Дүйсенбі, 28 Қазан 2024
Аласапыран 1944 6 пікір 9 Тамыз, 2024 сағат 16:11

Курскі күлкіден айырылды: Қанға - қан, жерге - жер!

Коллаж: Abai.kz

3 күннен-бері Ресейдің Курск облысындағы жағдай жаһандық жаңалықтардың басты назарда қалып отыр.

КУРСК ОБЛЫСЫНДАҒЫ ҰРЫС

Бір тәулік бойы мұнда ұрыс жүріп, Украина әскерінің жекелеген бөлімдері түрлі деректер бойынша 15-25 шақырымға дейін алға жылжыды. Ресейлік деректер бойынша, Суджа ауданында қарулы күштер ондаған ресейлік әскерилерді тұтқынға алған. Сондай-ақ, Украина әскері Суджадағы Еуропа елдеріне және бірқатар елдімекендерге газ транзитімен берілетін газ тарату станциясын басып алды.

Курск облысындағы оқиғаларды Вашингтонда да мұқият бақылауда. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьер АҚШ әкімшілігінің Курск облысындағы украиналық әскери операция туралы білмегенін мәлімдеді. Ақ үй мен Мемлекеттік департамент АҚШ Украинаның Ресей аумағындағы нысаналарды жою үшін американдық қаруды пайдалануына қатысты өз саясатын өзгертпегенін растады.

Сурет Google карта скрині

Суджадағы жағдай туралы:

Кеше Суджаға Украинаның тағы 2 бригадасы кірді деген ақпарат шықты. Оған дейін Украинаның 4 бригадасы кіргені айтылған. Жалпы Украина Курскі облысындағы шайқастарға резерв ретінде шекара маңында 8 бригада дайындаған болуы керек;

Суджада шайқастар жалғасуда. Ондағы ахуал нақты қалай екені әзірге белгісіз. Украинаның және Ресейдің ақпараттары толықтай шынайы жағдайдан хабар бермейді. Себебі, Суджада интернет жоқ. Ақпарат кешеуілдеуде. Ал «ДРГ-лардың» саны көп. Нақтысы және белгісіз;

* Украина ҚК Суджаға қарай логистика мен резерв түзуде;

* Украина ҚК аспанды бақылауға алу үшін Курскі облысының шекарасына қосымша ПВО әкелуде;

* Украина ҚК Суджада белсенді маневрлер жасауда. Жаудың тылынан соққылар ұйымдастыруда;

* РФ әскерінің бұл бағытта әуе бомбалары жоқ;

* Ресей Курскі облысын бақылауда ұстау үшін қосымша әскер жіберген.

Сурет Google карта скрині

Курскі шайқастарынан:

Кеше қиянкескі ұрыс Кромский Быки ауылында жүріп жатыр. Бұл ауыл Льговадан 20 шақырымда ғана орналасқан. Одан әрі екі аттам жерде Курчатов АЭС-і орналасқан.

Курскідегі майдан шебі 430 шаршы шақырымға жеткен.

Z журналистер: «Украина Суджаны түгелге жуық бақылауға алды»,- деп ойбайлауда. Олар таратқан ақпаратқа сүйенсек, Украина Мирный ауылына кірген. Казачья Локня, Богдановка, Княжий, 1-ші Княжий және 2-ші Княжий ауылдарына бақылау жүргізуде. Сондай-ақ, Снягость және Коренево ауылдарында да ұрыс жүріп жатыр.

Сурет: Форбес сайты

РЕСЕЙЛІК ОЛИГАРХ: СОҒЫСТЫ ТОҚТАТУ КЕРЕК!

Ресейлік олигарх Олег Дерипаска жапондық Nikkei Asia басылымына берген сұхбатында Украинадағы соғысты тоқтатуды жақтады.

Басылым Дерипаска Украинадағы соғысты «ақылсыз» деп атап, сондай-ақ Ресейдің әскери шығындарын сынға алғанын айтады.

«Егер сіз соғысты тоқтатқыңыз келсе, алдымен оқ атуды тоқтату керек», - деген бизнесмен ол үшін «дереу сөзге келмей оқ атуды тоқтатуға» шақырды.

Nikkei Asia Дерипасканы «Путинге жақын олигарх» деп атайды. Қазір Ресей президентімен қарым-қатынасы қандай деген сауалға бизнесмен: «Ешқандай өзгеріс жоқ», - деді. «Олар [Кремль] маған тиіспейді, ал біз [бизнесмендер] саясатқа қатысы жоқ», - деп бизнесмендің сөзін келтіреді басылым.

Олег Дерипаска Украинадағы соғыс туралы бірнеше рет айтқан. 2022 жылдың 2 сәуірінде ол өзінің телеграм-арнасында «менің ойымша, бұл ақылсыздықты қазір аяқтау керек» деп жазды.

Financial Times өз дереккөздеріне сілтеме жасап, сол жылы Кремль бизнесменден Украинадағы соғысты сынауды тоқтатуды өтінген соң ресейлік соттар Дерипасканың миллиард долларлық активтеріне тыйым салғанын жазды. Кейінірек Дерипаска: «Украинаны жойып жіберу үлкен қателік болады», - деп мәлімдеді.

Abai.kz

6 пікір