Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 4016 14 пікір 2 Қыркүйек, 2024 сағат 15:25

Таңдау: Ресей ме, жоқ басқа ма?

Коллаж: Abai.kz

Қазақстанда АЭС салу туралы Референдум жақындаған сайын қоғамның оған қызығушылығы арта түсуде. Астана қаласында Энергетика министрлігі ұйымдастырған «соңғы талқылау» біржақты шешімге келе алмады. Ол, тіптен, мәселені одан әрі күрделілендіріп, талқылаудың соңын дау‑дамайға ұластырып жіберді. Министрліктің дайындаған спикерлері мен мамандары халықтың қарапайым сұрақтарына жауап бере алмай, микрофонды өшіріп, белсенділерді полициямен сүйреп әлекке салды. Осы әрекетті желілерден көрген қоғамда сенімнен гөрі күмән басым бола түсті...

Сонымен, «АЭС талқысы» аяқталды. Нәтижесінде ‑ үкімет «бүкілхалықтық референдум өткізу туралы» қаулыға қол қойды. Оның өтетін уақытын Президент жариялайды. Мүмкін, ол 2‑қыркүйек күні Парламенттің бірлескен отырысында мәлім болатын болар ‑ ол жағы белгісіз, әрі, онша маңызды да емес...

Сонымен, жылға жуық созылған талқылау нені көрсетті? Қандай қайшылықтар орын алды? Қарсы жақтардың деректері қандай? Референдум қандай шешім қабылдауы мүмкін? Міне, осы сұрақтар бүгінде әрбір қазақстандықтың көкейкесті мәселесіне айналып отыр.

Қазақстандық «атомофобия» қалай пайда болды?

Мәселенің төркініне келер болсақ, біріншіден, атом туралы және осы төңіректегі сұрақтар бойынша бүкіл қазақстандықтардың, әсіресе, мемлекеттің автохтонды тұрғындары – қазақ халқының жүрегін «атомофобия» деп аталатын үрей жайлаған деуге болады. Ол ‑ КСРО кезінде Қазақ КСР жерінің алып атом сынағы алаңына айналған сәттен бастап пайда болған. Кеңес үкіметі Қазақстанның Семей облысындағы тұрақты сынақ алаңында 456 ядролық сынық жасады. Оның жарылыс қуаты 1945 жылғы Херосима жарылысынан 250 есе жоғары болды. Ендеше, мұндағы «сәуле ауруына» ұшырау қаупі де соншалықты көп болатыны заңды. Екіншіден, Қазақстанда КСРОның бірнеше әскери сынақ алаңдары болды. Мысалы, Сары Шаған – Алматы облысы, Жем(Эмба) ‑ Ақтөбе облысы, 4‑шы әскери сынақ алаңы – Батыс Қазақстан облысы, Капустин Яр ракеталық сынақ алаңы және Байқоңыр космодромы болды. Бұлардың бәрі де табиғатқа және адам денсаулығына орасан зор зиянын тигізді. Әсіресе, Байқоңырдан ұшқан «гептил уының» зардабына қарсы бүкілхалықтық қозғалыс құруға алып келді. Бұл, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары пайда болған Невада‑Семей Ұлттық қозғалысынан кейін пайда болған екінші ірі қозғалыс еді. Үшіншіден, Қазақстан әлемде уран өндірісі бойынша алдыңғы орында. Ендеше, барлық қазақстандықтар уран өндірісі ошақтарынан шығатын қауіп‑қатерді жақсы біледі – өз басынан өткерген...  АЭС құрылысын талқылау барысында үкімет халықтың осы психологиялық көңіл‑күйін назардан тыс қалдырды. Үкімет, керісінше, осыны ескере отырып, қазіргі заманғы АЭС салу технологиясы мен оның қауіпті‑қауіпсіздігі туралы халықпен ашық пікіралмасу жұмыстарын жүргізуі тиіс еді, ол жасалмады. Яғни, үкімет, әдеттегідей, Референдум талаптарына сай әрекетке бармады. Сондықтан халық референдумға осындай – «сенім мен күмән араласқан»  екіұдайы күймен бара жатыр десек болады. Сөйтіп, Үкімет өкілдері АЭС құрылысына қарсымыз дегендерді «сауатсыздар», «патриот еместер»  деп сынаса, қарсыластары да оларды аямады: «ақша ұрланады», «бұл Ресейдің тапсырысы», «табиғатты бүлдірушілер» дегендей қатты сөздер айтты. Өзара сый‑құрмет жайына қалды...

Екі жақ осылай айтысып жатқанда, олардың қайсыс дұрыс, қайсысы бұрыс екенін анықтаудың өзі де қиынға айналады екен. Сондықтан, осыларды саралай келе, «Кім не деді» деген сұрақты біз де қойдық. Енді осыған жауап іздеп көрелік.

АЭС құрылысын жақтаушылар не дейді? 

Олардың басты аргументтері, әдеттегідей жаттанды сөздерден құралды. Естеріңізде болса, осы мәселені көтергенде резидент Қ.К.Тоқаев «Қазақстан жақын болашақта энергетикалық тапшылыққа тап болады» деп айтқан болатын. Міне осы сөз мұнда да басты себеп ретінде айтылды. Ол тек кейде «Елімізде энергияға деген сұраныс еселеп артады» дегендей жұмсақ вариантта атылды. Ал, оның қаншалықты екені, оның қандай нақты есептерден құралғаны, оның еліміздің индустриялық дамуымен қандай нақты байланыстары бар екені, ол өзін қанша уақытта ақтайды, ол қашан іске қосылады, оған дейін не істеу керек, қоғамда орын алған «атомофобиядан» қалай құтыламыз  дегендей мәселелерді нақтылап, түсінікті етіп жеткізе алмады. Сондықтан, үкімет тарапының осыған дейін жүргізген «Референдумға дайындық» жұмысына ойланбастан екілік» бағасын қоюға болады деп санаймыз.

Қолдаушылар қатарында алғашқы болып Kazenergy қауымдастығы АЭС құрылысына қатысты мәлімдеме жасапты. (Ол туралы Azattyq Rýhy хабарлады).

1. АЭС елдің энергия қауіпсіздігін едәуір нығайтуға көмектеседі. АЭС ‑ ел дамуының маңызды аспектісі. АЭС ‑ сенімді энергия көзі және т.т.

2. Атом энергетикасы қазба көздеріне тәуелділікті азайтады, атмосфераға зиянды заттарды азайтады, экологияны жақсартады және т.т.

3. Атом энергетикасы - бұл ғылым мен білімнің дамуына ықпал ететін жоғары технологиялық сала және т.т..

4. Атом электр станциялары қауіпсіздік пен тиімділіктің халықаралық стандарттарына сәйкес келетін 3+ буынды реакторлармен жабдықталады және т.т..

5. Біз уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшымыз және т.т.,

Әрине, аталған компаниядан басқаша жауап күту артық. Өйткені, бұл компания еліміздегі негізгі энерготұтынушылар қатарында. Алайда, олар неге АЭС іске қосылғанға дейінгі аралықтағы «энергетикалық даму жобасын» ұсынбайды? Олар осы аралықтағы 15 жыл бойы не істемек? Өздерінің даму стратегиясы жоқ па? ...Ендеше, мұны «қолдау тек қолдау үшін» деген позиция деуге болады...

Қытай – көршіге көмекке келуге әзір ме? 

Сонымен бірге, CNOS компаниясының Еуропа бойынша директоры Ин Шиджун Қытай тарапы Қазақстанға ядролық энергетиканы дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қытайда 57 АЭС жұмыс істеп тұр және 47-сі құрылыс кезеңінде екен. Онымн танысуға мүмкіндік бар. Біз көршіміз. Өз тәжірибемізбен бөлісе аламыз. Көмектесуге дайынбыз» депті ол. Әрине, ол үшін оған алғыстан басқа сөз жоқ. Бірақ, осы мәселені талдап түсіндіру жұмыстары жүрмегендіктен, бұл сөзге де халықты иландыру қиын. Оған қоса, бұ жерде жоғарыдағы «атомофобияға» енді «қытайфобия» қосылса – АЭСке қарсылар саны еселеп көбеюі мүмкін.

«ҚР Энергетикалық қауымдастық» қоғамдық бірлестігі АЭС құрылысын не себептен қолдайды?

«Қазақстанның электр энергетикалық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі де АЭС құрылысын қызу қолдады.

«Бүгін біздің алдымызда ел болашағын айқындайтын таңдау тұр. Қазақстанда атом электр станциясын салу біздің энергетикалық тәуелсіздігіміздің болашағы, экономикалық тұрақтылық және технологиялық серпіліс. Ол – қарқынды экономикалық өсімді, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуды қамтамасыз етеді. Бізде уранның үлкен қоры бар. Ол 990 мың тоннаны құрайды. Жылдық өндіру көлемі 21,1 мың тонна. Ендеше біз болашақта атом энергиясын пайдаланатын дербес державаға айнала аламыз.

МАГАТЭ мәліметтері бойынша, қазір 31 елде жалпы қуаты 373,7 ГВт болатын 415 атом электр блогы жұмыс істеуде. Он бес елде 61 реактор салынып жатыр. Оларда қауіпсіздіктің жоғары деңгейі қамтамасыз етілген.  Тәуекел аз. Біз де осының жаңа буыны III немесе III+ атом электр станциясын салуды қарастырудамыз. Қазақстан үшін ауа райына тәуелсіз энергия көзі аса маңызды.

2024 жылдың жартысында біз шамамен 1 млрд кВт/сағ импорттадық. Бұл Ресей экспортының экспортының 50%‑ы. Атом энергетикасын дамыту – өнеркәсіп пен ғылым дамуның кепілі. Онда бірден 2000 жұмыс орны ашылады. Оның 20 пайызы жоғары білімді мамандар.

Байқап қарасақ, бұл қолдаушы мәлімдемелердің барлығы дерлік АЭС‑ті қазіргі заманның Ильф‑Петровтың әйгілі «12 стул» кітабындағы  «Нью Васюково» етіп көрсеткісі келеді екен.

АЭС‑ті қолдамаушылар не дейді?

1. Қазақстан халқы «АЭС салу салмау» сияқты өте күрделі технологиялық және нженерлік салмақты сұраққа жауап беруге дайын ба?

Жоқ, қоғам оған дайын емес. Өйткені, ядролық зерттеулер «мемлекеттік құпия» санатына жататын ғылым саласы болып табылатындықтан, арнайы мамандар болмаса, бұл салада халықтың таяз. Ендеше, халық АЭС‑тің қаншалықты қауіпті не қауіпсіз екенін нақты білмейді. Оған қоса, АЭС салатын әлемдік елдер мен компаниялардың қайсысының технологиясы ең қауіпсіз екенін халық тағы да біле бермейді. Үшіншіден, Үкімет «болашақтағы энергетикалық тапшылықтың» нақты үлгісін көрсеткен жоқ. Сондықтан, еліміздің АЭС құрылысымен байланыстыру қиын.

2. Қазақстан өзінің энергия өндіруші табиғи ресурстарын тауысты ма?

Бұл сұраққа да Үкімет терең талдау жасап, халықты таныстырмады. Биыл Германия да табиғи түрдегі жасыл энергетикада барлық қуаттың 52%-өндіруге қол жеткізген. Олар: Жел энергетикасы, Күн энергетикасы, Теңіз энергетикасы, Биогаз энергетикасы. Ендеше, бізде осы ресурстардан (жел, су, күн, биогаз, қоқыс қалдықтары) алынатын энергетика қуаты есептелмеген. Осыны білмеген халық «АЭС мәселесін» бірден «біржақты дұрыс шешім» деп қабылдай алмайды.

3. Қазақстанға АЭС салуға қандай елдер бәсекелес болып отыр?

Әрине, қазір бізге белгілісі – Ресей ғана. Міне, санкция жағдайындағы Ресей маза бермей отыр. Әрине, саясат өзгермелі, ал Росатомпром қандай жағдайда да өз позициясын сақтайды. Дегенмен, дәл қазір саяси фактор алға шығуда. Ол үшін халықты кіналауға болмайды.

4. АЭС құрылысына қажет жабдықтар мен құралдар Қазақстанда өндіріле ме?

Жоқ, ондай өндіріс дамымай келеді. Шағын өндірістер ғана бар. Ал, мамандандырылған ірі өндірістер бізде жоқ. Елімізге жоғарғы технологияны солар ғана алып келе алады. Ол жоқ. Міне бұл да халықты мазасыздандырады.

5. Қазақстанда АЭС жұмысын қамтамасыз ететін кадрлар дайын ба?

Осыған дейін біз АЭС мамандарын даярлау туралы кешенді бағдарламаларды байқай алмадық.

Түйін:

Міне, Халық күзгі референдумға осындай «дайындықпен», нақтырақ айтсақ – «дайындықсыз» бара жатыр... Сондықтан, референдумның нәтижесі қандай жағдайда да толығымен шындыққа сай деп айтуға ерте сияқты. Халық «иә» деп жауап берген күннің өзінде, біздің билік тек қана өте қуатты АЭС салатын Ресей компанияларынан бөлек, басқа елдердің ұсыныстарын да қабылдап, кімді таңдау керектігін халықпен ақылдасып шешеді деген үміттеміз.

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036