Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3499 0 пікір 24 Ақпан, 2014 сағат 07:43

Халықпен санаспаудың ақыры қатерге айналды

УКРАИНАДА 25 АДАМ ӨЛIП, МЫҢДАҒАН АДАМ ЖАРАЛАНДЫ

УКРАИНАДА 25 АДАМ ӨЛIП, МЫҢДАҒАН АДАМ ЖАРАЛАНДЫ

Сейсенбi күнi кешке Украина билiгi шерушiлерге қойған ультиматумның уақыты бiтiп, “Бүркiт” Майданды жаппай тазалауға кiрiстi. Дәл осы сәттен қым-қиғаш соғыс басталды да кеттi. Гүрс-гүрс, тарс-тұрс...
Ақпарат агенттiктерi әртүрлi мәлiмет таратуда. Орысшылдары “Майдандағы бiрнеше мың шерушiнi “Бүркiт” тықсырып барады” десе, батысшылдары “Еуромайданшылар билiк күшiнiң бетiн қайтарып тастады” дейдi.
Денсаулық сақтау министрлiгiнiң дерегiне қарағанда, қақтығыстан 25 адам өлген. Онда да бұл нақтыланғаны, ресми тұлғалар мойындағаны ғана. Шын мәнiнде ажал құшқандардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкiн. Өйткенi кеше күнi бойы қақтығыс толастаған жоқ.
 
БИЛIК ПЕН ОППОЗИЦИЯ ТАҒЫ КЕЛIСЕ АЛМАДЫ
Украина президентi В.Янукович пен оппозиция жетекшiлерi сей­сен­бiден сәрсенбiге қараған түнi кездесiп, ортақ шешiмге келе алмады. Президентпен кездесуден шыққан соң УДАР партиясының жетекшiсi Виталий Кличко былай деп мәлiмдедi: “Янукович елдегi жағдайды дұрыс бағамдап отыр­ған жоқ. Оның бар айтатыны – “оппозиция жетекшiлерi Майдандағы шерудi тоқтатып, қаруларын тастасын”. Ал менiң қойған талабым – билiк әскерiн Майданнан дереу әкетiп, қантөгiстi тоқтатсын! Мен мұ­ны Януковичке айттым. Қан төгiлiп жатқанда қандай келiсiм болушы едi?! Өкiнiшке қарай, ол түк түсiнген жоқ. Бар болғаны – осы. Мен бұған қатты таңдандым”.
“Батькивщина” фракциясының жетекшiсi Арсений Яценюк те осыны айтты. “Оппозицияның ұстанымы мәлiм – тiл табысу, адам өмiрiн сақтап қалу үшiн әскердi Майданнан алып кету. Тiл табысқан жоқпыз, билiктiң тiл табысатын ойы да жоқ. Ендеше, бiз де алаңда халықпен бiрге тұрамыз”, – дедi ол.
Оппозиция жетекшiлерiмен кездесуге дейiн Янукович АҚШ-тың вице-президентi Джо Байденмен телефон арқылы сөйлескен. Мұны Ақ үйдiң баспасөз қызметi хабарлады.
“Вице-президент Байден Ук­раи­на президентi Януковичке телефон соғып, Киев көшелерiнде болып жатқан оқиғаға қатты алаңдау­шылық бiлдiрдi. Вице-президент тараптардың қандай да болмасын күш қолдануын АҚШ-тың ашық     айыптайтынын ескерттi”, – делiнген Ақ үйдiң мәлiмдемесiнде.
 
“АНТИТЕРРОРЛЫҚ ОПЕРАЦИЯ”
Майданда тарс-тұрс оқ атылып, әр-әр тұста гранаталар жарылды. Жараланғандарды дәрiгерлер алаң­нан әкетiп үлгермей, дәл сол жерде көмек көрсетуде. Киевтiң орталығында топ адамның ортасына түскен жарылғыш зат оларды та­­рыдай шашып түсiрген. Бiр адамның қолын жұлып әкетiп, тағы бiрнешеуiн ауыр жаралаған. Украиналық «Вести» газетiнiң тiлшiсi басынан оқ тиiп қаза болды.
Ұлттық қарсылық штабы орна­лас­қан кәсiподақ үйi өртенiп, штаб жедел түрде басқа жерге көшiрiл­дi. “Свобода” партиясы өкiлдерiнiң айтуынша, ғимаратты “Бүркiт” жасағы өртеген. Мәскеу алаңы тұсынан наразы топқа қарай жылжыған БТР-ларды (бронетранспортер) “Мо­лотов коктейльдерiнiң” көмегi­мен өртеп жiберiптi.
Аласапыран кезiнде үш қара микроавтобуспен анық белгiлерi жоқ әскери киiнген бiрнеше адамды алаңға әкелген. Куәгерлердiң айтуынша, олардың қолында “Калашников” автоматы бар.
Майданға сыналай кiрген “Бүр­кiт” жасағының жауынгерлерi да­уыс ұлғайтқыш арқылы әйелдер мен балалардың алаңнан кетуiн талап етiп, “антитеррорлық операция жүредi” деп хабарлаған. Сол маңдағы ғимараттардың төбесiне жасырынған снайперлер де журна­лис­тердiң қырағы көзiне түсiп қалыпты.
 
ЯНУКОВИЧ ҚАЙДА?
Майданда қым-қиғаш соғыс жүрiп жатқанда украиналық “5 каналдың” тiлшiсi Андрей Ковалев күштiк құрылымдарды да, шерушi­лердi де елең еткiзген жаңалық жариялады. Оның айтуынша, Киевтегi “Борисполь” әуежайынан президент Виктор Януковичтiң ұшағы әуеге көтерiлген.
“Сағат 11:25-те Борисполь әуежайынан Януковичтiң “эйрбасы” ұшып шықты. Оның қайда бағыт алғаны беймәлiм”, – деп жазды Ковалев “Туиттердегi” парақшасына.
Президент Януковичпен жоғарғы раданың спикерi Владимир Рыбак та сөйлесе алмай отыр­ған көрiнедi. Ол конституцияға өзгерту енгiзу мәселесiнiң жоғарғы радада бүгiн қаралатынын мәлiмдедi. Әзiрге Януковичтен хабар жоқ.
 
ОҚҚА ҰШҚАНДАРДЫҢ АРАСЫНДА ГРУЗИЯ АЗАМАТЫ БАР
Қаза болғандардың саны жөнiнде бiрiн-бiрi жоққа шығаратын сан түрлi ақпарат сәт санап түсiп жатыр. Кейбiр дерек көздерi “отызға жуық адам опат болды” деп те мәлiмдедi. Әзiрге нақты анықтал­ғаны – 25 адам. Олардың аты-жөндерi де белгiлi бола бастады. Солардың бiрi – Грузия азаматы Зураб Хурция. Мұны Грузияның Украинадағы елшiсi Михаил Уклеба растады.
Көзi көргендердiң айтуынша, кеше қақтығыс салдарынан қаза болғандар Киев көшелерiнiң әр-әр жерiнде шашылып жатқан. Арасында әйелдер де, еркектер де бар. Украина iшкi iстер министрлiгi тоғыз қызметкерi опат болғанын мәлiмдедi.
Ивано-Франковскiде, Львовта, Тернопольде шерушiлер iшкi iстер басқармасының, прокуратураның ғимараттарын басып алды. Львовта шерушiлер iшкi iстер ғимаратын басып алған соң Януковичтiң портретiн терезеден шығарып, өртеп жiберген. Украинаның Киевтен өзге аймақтарында “Бүркiт” жасағы шерушiлерге қарсы тым белсендiлiк танытпай, бас бағып қана тұр.
 
“ПУТИН ЯНУКОВИЧТЕН УКРАИНАНЫ 2 МИЛЛИАРД ДОЛЛАРҒА САТЫП АЛДЫ”
Майдандағы қантөгiске қатысты Грузияның бұрынғы президентi Михаил Саакашвили ойын айтты. “Киевтегi оқиғалар Кремльдiң тапсырысымен жасалып жатыр. В.Путин Януковичке 2 миллиард доллар төлеп, Украинаның тәуелсiздiгiн сатып алды. Егер Украина еуропалық демократиялық елге айналса, онда бұл – Путиннiң күнi батқаны”, – дедi М.Саакашвили.
Сондай-ақ, ол Майдандағы оқиғаны Қытайдағы Тяньаньмэн алаңындағы қантөгiспен салыстырып, “Еуропа Украинаға шұғыл түрде қол ұшын беруi керек” деп мәлiмдедi.
Путин украиналықтарды не себептi тiзерлете алмайды?
Сарапшылардың көпшiлiгi Украина үшiн тартыста Путиндi жеңiлдi деп есептейдi. Неге? Өйткенi, Путиндiкi – саясат, ал украиналықтардың әрекетi – тәуелсiздiк үшiн күрес. Мiне, сол себептi де Путин украиналықтарды ешқашан жеңе алмайды.
“Янукович тiрi өлiкке айналды” деп есептейдi батыс саясаткерлерi. Өйткенi ол бейбiт халыққа қарсы оқ атты. Бұл оның маңдайына қара таңба болып мәңгiлiкке басылды. 
Әрине, күрес болған соң құрбандық та болады. Бiрақ Украина халқы кеудесiне “Калашников” тақап тұрса да ұлттық мүдде үшiн өлiспей-берiспейтiнiн әлдеқашан дәлелдедi.
Е.Биеке.
"Жас Алаш" газеті
0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5564