Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Әдебиет 1729 1 пікір 28 Тамыз, 2024 сағат 13:47

Тагор. Әкелерге мадақ

Сурет АҚШ Конгрессі кітапханасының сайтынан алынды.

Рабиндранат Тагор (1861 - 1941 ж.) Үндістанның әлемге әйгілі ақыны, суретші, философ, қоғам қайраткері, жазушы. 1913 жылы Нобель әдебиет сыйлығын алған. Әлем әдебиетінің заңғар тұлғаларына ғана берілетін асқақ сыйлықтың берілу себебі былай деп жазылған: «Өткір ой, тұнық көңіл, сұлу сезім менмұндалаған өлең жолдарына өрілген терең ой мен ұлағатты ұстаным адамзат әдебиеті қамбасына аса бағалы қор болып қосылды».


Жаңсақ түйсік

Бергі жаға дейді былай сызданып:
– Арғы жаға шаттық шығар шалқыған.
Арғы жаға дейді былай қызғанып:
– Бергі жаға бақыт шығар балқыған.

Фикус ағашы

Айтшы маған, айтшы фикус ағашы,
Есіңдеме өзен, көлшік жағасы?
Бұтағыңа ұя салған торғайдай,
Бұтағыңа шыққан ауыл баласы,
Есіңде ме ерте кетіп қалғаны,
Есіңде ме, есің алып қарашы.

Соншама жыыл содан өтіп кетсе де,
Есіңде ме фикус ағаш есте ме?
Терезеден саған ылғи бір бала,
Қарайтұғын тәңертең, түс, кеште де.
Тамырыңды білеу-білеу айқасқан,
Ұқсататын керемет бір кестеге.

Әйелдер кеп көлшіктен су алғанда,
Кателдерін суға терең малғанда.
Су бетінде түскен алып көлеңкең,
Діріл қаға қалғанын көз шалғанда.
Есіңде ме мұңайғаны бір бала,
Сағымыңа қия алмай көз салғанда.

Есіңде ме, суда толқын ойнаған,
Сол бір сәттер көркемдік көз тоймаған.
Су бетінде шыр айналып бір ұршық,
Толқын аумай тоқыған гүл бойрадан.
Қос үйрекке жүзген қамыс ішінде,
Қарап бала әлде нені ойлаған?

Бәлкім аңсап самал желді соқпаған,
Жапырағың сыбдырынан тоқтаған;
Бәлкім аңсап сағымыңды көруді,
Жағаға кеп жалғыз өзі жоқта жан.
Есіңде ме сонау шақта бір бала,
Көргісі кеп келетұғын көп саған.

Бәлкім аңсар судағы үйрек болуды,
Су түбіне сүңгіп қияқ өруді.
Бәлкім аңсар ол бір құсқа айналып,
Ең биік бір бұтағыңа қонуды.
Есіңде ме, армандайтын сол бала,
Ең биіктен ең алысты шолуды.

Күн сұрағы

Көк жиектен көтеріліп күн шықты,
Күн шықты да сұрау қойған үн шықты:
– Айтшы маған кім боласың жас тірлік,
Ал, жас тірлік жауап қатпай тұншықты.
Уақыт зырлап өте берді  білінбей,
Күн төбеде тұра берді күлімдей.
Батысқа күн бара жатты құлдырап,
Сағым сөніп батыс теңіз бұлдырап.
Бір үн шықты бейуақыттан жым-жылас:
– Сірә кімсің, тұрсың неге тұнжырап?
Сұралғанға ешкім жауап таппады,
Сұрағанға ешкім кіна тақпады.

Жарқырауық қоңыз

Жарық сәуле кішкентай кезіп орман арасын,
Қараңғы түн ішінде қайда кетіп барасың?
Қара түнде нұр шаша қанатыңды қағасың,
Өзың рақат, өзің мәз, ләззатыңды табасың.

Ай, күн емес аспанда, ұласатын тәулікке,
Сенің тапққан ләззатың, сол ма сәттік әулік пе?
Жарқырата алмайсың, бүкіл әлем аспанын,
Сонда да сен жанасың, болсадағы қас қағым.

Ешкімге де өкпең жоқ, ешкімге жоқ қарызың,
Жану түнде жарқылдап, сенің өтер парызың.
Бірден ұшпай биікке, білген қандай шамасын,
Кіп-кікшентай сәуле боп кең дүниеде жанасың.

Ұлылықта реті жоқ, үлкен-кіші парықтың,
Бәрі керек, бәрі ұлы, әлемдегі жарықтың.
Саған сәуле шашсам деп мен де өзімді жандырдым,
Бір сәт қана жарқырап, бір сәт қана жаңғырдым.

Тірлік жыры

Қош айтқым жоқ гүлдей әсем пәниге,
Қарапайым пенде болам, әрине.
Әсем гүлде күн нұрына малынған,
Пісіп алар тікені бар ине.

Сол гүлдерге ерке сезім себелеп,
Төгіледі сұрамағын неге деп.
Пәни қалжақ, айырылу мен табысу,
Күлу-жылау, бәрі киген кебенек.

Бақ пен сордан жазар тірлік дастанды,
Сәулет-даулет бәрі болар тастанды.
Сарай салсам деймін тұрар сан ғасыр,
Жақындатар алыстатпай аспанды.

Арманым көп, дәрменім жоқ білемін,
Тірі жүрмін, бір күні көз ілемін.
Пәниге де, пендеге де өкпем жоқ,
Бір кісілік орын ғана тілерім.

Мен де гүлмін, шуақ нұрға малыңдар,
Ашылғанда келіп, үзіп алыңдар.
Шағым  жетіп, бағым кетіп басымнан,
Қурап қалсам, жерге тастай салыңдар.

Балық пен құс

Дүниеде не нәрсе екі арасы ең алыс,
Өлім-өмір емес ол, тек мәңгілік демалыс.
Қарсы алдыңда тұрамын, күнде саған кездесем,
Дүние де сол алыс, сүйгенімді сезбесең.
Сүйгенімді сезбесең, ол да емес ең жырақ,
Дүниеде сол алыс, айта алмасам мен бірақ.
Бүгіп қойсам құндақтап, тең төгілсе жасымыз,
Жүрек сүйіп амал не, қосылмаса басымыз.
Қосылмаса басымыз, біліп тұрып білместей,
Дүниеде сол алыс, ғашық болған тілдеспей.

Дүниеде сондықтан, алыс екі арасы,
Қатар өскен қос терек емес, өзің қарашы.
Бір тамыр, бір теректе, өскенімен септестей,
Тұрған бұтақ сол алыс, бір-біріне жетпестей.

Дүниеде сондықтан, алыс екі арасы,
Екі жұлдыз немесе екі көздің қарасы.
Қатар жанып тұрғанмен бірін-бірі көрмейді,
Бірін-бірі көрмейді, мәңгі бірге бол мейлі.
Мәңгі бірге бол мейлі, қатар тұрып осылай,
Дүниеде сол алыс, өткен мәңгі қосылмай.

Бір қосылып қас қағым, тағдыр кейде байқамай,
Дүниеде сол алыс, айқаспаған қайталай.
Бір кездесу бір бақыт, бір кездесе алмаған,
Дүниеде сол алыс, арман ғана алдаған.
Дүниеде ең алыс екі нәрсе арасы,
Балық пен құс екен ғой, өзің ойлап қарашы.
Бірі көкте самғайды, бір суда
Жүзеді, қосылудан үмітін, солар ғана үзеді.

Әкелерге мадақ

Мейірлі ана күйініп, ақыл сөзін аямай,
Қорғаштайды қызғыштай, баспананы аядай.
Мейірлі әке күйініш-сүйінішін білдірмей,
Балалары, жан жары бәйтеректей саялай.
От басының нар жүгін қара нардай көтерер,
Таудай бодау берсе де, тарыдайға санамай.
Әкелердің сөзі аз, жанарымен сөйлейді,
Жүрегімен сезеді, санасымен саралай.

Өмірінде әкелер қанша қажып жұтады?
Арманының терегін қайғы қанша бұтады?
Ана-бала қамы деп, отқа күйіп, су кешіп,
Үмітінің ұшқыны қанша сөніп, тұтады?
Сетінетпес сенімін, адал жары серігі,
Әке – алып бәйтерек, балалары – бұтағы.
Әкелердің қайраты, әкелердің айбаты,
Бәрән шыдап көтеріп, бәрін жеңіп ұтады!

Бәрін көрген әкелер, не бір қинау, жәбәрді,
Салқындықпен сақтаған қасиет пен қадырды.
Мейірлі әке балаға бейне күндей шуақты,
Жаны кею жарына сары алтындай сабырлы.
Еркелеген сәбиге дарқан дала секілді,
Тезге салып түзейді шағыр менен шадырды.
Жақсы әке сүйретіп шаңырақтар биіктеп,
Жаман әке күйретіп қаншамасы шағылды?!

Әке ізгі адамдар, ұрпаққа үміт артатын,
Әке ардақты бала үшін, жәбәр-жапа тартатын.
Әке ұлы мәңгілік, әке алтын діңгектей,
Әке ұстаз ұстамды, бала болса марқа тым.
Әке аяулы, әке асқар, өмір бойы үн-түнсіз,
Ұрпақ үшін ақырғы қанын төгіп сарқатын.
Әкелерді адамдар ардақтаңдар, сылаңдар,
Әкелерді қартайған асырауға бар қақың!

Тұсамыс

Анасына теңейтін тұсамысты,
Ұлығаусар етті деп ұсақ істі;
Махаббатты, мейірді қастерлемей,
Өздерінше тартады құса күшті.

Мейірлі ана ақ сүтін ағызғанда,
Уыз нәрін таңдайға тамызғанда.
Жүрегінен ананың ағып шыққан,
Сүт емес ол, санаңдар нағыз қанға!

Тұсау кесіп жетелеп тәй-тәйлатқан,
Азамат боп аттандап айқайлатқан;
Сезім қуып сетерлік селтеңдеткен,
Мақтан болып сән-сәулет пай-пайлатқан;

Шақтар болар шаттықтан шатасатын,
Шексіз-шетсіз әлеммен матасатын.
Толығатын жас ғұмыр молығатын,
Асататынан барлығын асататын.

Сондай кезде еліріп есіргендер,
Ақыл тұсау пышақпен кесілгендер.
Тұсамысқа анасын теңесе егер,
Олар нағыз ақымақ, кешірмеңдер!

Киелі махаббат

Жоламашы, жолама кет, аулаққа,
Улы қолмен сипап оны жауратпа!
Махабаттың гүлі қурап барады,
Жайнап тұрған жүрек деген бау-бақта.

Ойладың ба, бойладың ба ұғынып,
Құлпырарын балшықта өскен шұғынық.
Солып-семіп, сол балшықтан айырсаң –
Қалатынын бұлықсымай бұғынып.

Ойладың ба түпсіз тірлік пәниде,
Жарық барда түнек барын, әрине.
Бірде күнгей, бірде тағдыр теріскей,
Мейлі жырла, мейлі жыла, зар иле.

Сезім кие махаббатқа мас тербеп,
Сүйген шақты ардақтамай қастерлеп.
Не пайдасы өкінгеннің өткен соң,
Ағыл-тегіл ағызғанның жас кермек.

Жан әлемін бөлеп алтын арайға,
Жанып тұрар жүрек деген сарайда.
Махабаттың шам-шырағын өшкенде,
Өмір бейне қараңғыда шар айна.

Атынға айналдырғыш сиқыр тас

Немона* деген өзен бойында,
Бірахманға* мадақ қана ойында.
Санатан пір сүре оқып мүлгиді,
Том-том кітап сүре симай қойынға.

Бір уақытта бір рахман қаңғыбас,
Ылби басқан жүрісі бар мандымас.
Санатанның келе қалы алдына,
Киімдері алба-жұлба, жалбыр шаш.

Санатан таң бола қарап тұрады,
Ал қаңғыбас аяққа бас ұрады.
– Кім боласың, қайдан жүрсің, атың кім?
деп Санатан қаңғыбастан сұрады.

Бұл Брахман сонда жауап береді:
– Пақырыңыз жер түбінен келеді.
Қиыр қыстақ аты оның Монакар*,
Пақырыңыз туып өскен жер еді.

Қараушы ек Бартман* деген ауданға,
Бар еді аз жерім және саудам да.
Дүниеде мендей сорлы жоқ шығар,
Не шара бар қаңғып басың ауғанда.

Кедейлік зіл бас көтертпей басқанда,
Қол жетпестей тұрар бәрі аспанда.
Ойлаппа едім жоқтықтың жон тілерін,
Садақаға мал-мүлкімді шашқанда.

Бүгін бейне қылтанақсыз тақырмын,
Бейшара жан бей обал бір пақырмын.
Қаңғырумен қайыр тілеп мінеки,
Тек өзіңді іздеп келе жатырмын!

Байлық-ырыс береме деп басыма,
Барған едім Шифа* әулие қасына.
Әулиеңіз әулие екен керемет,
Деді ол маған: – Брахманым жасыма!

Түнде ұйқы, күндіз көрмей күлкіні,
Түскенде әбден пақырыңның сүлкіні.
Шифа әулие жаны ашыған болар-ау,
Аян берді түске кіріп бір күні.

Шифа айтты:

«– Жарылқауды қаладым,
Брахманын орындалар талабың.
Санатан пір табылады бір жерден,
Кезсең іздеп Иемона өзен алабын.

Аяғына жалбарып ұр басыңды,
Көлдет көзден қасыретті жасыңды.
Оған солай айтар болсаң расыңды,
Домалатар өрге қайта тасыңды».

Санатан пір сөзін тыңдап зарлының,
Ұқты біліп болған істің барлығын.
Деді:
– Мен де сопымын бір сопиған,
Дүниеге жүйрмейді енді жарлығым.
Қолымда бар жалғыз тегеш Патырам*,
Қайыр тілеп сонімен жан шақырам.
Брахманым жаным саған ашиды,
Жүрегіңде бар екен зар-запыран.

Пенделікке аттап қия баспаған,
Бір сырым бар ешкімге де ашпаған.
Бір тас ауып айналдырғыш алтынға,
Баяғыда құмға көміп тастағам.

Адам пенде ашкөздігін қоймаған,
Қанағат қып дүниеге тоймаған.
Құмға көміп сиқыр тасты сол кезде,
Садахаға істетсе деп ойлаған.

Брахманым айтқаныңа ерейін,
Сиқыр тасты саған енді берейін.
Оны алсаң азат болып азаптан,
Бақыт қонып үстемдейді мерейың.

Құпясын санатан пір баяндап,
Брахманға айтып берді аяндап.
Құтырына құмды қазды Брахман,
Енді неге аял қылып аянбақ?

Қазған сайын қайрат бітіп қарқынға,
Тасты тапты көмулі қаз-қалпында.
Киелі тас нелер темыр-терсектің,
Айналдырар бәрін сары алтынға.

Сынамаққа сиқыр тастың шын сырын,
Шешіп алды мойнындағы шынжырын.
Сиқыр таспен соғып қалды, сол сәтте,
Елең қаға естіп темір шылдырын.

О құдырет! Ой-қиялға кірген бе?
Сиқыр тастың сырын адам білген бе?
Қара темір алтын болып сап-сары,
Жарқ-жұрқ етіп шыға келді бірдемде!

Байлық таппай қаңғып жүрген сандалып,
Бұл Брахман құдыретке таң қалып.
Ой соқты боп отыр құмда мелшиіп,
Миы жетпей мына сырды аңғарып.

Иемона өзен ағып жатыр сарқырап,
Көз алдында алтын жатыр жарқырап.
Бір үн келіп құлағына бір кезде,
Брахманның бойы кетті қалтырап...

Қызарып күн күн ұясына құлады,
Брахманның тұр жаңғырып құлағы.
Бір уақытта көл боп ағып көз жасы,
Санатанның аяғына құлады.

Брахманның үні діріл аралас,
Айтты сонда:
– Мен екенмін сарамас.
Бір өнерді үйрет маған ұстазым,
Салып көзін сары алтынға қарамас.

Бұл Брахман сірә нені байқады?
Ойда жоқта осылай сөз айтады.
Сиқыр тасты Иемонаға лақтырды,
Күрсінді де Санатан бас шайқады...

Қытай тілінен аударған Қанатбек Жұмабайұлы. 

Дайындаған Әлімжан Әшімұлы. 

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2064