Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Билік 1453 23 пікір 19 Тамыз, 2024 сағат 12:42

АЭС бойынша ақырғы талқы Астанада өтеді. Қандай шешім қабылданбақ?

Коллаж: e-cis.info

Астанада атом электр станциясын салу бойынша жария талқы 20-шы тамызда өтеді, - деп хабарлайды Abai.kz.

Бұған дейін жария талқы Қазақстанның 19 қаласында өткен. Сол жария талқылар барысында қызу пікір-таластар болған. Әсіресе, Алматыда өткен талқы қоғам талқысын тудырған.

Әрине, Алматы Қазақстан саясатының «амперметрі» десек те дұрыс шығар. Ел Тәуелсіздігі үшін күрестің басында тұрған Алматы осыған дейін сан түрлі саяси кезеңдер мен оқиғаларды бастан өткерген. Сондықтан Алматымен санаспай, әрекет болмайды. Бұл анық! Оның үстіне Алматыда адам көп. Қазақстанның өңірлерінен жұмысшылап келіп, өмір сүріп жатқан немесе білім іздеп келген жастарды қоса есептегенде, 4 миллионнан аса адам бар. Сәйкесінше, саясаткерлердің де шоқ ортасы қалыптасқан жер. Алматыда сала мамандары да жетерлік. Қалай десек те, АЭС құрылысы туралы референдум секілді елішілік маңызды мәселеде Алматының пікірі әжептәуір салмаққа ие!

Бұл бір болса, екінші маңызды талқы - ол Елордада өтетін талқы. Еліміздің саяси астанасы. Ел тағдырындағы маңызды һәм тағдыршешті шешімдер қабылданатын орта. Сондықтан, Астанада өтетін талқы негізгі күшке ие болмақ.

АЭС Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылында салынуы мүмкіндігі айтылып келеді. Ақпаратқа қарағанда, АЭС әрқайсысының қуаты 1200-1400 МВт болатын екі реактордан тұрады.

Қазақстан үкіметінің дерегінше, атом реакторын салуға Франция, Оңтүстік Корея, Қытай мен Ресей компанияларының бірі таңдалуы мүмкін.

Белсенділер АЭС салуға Ресей компаниясы таңдалса, бұл Қазақстанның көрші мемлекетке саяси-экономикалық тәуелділігін күшейтеді деп есептейді.

Олар АЭС салынатын Балқаш көлінің болашағына да алаңдайды. Эколог Мэлс Елеусізов бұған дейін қазір дамыған елдер жасыл энергияға көшіп, Еуропаның бірқатар мемлекеттері АЭС-тен бас тартып жатқанын айтқан.

Қазақстанның барлық өңірінде жария талқы өткен соң АЭС салу мәселесі жалпыхалықтық референдумға шығарылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдум биыл күзде өтетінін айтқан. Бірақ әзірге референдум күні белгіленген жоқ.

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1965