Суджа Украинаның алғашқы «астанасы» ма?
Украина Курскі облысындағы Суджаны алғанын айттық қой, әлгінде. Сол Суджа деген астана ғой, білесіз бе? Украиндердікі. Біздің Орынбор секілді...
Әлеуметтік желілерде соңғы таралып жатқан бейне жазбаларда Суджадағы кемпір-шалдардың Украина жауынгерлерімен украинше еркін сөйлесіп жүргенін көрдік. Ол таң қалатындай жағдай емес. Неге? Қараңыз:
Суджа - 1918 жылы бір ай бойы украиндердің астанасы болған, әкімшілік орталығы болған жер. Арғы тарихына тереңдеп кірмесек те, азамат соғысынан бері қарай бір-екі дәйек айта кетейік:
Бірінші жаһан соғысы кезінде, Брест келісімінен соң, Суджа уезі Скоропадский қарауындағы Украина державасының бақылауында болады. Кейін Харьков губерниясының қол астына өтеді. Бұл 1918 жылдың оқиғалары. Сол 1918 жылы Суджа уезінің басшылары Украина Сыртқы істер министрлігіне хат жазып: «Большевиктер бәле болды. Бізді қорғаңыздар, бізді Украина құрамына қосып алыңыздар», - деп жалынып сұрайды.
Герман империясы жеңілген соң, Суджада советтік билік орнайды.1918 жылы қарашада Суджа Украинаның еңбекші шаруалар өкіметінің резиденциясы болады. Советтік Украина өкіметі Суджада тапжылмай бір ай отырады. Былайша айтқанда, Украинаның алғашқы астаналарының бірі - осы Суджа десек те дұрыс шығар.
Ал арғы тарихына барсақ, 17-ші ғасырларда Суджаға алғаш болып украиндер қоныстандырылған екен. Оларды «черкастар» деп атаған немесе «кіші орыстар» деп атаған. Шамамен мың жарым жан. Кейін Суджа өзенінің бойынша бекініс салынып, Сумскі казактары орналасқан. Сумскі дегеннің Украина екенін және білесіздер. Тіпті, 1708 жылы Суджа Киев губерниясына қарасты болған.
Суджада негізгі тіл - украин тілі, негізгі ұлт - украиндер болған. Деректерде: украин тілін – «кіші орыстар» тілі деп көрсеткен. Суджаның 61,5 пайызы украинше сөйлеген. Қазір де Суджадағы шал-кемпірлер украинше сөйлеп жүр. Сөйлемегенде ше, Суджа әуелден Украина жері болса?!
Сондықтан Украинаның Суджаны алуы - бөтеннің жерін тартып алуы емес, өзінікін қайтару дегенге де саяды. Әрине, заман өзгерді, заң-закон өзгерді. Карта өзгерді. Суджа қазір Курскіге қарайды, сәйкесінше Ресейдікі. Әлем солай деп мойындаған.
Украина да оны жамбасына басып алмақ емес. Оны ашық айтты. Басқасын қойғанда, президент Зеленский: «Біздің мақсат Курскі облысын тартып алу емес», - деді. «Бізге бөтеннің бір түйір жері керек емес. Бізге өз жерімізді қайтару керек», - деді.
Сондықтан Суджа Украинаға стратегиялық мақсат үшін ғана керек. Ертеңдері болғанда Суджа саудаға салынады. Кремль ондағы 5-6 мың адам үшін саудаласпаса да, өз имиджі һәм Суджадағы Газпромның газ өлшеуіш станциясы үшін саудаласады.
Abai.kz