Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4009 0 пікір 24 Ақпан, 2014 сағат 05:25

Геройхан Қыстаубаев. Шахановты «залалсыздандырудың» амалы

Тіптен кейбір дипломды саясаттанушылардың өзі елдегі бүгінгі саяси ахуал туралы ой қозғағанда «Ұлт патриоттары ықпалды күшке айналып келеді» дегендей тұжырым жасаса, енді бірі «Келешекте діни радикалдық топтар билікке келуге тырысуы мүмкін» деп ой білдіріп жатады. Менің ойымша бұл шындыққа жанаспайтын пайымдаулар! Бұл көпшілікті адастыратын түйіндер!

Өйткені, ұлт патриоттарын «күшейтіп те», діни ахуалды қажетті деңгейде «ушықтырып та» отырған биліктің өзі! Себебі, діннің қай саласын алсаңызда, барлығына ортақ: «Құдайдың жердегі өкілі – Патша. Ол – сенің Әмірің. Әмірге шек келтіруге болмайды. Ол өз ісі үшін ақиретте өзі жауап береді» деген, билік үшін өте тиімді ақидалары (ұстанымдары) бар. Сол себепті діни ушығу, тіптен діни экстремизмнің өзі, билікке қауіпті емес, керісінше биліктің «сойылын соғып» жүрген тілектестері десек, артық айтқандық болмайды. Діни экстремизмнен жапа шегетін қарапайым халық қана. «Жұмақ» соғысына шет ел асып кеткендер де, жиһатшылар да, олармен атысып-шабысып өліп жатқан күштік құрылым қызметкерлері де – қарапайым халық өкілдері. Билікке бұдан ешқандай зиян жоқ, халық ішінара осылай өзімен-өзі «қырық пышақ» болып тұрса, керісінше пайда бар, шенеунік емін-еркін үйреншікті ұрлығын жалғастыра береді.

Тіптен кейбір дипломды саясаттанушылардың өзі елдегі бүгінгі саяси ахуал туралы ой қозғағанда «Ұлт патриоттары ықпалды күшке айналып келеді» дегендей тұжырым жасаса, енді бірі «Келешекте діни радикалдық топтар билікке келуге тырысуы мүмкін» деп ой білдіріп жатады. Менің ойымша бұл шындыққа жанаспайтын пайымдаулар! Бұл көпшілікті адастыратын түйіндер!

Өйткені, ұлт патриоттарын «күшейтіп те», діни ахуалды қажетті деңгейде «ушықтырып та» отырған биліктің өзі! Себебі, діннің қай саласын алсаңызда, барлығына ортақ: «Құдайдың жердегі өкілі – Патша. Ол – сенің Әмірің. Әмірге шек келтіруге болмайды. Ол өз ісі үшін ақиретте өзі жауап береді» деген, билік үшін өте тиімді ақидалары (ұстанымдары) бар. Сол себепті діни ушығу, тіптен діни экстремизмнің өзі, билікке қауіпті емес, керісінше биліктің «сойылын соғып» жүрген тілектестері десек, артық айтқандық болмайды. Діни экстремизмнен жапа шегетін қарапайым халық қана. «Жұмақ» соғысына шет ел асып кеткендер де, жиһатшылар да, олармен атысып-шабысып өліп жатқан күштік құрылым қызметкерлері де – қарапайым халық өкілдері. Билікке бұдан ешқандай зиян жоқ, халық ішінара осылай өзімен-өзі «қырық пышақ» болып тұрса, керісінше пайда бар, шенеунік емін-еркін үйреншікті ұрлығын жалғастыра береді.

Биліктің ең басты қорқатыны – қай күні басы біріксе, сол күні «Ата-баба байлығы қайда?!» деп талап қылатын,  ұлтшылдардың күш алуы ғана! Расында, соңғы жылдары оппозиция әлсіреп, ұлтшылдар күшейіп-ақ еді. Шахановтың да айналасына нағыз ұлтшылдардың өздері топтаса бастаған болатын. Бұлар Шахановты алдырына салып алып, кез келген уақытта халықты көшеге бастап кетуі мүмкін еді! Бұл жоспарлы түрде жүзеге аспайтын, бірақ ерте ме, кеш пе, бәлкім ертең-ақ өмірдің өзі мәжбүр ететін, қазіргі  «түрлі-түсті» революция жасаудың классикалық жолы болатын. Осыдан зәре-құты қалмаған билікке Шахановты қалайда «залалсыздандыру» - басты міндет болды. Шынында байқасақ, билік үшін Шахановтай қауіпті ешкім жоқ екен. Қазақтың бас көтеруі – Шахановтың «Еріңдер маған!» деп шығуы ғана екен! Сондықтан да билік бұған дейін де, дәл бүгінде Шахановты «залалсыздандырудың» неше түрлі тәсілдерін ойлап тауып келеді. Мойындау керек, билік бұл жолы өз дегеніне, бұрынғыдай өзгелерді Шахановқа қарсы қою сияқты лас әрекеттермен емес, аз да болса өркениетті жолмен жетті. Қазір Шахановтың маңында бұрынғылардан ешкім қалмады. Олардың орнын өмір бойы ұлт мүддесінен үркіп, қашып жүрген адамдар басып үлгерді. Енді олар Шахановты олай салып, былай салып, әйтеуір тырп еткізбейді! Бұл анық дүние. Сондықтан бұл билік «тірі» тұрғанда, қазақ оянбайды, яғни оятпайды! Сол үшін де, бүкіл мемлекеттің қауіпсіздік комитеті (ҰҚК), өздерінің тікелей міндеті – елдің қауіпсіздігімен емес, елін тонаған ұры билікті, бар мүмкіндігін сарқа жұмсап, қорғап келеді. Қоғамда пайда бола бастаған, оның ішінде әсіресе, ұлттық бағыттағы саяси күштерді іштен ыдыратып, жойып отырады. Бұл әрекет осылайша жалғаса да бермек. Өйткені, ұрлық жасау, баю – бүгінгі биліктің өмірінің мәні мен мағынасына айналып кетті. Кезінде Елбасы «Сендердің кез келгеніңді қолдарыңнан жетектеп сотқа алып бара аламын» дегені тегін емес екен, қазір қандай да бір шенеунікті көре қалсаң, алдыңда тойымсыз ұрынының нақ өзі тұрғанына күмәнсіз сенесің.

Дипломды саясаттанушының «кемшілігі» сол: қоғамдағы болып жатқан құбылыстарды ұлттық менталитетке тереңдемей, еуропалық ұғым-санада жазылған оқулықтардан алған білімдері арқылы бағалайтындығы. Ол кітаптарда, әрине, қазақ «көсемдерінің» қулықтары, аярлықтары ескерілмеген. Содан келіп, қате тұжырымдарға тап болады. Немесе тапсырма бойынша «пікір» айтады.

Мәселен, соңғы жылдары ұлтшылдардың күш алып келе жатқанын бәрімізде байқадық. Мұны билікте көрді, білді. Бірақ, дәл бүгін, осы сәтте, сол «күшейіп келе жатқан ұлтшылдар», биліктің жасаған жымысқы әрекетінің салдарынан, сондай бір дәрменсіздікке ұрынуға шақ тұр! Тіптен, ұрынды деседе болады. Ал мұны қарапайым көпшілік тұрмақ, әлгі дипломы бар саясаттанушылар да «байқамапты». Бәлкім байқаса да, байқамаған болып отыр. Себебі, былтырғы жылы «Құрылтай өткіземіз» деп шыққан бастамашы үштік – Мақсат Нұрыпбаев, Ғабиден Жәкеев және Болатбек Біләловке, сүйегіне дейін орысжанды болып кеткен М. Шибұтов, Д. Әшімбаев сияқты саясаттанушылардың «тақиясын шешіп» тұрып сәлем бергені, бұл жаңа шыққан «ұлтшылдардың» қамқоршылары «жыртылып-айырылып» жатқанын көрсетті.

Осы аталған шара 2013 жылғы 23-ші қарашада «Халық өкілдерінің құрылтайы» деген айдармен өтіп, онда «Қазақ Ұлттық Кеңесі» құрылған-ды. Жақында осы кеңестің, тағы да құпия жағдайда, оншақты адамның басы қосылған отырысында, бас-аяғы сегіз адамнан тұратын «Саяси бюросын» құрыпты. «Құрылтайдың» шешімі бойынша осы сегіздің қазақ ұлтының атынан сөйлеуге құқығы бар-мыс! Сонда бұлар кімдер? Төраға – М. Шаханов; бірінші орынбасар – Марат Тоқашбаев; (жәй) орынбасарлар – Мақсат Нұрыпбаев; Жарылқап Қалыбай; Бейбіт Қойшыбаев; Айдар Әлібаев; Дәурен Бабамұратов; Еркін Рақышев. Мұндағы үшеу – Тоқашбаев, Нұрыпбаев пен Әлібаевтар, бұған дейін бүгінгі  «жұмақ» дәуірдің «шұғылалы нұрына» шомылып өмір кешкендер.

Бұлардың ішінде менің аса құрмет тұтатын адамдарым да бар. Бірақ «Айтпаса – сөздің атасы өледі» деген, менің бұл топқа «қарным ашып» отыр. Неге? Себебі, осылардың көбісі, басқасын айтпағанда, осы Алматы облысында орын алған, барлығында дерлік ұлттық намысымыз тапталып, барлығында дерлік қазақтар өліп, қазақтар сотталған оқиғалардың бірде біреуінде төбесін көрсетпеген адамдар! Бірде біреуінде! Тіптен, әлем қайғырып, көңіл айтуға тұрарлық Жаңаөзен қанды қырғынына арналған митингілердіңде бірде біреуінде халық арасында болмағандар! Кеше ғана, бұлардың «Біз ұлтшылмыз. Құрылтай өткізбекпіз» деп шыққаннан кейінгі уақытта орын алған, Алматыдан 60-ақ шақырым жердегі Шеңгелді ауылында,  шешендер автоматпен екі қазақты атып, біреуі сол жерде өліп, екіншісі жансақтау бөлімінде әрең аман қалған жерге де аяқтары жетпей қалды сабаздардың!

Сонда бұлар қалай «ұлтшыл» болмақ? Мысалы, мұндай «ұлтшылдардың», қазақтың байлығын өзен етіп сіміріп жатқан – А. Мәшкеевич деген «ұлтшылдан» қандай айырмашылығы бар? Мен таба алмадым! Себебі, екеуіде тең жағдайда – Қазақстан азаматтары ғана.

Қалай ұлтшыл адам, «таяқ тастам жерде» осындай оқиғалар орын алып жатқанда, кәбинетінде шыдап отыра алады? Ұлтшылдықтың жәһанда жоқ мұндай түрін ойлап табу – біздің биліктің ғана қолынан келсе керек! Дегенмен, ұлттық ділден туа бітті ажырап қалған билік бұл жолы қателесті... Тапсырманы орындауға келіскен алғашқы адамды ұлтшылдардың арасына тыға салды. Ұлттың ыстығына күйіп, суығына тоңбаған адам, қайбір оңдырады дейсің... «Ә» дегеннен-ақ шатасты. Құдайға шүкір, елде ұлт мүддесі үшін бүкіл өмірін сарп етіп келе жатқан қаншама ұлтшылдар бар. Міне, болмады дегенде осылардың басын бір рет қосып, «Құрылтай өткізетін ойымыз бар, ағайын» деп, ең құрығанда, моральдық құқыққа ие болатындай, беттерін ашып алулары тиіс еді. Өйтпеді! Барлығын соңына дейін құпия ұстап, «Пәлен күні Құрылтай өткіземіз» деп, бірақ айтты. Сондықтан, салт-дәстүрімізге сай келмейтін әрекеттермен өткен бұл Құрылтай – құзырсыз (легитимсіз) Құрылтай! Олардың халық атынан сөйлеуге ешқандай құқығы жоқ! Мойындауға қиын болса да, шындық осы.

Мәселен, ертең қазақ мүддесі үшін ешқашан күреспеген, бірақ бүгінгі авторитарлық жүйемен өмір бойы алысып келген – Сергей Дуванов: «Мен қазақ құрылтайын өткіземін» десе, осы Құрылтайды өткізген бастамашы үштікке қарағанда, оның моральдық құқығы анағұрлым басым, артық болар еді. Себебі Дуванов, қазақты осы күйге жеткізген жемқор билікпен үздіксіз күресіп келеді. Сол үшін сотталып та шықты. Ал мыналарың кім? Не ұлт, не қоғам үшін күреспеген, бір тамшы терін төкпеген адамдар. Сондықтан, болашақта Дуванов, болмаса Мәшкеевич сияқты ақшасы көп біреулер, үш қазақты сатып алып, «Қазақ Құрылтайын» өткізе беруіне өзіміз жол ашып бергіміз келмесе, бұл Құрылтайды құзырсыз деп қабылдауға міндеттіміз! Құрылтай – елдегі үлкенді-кішілі ұлтшыл азаматтардың, ұлтжанды зиялылардың, т.б. басы бір жерде  қосылып, көпшілігі мақұлдаған кезде ғана құзырлы болуы шарт. Бұл ата-бабадан келе жатқан дәстүр. Мұны өзіміз бұзсақ, ол ұлтқа жасаған опасыздығымызбен тең. Сонда ғана кез келген «аспаннан түскен белгісіз» біреулер елді бастап алып кетіп, орға жыға алмайды.

Билік кеш болса да, өздерінің жіберген осындай қателіктерін ұқты шамасы... Әлде таңдау дұрыс түспеді ме, жоқ келісілген шарттар толық орындалмады ма, әйтеуір, билік өзі мұрындық болған «Құрылтай» идеясынан бас тартып, басылым беттерінде «келесі жылға қалдыру ұтымды» деген көзқарасты қатты жарнамалады. Нәтижесінде бұл жағдай, билік (ҰҚК) пен Нұрыпбаевтың ара қатынасының ушығуына алып келді. Өткен жылғы қазан, қараша айларындағы БАҚ-ты жіті бақылаған адам мұны байқаған болар еді. Менің ойым: биліктің түпкі мақсаты – саяси ойынның «ұңғыл-шұңғылынан» бейхабар, бұрын саясатта болмаған адамдарды «Осы уақытқа дейін түк бітірмеді. Енді жастардың жолын кеспесін» деген сияқты ұстанымдармен «қаруланрдырып», бұрыннан келе жатқан ұлтшылдарды «жағаға шығарып тастау» болды. Өйткені «жыланның аяғын көрген» бұрынғыларға қарағанда, жаңа шыққан жалаң патриоттарды, «ұршықтай иіріп» отыру оңай. Осы себепті, билік бастамашы топқа «ә» дегенде уәдені үйіп-төгіп берсе керек. Топтың Құрылтай өткізу жоспары өте үлкен болатын. Елдің түкпір-түкпірін айтпағанда, шет елден де қазақтар шақырылып, олардың барлық шығындарына дейін «өзіміз» көтереміз деген-ді. Билік үшін ең бастысы – Құрылтайда құрылуға тиісті болған «Ұлттық Кеңеске» бүкіл қазақ ұлтының атынан сөйлей алатын құқық «алып беру» еді! Сонда басқа түгілі, Шахановтың сөзі де елге жүрмей қалатын. Әттең, биліктің өкініші сол, мұны Нұрыпбаев «түсінбеді».

Нұрыпбаев – пәле. Ол бәрін де түсінді. Межелі уақыт жақындаған сайын ол, не билікке, не көпшілікке түсініксіз әрекеттер жасап, өзінің «саясатқа жастарды алып келемін» деген уәдесін «ұмыт» қалдырып келді де Шахановқа «жабысып» алды. Мұнысы, кейіннен белгілі болғандай, оның өзін сақтандырған амалы болып шықты. Егер Шаханов болмағанда, бұл Құрылтай шақырылмай қалатын екен. Шаханов айтқанынан қайтпай қойған соң ғана, билік Құрылтайға кедергі жасай алмады. Соның арқасында, Нұрыпбаев өзінің ел алдындағы абыройын сақтап қалды.

Ақын деген аңғал халық емес пе?! Оның үстіне, соңғы жылдары «Ұлтты біріктіремін деген жас болса, шіркін, көмегімді аямас едім» деп жүрген Шахановқа Нұрыпбаев «іздегенге  сұраған» бола қалды. Ал бұл, ширек ғасырдан бері Шахановты «мүлдем залалсыздандырып» тастауға мұршасы жетпей жүрген билік үшін ең ұнамаған жағдай еді. Себебі, биліктің «Құрылтай жобасы» ең әуелі осы Шахановтың өзін «залалсыздандыруға» арналған-ды. Ал нәтижесінде, билік күтпеген жағдай орын алып, Шаханов құрылтайды ұйымдастырушылардың басшысы болып шыға келді.

Осы кездерде билік Нұрыпбаевты «діншіл, салафит», ал Шахановты диктатор, т.б. деп, қардай боратып қаралады. Билік (ҰҚК) Нұрыпбаевты жұмысынан да шығартып жіберді. Дегенмен, Нұрыпбаев ол кезде билікке еш илікпеді. Сол илікпеген күйі кетуі керек еді. Бірақ, амал нешік...

Нұрыпбаев мырзаның соңғы жасаған әрекеті, өзі жиі айтатын «Ер шекіспей, бекіспейді» деген мақалды «ту етіп», билікпен қайта табысқанын аңғартты. Мұны оның  «Саяси бюроны» құпия түрде құрып, мүшелерінің (орынбасарлар) жартысын билікпен рухтас адамдармен толтырып тастағанынан да көруге болады. Бұл жерде бастамашы топқа қойылған биліктің басты  талаптары орындалды: Шахановтың маңындағы нағыз ұлтшылдарды билікпен қашанда ымыраға  келетін «ұлтшылдармен» алмастыру және оны осы топ ықпалымен «тырп еткізбеу» тетігі жасалды. Сондай-ақ, елдегі өзге ұлтшылдардың одан әрі еріксіз бөлшектенуіне соқтыратын жағдай орнады. Яғни бастамашы топпен алғашқы келісілген барлық шарттар, кештеу болса да, толықтай жүзеге асты деуге болады. Себебі жеті адамның бірі қалыс қалса болды, дауыс беру нәтижесінде Шахановтың да ұсынысы өтпей қалатындай жағдай әдейі, саналы түрде жасалынған.

Бұл құрылған «Саяси бюро» жөнінде интернетте, оның ішінде Фейсбукте, көп талқылау болды. Ел «иістің қайдан шыққанын» байқап-ақ отыр. Мысалы, Аслан Амангелдіұлы деген Фейсбук қолданушы мынадай шумақ жазыпты:

«Ұлтшылмын!» деп сатқындар ұран қағып,

Болып жатыр еліміз, соған қарық,

Артында сол «ұлтшылдың» жауың тұр-ау,

Ақырын зейін салшы, артын бағып...

десе, енді бірі («Серке» сайтында, жеті бірдей орынбасарлары туралы):  

 Орынын қалай басады?

Барлығы істен қашады.

Шахановты қоршаған,

Ақ Орданың жасағы!

депті.

Сөз соңында мен мына бір жәйтті айтқым келеді. Марқұм Алтынбек Сәрсенбаев бір сөзінде «Мына билікпен ешқашанда, ешқандай жағдайда да келісімге баруға болмайды!» деп айтқан еді. Осы сөзді сол кезде, артынан іздеп барғанымызда (төрт адам болатынбыз), Шідерті түрмесінде жатқан Ғалымжан Жақияновта айтқан болатын. Екеуі рухтас, сырлас, достар емес пе? Міне, содан бері он шақты жыл өтсе де, мен осы сөздің мүлтіксіз дұрыстығына әліге дейін көз жеткізіп келемін. Бұл сөздер маған өте қымбат! Осы уақытқа дейін қанша жерде ары таза адам болып шыға алсам, соның барлығында осы сөздер жадымда тұрды менің. Өйткені ҰҚК мен «Ішкі саясат» өкілдері кімдерге келіп қолқа салмады дейсің?! «Үлде мен бүлдеге оранып, Ханның күнін кешесіз!» деді де. Көнбедік. Аға буын ұлтшылдарды «сындыра» алмаған соң, «бишіні» бала буыннан тапқан екен де.

Кезінде оппозиция қатарында бірге жұмыс жасап, әріптестерім болған осы екі азаматтың ұстанымымен өмір сүру, маған ғана емес, бәрімізге, әсіресе жастарға үлгі, өнеге болуы тиіс деп ойлаймын! Нағыз күрескерлер осындай, табаны бүрлі болады!

Менің түйгенім: әділ ұстанымыңа адал, берік болсаң, сен билікке емес, керісінше, қайда жүрсең де билік саған тәуелді болады екен! Сенсіз шешім қабылдай алмайды екен. Мұның дәлелі – Алтынбек бауырымыздың қысқада болса жарқын өмірі! Алтекең оппозицияға кетіп қалса да, оның келісімінсіз ештеңе жасай алмаған билік, ақырында жабылып жүріп атып өлтіріп, өз «тәуелсіздіктеріне» қол жеткізгендей болып еді, сөйтсе жаңылысыпты. Әлі тәуелді екен! Тәуелді болғанда да сұмдық! Қазір не істерін білмей, «ішкені – ірің, жегені – желім» болып, бір-бірін сатып, кінәлап, өз абыройларын өздері айрандай төгіп жатыр. Алтекеңнің әруағы төктіріп жатыр!

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5558