Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 6107 0 пікір 5 Ақпан, 2014 сағат 15:09

АЛАШ пьесасы – «МҰРАТ ҮШІН МАЙДАН» біз үшін өте тосын жаңалық!

Алаш пьесасы - «Мұрат үшін майдан»

  Бұл пьесаның табылуы да, арғы тарихындағы жазылуы да біз үшін өте тосын жаңалық болып тұр.

         Пьесаның аты – «Мұрат үшін майдан». Авторы – Титақов Мұхтызар Төлекұлы. Шығарма 1935 жылы жазылған.

Пьесаны бізге жеткізіп отырған азамат – Айдын Ырысбекұлы. Бұл туындының түпнұсқасы ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Семей қаласы басқармасының мұрағатында сақталған. Аталған басқарама бастығының орынбасары С.Әшімов мырза Семей қаласы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Қ.Нұрқасымға жолдаған жауап хатында (09.01.2013 жыл) осылай деп жазған.

Біз Мұхтызар туралы көп білмейміз.  ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы баспасөзде де оның аты көп кездесе бермейді.

Алаш пьесасы - «Мұрат үшін майдан»

  Бұл пьесаның табылуы да, арғы тарихындағы жазылуы да біз үшін өте тосын жаңалық болып тұр.

         Пьесаның аты – «Мұрат үшін майдан». Авторы – Титақов Мұхтызар Төлекұлы. Шығарма 1935 жылы жазылған.

Пьесаны бізге жеткізіп отырған азамат – Айдын Ырысбекұлы. Бұл туындының түпнұсқасы ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Семей қаласы басқармасының мұрағатында сақталған. Аталған басқарама бастығының орынбасары С.Әшімов мырза Семей қаласы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Қ.Нұрқасымға жолдаған жауап хатында (09.01.2013 жыл) осылай деп жазған.

Біз Мұхтызар туралы көп білмейміз.  ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы баспасөзде де оның аты көп кездесе бермейді.

ҰҚК мұрағатында сақталған анкета жауабына қарағанда, ол 1904 жылы 22 ақпанда Қарақаралыда туған. НКВД ұстаған уақытта Семей қаласы Хлебная көшесі № 18 үйде тұрыпты. Білімі толық жоғары емес. Новосібір қаласындағы Батыс Сібір халық шаруашылығы институтында оқыпты. Партия қатарында болмаған. Тұтқындаған шамада (25 ақпан 1936 жыл) әкесі Төлек – 63, анасы Жамал – 58, інісі Ескендір – 13 жаста екен. Қаламгер «1917 жылдың ақпанына дейін – Қарқаралыда оқыдым, 1932 жылға дейін ара-тұра болмаса, әрдайым оқуда болдым» деп көрсетеді. Кесілген сатьясы – әйгілі 58/10. (№1-2 суреттер) «Мұхтызар ісінде» кәсіподақ мүшесінің билеті тіркеліпті. Бұған ол 1924 жылы 6 мамырда кіріпті. Мамандығы – «экономист-плановик» деп жазылған. (№ 3 сурет)

Мұхтызар (фамилиясын сол кездегі дәстүрге сай «Титақұлы» деп жазған) шығармасын «4 перделі, 6 суретті музыкалық драма» дейді.(№ 4 сурет)

Оқиға 1918 жылы Семей қаласындағы Алаш өмірінен алынып жазылған.

Бір көріністе Алаштың бір жылдығын атап өткен салтанат суреттеледі.  Оқиғаға қатысушылар: Әлихан, Міржақып, Халел (Ғаббасұлы), Жүсіпбек, Әлімхан, Ике, Жақып, Мағжан, Шәкәрім, Мұхтар, Хамит (Тоқтамысұлы), Сұлтанмахмұт, Мұсатай бай, басқа да шенді-шекпенді зиялылар, әскерилер т.б. Диалогтар – Алаш рухындағы сөздер, ойлар, үндеулер, ұсыныстар…

Екінші бір көріністе Семейде ақтардың жеңіліп, қызылдардың  қыспақ бастаған кезі, Алаш полкін Жетісуға аттандыру сәті, қазақ және орыс әскерилерінің бірге жұмылуы суреттеледі. Диалогтар – ел мен сарбаздар рухын көтеретін сөздер, серпілтулер, ағымдағы деректер т.б.

Тарих бұралаң. Бұралаң болса да өз шындығы бар. Мысалы, Халел Ғаббасұлы аузына мынандай сөздер салынған: «Бұрын «Сары Арқа жеріміз бар, Сары Арқада қазақ еліміз бер» деп, теңдікті құрғақ сөзден күтсек, қазірде қару-жарақты, қылышты, мылтықты қалпыңмен қаны бір, жан-тәніңнен жаралған Алаштың ардагерлері Жетісуда атаман Анненковпен тізе қосып, жауыңа қаһарын төгіп, Әлібек, Рүстем, Әлилер жүр. Олар соғыста жалғыз емес. Алашыңның атында Абылайдың ақ туын желбіреткен он полкің бар. Ертеңгі күні қосымша қылып төрт полкіңді жіберткелі отырсың. Бұлар кімдер? Еліңнің ерлері! Ел намысын қолына алған, ар-намысын сақтау үшін қан майданда қарсы тұрып, бостандықты күшпен алып, іргелі жұртшылықтың іргесін қалаушылар! Жасайды жұртың, көркейеді елің, өркендейді Алашың!».

Алаш полкін шығарып салу салтанатында полковник Хамит Тоқтамысұлы бүй дейді: «Сендердің міндеттерің айқын: Сары Арқаның даласы үшін, Сары Арқаның халқы үшін. Теңдік үшін күреске шықтыңдар, батырларым! Біз ұлы қазақ халқы үшін, Алаш үшін қанішер балшабайлармен соңғы деміміз қалғанша соғысамыз. Егер ол жолда қаза болса – шәйітпіз. Егер жеңсек, жасасын халқымыз, жасасын Алаш! … Күрессіз жеңіс жоқ, қан төгіссіз бостандық жоқ. Сендер бабаларымыз – Абылай хан мен Кенесарыны естеріңе түсіріңдер!».

«Теңізді тамшысынан таны» деген, осы жоғарыдағы үзіндіден-ақ  Мұхтызар пьесасының тарихи мәні, танымдық маңызы айқындала түседі.

Қазақ драматургия тарихында киіз үйде қойылған «Еңілік-Кебектен» (М.Әуезов) ұлт театры сахнасы шымылдығын ашқан «Алтын сақинаға» (Қ.Кемеңгерұлы) дейінгі драмалар ел тұрмысының кейде күрделі, кейде көлеңкелі жағын халық арманымен сабақтастыра суреттесе, «Мұрат үшін майдан» – отандық драматургиядағы тың серпіліс, идеологиялық темірқазық еді.

Ұлттың қайғы-шері басылмаған кезеңде, халықтың елдік арманы орындалмаған шақта өнер елдің басын қосатын, ұйыстыратын құралға айналса, бұл оның әу бастағы мақсатынан жаңылғаны емес, қайта діттегенін орындағаны. Өйткені халықсыз – өнер, өнердің сүйемелдеуінсіз халық жоқ.

Сонымен, Мұхтызар Титақұлының «Мұрат үшін майдан» пьесасының тарихи миссиясы мынау еді:

  1. Ел үшін аса жауапты кезеңде көркемөнер күшімен тарих тағылымын түсіндіру, ұқтыру;
  2. Алаш мұраты мен тұлғалары арқылы жастардың рухын ояту;
  3. Жеке адам, тұлға ретінде өткен оқиғаға өз көзқарасын білдіру.

Мұның қай-қайсы да сәтті шыққанын туынды қолжазбасын оқып отырып көз жеткіземіз. Басқасын былай қойғанда, көзқарасы тұрғысынан жалғыз қалса да, Мұхтызар Алаш мұратын осылай түсінгені үшін кінәлі ме еді?..

Тап бүгін, «Мұрат үшін майдан» драмасының жазылғанынан бері 78 жыл уақыт өтіпті. Бұл аз мерзім емес. Тәуелсіздігімізге 22 жыл толғаны тағы да белгілі. Ал, содан бері Алаш мұраты туралы пьеса жазылды ма? Жазылмапты! Жалпы бұл тақырып өзекті ме? Өзекті!..

Осы туралы ойланамыз да, «Мұрат үшін майданның» тарихи орнын тағы да бір рет бағамдаймыз.

Біз ұлт мұратын білуге зәруміз! Меңгеруге мұқтажбыз! «Мәңігік ел» мұратының бір тетігі осында…

Төменде сол мақсатта А.Ырысбекұлы әзірлеген, аталған драма қолжазбасын оқырманға ұсынамыз.

 Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор

 

 

Мұхтызар  ТИТАҚҰЛЫ

«МҰРАТ ҮШІН МАЙДАН».

(Пьеса 1935 жылы 1 қарашада жазыла бастап,  1936 жылы 29 ақпанда аяқталған).

Төте жазудан қазақшаға аударған –  Мұхамедқазы Мұхамадиұлы, Халық ағарту ісінің үздігі, тарих ғылымдарының кандидаты,  доцент    

4 перделі 6 суретті  күйлі драма

Оқиға Семей қаласындағы  Алаш Орда өмірінен алынып, жазылған.

Оқиғаға қатысушылар:

1. Әлихан  /Бөкейханов/; 2. Міржақып /Дулатов/; 3. Халел /Ғаббасов/;4.Жүсіпбек /Аймауытов/; 5. Әлімхан /Ермеков/; 6. Ике /Әділов/; 7. Жақып /Ақбаев/; 8. Мағжан /Жұмабаев/; 9. ШаҺкәрім /Құдайбердиев/; 10. Райымжан  /Мәрсеков/;    11. Мұхтар /Әуезов/; 12. Алаш полкінің командирі- полковник  Хамит Тоқтамысұлы;    13. Жас ақын – Сұлтанмахмұт  /Торыайғыров/; 14.Орыс офицерлері (полковниктер);  15.Алаш Ордашыл жас интеллигенттер; 16.Мұсатай бай /Молдыбаев /.

 

Семей қаласы, күз мезгілі, 1918 жыл. Қызылдар төңіректің төрт бұрышынан жымқыртып, ақтардың әлсіреуге бет алып бара жатқан шағы.   Алаш Орда отауының іргесі құрылып, жылдық мерекесін еске түсіру үшін Алаш Орда азаматтарының жасаған сейіл кеші. Кең зал, көзге көрік бергендей әйнектерде үлкен сүлгі перделер, төрдегі қабырғада  кісі бойындай айналар, қараушы халықтың қақ маңдайындағы ұзыннан-ұзақ созылып тартылған үстелдер үстінде толған қызыл, ақ шараптар, көздің жауын алатын түрлі дәмдер. Жағалай тізіліп отырған ақгвардияшыл орыс офицерлері мен олардың ханымдары,  бай саудагерлер,   Алаш Орданың жас қазақ   интеллигенттері, араларында татар көпестерінің гимназист қыздары да көрінеді. Былайша айтқанда, байманап ақсүйектердің, Алаш Орда азаматтарымен бас қосқан үлкен, зор, думанды кеші.

Қараушы халықтың қақ маңдайындағы ұзыннан- ұзақ құрылған үстелді жағалай отырғандардың тап ортасында,  Алаш Орданың үкіметінің төрағасы – Әлихан. Перде ашылғанда, отырған халық жым-жырт күйде. Біраз тым- тырыстан соң, Әлиханның қатарында отырған Халел орнынан тұрып, қоңырауды шылдырлатып, сөзге кіріседі.

Халел:

Құрметті әскер басы төрелер, ақсүйек офицерлер, ардақты халқым, елім, қаның бірге қазағым! Қазақ елі өз алдына Алаш атты партиясын құрып, «Абылайдың ақ туын» қолына алғалы міне,  бір жыл толды. Сол күнді, сол сағатты еске түсіру үшін, Алаштың әнұранын айтуды ұсынамын. (отырған жұрт бір кісідей түрегеліп, Алаштың әнұранын орындайды).

Алаш туы астында,

Біз Алаштың баласы.

Көгіміз көгерді,

Сары Арқаның даласы.

Құрт аурудай жайлаған,

Құртпаққа бізді ойлаған,

Қанымызға тоймаған,

Қолымызды байлаған,

Ерімізді айдаған,

Елімізді лайлаған,

Жерімізді шимайлаған,

Өшті залым қарасы.

Жасасын, Алаш жасасын!

Алаш туы астында,

Қолдайтын Алаш бабамыз.

Берілгенде тілектер,

Жарылмай ма жүректер.

Заң жасайтын орынға,

Жұртпен бірге барамыз,

Қатардан орын аламыз.

Жасасын, Алаш жасасын!

Алаш туы астында,

Куә болсын арымыз.

Көркейтуге Алашты,

Құрбандық біздің жанымыз.

Былай тұрсын малымыз,

Алаш деген Ел үшін,

Сары Арқаның жері үшін,

Бостандық берген Ер үшін,

Төгілген біздің қанымыз.

Аялмасын жанымыз.

Жасасын, Алаш жасасын!

Алаш туы астында,

Өлсек, бірге өлдік біз.

Не жақсылық, не қайғы,

Көрсек, бірге көрдік біз.

Ішкі жанжал, таласты,

Күншілдік пен қарасты,

Мына жерге көмдік, біз.

Жасасын, Алаш жасасын!

Алаш туы астында,

Күн сөнгенше, сөнбейміз.

Енді ешкімнің Алашты,

Қорлығына бермейміз.

Адамдықтың жолына,

Бастаған Ерлер соңында,

Басқаға көңіл бөлмейміз.

Қандай шайтан келсе де,

Алдауына ермейміз.

Өлер жерден өттік, біз,

Бұл заманға жеттік, біз,

Жасайды Алаш еліміз.

Жасасын, Алаш жасасын!

(Әнұран айтылып болғаннан кейін, жұрттың бәрі орындарына отырады. Халел сөйлей береді).

Халел:

«Жұртым! Әлеумет! (дауысын көтеріп) Қазақ сынды еліңнің Алаш партиясы құрылып, міне толық бір жыл толды. Бұл жылдың ішінде, азаматтарың аз міндет атқарған жоқ. Сары Арқаның даласындағы қазақ баласының басын қосуға тырысты. Ел болып бірігу үшін,   жұртың көктен шабуыл ұран салып, айтыс- тартысқа түсті. Теңдікті алыстан іздеп, жақыннан күттің. Уақытша үкіметке қол созып, қазіргі күнде жаныңда көршілес Омбы қаласында отырған, Сібір шеңберіне қанатын жайған қаҺарман -Адмирал Колчакпен үнді бірге шығарып, қол ұстасып, ортақ жауды қалай құрту шарасына кірісіп отырмыз. Бұрын, «Сары Арқа жеріміз бар, Сары Арқада Қазақ еліміз бар» деп, теңдікті құрғақ сөзден күтсек, қазірде қару- жарақты, қылышты, мылтықты халқыңмен қаны бір, жан-тәніңнен жаралған Алаштың ардагерлері – Әлібек, Рүстем Әлилер Жетісуда, Атаман Анненковпен тізе қосып, жауына қаҺарын төгіп жүр. Олар соғыстағы жалғыз емес, Алашыңның атында «Абылайдың ақ туын» желбіреткен он полкің бар. Ертеңгі күні қосымша қылып, төрт полкіңді жіберткелі отырсың. Бұлар кімдер? Еліңнің Ерлері, Ел намысын қолына алған, ар- намысын сақтау үшін қан майданда қарсы тұрып, бостандықты күшпен алып, іргелі жұртшылықтың іргесін қалаушылар! Жасайды  жұртың, көркейеді елің, өркендейді Алашың. Жасасын, Алашың, жасасын.  (отырғандар құрмет көрсетіп, қуана қол шапалақтайды )

Халел: (ақырын жөткірініп)

«Алаш Орда үкіметінің бір жылға толған құрметті мерекесінің ашылуымен қабат, Алаш алдындағы мақсат, қазіргі хал- күйі, Алаш Орда үкіметінің маңызы және алдындағы мақсаттары туралы сөз, ел бастаған көсеміміз, жұрт бастаған данышпан шешеніміз, Алаш Орда үкіметінің басшысы – Әлихан Бөкейханұлына беріледі».(отырған жұрт ду қол шапалақтайды, біраздан соң, Әлихан сөйлейді).

Әлихан: (орнынан маңғаздана көтеріліп, жан-жағына қарайды)

«Ардақты  халқым! Қаның бірге, Алашым!  «Сары Арқа сары бел үшін, Сары Арқадағы ел үшін» аттылы- жаяулы «Абалайдың ақ туының» астына жиналу керек! Іргелі жұрттың, ерікті Отан боларыңда қорған алу керек!  Қаны бірге Елім,  Алашым! Сен жалғыз емессің, жәрдемшің, жолбасшың мығым. Адмирал Колчак  маған берген уәдесі бойынша, бізді Ел қылмақ. «Алаш» атты тіккен отауыңның тасын өрге домалатпақ, іргесін ұлғайтпақ!  «Абылай сынды атаңның ақ туын» Алаш Орданың маңдайында желбіретпек! (Сөз аяқталғанда, Алаштың әнұраныныңәуені естіліп тұрады).

 

Мезгіл 1918 жылдың қазан-қараша айларының шамасы. Алаш Орда үкіметінің кеңсесі. Бірінші бөлме, одан жоғары  Алаш Орданың ағасы отыратын кабинет. Кабинет іші көркем. Төрдегі ұзыннан-ұзақ жабылған үстел,қызыл күрең түсті мақпал барқытпен малынған, үстінде әдемі-әдемі жазу саймандары -қоңырау, графин тағы-тағылар, адам кірсе шыққысыз сондай бір таза кабинет. Қабырғада адмирал Колчактың, атаман Анненковтың және Алаш Орда азаматтарының суреттері ілулі тұр. Кабинеттің іші толы Алаш Орданың басшылары және ақсақалдар. Ортаға, Алты бірдей тұтқынды бірнеше сарбаз дедектетіп, сүйретіп әкеледі. (Әлихан орнынан жайлап қана тұрып, көпшілікке қарата сөйлейді).

Әлихан:

«Құрметті Алаш Орда үкіметінің мүшелері, ардақты әскер басылар, бауырларым, күндерім! Тығыз түрде, құпия ретте бас қосқан кезексіз мәжілісті «ашылды»  деп, жариялаймын! Құрметті ағызалар,  бауырларым!!!              (аз пауза) Қилы- қилы заман болып, қарағай басын шортан шалып, азамат басына күн туды. Сондықтан, маған қазіргі қаралатын мәселені жариялауға ұлықсат етіңіздер! Бірінші мәселе: «Қазірде тұтқынға алынып отырған большевик бастықтарына және Совдеп мүшелері араңнан шыққан балшабай қазақтарға не шара қолдану туралы». Екінші мәселе: «Айналамызды жан түршіктіріп, қамаумен қабат, Алаш Орда үкіметін ажыратып, сақтау қамы». Айтылған күн тәртібіне қосатындарың, қарсылықтарың бар ма?(жан жағына ойқастап қарайды. Өзгеріссіз, алынсын деген дауыстар естіледі). Олай болса, күн тәртібі «алынды» деп, санаймын».Я… (тамағын кенеп жан-жағына сабырмен қарайды, аз пауза.) Дүние теңселді, біз әлсіредік, бұзықтық істеп, ойдан- қырдан құралған қулар, жұмыскердің алдына салып, фронттағы хахолдың балаларын оларға серік қылып, бүкіл Ресейге бүліншілік тудырып, Петроград, Мәскеу сықылды қалалардан бастап, Еділ-Жайықты жаншып өтіп, кешегі күні Омбыны алып отыр… Я… (тамағын кенейді) Көбің большевиктер партиясының не мақсат көздейтінін жеткілікті түсінбеген де боларсыңдар. Аз сөзбен айтып ұғындырсам, большевик партиясы дегеніміз-коммунистердің партиясы. Былайша айтқанда, бұзақылар партиясы. Олардың программасында меншікті дүние болмасқа керек, жер мен суды, малды, жанды ортаға салуларың керек.(сәл қатуланып)Керек десеңдер, әйелдеріңе де ие бола алмайсыңдар. Е… (тамағын кенеп, жан-жағына қарап, дауысын көтеріп),Сонымен, коммунистік партияның не мақсат, қандай мұрат көксейтінін іштей сезген боларсыңдар. Ардақты ағызалар, сол большевик жауыздар өз арамызда да жоқ емес, бар. Алтау- жетеуді тұтқынға алып та отырмыз. Қазіргі тексермек әңгімеміз, солар туралы, соларға қолданатын шара туралы. Иә, олар кімдер дейтін болсаңдар, (тұтқындарға қарап) Разумза, Тимошенко, Радлов. Бұлардың ішінде қазақтан да жоқ емес. Араңнан шыққан доңыздарың бар, (дауысын көтеріп) Тасболатов, Кедейшин, Қарманов тағы басқалар…. Ерін сатқан, елін сатқан міне, бұларға не істеу керек? Қазірде, қарайлайтын шақ емес, идея жолында әкесі баласына, баласы әкесіне бұрылмайды. Мұны бірден біліңдер. Ел қорғау жолында құрбансыз болған емес. Сондықтан, тұтқындағы алтау туралы, осы отырған кеңес қолданатын шарасы, Алаш елі атынан айтатын, үкімін шығару керек.(Әлиханжан-жағына маңғаздана қарап, тамағын кенеп) Е… деп, бұл туралы тағы сөйлейтіндер бар ма?».

Халел:

«Азамат! Ақсақал, қарасақалдар! ( көзімен көпті шолып өтті.) Менің айтпағым… (сұқ саусағымен көрсетіп) мына жауыздар туралы, Тасболатов, Кедейшин, Қарманов тағы-тағылар, бұлар кімдер? Елін сатып, ерін жаншып, ел намысынан безгендер. Бұлар, қайғыменен шерленген, қара күнде селденген Алаш баласын аздырмаққа ойланғандар. Бұлар, қара басының қамы үшін, рулы елін сатып, ұрпағын құртамын деушілер. Олай болғанда, бұларды аяу жөн бе? Жоқ, орындарына жіберу, дұрыс па? Осы отырған азамат! Бұл сұрақтарға тезінен жауап табуға міндетті. Менімше, сөз қысқа, жауыздардың қылмысы айқын. Олар қылмыстарына қарай, жазасын тартуға тиісті. Сондықтан, (дауысын көтеріп) ұсыныс біреу-ақ, тұтқындағы алтау атылуға тиіс. Олармен, қазақ елі жасай алмайды. Олар, мыңды айдаған байыңды, ақсүйек төреңді, көмейсіз шешен биіңді құртамын деушілер. Олармен кемтігің толмайды. Олар атылатын болса, алты Алашта алты қатын буаз болар. Алты Алаштың жолында, тұтқындағы алты адам әлпештеген……… байдың садағасы деп атамыз. Тұтқындағы алты адам туралы шығатын үкім тез орындалуын қуаттаймын» деп, сөзін бітірді.

Міржақып: (ортаға шығып)

«Азамат! Қазірде тұрмыстың толқыған кезі, дүниенің теңселген шағы, ат басына күн туып, ауыздықпен су ішер, ер басына күн туып, етігімен су кешер шақ. Қазірде, ел күңіреніп, ер қажып, жау жетті дейтін шақ. Қазірде, ел еркіндігі үшін, батыр батылдығына, данышпан ақылдылығына (дауысын көтеріп) елім деген азамат, ерік-қайратына сүйенетін шақ. Ел қорғау, отан қорғау ісі-оңай іс емес, жұмылған көптің, қажусыз білектің қайратында болатын іс. Бұл жолда, қан төгіліп, ер кетпекші, ел күңіреніп, не жетпекші. Азамат! Біз, тағдыр шешейік деп отырмыз. Алты адамның орнын жоғалтуды қарап отырмыз. Бұл жұмыс оңай іс емес, тағдырын шешу қиын. Алты бірдей адамды, алты минутта жоғалту тарихта бір із қалдыратын іс. Сондықтан, алты бірдей адам жоқ болғанда, не үшін жоқ болады. Оларды жоқ қылғанда, не үшін жоқ қыламыз. Кеп осында. (дауысын көтеріп) Атылатын алты адам, қара бастарының қамы үшін, қаны бірге елін қансыратуға қам еткендер. Алты минутта жоқ болатын алты жан, алты Алаштың баласын алты рулы елге сатушылар. (дауысты көтеріп) Азамат! Сондықтан, алты миллион елі бар, Сары Арқа сары белі бар алты Алаштың атынан аластатылған алтауға айтылатын үкім, мынау болу керек. Қаны бірге қазағын қаралы күнге сатушы, ел бостандығына қарсы тұрып, рулы елін жоғалтамын деуші алтаудың өлімі, еркіндігін көздеп, бостандығын іздеген, Отанын қорғап, іргелі жұрттығын көксеген қазақ елінің қамы үшін деп атамыз. Азамат, ұсынысым біреу- ақ» деп, сөзін бітіреді. (Оның соңынан іле-шала),

Полковник Тоқтамысов:

«Азамат, біз әскерміз, біздер соғыс адамымыз! Біздердің тәрбиеміз- жауды жеңсек, жеңісіміз. Өлсек, өлу біздің жолымыз-қанды жол. Қазір, тұрмыс бұзылды, дүние теңселді. Біздің жалпы тілектес-серіктер Колчак, Дутов дейтіндер қойдай тозып, бытырай бастады. Үміт күткеніміз тек Жетісу фронты, атаман Анненков. Ол әзір беріле қойған жоқ. Бізбен, көппен бірге қан майдан топырағында ойнақ салып жатқан Алаштың он полкі бар. (дауысын көтеріп) Ертеңгі күні ақырғы полкіммен Жетісу фронтына қосылу үшін аттанамын. Алдымдағы жау беттегі кезеңде, кезектесіп жау большевиктер жүр. Олай болса, қолдағы отырған алты большевикті артыма тастап кете алмаймын. Олар алтау емес, он, он емес жүз, қармағыма іліккенін қанды қылмай кетпеймін. Тұтқындағы большевиктер туралы алдағы сөйлеп өткендер  үкім шығару туралы пікірлерін айтып еді, мен де сол пікірге қосылып, бүгін түннен қалмай үкімнің орындалуын қуаттаймын» деп, сөзін бітіреді.

Әлихан:

«Тағы сөйлейтіндерің бар ма, жоқ болса, дауысқа қоямын». (жан- жағына қарайды) Сөйлеуші жоқ. (cахна жайлап жабыла бастайды)

1918 жылғы Семейдегі аласапыран. Ақтардың әлсіреп, оларды қызылдардың жан-жақтан қыспаққа алып, жеңе бастаған кезі.Қыс уақыты, шамамен қараша айы. Жетісу фронтына «Алаш полкін» аттандырып  салуға арналған, Алаш Ордалықтар мен орыс офицерлері ұйымдастырған салтанатты митинг.

Сахнаның ашылар сәті таянғанда, оркестр ақгвардияшылардың маршын ойнайды, офицерлердің дауыстары естіле бастайды: бір, екі, бір, екі аяқ дүбірі. Барлығы тоқтатылады да, сахна ашылады. Сахна – қаланың ортасындағы үлкен алаң. Жағалай тізіліп тұрған қазақ және ақгвардияшыл орыс офицерлері мен олардың ханымдары,  бай көпестер, Алаш Орданың жас интеллигенттері, араларында татар көпестерінің гимназист қыздары да көрінеді. Алаңға  қойылған трибунада Алаш Ордалықтар – Әлихан, Міржақып, Халел, Әлімхан, Жақып, Тынышбаев және жастардан Сұлтанмахмұт тұр. Қатарларында орыс полковниктері де бар.Трибунаны «Алаш полкінің» қарулы сарбаздары айнала қоршаған.

Әлихан: (жан-жағына маңғаздана қарап)

«Құрметті ағызалар, бауырлар!  Февраль төңкерісі болды, патша тағынан түсті, бүкіл Ресейдің қол астындағы халықтарға еркіндік тиді. Бостандық болды. Теңдік алды. Бүгінде, Патшаның отаршылдық саясатында езілген елдер теңдікті алуға шабысты. Өз тізгініне өзі ие болып, бөлек Автономия, жұрт болуға қамданып, Құрылтай съезінің даярлық ісіне кірісті. Сол езілген елдің бірі-біздің қазақ елі де, өз алдына «Алаш» атты партия құрып, «Абылайдың ақ туын» қолына алып, Отан болуға қалып еді. Қазіргі уақытта, жалпы Ресейді бүліншілік басты, астан-кестен дүние болды. Қызыл-қырман соғыстан ер күңіреніп, ел күйзелуге айналды. Қазірде, арқа тірерлік дүние қалған жоқ. Керенский шапанын арқалап, граница өтіп, ол кетті. Бүкіл Сібір өлкесіне «Әзіреті Ғалидей үкімін жүргіземін» деген Колчактан да мән шықпады. Атағы шыққан, үміт күткен генерал Дутов болса, бордай тозып, әскеріне ие бола алмай, ол барады. Жалғыз үміттенетініміз-Жетісу фронты, Атаман Анненков. Бұрын, «Сары Арқа жеріміз бар, Сары Арқада қалың Қазақ Еліміз бар» деп, теңдікті құрғақ сөзден күтсек, қазірде қару- жарақты, қылышты, мылтықты халқыңмен қаны бір, жан-тәніңнен жаралған Алаштың ардагерлері – Әлібек, Рүстем Әлилер Жетісуда, Атаман Анненковпен тізе қосып, жауына қаҺарын төгіп жүр. Олар соғыстағы жалғыз емес, Алашыңның атында «Абылайдың ақ туын» желбіреткен он полкің бар. Ертеңгі күні қосымша қылып, төрт полкіңді жіберткелі отырсың. Бұлар кімдер? Еліңнің Ерлері, Ел намысын қолына алған, ар- намысын сақтау үшін қан майданда қарсы тұрып, бостандықты күшпен алып, іргелі жұртшылықтың іргесін қалаушылар! (ерекше екпінмен) Жасайды  жұртың, көркейеді елің, өркендейді Алашың. Жасасын, Алашың, жасасын. (шартта- шұрт шапалақ ұрылады.Құрмет басылғаннан кейін),

Трибунаның жанындағы Тоқтамысовтың артында 4-5 қазақ және орыс офицерлері сап түзеп тұр. Штаб бастығы командирлермен ақырын сөйлеседі де, дереу бұйрық береді: «Полк, тік тұр» деп, полковник Тоқтамысовқа тағзым етіп, мәлімдеме жасайды. Тоқтамысов мәлімдемені қабылдап алады.

Штаб бастығы:

«Полковник мырза, полк толық жиналды және майданға аттануға әзір!»(Полковник Тоқтамысов көтеріңкі дауыспен) «Полк, тік тұр» деп, трибунаға көтеріледі де, Алаш Орданың төрағасы Әлихан Бөкейханұлымен сыпайы түрде сыбырлап қана сөйлеседі. (жан-жағына қарап, тамағын кенеп, сөзге кіріседі).

Полковник Тоқтамысов:

«Бауырларым, қаны бірге Алашым, халқым менің, арыстандарым менің, өскелең ұрпағым менің! Бүгін, міне өз еліммен, өз жеріммен және сендердің мейірімді ата-аналарыңмен қоштасып тұрмын. Үлкен-кіші бауырларым, сендер бостандық алу үшін қан майданға аттанып бара жатырсыңдар. (тамағын кенеп, жан жағына ойқастай қарайды) Сендер, Алаштың сенімді ұландарысыңдар, менің арыстандарым. Сендердің күш-қайраттарың тасып ,  ерік-жігерлерің жанып тұр. (көтеріңкі дауыспен) Сендердің міндеттерің айқын, Сары Арқаның даласы үшін, Сары Арқаның халқы үшін, теңдік үшін күреске шықтыңдар, батырларым.  Біз, ұлы қазақ халқы үшін, Алаш үшін, қанішер балшабайлармен (большевиктер) соңғы деміміз қалғанша соғысамыз. Егер, осы жолда қаза болсақ, шейітпіз. Егер, жеңсек жасасын халқымыз, жасасын Алаш! Сендердің ата-аналарың мен сүйікті жарларыңды біз сендердің ағаларың өз қамқорлығымызға аламыз! Сөзімнің соңында айтарым, күрессіз жеңіс жоқ, қан төгіссіз бостандық жоқ. Сендер,  бабаларымыз -Абылай мен Кенесарыны естеріңе түсіріңдер. Олар-өз халқы үшін, айқасқа шыққан батырлар. Сендерге, нағыз ер жүрек батырларымызға, Алаш жолында аталарың «Абылайдың ақ туын» көтеруді сеніп тапсырамыз. Егер жауды жеңсеңдер, халқымыздың гүлденген өмірін көресіңдер, егер жеңілсеңдер, сендердің жандарың құдай алдында таза. Біз сендерге ақ жол тілейміз, жасасын біздің батырларымыз,  жасасын туған халқымыз, жасасын туған жеріміз, жасасын Алаш, жасасын! (Сөз аяқталады да, әуен ойналып, Алаштың әнұраны айтылады).

   (Жалғасы бар)

* Пьеса туралы ақпарат берген және оны тауып, алып шығуыма бағыт-бағдар сілтеген, 2012 жылғы Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Құсмілия Нұрқасымға және республикалық «Абай» журналының бөлім меңгерушісі Мұрат Кенемолдинге үлкен рахмет айтамын!

                          Айдын Ырысбекұлы,   Алаштанушы,  ”Туған қалам – Семейім” ҚҚ президенті     

“ҚАЗАҚ ҮНІ” газеті 

www.qazaquni.kz                                                                                                                                                                                                                                  

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5570