Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 1226 1 пікір 21 Тамыз, 2024 сағат 15:04

Алаш археологиясының абызы

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Әлкей Марғұланның 125 жылдығына арналды.

15 тамыз – Археолог күні. Алайда, күнтізбеде мұндай атаулы күн жоқ. Ал, нақ осы күнге неге айдар тағылғаны туралы ашып айту қиын, қандай да бір елеулі жаңалықтың ашылғаны немесе басқа да айтулы оқиға болғаны жөнінде ешқандай дерек көзге шалынбады. Бірақ, Қазақстан, Россия, Белоруссия археологтары ондаған жылдан бері 15 тамызды кәсіби мереке ретінде атап өтіп келеді. Айтпақшы, 2008 жылы Украинада оған мемлекеттік мәртебе берілді.

...Ежелгі өркениеттің құпиясын ашатын, әртүрлі дәуірдің мәдениеті мен тұрмысын, жануар мен өсімдік әлемін таныстыратын маңызды да мәртебелі мамандық иелерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Алаш археологиясының абызы Әлкей Марғұлан жайында қалам тербегенді жөн көрдік.

Болашақ археолог, тарихшы, этнограф, шығыстанушы, өнертанушы Әлкей Марғұлан қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында шаруа отбасында дүниеге келген. Сауатын ауыл мектебінде ашқан ол 1919 жылы Павлодардағы мұғалімдік курсқа түсіп, оны бітірген соң аулында мұғалім болып істейді. Білімін одан әрі шыңдау үшін 1921 жылы Семейдегі педтехникумға түсіп, оны 1925 жылы тәмамдайды.

Педагогикалық техникумда оқып жүргенде «Таң» журналы мен «Қазақ тiлi» газетiнде қызмет атқарады, сонда жазушы Мұхтар Әуезов және ақын Мағжан Жұмабаевпен танысудың сәті түседі. Досы Мұхтар Әуезов 1925 жылы оған «Сен Семейде қалма, менімен бірге Ленинградқа жүр. Жоғары білім алып, ғалым болудың жолына түс» деп кеңес береді. Бұл туралы Әлкей естелігінде айтады. Сөйтіп, Ленинградта Шығыс институтының филология факультетіне оқуға түседі.

Студент кезінде Шығыс институтымен шектеліп қалмай, Өнер тарихы институтында да лекция тыңдап, қазақтың тарихы мен мәдениетін зерттеп, қыруар әдеби және архив дерегін жинайды. Көркем әдебиет саласында да едәуір іс тындырады. Орыс және шетел жазушылары көркем шығармаларын қазақ тіліне аударады. Әлкей мен Мұхтар, жазушы Т. Жұртбайдың айтуынша, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, Х. Досмұхамедов, М. Тынышбаев сынды Алаш ардақтыларымен араласқан. Әлкей Марғұлан естелігінде Мұхтар екеуі Әлихан Бөкейхановтың Москвадағы үйіне қонаққа барып тұрғанын жазады.

1926 – 1927 жылдары Әлкей Марғұлан КСРО ғылым академиясының академигі А.Ферсман мен профессор С. Руденко ұйымдастырған Қазақстан – Алтай археология этнография экспедициясына қатысады. Экспедицияда ол Әлихан Бөкейхановпен тығыз қарым-қатынас орнатып, бiрлесiп қызмет жасайды. 1928 жылдан бастап қазақ туралы әдеби, мұрағаттық материал жинаумен айналысады. 1929 жылы институтты бітірерде Абай Құнанбаевтың шығармаларынан диплом қорғайды. Орыс география қоғамы архивiндегi нақты тарихи деректер негiзiнде ғылыми дәйектi тұжырым жасайды. Институтты бітіргесін Қазақ КСР Оқу-ағарту комиссариатындағы жаңа алфавит комитетінде қызмет істеп, 1931 жылы Ленинградтағы мемлекеттік материалдық мәдениет тарихы академиясының аспирантурасына түседі. Сол жылдары Әлкей Марғұлан Кеңес өкіметі тарапынан қудалауға түскені туралы жазушы Тұрсынбай Жұртбай былай деп жазады:

«1930 жылы Әлкей Марғұлан тарихшы, қазақ интеллигенциясының өкілі ретінде қуғынға түсті. Алаш қайраткелері ұсталғаннан кейін жас алашшылар бақылауға алына бастады. Олардың қатарында Әлкей Марғұлан да болды. Қауіпсіздік комитетінің архивінде Әлкей Марғұлан «Мағжаншыл ғалым» ретінде тіркелді. Себебі, қазақтың ақыны Мағжан Жұмабаев Ақ теңіздің жағалауындағы түрмеде жатқан кезде оған Әлкей Марғұлан барып, қаржылай көмектесіп тұрған. Қауіпсіздік қызметкерлері өз есебінде «Оның жырына табынатын студент Әлкей Марғұлан келіп кетті. Оны іздестірейік» – деп жазды».

Биліктің қысымынан соң Әлкей Марғұлан қазақтың көне тарихын зерттей бастайды. «Оған академик Қаныш Сәтбаев «Сен енді идеологиясы аз, қазақ архитектурасы мен археологиясының тарихын зертте. Мұнда саған идеологиялық қудалау болмас» деп кеңес берді» дейді жазушы Тұрсын Жұртбай. Ал, тарихшы Мәмбет Қойгелді былай дейді:

«Неге Әлкей Марғұлан қазақтың көне тарихын, археологиясы мен этнографиясын зерттеді?» деген сұрақ туындайды. Ол Алаш зиялыларының жанында жүріп есейді. 1920 – 1930 жылдары Қазақстанда жүргізілген репрессиядан кейін Әлкей Марғұлан қазақтың археологиясы мен этнографиясын зерттей бастады. Себебі, ол саяси тақырыптарды жазуға болмайтынын түсінді».

Әлкей Марғұлан Оңтүстік Қазақстанда, Сырдария, Талас және Шу өзендерінің бойынан ежелгі қала мәдениетінің іздерін зерттеді. Отырар, Тараз, Сайрам және Сығанақ қалаларында археологиялық қазба жұмысын жүргізумен қатар сан алуан көне аңыз әңгіме, ертегі мен эпикалық жыр нұсқаларын ел арасынан көптеп жинады. 1945 жылы «Қазақ халқының эпикалық жырлары» туралы докторлық диссертация қорғады.

Жан-жақты жүргізген археологиялық және этнографиялық зерттеулері 1950 жылы Қазақстандағы көне қалалар тарихы жайындағы көлемді монография болып жарық көрді. Бұл кітапта бірінші рет көне Қазақстандағы барлық қала өркениетіне, негізгі сауда орталықтарына жан-жақты ғылыми сипаттама, терең талдау жасалды. Қазақстанда жүйелі түрде археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, қола дәуірінің және алғашқы көшпенді тайпалардың мәдениеті жан-жақты зерттелді.

Әлкей Марғұлан – Қазақстанда археология ғылымының негізін салушылардың бірі. Ол 300-ден астам ғылыми-зерттеу жұмысын, 100-ден астам энциклопедиялық мақала жариялады. Қырғыздың «Манас» эпосын ғылыми-зерттеуді дамытуға үлес қосты. «Манас» эпосын әлемге танытқан Ш. Уәлиханов екені белгілі. Кеңестік кезеңде М. Әуезов те зерттеді. Ол осы дәстүрді жалғастырып, «Шоқан және Манас» деген монография жазды. Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұраларын жинайтын топқа басшылық жасап, 5 томдық кітапты жарыққа шығарды.

1959 жылы «Қазақ халқының көне замандағы ақындық өнерiнiң шеберлерi» атты еңбегiнде қазақтың эпикалық жыр дәстүрiн дамытқан ақындарға, сал-серiлерге тоқталып, олардың сөз өнерiндегi орнын айқындады. Бұл еңбек ғылыми-танымдық тереңдiгiмен ерекшелендi, онда көне ойшылдардан бастап Жанақ, Шөже, Арыстанбай, Марабай, Сүйiнбай, Жамбыл, Нұрпейiс, Иса сынды ақындар шығармасы талданды. «Тамғалы тас жазуы» атты зерттеуiнде әдеби-тарихи және мәдени деректер молынан кездеседi.

Қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым өмірінің соңына дейін қарапайымдылығын жоғалтпаған. «Мен өзімді ең әуелі өнертанушы, одан кейін Шоқанды зерттеуші, сосын барып қана әдебиетшімін, этнографпын, археологпын деп санаймын» дейді естелігінде. Этнографғалымға 1961 жылы Қазақ КСР Еңбек сіңірген ғылым қайраткері атағы берілді. Ғылымға қосқан үлесі үшін 1982 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ленин, Еңбек Қызыл ту, Халықтар достығы ордендерiмен және бірнеше медальмен марапатталды.

Ұстаздық жолында еңбек етіп, этнографтардың, археологтардың, тарихшылардың бiрнеше буынын даярлауға елеулі үлес қосты. Ғалымның жетекшілігімен 50-ден аса докторлық және кандидаттық диссертация қорғалды. Еңбектері шет тiлдерiне аударылды. 1991 жылы Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының Тарих, археология және этнология институтындағы археология орталығының негiзiнде Әлкей Марғұлан атындағы археология институты құрылды.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Астана, Павлодар, Екібастұз, Жезқазған қалалалары мен Баянауыл ауданындағы мектептер мен көшелерге Әлкей Марғұланның есімі берілген. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Әлкей Марғұлан атындағы стипендия тағайындалып‚ музей ашылды, әрі бұл шаһарда ғалымның ескерткіші орнатылды. 2004 жылы Әлкей Марғұланның 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның шешiмiмен әлемдік деңгейде аталып өттi.

Әлібек ӘБДІРАШ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Тарих ғылымдарының докторы Уахит Шәлекенов:

«Оның әкесі де, анасы да осал болмағанға ұқсайды. Олар өз уақытына сай білімді, шығыстың мәдениетімен таныс адамдар болған. Әкесі мен анасы баласының оқуына, рухани дамуына жәрдемдескен. 1925 жылы Ленинградқа барып оқу оңай емес еді. Әлкей Марғұланның ғылымға деген құлшынысы оның тегінде бар».

Академик

Манаш Қозыбаев:

«Әлкей Марғұлан – ғалымдар көшін бастағандардың бірі. Ол – қайраткерлікті жарқылдатып, шатырлатып, жекпе-жекке шықпай, бабымен, сәнімен, ғылыммен, өнермен жай басып, дәл асып жасаған жан».

Тарих ғылымдарының докторы

Мәмбет Қойгелді:

«Әуезов пен Марғұланның заманы күрделі, ауыр болды… Мәселен егер еркін заман болғанда Әуезов Кенесары қозғалысы туралы үлкен шығарма жазушы еді. Оған ол даярлық та жасады. Кенесары қозғалысы туралы материал жинады, ізденді. Егер Әлкей Марғұланға ерік бергенде ол 18-19 ғасырдағы Қазақстан тарихы туралы ғылыми еңбектер жазар еді».

Шағангүл Жанаеваның желідегі жазбасы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1433
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3199
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5114