Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3838 0 пікір 5 Ақпан, 2014 сағат 13:59

Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ. БИШІ ҚЫЗДЫҢ БИІГІ

1-сурет. Кішкентай Гүлстан жаңа жылдық шырша тойына келген Президентпен бірге. Қарағанды, 2000 жыл.

 2-сурет. Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің магистранты Гүлстан Омарова. Астана, 2014 жыл.

 

Көптен күткен күн

1-сурет. Кішкентай Гүлстан жаңа жылдық шырша тойына келген Президентпен бірге. Қарағанды, 2000 жыл.

 2-сурет. Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің магистранты Гүлстан Омарова. Астана, 2014 жыл.

 

Көптен күткен күн

Би тобына бес жасынан барған Гүлстан арада әлі де сол нәзік өнерден қол үзген жоқ. Өмірдегі жетістігінің барлығы да бимен байланысты болып келеді. Әсіресе би арқылы шыққан алғашқы биігінің жөні бөлек.
2000 жылы Қарағандыдағы М.Жұмабаев атындағы №39 мектеп-гимназиясының 3-сыныбында оқитын оқушы қызға жаңа жыл қарсаңында ұстаздары әрі қуанышты, әрі қобалжытатын жаңалық жеткізді. Қалада өтетін Шырша тойына Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысатын болыпты. Ал Гүлстан Омароваға сол мерекеде жаңа жылдың иесі – Жылан кейпіне еніп, мың бұралған қимылымен көрерменді таңырқату жүктеліп отыр. Әрине, бас айналдырар бақ мыңдаған баланың арасынан өзіне қонғанына ол барынша қуанышты еді. Алайда биді біршама меңгергенімен, үлкен сахналарға әлі бой үйретпеген кезі. Оның үстіне Елбасының өзі келіп тамашалайтынын ойлап, орасан жауапкершілікті сезінді.
 Гүлстан көп ойланбастан дайындыққа кірісті. Төрт жылдан бері қабілетін оятып, шеберлігін шыңдап келген «Шолпан» би ансамбліндегі жетекшілері белгіленген бір ай ішінде бәріне үлгеру үшін күндіз-түні тыным тапқан жоқ. Киім тіктірумен, ән жаздыртумен, қимыл-қозғалысты ширатып, жаңа үлгілерін үйренумен әуреленіп жүргенде күткен күн де жетті.
21 желтоқсан күні таңертең Қарағандыдағы «Қиял әлемі» орталығындағы Президенттік шыршаға жиналған балалардың күлімдеген көздерінен айрықша кездесуді асыға күткені аңғарылып тұр. Әсіресе ай бойы жаны жай таппаған кішкентай Гүлстанның көңіл-күйі тіптен бөлек.

«Әлгі «жылан қыз» қайда?»

– Басқаларға қарағанда менің қатты алаңдағаным әлі күнге есімнен кетпейді. Нұрсұлтан ағаны барлығымыз шуылдай қарсы алдық. Аса қадірлі қонақ арнайы орынға отырған соң сахналанған көрініс те басталып кетті. Дайындалған қойылымдарға сәйкес жылан киімін киген мені ертегі кейіпкерлері Ертөстік мен Алпамыс көтеріп әкелді де, Аяз ата мен Қарша қызға тапсырды. Жаңа ғасырдың символын құрметпен қарсы алған олар жылы лебіздерін білдіріп жатты. Содан кейін мен әнімді айтып, би биледім. Думанға ұласқан концертіміздің соңында Елбасының ерекше ризалықпен қол соққанын байқадым. Кезек торт таратуға келгенде Нұрсұлтан Әбішұлы оны өз қолымен кесті де: «Әлгі жылан қыз қайда? Жылан қызды шақырыңдар, тортты бірінші сол жесін», – деді дауыстап.  Нұрсұлтан ағаның шақырғанын ести сала жүгіріп бардым. Қолымды алып, рахметін айтқан Президент әкемнің атын, қайда оқитынымды сұрады. Тортты беріп тұрып, өнерде де, өмірде де биікке жетуіме тілектестігін айтқанда төбем көкке жеткендей қуандым. Басқа балалардан бөлек суретке де түстік. Жүректері жарылардай қуанған әке-шешем Қанат пен Гүлнар Нұрсұлтан Әбішұлымен түскен суретімді оншақты дана етіп шығарып, үйіміздің барлық бөлмесіне іліп қойды.
Гүлстанның өнердегі жолы осылай ашылып жүре берді. Облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға бақ сынауға барған сайын Елбасыдан естіген тілегі құлағында тұрғандай сезінетін. Сөйтіп,  сынаққа түскен сайын барын салып, қазақтың ұлттық биін бар нақышымен жарқырата көрсетуге ұмтылатын.

Шыңға шыққан «Шолпан»

Құрамында Гүлстан Омарова да бар «Шолпан» би тобының соңғы оншақты жылда бағындырған биіктері орасан. Ең алғаш №39 орта мектеп базасында қазақ балалар би ансамблі ретінде құрылған «Шолпанның» ұлттық мәдениеттің үздік үлгісін елге, шетелдерге танытпақ игі ниеті жүзеге асты. Ұлт көшбасшысымен бірге қарсы алған жаңа ғасыр бұл ұжымның жұлдызын биіктен жарқыратты.
2001 жылы Болгарияның Обзор қаласындағы  «Хоровод дружбы» халықаралық конкурсына барған шығармашылық топ 2-орын иеленіп, кәдімгідей арқаланып қайтты. Ел ішінде әжептеуір танылып қалған «шолпандықтар» үшін бұл халықаралық деңгейдегі алғашқы олжа еді. Кем-кетігін тез арада түзеген топ 2003 жылы Латвияның Юрмала қаласындағы  «Rainbow Stars» халықаралық фестивалінде өнер көрсеткенде  тәнті болған қазылар алқасы бас жүлдені талассыз берді. Ол ол ма, 2006 жылы  Испанияның Майорка аралында ұйымдастырылған VІ «Жастық» халықаралық конкурсында бірнеше жанр бойынша сайысқа түскен ұжым бірден 2 бас жүлдені еншілегенде би өнерінің биік шыңына шығып, тылсымын меңгерген испандықтардың өзі таңданыстарын жасыра алмады. Ендігі жерде қазақтың «Шолпаны» халықаралық аренада бәйгеден дәмелілердің басты қарсыласына айналды. Араға екі жыл салып, 2008 жылы Францияның Портбаил қаласында өткен халықаралық «Хрустальная лира» фестиваль-конкурсында 1-орын және «Көрермен көзайымы» жүлдесін еншілеп, талғампаз француздардың өзі таңдай қақтырды.
Дәл осы жылы айтулы ұжымға Президентіміз жас күнінде оқыған, Украинаның Днепродзержинск қаласында да өнерін көрсетудің сәті түсті. Қарағанды облысының Украинадағы мәдениет күндерінің аясында Днепропетровск, Днепродзержинск шаһарларын думанға кенелткен ұлттық топтың ұнағаны сонша,  украиндықтар да ұзаққа дейін қошеметін білдіріп, қимай қоштасыпты.

Жеңістер мен жүлделер

Араға бірнеше жыл салып Еуропаның төрінен жарқ етіп көрініп, шетелдіктерді таңғалдыру «Шолпанның» дәстүріне айналғандай.  2010 жылы Италияның Римини қаласына  «Виват, Италия!» халықаралық конкурсына барған шығармашылық топ тағы да 1-орын алды. Әдемілік пен сұлулықты ұштастырып, талант пен тапқырлықты тоғыстырып, би құпиясын еркін меңгерген «Шолпан» осыдан соң еуропалықтардың есінде ерекше сақталғаны күмәнсіз.
2011 жылы  Ташкенттегі Заманауи хореография мен спорттық пластика халықаралық бәсекесінде жүлделі орынды жеңіп алған топ 2012 жылы  Мәскеудегі  «Солнце в детских ладошках» халықаралық фестивалінде де бас жүлде алатын дәстүрінен жаңылған жоқ. Тура осы кезеңде  бұдан алты жыл бұрын барып таңдай қақтырып кеткен Испаниядан қайыра шақырту түскен. Льорет де Мар қаласындағы «OPUS – 2012»  халықаралық  конкурсында Гран-при мен 1-орын  тағы қазақтың «Шолпан» би-ансамбліне бұйырғанда өшпес өнер мен кетпес баққа бас шайқамаған адам кемде-кем.
Былтыр ғана Беларусияның Гомель қаласындағы  «Сожскі карагод» халықаралық фестивалінде 1-орын алып, әлемдік өнердегі өз орнын ешкімге бермейтінін тағы да дәлелдеген «Шолпанның» осы жеңістері мен жетістіктерінің барлығында біздің кейіпкеріміздің – би тобының 17 жыл бойғы талантты бишісі Гүлстан Омарованың сіңірген еңбегі ерен. Ал Еуропаны еліктірген әуен мен би қазақ мәдениетінің құнарын білдірсе керек.
Бұл – «Шолпан» би ансамблінің тек халықаралық деңгейдегі табысы. Құрылғанына 20 жыл толған би тобы  ел ішіндегісімен қоса есептегенде 19 рет Гран-при, 24 рет 1-орын иеленген екен. Әрине, мұндай үлкен ұжымда жеңіс ортақ екені белгілі. Бұл орайда «Шолпан» би-ансамблінің негізін қалап, Гүлстанды бес жасынан үйірмеге жетелеп әкелген анасының – әйгілі топтың көркемдік жетекшісі және балетмейстері, ҚР Білім беру саласының құрметті  қызметкері Гүлнар Омарованың еңбегін ерекше  атап айтуға тиіспіз.

Өрнегі өзгеше өнер

– 1993 жылы Қарағандыда құрылған «Шолпан» тынымсыз еңбектің арқасында осындай дәрежеге жетті, – дейді Гүлнар Меңдібайқызы. – Қазір бұл ұжымда 350-ден астам талапкер би үйреніп жүр. Қазақ халқының мәдениеті мен биіне баулитын топта шәкірттерді классикалық, эстрадалық, заманауи хореографиялық бағыттарда шыңдап жатырмыз. Қарағандыдағы ешбір шара біздің өнерпаздардың қатысуынсыз өтпейді. Бұдан бөлек Астананың онжылдық мерейтойында, елордадағы Қысқы Азия ойындарының ашылуында  «Шолпанның» бишілері өзгелерге ұқсамайтын өрнегімен елдің сүйіспеншілігіне бөленді. Елбасының да алдында бірнеше рет өнер көрсеттік. Қызым Гүлстанның би өнеріне жан-тәнімен құлай берілуіне Президентпен болған кездесу қатты әсер етті. Өз өнерінің арқасында Елбасымен жүздескен ол талантын тынымсыз еңбекпен ұштастыру арқылы өмірде мақсатқа жетуге болатынын ұғынды. Содан бастап шеберлігін шыңдауға құлшына кіріскен оның жұлдызы  «Шолпанмен» бірге жарқырап жанды.
2009 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне туризм менеджері мамандығы бойынша оқуға түскен балғын қыз көп ұзамай өз тұстары арасында даралана бастады. Алдымен қыз сыны бәйгесіне қатысып, «Университет аруы» атанды. Оқу орнының бас жүлдегері ретінде республикалық арулар бәйгесіне жолдама алды. Бұл сайыс тек келбетті әрі өнерпаз болуды ғана емес, ақыл мен парасатты, таным мен тапқырлықты талап ететіні белгілі. Өң-келбеті келісті, ой-өрісі жоғары бойжеткендердің бәсекесінде біздің кейіпкеріміз «Қазақстандық вице-мисс» атағын жеңіп алды.  Бүгінде Гүлстан Омарова Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің магистратурасында оқиды. Елбасымен кездесу өмірін өзгеше арнаға бұрған ару қыздың шығар биігі әлі алда.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572