкіл әлем көрінісі ретінде қалыптасты. Қазіргі заманда уақыт ықпалымен ұлттық болмысымыз өзгере бастады. Оны қалпына келтіру керек. Бұл жолда қазақ халқының ұлттық болмысын сақтап, адамзаттың бір бөлігі ретінде сақталып қалуы үшін тәңіршілдіктің маңызы өте үлкен.

Сонымен, елімізге ислам да, тәңіршілдік те ауадай қажет. Олар халқымызға тағдырдың берген екі құндылығы. Олар бір Болмыстың екі бөлігін құрайтындықтан, араларында ешқандай қайшылық жоқ. Мәселе оларды біріктіре білуде. Егер біріктіре алмай, оларды діни қайшылыққа айналдырып жіберетін болсақ, бірлігімізден айырылып, үлкен қиыншылықтарға жолығамыз. Керісінше, біріктіре білсек, олар өркениетіміздің негізгі қозғаушы күшіне айналып, жетілудің шыңына көтерілуге елімізге мүмкіндік туады.

Сондықтан, тағдырдың бұл баға жетпес сыйлықтарын дұрыс пайдалана отырып, оларды жіктемей, керісінше, өмір құндылықтарына айналдыра білейік.

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3239
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379