Жұма, 22 Қараша 2024
Білгенге маржан 2163 0 пікір 9 Тамыз, 2024 сағат 15:16

Алтай аймағының Гоминдаңнан азат етілуі

Коллаж: Abai.kz

Мен 1944 жылдың соңғы жарымынан бастап төңкеріске қатынаса бастадым. 1944 жылы қазан айында Бұлғында құрылған Төңкерістік уақыттық үкіметтің 12 мүшесінің бірімін. Сонан бастап Алтай азат болғанға дейінгі бірнеше реткі келелі жиындарға қатынасып, Алтай аймағының төңкерістік қимылдарына қатысты шешімдердің ішінде болдым. Талай реткі сұрапыл шайқастарға Дәлелқан Сүгірбаевпен бірге қатынастым.

Мен төңкерістік уақытша үкімет мүшелерінің ішіндегі тірі жүргендердің бірі болғандығымнан, басы-қасында болып көзбен көріп, құлақпен естіген оқиғалардың басты-бастыларын негіз етіп, осы еске түсіру естелігін жаздым. Сол арқылы төңкерістік құрбан, Үш аймақ (Шығыс Түркістан уақыттық үкіметі, – Ә.Ә) төңкеріс басшыларының бірі. Алтай төңкерісінің негізгі басшысы, халық қаһарманы, Дәлелқан Сүгірбаевтың құрбан болғанына 40 жыл толу байланысымен марқұмды сағынышпен еске түсіремін.

Сурет: Википедиядан

Алтай төңкерістік уақыттық үкіметінің құрылуы

Алтай әкімшілік мекемесінің бас хатшысы әкем Мәнкейді жендет Шың Шысай 1938 жылы қолға алып, 1940 жылы Үрімжіде аянышты түрде өлтірген. Әкемнің ағасы – Алтай әкімшілік мекемесінің басшысы Бұқатты да 1941 жылы қолға алып өлтірген еді. Алтай аймағының бүкіл халқы сияқты, біздің де Шың Шысай үкіметі мен Гоминдаң кертартпашыларына ұзында өшіміз, қысқада кегіміз бар. Сондықтан, Көктоғай, Шіңгілдегі қарулы күрес жүргізіп жатқан төңкерісшілер жағдайына құлақ түріп, одан әруақыт хабар тауып отыратынбыз әрі әттең сол төңкерістік қосынға қашан қосылып, халық жауларын жоюға өз үлестерімізді қосар екенбіз деп армандайтын едік. Бірақ Гоминдаң үкіметінің қатаң бақылауына алынғандықтан Сарсүмбе, Буыршын, Қаба, Жеменей ауданындарындағы халықтар лажысыз қалған болатын.

Әлі есімде, 1944 жылы сәуір айының бас мөлшерінің бір күні болатын (біз ол кезде Сарсүмбе ауданының Бітеуірге деген жеріндегі қыстаулығымыздан әлі көшіп шықпаған едік), ел жатарға таяған мезілде сыртқа шыққан шешеміз (Бұқаттың әйелі) Шолпанға бейтаныс бір адам кезіге кетіп: "Сіздің атыңыз Шолпан болар?", – деп сұрайды. "Иә, Шолпан мен боламын" деген шешемізге бейтаныс адам, "Мына қағаз сіздікі", – деп бір парша хатты ұстатады да, өзі сырт айналып жүріп кетеді. Түн болғандықтан ол адамды анық түстей алмай қалады. Үйге кіріп хатты оқыса хат Дәлелқан Сүгірбаевтікі болып шығады. Шолпан шешеміз ағамыз Шәмерді шақыртып алып хатты оған да оқытады.

Хатта Дәлелқан өзінің аман-есендігін айтып, ел-жұрттың амандығын сұрай келіп, қазір төңкерістік қосынның барынша ұлғайып, төңкерістік әрекеттің жоғары сатыға өрлеп бара жатқандығын, іріп-шіріген Гоминдаң кертартпашыларының тез арада құрып-жоғалатындығын, халықтың орайды күтіп төңкеріске қатынасуына ішкі жақтан дайын тұруын және бұл жұмыс жөнінде Сарсүмбе ауданына қарасты ең сенімді ел беделділері мен атқа мінер азаматтарға хабар таптыруды тапсырыпты. Бірақ хатты қай жерде жазғандығы мен өзінің қазір қай жерде екендігін жазбапты.

Біз хатты оқып мазмұнынан хабар тапқаннан кейін, өз маңымыздағы сенімді делінген Мазет, Сейтқазы мұғалім қатарлы адамдарға жасырын хабар тапсырдық. Бақылау күшті болғандықтан кең көлемді үгіттерге батылдық ете алмасақ та, сенімді делінген санаулы азаматтарды идеялық жақтан әзірлене жүруге орналастырдық. Мамыр айы мөлшерінде Дәлелқан Сүгірбаев тірі екен, Буыршын ауданындағы Әбдірақман, Әбілмәжін, Задан имам қатарлы ел беделділеріне хат жазып жіберіпті деген сыбыс шығып жүрді.

Дәлелқан Сүгірбаевтың жауынгер достарымен бірге түскен суреті.

1944 жылы маусым айының ішінде, ел жайлауда отырғанда төңкерісшілерден Қуанышбай, Солтан бастаған 4-5 жүзден астам қарулы күш келеді. Ұғысып көргенімізде бұлар Дәлелқан бастаған төңкерісшілер қосынының ішінен келгендігін, төңкерістік қимылды бүкіл аймақ көлемінде қанат жайдыру үшін Қабаға Қаби бастаған, Жеменейге Жылқайдар, Тескенбай бастаған қарулы күштерді аттандырғандығын, өздерінің Сарсүмбе, Бурылтоғай елдерінің Гоминдаң үкіметінен бөліп, төңкерістік база – Шіңгілге алып кету үшін келгендігін білдік.

Одан соң ел қамдана бастады. Бірақ Сарсүмбедегі Гоминдаң үкіметі бір полктен астам әскер аттандырып, жайлаудағы елге таласып соғыс жүргіздеді. Ақыры төңкерістік қосын бір бөлім елді сыртқы Моңғолияға асырып әкетті де, бір бөлім (біздің ауыл ішінде) Гоминдаң қолында қалды. Гоминдаң әскерлері елді дереу айдап етекке түсірді. Отбасымызды Гоминдаң қолында қалдырып, азаматтар салт кетіп қалуға алаңдадық та, тағы бір орайын күтуге келісіп, елмен бірге қалдық. Тамыз айы ішінде Жеменей мен Қаба ауданындағы партизандар аудан қалашығына шабуыл жасапты. Бірақ қаланы босатып ала алмай, ел Кеңес одағы жеріне өтіп кетіпті деп естідік.

Сол жылы қыркүйек айы ішінде біздің ауыл Қандығатайдың (осы күнгі Қануытебі ауылдығы) аяқ жағындағы Қарасу деген жерде отырғанда (қалаға 30 шақырым қашықтықта), төңкерісшілерден Кәмел, Тескенбай, Нұрғожа, Темірқан, Әлиқандар (соңғы екі адам Дәлелқан Сүгірбаевке еріп келген кеңестік ақылшы екен) бастаған 700 ге жуық партизан келді. Мен бұл ахуалдан хабар алған соң елдің бірқанша беделді адамдарын қасыма ертіп барып амандастым. Олар біздің үйге келіп әкеме құран бағыштады. Олар бұл келісте қалған елді Шіңгілге көшіріп әкетіп, Гоминдаң кертартпашыларын дара қалдыру арқылы экономикалық қиыншылыққа тап қылып қайта айналып келіп Алтай аймағын бүкілдей азат ету жоспарларын айтты.

Осылайша бөктерде отырған ел тегіс көшіп Қыран өзені бойына түстік. Ел келіп орнығып болғаннан кейін, бір аэроплан төбеде айналып ұшып қайтып кетті. Біз осы арада құрбан шалып айт өткіздік. Осы кезде Ертіс бойындағы Дөрбілжін (қазіргі Бейүн) деген жерге Гоминдаң әскерлері келіпті деген хабар естілді. Партизандар мен тұрғын ел адамдарынан 200 дей адам Манат, Әлиқандардың бастауымен Ертіске бардық. Түнде солтүстік жағаға түнеп, алаң-елеңде Ертіс өзенінен өтіп абон алдық. Бұл қосынымызда партизандарда ғана құрал бар, ал елден ергендеріміз құры қол қара көрсетіп барған болатынбыз. Көзді ашып-жұмғанша-ақ плимуот оғының астында қалдық. Жау құрал күшінің басымдылығы арқылы үстем орында тұрды, партизандар бар құралды істетіп атысқанымен төтеп бере алмай, Мадықан Кәріпұлы (партизан) қатарлы 5 адам өліп, шегініп Ертіс өзенінен өтіп бір тасада бас қосып, ақыл жиып қайталай шабуылға өтпекші болдық. Осы кезде Гоминдаң армиясы сырнай тартып бір жерге жиналды да, Бурылтоғайға қарай шегінді. Олардың қарасы өте мол көрінеді. Біз әлсіз күшімізді шығындатпау үшін қумадық. Гоминдаң әскерлері бекінген орынға келсек, бірқанша адам және аттар өліпті. Біз қаза болған Мадықан қатарлы адамдардың сүйегін елге алып барып жерлеп, бірер күн дамыл алдық. Шіңгіл ауданына бет алған Буыршын елі де үстімізге келді. Қалың ел күн-түндемей көшіп Шіңгілге жеттік.

Гоминдаң әскерлерінің базасы болған Қаратөңкеден түнде өттік. Партизандардың бір тобы Гоминдаң әскерінің алдын тосып соғыс жүргізді. Бір бөлімі елді қорғап алып шығып кетті. Әйтсе де, түн ішінде екі ауыл малымен қоса адасып, Гоминдаң әскерінің қолына түсіп кетті. Кейін естуімізде, оларды түгел қырып тастапты.

Ел көшіп барғаннан кейін көп өтпей, қазан айының бас шенінде ел басылары Бұлғынға шақырылды. Біз барсақ Оспан ауылы мен Дәлелқан ауылы қатар отыр екен. Жергілікті адамдар Кеңес одағы ақылшыларын "Ақ үй адамдары", сыртқы Моңғолия ақылшыларын "Көк үй адамдары" деп атайды екен. Жиынға Шіңгілге жиылған елдің беделділері түгел барады. Біздің елден мен (Асхат), Ежен, Сейтқазы мұғалім үшеуіміз бардық. Біз барған соң бірер күннен кейін жиын ашылды. Жиынға Дәлелқан, Оспан, Кеңес одағы мен сыртқы Моңғолия ақылшылары да да түгел қатынасты.

Жиынды Дәлелқан басқарып ұзақ сөз сөйледі. Күрес жағдайына талдау жасап, төңкеріс беталысының оңалып, Гоминдаң күштерінің барған сайын әлсірегендігін, төңкерістік күштің ұлғая түсіп, Алтай аймағы халқының 80 пайызынан астамы төңкерістік сапқа өткендігін, Жеменей ауданында мықты төңкерістік база құрылып Үрімжі мен Алтай арасындағы қатынас лениясын бақылауға алғандығын, олардың Қаба, Жеменей, Буыршын ауданындарындағы Гоминдаң күштеріне шабуыл жасап, сол аудандардағы Гоминдаң әскерлерінің Сарсүмбеге көмектесуге мұрсасын келтірмей, біздің Сарсүмбені азат етуімізге қолайлылық тудырып отырғандығын түсіндіріп өтті.

Ол бұдан кейінгі кезде ел бірлігін бекемдеп, төңкерістік істі тіпті де жоспарлы түрде алға бастыру үшін, бір басшылық құрылым құрып, бұдан кейінгі төңкерістік қимылға сол басшылық құрылым біртұтас жетекшілік ететіндігін де түсіндірді. Бұл іс жиынға қатынасушылардың қолдауына ие болды әрі жаңа құрылымның атын "Төңкерістік уақыттық үкімет" деп атауды қаулы етті.

Оспан Сыламұлы, Дәлелқан Сүгірбаев, Ләтіп Мұстапаұлы, Көксеген Шәкуұлы, Уатқан Әміреұлы, Әділқан, Келес, Кәріп Жаңқабайұлы, Рамазан Жолымұлы, Молласылам Сымайылұлы (ұйғыр), Асхат Мәнікейұлы, Кәмел қатарлы 12 адамды "Төңкерістік уақыттық үкіметтің" мүшесі етіп сайлап шықты.

Бұл мүшелер, біріншіден, әрқайсы ауданға, екіншіден, сол кездегі салт бойынша үлкен руларға уәкілдік сипаты бар адамдар болатын. Айталық, Ләтіп, Көксеген, Уатқандар Шіңгіл ауданының, Әділқан, Кәмел Көктоғай ауданының, Рамазан, Молласылам Жеменей ауданының, Кәрім Бурылтоғай ауданының, Асхат Мәнікейұлы Сарсүмбе ауданының елдеріне уәкілдік ететін еді.

Оспан Сыламұлы Төңкерістік уақыттық үкімет басшысы, Дәлелқан Сүгірбаев орынбасары және әскери істер қолбасшысы болып бекітіледі. Үкіметтің қол астында амандық бөлімі құрылып, жауаптысы Кәріп, күнделікті дау-шар жұмыстарын басқару (сот) бөлімі құрылып, басшысы Көксеген болды. Мұнан басқа артқы шеп қамдау бөлімі қатарлы құрылымдар құрылды.

Ел басылары тарағаннан кейін үкімет мүшелері жиыны ашылып, бұдан кейінгі істелетін істер мен жұмыс жоспарын ақылдасып, орналастырулар жасады. Ең алдымен сол кезде шұғыл шешуге тиісті делінген халық тұрмысы мәселесі, малдың қысқы жайылым мәселесі ақылдасылды. Мұнда, біріншіден, Шіңгіл ауданындағы тұрғын елдер қыстауларын жаңадан көшіп келген елге босатып беріп, жер сырына қанық өз адамдары тау сағалап қыстау; екіншіден, Шіңгілге жиналған ел малын Бәйтік, Құм қатарлы жерлерге дейін отарлатып бағып, оны құралды партизандар арқылы қорғау; үшіншіден, сыртқы Моңғолияға жағдайды айтып, бір бөлім ел бір қыс қыстайтын қыстаулық сұрау деген қарар алынып, тұрмыста қиыншылыққа тап болған адамдарға көмектесу деген үндеу шығарады.

Партизандық құрылымдар сұрыпталып, малды қыстан аман шығаруға қажетті еңбек күштерден басқа 500 ден астам қарулы партизан ылғап алынды да, Дәлелқанның тікелей жетекшілігінде Гоминдаң базаларына шабуыл жасалатын болады. Партизандарға қажетті азық-түлік халықтан (әсіресе тұрғын елден) салық ретінде жиналып алыну жөніндегі қаулы алынды. Жиында күшті шоғырландыра отырып, ең алдымен Көктоғай қалашығын азат ету, онан біртіндеп Қартүңке, Сартоғайдағы Гоминдаң бекінісін талқандау; онан соң бір бөлім қарулы партизандарды Үрімжі, Шонжы, Жемсары, Мори аудандарына барып төңкерістік қимыл жүргізуге аттандырып, сол жақтағы елді төңкеріс қатарына өткізу әрі ол жақтағы Гоминдаң күштеріне шабуыл жасап, Гоминдаңды шығыс жақ арқылы Алтайға көмек беру мүмкіндігінен айыру керек деген қарар алынды.

Үкімет мүшелері жиыны тарқарда төңкерістік қимылдың шұғылдығы, халықтың бытыранды орналасуы себепті шешім етуге тиісті жұмыстардың ел ішінде жүріп шешу, аса маңызды істерді қарарда ғана үкімет мүшелерінің жиынын ашу, ал қалған кездерде үкімет мүшелері өзіне тапсырылған түрлі жұмыстарды жауапкерлікпен дербес жүргізу керек деп ұйғарды.

Жиын тарағаннан кейін, төңкерістік үкімет мүшелері жиынның қаулысы бойынша қыстаулар мен қыстық жайылымдар лайықты теңшеліп орналастырылды. Сыртқы Моңғолия үкіметімен келісіп, Бұлғын өңірінде бір бөлім ел қыстады. Бір бөлім мал Құм, Арманты, Бәйтік баурайы қатарлы жерлерге партизандардың қорғауымен отарлатуға жіберілді. Тоқтыбай, Молла бейсі (ұйғыр) бастаған партизандар отреті малшыларды аттанысқа келтіріп, олардың Бәйтік баурайына алып келді. Осындан бастап Алтай төңкерісіне Боғда өңірініндегі халықтар да ат салыса бастады.

Алтайдағы Гоминдаң қалдық күштерінің тізе бүгуі

Дәлелқан қолбасшылық еткен негізгі қарулы қосын 1945 жылы ақпан айында Көктоғай қалашығына шабуыл жасап Гоминдаң базасын талқандайды. Қалың қар, қатаған аязда қашқын болған Гоминдаң күштері Қаратөңкеге келіп паналады. Бірақ, төңкерістік қосынның жойымпаз шабуылына төтеп бере алмай, ақыры Қаратөңкедегі Гоминдаң күштерімен бірігіп, базаларын тастап Сартоғайға түсіп кетеді. Ақпанның 24-күні партизандар Көктоғайды бүкілдей азат етті. Алтай аймағының шығыс районындағы Гоминдаң қалдық күштері Сартоғайға топталды.

Гоминдаң әскерлерінің шегіне қашуынан пайдаланып өкшелей соққы беруді жоспарлаған Дәлелқан, Сартоғайға жалғасты шабуылға өтті. Бір жетіден астам уақыт шайқас жүріліп, Гоминдаң әскерлері партизандардың екпінді күшіне төтеп бере алмай, Сартоғайдағы бекіністерін тастап наурыз айының бас шенінде жаяу-жалпы Үрімжіге қашуға мәжбүр болды. Бұл реткі соғыста екі машина, көптеген мал-мүлік олжа алынады. Сүйтіп, 1945 жылы наурыз айына дейін Шіңгіл, Көктоғай аудандары азат болып, Алтай аймағының шығысындағы Гоминдаң күштері біржола талқандалды.

1945 жылы жазда Дәлелқан Сүгірбаев қолбасшылығындағы партизандар Сарсүмбе ауданына бірнеше рет шабуыл жасады. Олар Буыршын ауданының Еламан деген жеріне дейін барып Гоминдаң күштеріне сілейте соққы береді. Бір реткі сұрапыл шайқаста партизандардан Зұлжалал Байтолла қатарлы бірнеше адам қайтыс болады. Осы реткі шайқаста партизандар Гоминдаңның Сарсүмбеге азық үшін жөткеп келе жатқан 80 арба астығын қолға түсіріп, Гозыяң бастаған Гоминдаң әскерлерін тұтқындады. Бірақ Сарсүмбе ауданын босата алмай базаға қайта оралды.

Партизандар төңкерістік базаға қайтып келгеннен кейін, Төңкерістік үкімет мүшелері жиыны ашылды. Жиында Дәлелқан Алтай аймағының жалпы ахуалына талдау жасай отырып сөз сөйледі. Ол сөзінде: Шіңгіл, Көктоғай, Жеменей, Бурылтоғай аудандары азат етілді. Гоминдаң қалдық күштері Қаба, Буыршын, Сарсүмбе аудандарын паналауда, Шонжы жолы кесіліп тасталды, Буыршын жолын Жеменей партизандары тосып алды. Алтайдағы Гоминдаң күштері ауыр дағдарысқа тап болды. Іле Төңкерістік күштері Ілені азат етті деп келіп, осы жағдайлар Сарсүмбеге жорық жасауымызға әбден тиімді", – дей келіп, барлық күшті жұмылдыра отырып шабуылға аттансақ, Сарсүмбені сөзсіз Гоминдаң қолынан босатып аламыз деген сенім білдіреді. Жиындағылар бұл туралы ұсынысқа бірауыздан қосылып, дереу аттанысқа келуге бекіді.

Дәлелқан Сүгірбаев әскери бөлімге ішкерілей араласып, қызмет тексеруде.

1945 жылы тамыз айының соңын ала біздің ауыл Көктоғайдың Сұпты-Күртісі деген жерінде отырғанда Дәлелқан Сүгірбаев қалың партизандарды бастап үстімізге келді. Сол елден бір бөлім күшті тағы да толықтап алып Сарсүмбеге жорыққа аттанды. Дәкеңнің орналастыру бойынша мен де бірге аттанып, сол кісімен штабта бірге болдым.

1945 жылы қыркүйек айының басында Ауитанға келіп Мінәуәр байдың тамына түстік те, Жәнкен, Ырымқан деген адамдарды Буыршыннан хабар алуға жібердік. Өзіміз Шеміршектегі Ошыр қажының тамына келдік.

1945 жылы қыркүйектің 5-күні жіберген хабаршыларымыз Буыршын жақтан келе жатқан Хакім Бекшовпен Мұқаметжан бастаған 200 ге таяу Іле ұлттық армия бөлімімен жолығып, оларды бастап келеді. Осылайша Іле ұлттық армиясымен қуанышты түрде бас қостық та, кеште ақылдаса отырып Сарсүмбе қаласын қоршауға алу жоспарын жасадық.

Қаланың шығыс, батыс-оңтүстігі жақтан Іле ұлттық армиясы шабуылға өтеді деген қарар алынды. Сол күні кеш бата Нұрман, Тұрысбек деген адамдарды қаланың батыс-оңтүстік жағына барлау алып баруға аттандырдық. Қарауылдағылар түн ортасы ауа қаладан ракета атылды деген хабарды әкелді. Қолбасшылық штаб мезгілсіз атылған ракетаның жағдайын барлап келуге тағы да адам жібереді. Таң ата штабқа келген барлаушылар Гоминдаң күштерінің қаланы тастап сыртқы Моңғолия жаққа шегінгендігін хабарлады.

Біз 1945 жылы қыркүйек айының 6-күні түстен бұрын Сарсүмбе қаласына кірдік. Қанапия Нұсіпбекұлы, Мінәуәр, Қами бастаған қала халқы қала шетіне шығып қызу қарсы алды. Қалаға кіре салып әрқайсы үкімет орындарына қорғаушы қойып, үкімет қазынасын есептеп өткізіп алуға адам орналастырдық та, зор жиын ашып жеңісті тойладық. Жиында Дәлелқан Сүгірбаев пен Хакім Бекшов бұдан кейінгі маңызды қызметтер туралы сөз сөйледі. Жиын аяқталысымен сыртқы Моңғолияға қашқан Гоминдаң күштерін қуалап соққылау жөнінде жоспар түзіліп, орналстырулар жасалды.

Автор Асхат Мәңкейұлының «Алтай төңкерістік үкіметінің құрылуы және Гоминдаң қалдық күштерінің тізе бүгуі» атты мақаласы жарияланған «Іле тарихи материялдары» журналының №7-саны. 1991 жылы. Құлжа қаласы.
Мақаланың мазмұнына сүйене отырып біз «Алтай аймағының Гоминдаңнан азат етілу барысы» деп өзгертіп қойдық. Бірақ мақаланың мазмұнына, стиліне құрмет етіп, сөз-сөйлеміне, үтір, нүктесіне дейін тиіспедік.

Қарт партизан Әбдірәсұл бастаған 100 дің үстіндегі адамды қашқан жаудың өкше ізіне түсуге, бір бөлім партизандармен ұлттық армия жауынгерлерін тау кенерелеп жаудың Шонжыға баратын жолын тосуға аттандырады.

7-қыркүйек күні Дәлелқан Сүгірбаев, Хакім Бекшов және мен бастаған 40 дай адам аттанып, алдыңғы кеткен барлаушы әскерлердің ізімен жолға шықтық. Оларды кеш бата Ушіліктің қарағайлы кезеңінде қуып жеттік. Партизандардың орналасқан жері Түйетас деген жері болып, соғыса шегінген Гоминдаң күштері партизандарды маңына жақындатпапты. Біз бас қосып ақылдасып, 30 дай адамды жаудың назарын аудару үшін артқа қалдырдық та, Дәлелқан, Хакім Бекшов бастаған 130 дай адам Қарасаз деген жерде түнеп жатқан жауға сездірмей, олардың батыс жағындағы Ақбұлақ деген жер арқылы алдын алуға аттандырдық.

8-қыркүйек күні таң ата біз үлкен жалға ілінгенде Гоминдаң әскерлері де сай тағанымен Өрмегейті асуына қарай ұмтылды. Осы бір шешуші кезеңде Дәлелқанның бұйрығы бойынша партизан басшыларының бірі 66 жастағы Әбдірәсұл батыр бастаған 16 партизан шұғыл қимылдап, асуға жаудан бұрын ілінді де жауға оқ атты. Біз де өкпе тұстан оққа ұстадық. Орналастырып тастаған азғантай адамымызды мол қосын екен деп тұспалдаған жау әскерлерінің әптер-тәптері шығып, аласапыраңдыққа түсті.

Біз тау басында көріп отырмыз. Бір бөлім Гоминдаң әскері жалт беріп сайдың шығыс жақ төскейіне бет алды. Бірақ бөлініп кетуге батылдық ете алмай, ары-беріден соң қайтып келіп тобына қосылды. Сөйтіп, жау бір орынға топталды да түс ауа олардан ақ ту ұстаған үш адам асуға таман өрледі. Біз адам санымызды сездірмеу үшін жал-жалға бытырап орналасқанбыз. Мен аяқ шенінде едім. Елшілер менің қасыма келгенде анадайдан байқап отырған Дәлелқан мен Хакім Бекшовтар алыстау жерге орналастырылған штабтан келген сияқтанып айдындана басып қасымызға келді. Келген елші Фу фамилалы (ұлты сібе) Кожаң (Кожаң – қытайша әскери шен) мен екі сақшы қызметкері екен. Олар асудан асып кетуге жол сұрап Әбдірәсұлға барғанда, Әбекең: "Мен қазақ полкінің асуға қойған алдыңғы қарауылы едім. Қазақ полкі Моңғолия шекарасында жатыр, команданың рұқсатынсыз өткізе алмаймыз. Бас команданымыз батыс жақтарыңдағы тау басында қалың әскермен бірге, соларға барыңыздар" деп жол бастауға Зәки Майдаманұлы деген партизанды қосып береді. Елшілер өздерін Алтай уәлиі Гау Байиүй, Алтай әскери районның команданы Уан Лиңиұндер жібергендігін айтып, келісімге келуді өтініш етеді.

Дәлелқан да:  – Бұл өтінішті қабыл аламыз, тоқтамға (келісімшарт) келу үшін уәли мен командан келу керек. Олар келмесе тоқтам жасау мүмкін емес»,  – дейді. Елшілер қайтарда мен: Шәмсиді (Гоминдаң адамдары қашқанда әкемнің інісі Шәмсиді өздерімен бірге күштеп алып кеткен. Бұл адамды ұлттық армия жақ Гоминдаңның құрал тапсыруына елшілікке жіберген) бірге ала келіңдер, – дедім.

Кешке таяғанда Гау Байиұй бастаған жанында аудармашылары бар 6-7 адам тоқтамдасу үшін келді. Шәмсиді де ерте келіпті. Олар: «Біз Сарсүмбені босаттық, қарсылық көрсеткеміз жоқ. Шегіну кезінде қаланы бүлдіріп, ойрандағамыз жоқ. Сыртқы Моңғолия арқылы ішкі өлкелерге өтпекшіміз. Сондықтан бізге жол беріңіздер» деген талап қойды.

Дәлелқандар: «Шет мемлекетке жіберу қолайсыз, ең абзалы сендер Дагай-Шөгай арқылы Үрімжіге қайтыңдар» дейді. Бірақ олар алдыңғы талабын қайталап тұрып алды. Соңында Дәлелқандар ақылдаса келіп: «Болады, сыртқы Моңғолия арқылы кетулеріңе жол берейік, бірақ бір шарт – құралдарыңды түгел тапсырасыңдар, шет мемлекетке құрал алып кіруге болмайды»дейді. Гау Байиұйлер бұған мақұл болады да, ертеңінде құрал тапсыратын болып қайтты. Біз Шәмси мен бір қырғыз жігітті алып қалдық. Түн тыныш өтті. 9-қыркүйектен бастап құрал тапсыру басталып, 10- қыркүйек күні түсте тапсырылып болды. Бірақ 8-қыркүйектен 9-қыркүйек қараған күні Дай Кұйиы туанжаң (полк басшысы) 3-4 адамын бастап түн қараңғылығын жамылып Өрмегейті арқылы Үрімжіге қашып кетіпті.

Құралды тапсырып алғаннан кейін Дәлелқандар: «Арт жақтан нұсқау сұрап едік, Моңғолия арқылы жіберуге болмайды деген нұсқау келді. Сондықтан сендер Алтай арқылы Үрімжіге қайтарыңдар» деп ұқтырды. Біздің адам санымыздың екі жүздей ғана екенін көрген Гау Байиұйлер құралдарын тапсырғанына қатты өкінді. Бірақ шарасыз бойсынуға мәжбүр болып Алтайға қайтты. Алтай уәлиі Гау Байиұй, Алтай әскери команданы Уаң Лиңиұн, полк командирі Фан бастаған бір мың 800 ден астам Гоминдаң офицерлері мен әскерлері тізе бүкті. Құрал-жабдық, ат-көліктері түгелдей олжаға алынды. Бұларды 10-шы 11-шы қыркүйек күндері Сарсүмбеге алып келдік.

Бұл 1946 жылы қараша айында Сарсүмбеде (қазіргі Алтай қаласында) Дәлелқан Сүгірбаевтың үйінде түсірілген сурет. Суретте солдан оңға қарай алдында отырғандар: Даубай Мазақов, Дәлелқан Сүгірбаев, Иүсіпжан. Артта тұрғандар: Манан Шайза, Пәтіқан қатарлылар.

Дәлелқан Сүгірбаев партизандар мен ұлттық армия жауынгерлеріне тұтқын болған Гоминдаң қызметкерлері мен офицер-жауынгерлерін жәбірлеп келемеждеуді, тіпті қаталдық істемеуді қайта-қайта қадағылап тапсырды. Ол кісінің орналастыруы бойынша Гау Байиүй, Уаң Лиңиүн, Фан қатарлы жоғары дәрежелі офицерлерін атқа мінгізіп, жолда жүре алмаған ауру-сырқаулары мен шаршап-шалдыққандарын түйеге мінгізіп алдық.

1945 жылы қыркүйек айының аяқ шенінде сол кездегі Алтай аймағының экономикалық жағдайының төмен, астығының тапшы болу ахуалын еске ала отырып, тізе бүккен барлық Гоминдаң қызметкерлері мен офицер, әскерлерін Құлжаға жөткеп жібердік. Осылайша Алтай аймағымыз Гоминдаң қолынан біржолата азат етілді.

Асхат Мәнкейұлы

Автор Асхат Мәнкейұлы Алтайдағы төңкерістік уақыттық үкімет мүшесі болған адам.

Мақаланың өз тақырыбы «Алтай төңкерістік үкіметінің құрылуы және Гоминдаң қалдық күштерінің тізе бүгуі» болатын, біз бұл тақырыпты мақаланың мазмұнына сүйене отырып  біз «Алтай аймағының Гоминдаңнан азат етілу барысы» өзгертіп қойдық. Тарихи мақаланының мазмұнына, стиліне құрмет етіп, сөз-сөйлеміне, үтір, нүктесіне дейін тиіспей жариялап отырмыз.

«Іле тарихи материялдары» (№7-сан, 1991 ж. 105-120-беттер) журналы. Төте жазудан аударып дайындаған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1434
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3199
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5142