«Ақшоқы жолы - өлең бесік»
«Ақшоқы — Құнанбай әулетінің ата қонысы» стелласы ашылды. Салтанатты рухани шара күллі ел мен мұқым алашты қуантты.
Бұның рухани маңызы өте терең. Хакім Абайдың Өлеңтөбесі - осында. Жүрегінен шерлеп, қаламынан сермеп, ойынан тербеп төккен асыл да ғасыр өлеңдері осы - ұйық, осы - бесікте дүниеге келді.
«Ақшоқы — Құнанбай әулетінің ата қонысы» стелласының ашылу салтанатына көптеген елге белгілі азаматтар, облыс әкімі Ұранхаев Нұрлан Телманұлы да қатысты. Стелланың авторы, белгілі мүсінші Нұрбол Қалиев. Шағын идея- мазмұнына тоқталып өтсек: стелладағы алтын қыран Құнанбайдың мінезін, қайраткер бейнесін танытады. Сонымен қатар, стелла өлкеміздің байлығын, осында туып -өскен дарынды әм қайсар қайраткер тұлғаларының ұлылығын білдіреді.
Хакім Абай күні мерекесімен тұспа-тұс келген айтулы шара ел мерейін тағы бір көтеріп тастады. Өткенде ғана Құнанбай қажы Өскенбайұлының 220 жылдығына көптеген іс-шаралар атқарылды әлі де атқарыла береді. Бұйырса 225 жылдықты ЮНЕСКО көлемінде тойланады деген мұратты талап- тілегіміз бар.
Аталмыш стелла ел руханияты мен мәдениетіне ізгі ниет танытып, жомарттық көрсеткен «Нұр Астық Kz» ЖШС демеушілігімен тұрғызылды. Осындaй игі бастамалар, Абайшыл азаматтармен өз жалғасын табады деп сенеміз.
Даналар даласы рухымен тербеп, жұртымыз өркендеп дами берсін!
10.08.2024 ж. Абай ауданы, Ақшоқы аулы. Екінті.
Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы
Abai.kz