Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4628 0 пікір 5 Ақпан, 2014 сағат 07:50

Әбіш Кекілбаев. Кейде, шіркін, сол сабаз қазір тіріліп келсе ғой дейсің...

Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 125 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми конференцияда Әбіш Кекілбаевтың жасаған баяндамасынан үзінді (1998 жыл)

Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 125 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми конференцияда Әбіш Кекілбаевтың жасаған баяндамасынан үзінді (1998 жыл)

Ахмет Байтұрсынұлы әдеби мұрамызды жазуда, зерттеуде, насихаттауда арғы-бергі айтулы шығыстанушылармен қатар тұрады. Өнер мен мәдениет теориясын жасақтауда күллі түркі дүниесінде ең бірінші боп батыл қадамдарға бара алады. Оның «Әдебиет танытқышы» енді қаз тұра бастаған көбең әдебиет түгілі, әлем мойындаған кемел әдебиеттің өзіне де көрік қоса алатын сүбелі еңбек еді. «Маса» мен «Қырық мысал» өткелекте тұрған ұлт өмірінің ең зәру мәселелеріне ең дәру жауаптар іздеді. Ол бұрын ұтқыр да өткір шешен сөзге ғана құлақ асып қалған жұртшылықққа енді істің байыбына барып, мәселенің мәйегін аршып, еліктіре сөйлеудің орнына ежіктей сөйлейтін шынайы көсем сөздің үлгісін көрсетіп берді. Ағарту ісінде көп мәселеде әлемдік тәжірибеден алға оза әрекеттенді. Көп халықтарда енді талқылана бастаған, жәйттерге ол сонау ғасыр басында-ақ өз тұжырымын айтты. Кейінгі тәжірибе оларды дұрысқа шығарды. Қазақ тілінің дамуына жер жаралып, су аққалы бергі қалған қазақтың қосқан үлесі бір пара да, Байтұрсынұлының бір өзінің сіңірген еңбегі бір пара. Сол арқылы түркітануға да келелі үлес қосты. Жаңа жазу. Жаңа әліппе. Тұңғыш емле. Тұңғыш фонетика. Тұңғыш грамматика. Тұңғыш синтаксис. Тұңғыш терминология және әдістеме. Тіл ашарлар. Тіл танытқыштар. Тіл жұмсарлар. Ұлттық тіл біліміне түпкілікті темір қазық болар мәңгілік үлестер. Кейде күллі бір ұлттың талай ұрпағының қолынан келе бермейтін келелі істерді бір-ақ адамның тындырғаны танданбасқа болмайтын жәйт. Кейде, шіркін, сол сабаз қазір тіріліп келсе ғой дейсің. Бізге ұят болғанымен, ең үлкен мәртебеге енді ие боп, соны әлі дұрыстап игере алмай жатқан сорлы қазақ тілінің сауабына бір қалар еді-ау деп ойлайсың. Бұл мәселедегі бір кездегі өзі айтқан, «Торғайға атып, шырғайға тигізіп, шырғайды атып, торғайға тигізіп» жатқан талай олқылықтарымызды күйзелсе де түзетіп, күйінсе де үйретіп берер еді-ау деп армандайсың. Бір ғана «ш» дыбысы мен «ш» әрпіне қанықтыру үшін «мынау сорлы шал, бойына назар сал, сақал-шашы ақ; қайратты шақ; баладан ада, қарадан таза: ауқаты - шабақ, сусыны - шалап, аяқта - шарық, қатқан аш, арық, шабақтан, шалаптан болсын ба қарық?»- деп, әлеуметтік тұрмыстың күллі бір эпопеясын көз алдыңа көлдеңен тартатын, тіл таныта отырып, тіршілік танытатын әліппелері, «бақ-бақ еткен текені қыс келгенде көрерміз, батырсынған жігітті іс келгенде көрерміз», «кісі бір көргенде бұлан, екі көргенде құлан, үш көргенде адам», «ексең егін, ішерсің тегін», «түбі бірге түтіспейді», «ойнаңдар, ойлаңдар» деп жататын тілашарлар, шіркін, салт өзгеріп, сана өзгеріп жатқан қазіргі заманда да көптеп шықса ғой, Ахаңдар казір арамызда жүрсе, баяғы «Қызыл әскер тіл ашары» сияқты «Кәсіпшінің тіл ашары», «Іскерлік тіл ашары», «Тәуелсіздік тіл ашары», «Демократия тіл ашары», «Әділет тіл ашары», «Кеңсе тіл ашары», «Билік тіл жұмсары», «Құқ әліппесі» қосылмасына, тіл тану құралдары тіршілік тану, заң тану, адам тану, қоғам тану құралдарына айналмасына кім кепіл? Сондай мемлекеттік тілдің жолындағы талай психологиялық тосқауылдың өз-өзінен аласталмасына кім кепіл? Ал, осы ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы та отбасында омалып қалған ана тіліміздің жоқ-жітігін айтып, күні-түні зарлап, қол қусырып қарап отырып алса, қазақ тілі мен ол туралы ғылымның әлі күнге кіндігі кесілмей, шырылдаған шарана халде жатпасына кім кепіл? Егер Ахмет Байтұрсынұлы осының бәрін сол кезде дүниеге келмек түгіл, әлі ешкімнің қиалына да келе қоймаған ұлттық мемлекет орнап, сол жасап берсін деп отырып алса, ұлттық мектеп, ұлттық баспасөз, ұлттық тіл тану, ел тану, өнер тану, өзін-өзі тану бүгінге дейін болар болмасына кім кепіл?

Иә, Ахмет Байтұрсынұлы- ұлттық дамудың талай жыл әбден тот басып қараусыз қалған, тіпті қараң қала жаздаған тегершігін бір өзі айналдырып көріп, мігірсіз қозғалысқа қосып берген, ертегінің ерлеріндей ерен тұлға. Туған халқының рухани жаңғыруының сырын тап ондай біліп, сол жолда қалтқысыз еңбек етіп, мәңгі ескірмейтін ағыл-тегіл мол үлес қоса алған қайраткер қазақ топырағында оған дейін де, одан кейін де болған емес.

Ықшамдалған  нұсқасын дайындаған М. Дарменова

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572