Судандағы қырғын: Қос генерал елді екіге бөле ме?
2023 жылдың сәуірінде Суданда басталған елішілік соғыс бүгінгі таңда әскери күштердің күресінен асып, мемлекеттің құлауына,әлеуметтік апатқа айналып барады. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды.
Бүгін Судандағы соғыс не болып жатыр, БҰҰ не деп дабыл қақты және Суданның жартысын жаулап алған Мұхаммед Хамдан Дагло кім деген сұрақтарға аз-кем жауап іздейміз...
ФАШИРДІҢ ҚҰЛАУЫ – СУДАННЫҢ БӨЛІНУІ
2025 жылдың 26-27 қазанында Жедел әрекет ету күштерінің (RRF) Фашир қаласын басып алуы тек Дарфурда ғана емес, бүкіл Суданда билік пен егемендік туралы түсінікті түбегейлі өзгерткен бетбұрысты оқиға болды.
Шынында, Фаширдің RRF-дің бақылауына өтуі елдің екі географиялық бөлікке бөлінуіне ықтималдылықты арттырды. Соғыстың бұл кезеңінде – азаматтық қоғам қос тараптың да нысанасы на айналды. Ал Халықаралық қауымдастықтың дәрменсіздігі Судандағы қазіргі жағдайдың осыншалық ушығуына көп себептің бірі саналады.
Фаширді қоршау бір жылдан аса уақытқа созылды. Қаладағы аштық, шөл, дәрі-дәрмек тапшылығы жүйелі түрде қару ретінде қолданылып, гуманитарлық көмектің жеткізілуіне тосқауыл қойылды. БҰҰ дерегінше, қоршау ішінде ұзын-ырғасы 250 мыңнан аса халық қалып қойған. Олардың тең жартысы бала-шаға. Жедел әрекет ету күштері (RRF) қаланы сыртқы әлемнен толығымен оқшаулап, азық-түлік пен дәрі-дәрмек ағынын бөгеп, топырақтан 56 шақырымдық бөгет салып тастады.
Жедел әрекет ету күштері (RRF) Фаширді басып алғаннан кейін қаладағылар жаппай өлім жазасына кесілді, мақсатты өлтірулер және жүйелі зорлық-зомбылық толқыны басталды. Оның жарқын мысалы – қалаға кіргізілетін гуманитарлық көмекті реттеп үлестіруге жауапты болған Сихам Хасан Хусболла Әлидің жария түрде өлтірілуі болды. БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары мен түрлі тәуелсіз ұйымдар RRF содырлары адамдарды этникалық негізде өлтіріп жатқаны туралы дабыл қақты.
Судан армиясының күші барған сайын бәсеңдеп барады. Ресми армия Фаширден шегінді. Судан егемендігі кеңесінің төрағасы генерал Абдулфаттах әл-Бурхан бұл шешімді ақтап, мұны «тактикалық қадам» деп атады. Алайда, ресмияның бұл шегінісі қарапайым халықтың азап қоршауында қалып қоюына себеп болды және халықтың армияға сеніміз азайтты.
Ресми армияның бұл шегінісінен соң Жедел әрекет ету күштері (RRF) орталығы Дарфун болатын өңірлік басқару құрылымын қру туралы түпті идеясын одан сайын күшейтті. Бұл дегеніңіз – параллель үкімет құру деген сөз. Бұл өз кезегінде Суданның бөлінуі дегенді білдіреді.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚ НЕГЕ ДӘРМЕНСІЗ?
Судандағы елішілік соғыста Халықаралық қауымдастық дәрменсіз күйде қалып отыр. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Фаширдегі жағдайды «сұмдық жағдай» деп шектелсе, Африкалық одақ «адамзатқа қарсы қылмыс» туралы сөйледі. АҚШ пен ЕО, Түркия мен Мысыр тараптарды «атысты дереу тоқтатуға» шақырды. Чад босқындардың жаңа легі ағылады деген қауіппен шекара күзетін күшейтті. Бірақ, бұл айтылғандардың барлығы тек сөз ғана. Нақты іс-әрекет болған жоқ.
Бұл жерде назар аударарлық мәселе: Халықаралық қауымдастық Судандағы жағдайды екі генерал арасындағы билікке талас деп қана бағалайды.
МҰХАММЕД ХАМДАН ДАГЛО ДЕГЕН КІМ?
Мұхаммед Хамдан Дагло, яғни Хамидти — Суданның әскери-саяси сахнасындағы ең ықпалды тұлғалардың бірі. Оның қарулы тобы — Жедел әрекет ету күштері (RRF) бүгінде елдің жартысын бақылап отыр. Жақында олар Дарфурдың батысындағы соңғы маңызды қала — Фаширді басып алды.
Хамидтиді қарсыластары жек көреді және қорқады, ал жақтастары оның табандылығына, қатыгездігіне тәнті.
Хамидти түйе өсірумен айналысатын араб тілді ризейгат тайпасының махария руынан шыққан. Бала кезінде отбасы Чадтағы соғыстан қашып, Суданның батысына — Дарфурға қоныс аударған. Жасөспірім кезінде мектепті тастап, түйелермен сауда жасаумен айналысқан. Ол түйелерді шөл арқылы Ливия мен Мысырға айдап апарып сататын. Ол кезде Дарфур — кедей, бақылаусыз өңір еді. Мұнда жанжавид деп аталатын араб жасақтары жергілікті фор халқының ауылдарына шабуыл жасап жүрді.
2003 жылы форлар мен басқа этностар көтеріліс жасап, биліктегі араб элитасына қарсы шықты. Бұған жауап ретінде сол кездегі президент Омар әл-Башир жанжавидтердің қатарын көбейтті. Олар жаппай өлтірулер, зорлық-зомбылық және өрт қою әрекеттерімен аты шықты.
ЖЕДЕЛ ӘРЕКЕТ ЕТУ КҮШТЕРІ (RRF) ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ?
2004 жылы Хамидтидің жасағы Адва ауылына шабуыл жасап, 126 адамды, соның ішінде 36 баланы өлтірді. АҚШ бұл әрекеттерді «геноцид» деп таныды. Кейін ол айлакерлігімен және қатыгез саясатымен билік басына көтерілді. Бір кезде өз әскеріне жалақы мен шен талап етіп, көтеріліс те жасады. Башир оның көп талабын орындауға мәжбүр болды. Осыдан соң Хамидти Жебел Амир алтын кенін бақылауға алып, отбасылық «Ал-Гунаид» компаниясы арқылы елдегі ең ірі алтын экспорттаушыға айналды.
2013 жылы ол Жедел әрекет ету күштерін (RRF) ресми түрде құрды. Бұрынғы жанжавидтер осы құрылымға біріктірілді. RRF билікке бағынғанымен, өз саяси ықпалын күшейтті. Кейін бұл күштер Йемен соғысына да қатысып, Сауд Арабиясы мен БАӘ-ден мол қаржы алды. Хамидти әсіресе Әбу-Дабимен тығыз байланыс орнатты.
ДАГЛОНЫҢ ӘСКЕРІН РЕСЕЙЛІК «ВАГНЕР» ДАЙЫНДАҒАН
Ол сондай-ақ Ресейдің «Вагнер» тобының көмегімен әскерін дайындап, алтын саудасына байланысты келісім жасады.
2019 жылы Судандағы халық көтерілісі кезінде Хамидти мен генерал Абдель Фаттах әл-Бурхан Баширді тақтан тайдырды. Алғашында халық оны «жаңа Суданның үміті» деп қабылдады. Бірақ көп ұзамай ол билікті азаматтық үкіметке беруден бас тартып, өз жасағын наразыларға қарсы қолданды. «Human Rights Watch» мәліметінше, RRF жүздеген адамды өлтіріп, әйелдерді зорлап, ер адамдарды Ніл өзеніне тастаған.
Кейін Бурхан мен Хамидти арасында билік үшін күрес басталды. 2023 жылы олардың арасындағы қақтығыс толық соғысқа ұласты. Хартум мен Дарфур қанға боялды. БҰҰ дерегінше, тек Дарфурда 15 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тапқан. АҚШ бұл қырғынды «геноцид» деп бағалады.
Қазір RRF заманауи қару-жарақ пен дрондарға ие, олардың басым бөлігі БАӘ арқылы жеткізіледі деген айыптар бар. Осы қарулану соғысты ұзаққа созып отыр.
Хамидти тіпті өз «үкіметін» — «Бейбітшілік пен бірлік үкіметін» құрғанын жариялады. Бүгінде оның күштері Нілдің батысындағы елдің басым бөлігін бақылауда ұстап отыр. Біреулер оны жаңа мемлекет құрмақшы десе, енді біреулер ол барлық Суданды басқаруды көздейді дейді. Қалай болғанда да, оның билігі қатыгездік пен жазасыздыққа сүйеніп тұр. Ал әлемдік қауымдастық — үндемей отыр.
Abai.kz