Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Саңлақ 2010 0 пікір 16 Тамыз, 2024 сағат 13:07

Олимпиадада бокс енді болмай ма?

Коллаж: Abai.kz

Олимпиада бітті. Бірақ дау бітпей жатыр

ХХХІІІ Жазғы Олимпиялық ойындар да тарихқа айналды. Алтын, күміс, қола жүлдегерлер өз елдерінде мақтау-марапатқа бөленіп жатыр, жүлделі орынға іліге алмағандар соның себептерін іздеп, кемшіліктерді зерттеу үстінде, жанкүйер жұрт келесі Олимпиадаға үміт артып, болашақ табыстарға болжам жасап та үлгеруде. Дегенмен кеше ғана аяқталған Париж Ойындары нәтижесін қайта қарағысы келетіндер де бар екен.

Армян балуаны алтын даулайды

Армения Парижде ешқандай алтын медаль ала алмады. Бұл ел спортшыларының қоржынында үш күміс, бір қола ғана бар. Алайда Армения ұлттық олимпиялық комитеті (ҰОК) грек-рим күресінің 97 келі салмақ дәрежесіндегі финалының нәтижесін қайта қарауды ұсынып отыр. Бұл жолда олар соңына дейін күресуге бел байлаған сияқты.

Сурет: reuters.com

Бұл салмақтағы шешуші сын 7 тамызда өткен болатын. Армян балуаны Артур Алексанян финалда ирандық спортшы Мохаммедхади Саравимен белдескен еді. Сарави 3:1 есебімен жеңіп тұрған кезде армян бапкері ирандықтың қимылында ереже бұзу болғанын айтып, төрешілерге белгі берген. Бірақ төрешілер күрес ережесінің еш бұзылмағанын айтып, белдесуді тоқтатпаған. Мұнымен шектелмей, армян жағы орынсыз қарсылық көрсеткені үшін, қазылар Саравиге тағы бір ұпай берген. Ақырында 4:1 есебімен ирандық жеңіске жеткен.

Алексанян өз наразылығын сайыс біте салысымен-ақ білдірді: «Мен мұнда тек алтын алуға келген балуанмын. Алуға мүмкіндігім болып та тұрды, бірақ төрешілердің не істегенін көрдіңіздер ғой. Белдесу барысында Иран балуанының екі аяғы да күрес алаңынан шығып кетті, мен дереу бапкерлеріме «қарсылық жасаңыздар» дедім. Негізінде, осы сәтте маған бір ұпай беруі керек еді, керісінше, Саравиге беріп жіберді. Мен мұны барып тұрған әділетсіздік деп есептеймін».

Көп ұзамай Армения ҰОК-ы да іске кірісті. Наразылық алдымен Халықаралық күрес федерациясына жолданды. «Біз бұл апелляциямызға жазбаша жауап күтеміз. Әділдік салтанат құруға тиіс!» деді Арменияның білім, ғылым, мәдениет және спорт министрінің орынбасары Карен Гилоян. Алайда Халықаралық күрес федерациясы финалда төрешілердің қазылығы әділ болды деп, апелляцияны қабылдамады.

Дау мұнымен бітпепті. Еліне оралған соң А.Алексанян журналистерге: «Алтын медаль менікі еді. Қазылар шешімін қайта қаратуға тиіспіз, бұған мүмкіндік бар. Бейнекөріністе барлық дәлел көрініп тұр. Халықаралық күрес федерациясы шағымымызды қабылдамай тастады. Бәлкім, проблема сол федерацияның өзінде шығар? Өз айыбын мойындағысы келмей отырған болар? Енді Халықаралық олимпиялық комитетке (ХОК) жүгінеміз. Бейнедәлелдерді қоса ұсынамыз. Сарапшылар зерттеп көрсін де, ақ-қарасын анықтасын» дейді балуан.

Армения ҰОК-ы бұл жолы да өз спортшысының бастамасын қолдап отыр. ХОК-тың апелляциялық комитетіне шағым да, қосымша бейнематериалдар да жіберілді. Олар не дейді – жақында белгілі болады.

Алайда, жоғарыда аталған спорт шенеунігі К.Гилоянның айтуынша, апелляцияны ХОК қабылдамай қойса да, армян жағы тоқтап қалмақ емес. «Біз финалда Алексанянның жеңгеніне сенімдіміз. Төрешілер әділ баға бермеді. Шешімді ХОК-тан күтеміз. Әділ шешім шығарар деген үміттеміз. Біз алтын медалімізді талап етуден танбаймыз, тіпті Лозаннадағы Спорттық арбитраждық сотқа дейін барамыз» дейді Гилоян.

Бір қызығы, армяндар ирандық балуан Саравиден алтын медальды тартып алуды көксемейді. Олар финалда белдескен екі балуанға да алтын берілуін талап етеді. «Олимпиадада мұндай жағдайлар бұрын да болған. Шешуші сайыста бір-бірімен терезесі тең өнер көрсеткен спортшылардың екеуін де чемпион деп тану үрдісі бар. Біз ирандықтың мойнындағы медальға жармаспаймыз, бізге өзімізге тиесілі алтынды берсін!» дейді Гилоян.

Бұл ұстанымды Алексанян да қолдайды. «Бұл жерде Саравидің еш кінәсі жоқ. Мәселе – қазыларда. Кімдер екенін айтпай-ақ қояйын, бірнеше төреші кейін маған келіп, кешірім сұрады» дейді балуан.

Биыл 32 жасқа толған Артур Алексанян бұдан әрі бозкілемге шыға ма, жоқ па – белгісіз. Ол түпкілікті шешімді мына апелляция қорытындысынан соң қабылдайтын сияқты. Егер Париждегі сайыс бұл спортшының алғашқы финалы болса, алтын даулайтын жөні бар-ау дер едік, бірақ Алексанян Лондонда (2012) – қола, Риода (2016) – алтын, Токиода (2021) – күміс, күні кеше Парижде (2024) – күміс медаль алған ардагер балуан ғой. Бәлкім, ол екі дүркін Олимпиада чемпионы атанғысы келетін шығар? Бірақ мынадай жолмен алған алтында қаншалықты қадір болар екен...

Сурет: Владислав Семенов

Олимпиадада бокс енді болмай ма?

Үнемі дау-дамайдан арылмайтын спорт түрінің бірі – бокс. Биыл да наразылар аз болған жоқ. Соның бірі – өзіміз. Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Махмұд Сабырхан, Айбек Оралбай, т.б. боксшыларымыздың жүлделі орынға іліге алмауының себебін әділдігі күмәнді қазылардың шешімінен көрдік. Біз сияқты өкініштен бармағын шайнаған басқа елдер де аз емес. Бәрін былай қойғанда тіпті әйелдер боксындағы интерсекстер (еркек гормоны басым қыздар) мәселесі де біраз шу болды. Екі интерсекс – Иман Хелиф (Алжир) пен Лиң Юй-тин (Тайвань) ақыры өз салмақ дәрежелерінде чемпион атанды.

Енді бокс Олимпиада бағдарламасынан мүлде алынып тасталады деп жатыр. Шыққанына біраз уақыт болған бұл қаңқу сөзді, міне, күні кеше ғана ХОК президенті Томас Бах та растады. Бірақ нақты шешім әлі қабылданбаған. Келесі жылы ХОК-тың кезекті конгресі өтеді. Мәселенің жай-жапсары сол кезде ғана нақтыланбақ.

Бұған қарамастан Лос-Анджелесте өтетін 2028 жылғы Жазғы Олимпиаданың бағдарлама кестесінде бокс қазірдің өзінде жоқ – бұл спорт түрі онда мүлде тізімге қосылмаған. Кәсіби бокстың отаны саналатын АҚШ үшін кіл әуесқойлар ойнақ салатын олимпиялық бокс тіпті қызық болмауы да мүмкін. Оның үстіне, кейінгі Олимпиадаларда америкалық былғары қолғап шеберлері жүлдеге мүлде жолай алмай жүр. Олар Токиода да, Парижде де медаль ала алмады. Керісінше, қазір Қытай боксы дамып барады. Биылғы Ойындарда қытайлар үш алтын, екі күміс алды. Яғнп өздері үшін медаль әкелер спорт түрі саналмайтын боксты қорғап қайтсін АҚШ?

Мәселені ХОК пен ресейлік Умар Кремлев басқаратын Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) арасындағы, сыпайылап айтқанда, салқын қарым-қатынас та ушықтырып тұр. Кейінгі екі Олимпиададағы бокс турнирін (іріктеу сындарымен қоса) ХОК өзі ұйымдастырды. «Сенімді серіктес болмаса, ХОК Лос-Анджелесте бокс жарысын өткізбейді. Егер ұлттық федерациялар өз боксшыларының Олимпиадаға қатысып, медаль алуын қаласа, ХОК талаптарына сай жаңа халықаралық ұйымға бірігуі қажет» деп мәлімдеді Томас Бах.

Сонымен, бокстың Олимпиадада қалу-қалмауы 2025 жылы шешіледі. Оған дейін ХОК пен IBA ара-қатынасының жақсара қоюы неғайбыл. Әлде, Бах айтқандай, «ХОК талаптарына сай жаңа халықаралық ұйым» құрылуы мүмкін бе екен?..

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052