Бектенов неге Абайша түңілді?..
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов мырзаның назарына!
Президенттің Асқар Мәминді не деп шығарып салғаны есімде жоқ. Әйтеуір одан құтылғанымызға қуанғанымды білемін.
Үкіметбасы етіп Әлихан Смайыловты тағайындаған кезде Президенттің: «Оның Қазақстан экономикасының болашағына деген көзқарасы дұрыс. Нақты жоспары бар. Әлихан Асханұлы үкіметтің жұмысын жақсы біледі. Оның алдына қойылған міндеттерді абыроймен орындай алатынына сенемін», - деп сенім артқаны, орта жолға келгенде: «Үкімет биыл еліміз тап болған сын-қатерлерге қарсы тиімді жұмыс істей алмады. Қойылған міндеттер толыққанды орындалған жоқ. Ал кейбір бағыттар бойынша мүлде жұмыс жасалған жоқ», - деп сынағанын жұрт ұмытпаса керек.
Ал, Олжас Бектенов Премьер-министр болып тағайындалған кезде Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қазір Үкімет айрықша құзыретке ие болды. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану керек. Шұғыл түрде тиісті шешімдерді қабылдау қажет», - деді.
«Біз батыл әрекет ететін Үкімет боламыз. Бізге өсу қарқынын тиімді ұлғайту, экономиканы әртараптандыруды белсендірек жүргізу, инвестиция тарту және барлық міндеттерді шешу үшін жеткілікті өкілеттіктер берілді», - деген болатын Олжас Бектеновің өзі де (09 Ақпан 2024, 14:07).
Бірақ, биылғы су тасқыны кезінде Президентіміз: «Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамайды. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады», - деді, бұрыннан айтып келе жатқан сөзін тағы қайталап (01.04.2024).
Арада екі ай өткенде Олжас Бектенов мырзаның өзі де: «Өкінішке орай, жергілікті билік органдарының жұмысында салғырттық, шешім қабылдауда баяулық, ұйымдастыру ісінде әлсіздік байқалады», - деп, күңкілдей бастады (11.06.2024).
Қызық болғанда, сол Олжас Бектенов мырза енді күңкілді қойып, күңірене бастады. Жай күңіренген жоқ, «Баяғы жартас – сол жартас, өзгеріс шамалы...», - деп, тура Абайша түңілді.
«...Жартасқа бардым,
Күнде айғай салдым,
Онан да шықты жаңғырық.
Есітіп үнін,
Білсем деп жөнін,
Көп іздедім қаңғырып..
Баяғы жартас — бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас...», - деп келетін атақты өлеңді Абай Құнанбайұлы 1889 жылы жазғаны белгілі.
Ол кезде Абай 44 жаста болатын.
Бұл – Абайдың болыстық қызметті баяғыда аяқтап:
«Мен көрдім дүние деген иттің көтін,
Жеп жүр ғой біреуінің біреуі етін.
Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда,
Көбінің сырты бүтін, іші түтін», - деп, қазақ қоғамынан әбден түңіліп, тіпті баз кешіп, күңіреніп отырып жазған өлеңі.
«Баяғы жартас – бір жартас...»
Бұл – жай сөз емес, Абайдың аузына бұл сөзді Құдай салған!
Міне, Абайдың бұл өлеңді жазғанына биыл табаны күректей 135 жыл толыпты. Өлең өз құнын әлі жойған жоқ. Қайта, жылдар өткен сайын бағасы артып, мазмүны тереңдеп бара жатқандай...
Бір қызығы, «Баяғы жартас – сол жартас, өзгеріс шамалы...», - деп, күңіреніп отырған біздің Олжас Абайұлы Бектенов бауырымыз да биыл дәл 44 жаста екен.
Шамасы, кеше қазақ қоғамынан Абай атасы қалай түңілсе, бүгін Премьер-министр болғанына жарты жылдан аспай жатып, Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінен Олжас Абайұлы да дәл солай түңілген болса керек!
Білесіздер, Бектеновтің аты – Олжас. Олжас Сүлейменовтей болсын деген ниетпен қойылған есім екені көрініп тұр.
Ал, әкесінің аты – Абай. Қазақтың екі бірдей Ұлы тұлғасының атын ұрпағына қою – тегін нәрсе емес! Олжас Бектенов тегін адам емес, текті әулеттен шыққан жігіт!
Демек, Олжекең «Баяғы жартас – сол жартас, өзгеріс шамалы...», - деген сөзді жайдан-жай айтқан жоқ, Оның да аузына бұл сөзді Құдай салып отыр...
(Олжас бауырымызды Абайша түңілдірген не жағдай екенін білгілерңіз келсе, мына сілтемені ашып оқыңыздар)
Егер, Президент берген «айрықша құзырет» пен Ожекеңнің өзі айтқан «жеткілікті өкілеттікті» ойласақ, Үкімет басшысының: «Үкімет тарапынан бұған дейін МАЭК-ті дамытуға қомақты қаржы бөлінді. Облыс әкімдеріне осындай осал тұстарға назар аудару туралы бірнеше рет айтылды. Тіпті жөндеу науқаны кезінде тәуекел тудыруы мүмкін нақты жағдайларды атап көрсетіп, шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалар да берілді. Алайда 3 ай өтті, баяғы жартас – сол жартас, өзгеріс шамалы. Сол өңірлер әлі артта, сол баяғы кешіктіру, кейінге шегеру...», - деп, кеше бұлай түңілетін ешбір жөні жоқ еді. Есесіне, апырып-жапырып, бәрін уағында тындырып тастауы тиіс емес пе?!
Ендеше, Олжас Бектеновтің: «Біз батыл әрекет ететін Үкімет боламыз...», - деген сөзінің де жарты жыл өтпей жатып арты көріне бастады деген сөз.
Үнемі айтып келе жатырмын және сол ұстанымымнан әлі қайтпаймын, мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдаушысымын!
Бұл жерде Олжас Бектенов мырзаны «Жұмыс жасай алмадың!» деп, сынап-мінеуден мүлде аулықпын. Қайта, бар шындықты жасырмай, ашық айта бастағаны үшін Олжас бауырыма дән риза болып отырмын.
Мәселе Президент пен Премьер-министрде емес! Мәселе узурпацияланған жүйеде болып тұр!
Менің, тек, Үкімет басына кім келсе де, сол Олжас Абайұлы айтқандай, «Баяғы жартас – сол жартас, өзгеріс шамалы...» болатынын түсінетін кез жеткенін айтқым келеді.
Себебі, тағы қайталап айтамын, Қазақстан – узурпацияланған мемлекет! Бұл – Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов құрып кеткен жүйе! Мұрты әлі бұзылған жоқ!
Әйтпесе, Президент кеше ғана – 24 тамызда Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барғанда, Qarmet металлургиялық комбинатына ат басын тіреп, басшыларының есебін тыңдап қайтты.
Президенттің сол сапарында осы Олжас Бектенов айтып отырған Qarmet металлургиялық комбинатындағы жылыту жүйесіндегі уағында бітпей жатқан жұмыс туралы бір ауыз сөз айтылған жоқ. Керісінше, сол өңірдің басшылары: «Бәрі керемет!», - деп жатқан секілді еді ғой.
Осыдан кейін Қазақстанның узурпацияланған мемлекет екеніне Олжас Бектенов мырзаның көзі әбден жете бастаған шығар деп ойлаймын.
Узурпацияланған мемлекетте Үкіметтің емес, белгілі бір топтың ықпалы мен мүддесі бірінші орында тұрады. Сол мүдде қанағаттанбаса, Үкіметтің тапсырмасы орындалмайды!
Олжас Бектенов інімді Абайша түңілтіп, ісін ілгері бастырмай отырған – сол баяғы узурпацияланған топтың мүддесі...
Ендеше, не істеу керек?!
Егер, Қазақстан шынымен озық елдердің қатарына қосылсын десек, Президенттік Аппарат болып, Үкімет болып, Парламент болып, Қазақстанның Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов жағынан узурпацияланған мемлекет екенін саналы түрде мойындап, Президенттің алдына бұл мәселені қоюы керек!
Мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгерпей, Қазақстанды Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтің узурпациясынан шығару мүмкін емес!
Бір нәрсе анық, ерте ме, кеш пе, әйтеуір дүние маған қарай бір төңкеріледі, Қазақстан түбі осы мен айтқан узурпацияға келіп тоқтайды!
Міне, Үкімет басымыздың оған көзі жете бастаған секілді...
Бірақ, сол узурпациядан шығу қантөгіспен емес, бейбіт жолмен болғанын Құдайдан күнде үш уақ тілеумен жүрмін...
Ауыт Мұқибек
Abai.kz