Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 5185 0 пікір 27 Ақпан, 2014 сағат 08:50

Ибрагим Исаев. Бақыттымын дейсiң қалай өзiңдi, жан-жағыңда бақытсыздар жүргенде

САБЫРЖАНҒА САУАЛ

САБЫРЖАНҒА САУАЛ

 
Жаңа заман жүректен ұрғылады,
Үмiттердiң үзiлiп тұр бұлағы.
Аспандаған көңiлдер құлдырады,
Айтшы, осының бәрiне кiм кiнәлi?
 
Мүлгiп тұрған даланы дауыл басты,
Домалатып тастадық тәуiр басты.
Сап-сау жүрген ауырттық ауырмасты,
Пәлек қылып жiбердiк түйнектердi.
Жәлеп қылып жiбердiк қарындасты,
Кiм кiнәлi осының барлығына.
Неге, қазақ соншама бағың қашты?..
 
Елдiң көркi, жердiң де құты қашты.
Ерiккеннен оқимыз оқымасты,
Миымызға тоқимыз тоқымасты.
Ақылы жоқ батырмыз сырт көздерге,
Данышпан ғып отырмыз қотырашты.
Кiм кiнәлi осыған,кiм кiнәлi,
Бiлетiнiң болса егер ақыл айтшы.
 
Не күтiп тұр, бiлмеймiз тосып алда,
Жүру қиындап кеттi басып алға.
Сырық ұстатып қойдық күшi барға,
Құрық ұстатып қойдық басы барға.
Ертең бала-шағамыз сұрай қалса,
Кiмнен жауап аламыз осыларға?
 
Көргенiң де қалады, өлгенiң де,
Қалады барлық жиған-тергенiң де.
Ешкiм сенi таппайды iздесе де,
Ешкiм келiп жатпайды көрде бiрге.
 
Пана болған данаға, батырға да,
Неге сонша түнерiп жатыр дала?
Бұның құнын, айтшы ертең кiм төлейдi,
Үмiтi жоқ көбейдi қатын, бала.
 
Қазынасын елiмнiң қазып алып,
Болып жүрмiз бұл күнде бөрiге азық.
Жақсы күндi, әттең, бiз көрмеймiз-ау,
Көбi кеттi өмiрдiң, азы қалып.
 
Адамдарда мейiрiмнен iз қалмады,
Қазiр жұрттың күлгенi – сызданғаны.
Жүйке сынды бұл күнде тозған бәрi,
Ақша табу әйтеуiр жан ауыртпай.
Жастардың да жоқ қазiр
өзге арманы,
Кiм кiнәлi осыған, кiм кiнәлi,
Жаңара ма елiмнiң тозған бағы?
 
Арам пиғыл аз ғана топ бастаған,
Елдiң сиқы малмен тең боқ тастаған.
Қаптап кеттi, обал-ай, адам бұл күн,
Бiр-бiрiнiң iшiне шоқ тастаған.
Кiм кiнәлi бәрiне, кiм кiнәлi,
Қазынаңды бұл күнде жат жастаған.
 
Сыймайтын iс көп тегi ақылға да,
Қайыршыға айналды қатын-бала.
Мақсатсыздың мақсаты елден қашып,
Бар мақсаты – өз елiн сату ғана.
Нұры қашқан халықтың бетiн қара,
Жүре бер тек бiл-дағы атын ғана,
Кiм кiнәлi осыған, кiм кiнәлi?
 
Өтiп кеткен ойлама таза күндi,
Жоғарыға салма ендi назарыңды.
Берекеңдi,байлығың, базарыңды,
Тойымсыздар былғады,қаза қылды.
Кiм кiнәлi, ағайын, кiм кiнәлi,
Сезiп тұрып сезбедiң тозағыңды.
Бейшараның бұл күнi – қараңғы күн,
Аяйтұғын болсаң шын қазағыңды,
Ей, ақындар, жазып қал жазарыңды.
 
Ордасына айналған желөкпенiң,
Тәбеттерiн сезген соң төбеттердiң.
Жоғарыдан ештеңе дәме етпедiм,
Иегiнiң астынан күбiрлейтiн,
Қарайды олар бетiме не деп менiң,
Бiле ме екен сол сорлы бейшаралар.
Бал сусыны бар елдi шөл еткенiн.
Кiм кiнәлi, кiм қашан жауап берер,
Жоғарыда отырған өлекселер,
Тiрiлтедi қай кезде өлi еттерiн?
 
ӨКIНIШ
Кешегi тексiздiң де, тектiнiң де,
Ешқандай айырмасы жоқ бүгiнде.
Бiлмеймiн ұрпағының болашағын
Тапсырып аталарым кеттi кiмге.
 
Жүрсең де көк шаһарда,ақ шаһарда,
Таппайсың сөзi түзу ақсақал да.
Кешегi шалдар қайда,қазiргi шал,
Ұқсайды қазақ емес,басқа шалға.
 
Қоғам ба, заман ба екен бұзған бәрiн,
Көрмедiк түзу көштiң қозғалғанын.
Қалыппыз жолымыздан шын адасып,
Халықпыз өзi бұзған өз қорғанын.
 
Билiкте былжыраған бала-шаға,
Ал солар болашаққа жол аша ма.
Зиялы дегенiмiз – қиялилар,
Айналды биiгiмiз – аласаға.
 
Өтсе де қиын жолдан халық не бiр,
Бiздерге жетпей қойды көрiктi өмiр.
Кесiлiп бара жатыр үмiтiмiз,
Өсуде желiккен қыз, желiккен ұл.
 
Қаңғыған қазақ қазiр базаршы адам,
Жетсе де еркiндiкке өзi аңсаған.
Көп елдi, деп көкимiз, басып аздық,
Жоқ әзiр ешкiмнен де озар шамаң.
 
Жоғалтты қазiр халық бар асылын,
Алаяқ, жексұрындар жанашырың.
Отан-Ана дейтiн ек, жатқан елмiз,
Қанын iшiп өзiнiң Анасының.
 
Орнады ел басына азапты күн,
Бұрынғы қазақ емес қазақ бүгiн.
Кiм үшiн азаттықты алдық сонда,
Не болып бара жатыр азаттығым?!
 
ЖҰБАТУ
Сонау иман, ұят та бар заманда,
Өз елiңде қымбат едi бағаң да.
Өмiр сүру қызық едi саған да,
Өмiр сүру қызық едi маған да.
 
Бейбiт күнде келдi қайдан зобалаң,
Ұятты ойлап жүрген қазiр жоқ адам.
Торға келiп түскен сынды тоты құс,
Қарға болып кеткен сынды шағалаң.
 
Орындалмай қалды не бiр армандар,
Түлкi болып кеттi не бiр арландар.
Сасып қалды не бiр ақылды милар,
Бықсып-бықсып өшiп қалды жанғандар.
 
Жоғалғандай жылылықтың ұшқыны,
Жүректерде мейiрiмнiң өштi үнi.
Халқымызды үрей билеп жүр бүгiн,
Қорқынышты адамдардың ұсқыны.
 
Мақсат деген ымы сынды мылқаудың,
Ал көкiрек iнi сынды қорқаудың.
Уайымдасақ өлердеймiз құсадан,
Жайын жасап жүргендеймiз жалқаудың.
 
Өмiрiмiз жақсы екен ғой өткен деп,
Жүрмiз ендi “әттең”, “әттең”, “әттең” деп.
Бұдан қатты суық болса қайтемiз,
Көңiлдердi жылытпаса көктем кеп.
 
Ұятсыздың қалтасында ұятың,
Ұятсыздың түрi жоқ-ау тоятын.
Мұны оқыса ұятсыз бен имансыз,
“Былжырама, дейтiн шығар, ей, ақын”.
 
Ұятсыз бен имансыздар елiнде,
Табалдырық сияқтанар төрiң де.
Бұл өмiрде көксегенiң болмаса,
Жақсы өмiрiң, болар мүмкiн, көрiңде.
 
***
Бiз майдамыз,
майдамыз-ау,
майдамыз,
Соңымызда кiл табаны тайған iз,
Сүйiп тұрып сиiп тұрар аузыңа,
Адалдықтан биiк тұрар айламыз.
 
Алыппыз бiз,
құмырсқа боп ойланған,
Халықпыз бiз,
миымызда майда арман.
Шындығымыз сорға айналған бұл күнде,
Кiндiгiмiз тоғышарға байланған.
Бiз майдамыз,
майдаландық ендi шын,
Мақсатсыздың арты құз да, алды шың.
Ақылы аз, айласы көп майдамыз,
Жаратқанның арқалаған қарғысын.
 
ЖАУАБЫ ЖОҚ СҰРАҚ
Жатыр жерiм ауырлау алып демiн,
Көтере алмай қажыған халық терiн.
Жетекке ерiп келемiз әлi күнге,
Кiшi әрпi сияқты әлiппенiң.
 
Толғанамыз,
Күн-түнi ойланамыз,
Үзiлмейтiн шынжырға байланамыз.
Кiшi әрiп те Бас әрiп бола алады,
Бас әрiпке қай кезде айналамыз?!
 
Жауабы жоқ сұрақ көп санамызда,
Болмаймыз ба, Бас әрiп, боламыз ба?..
Мәңгi бақи мұң болып кеудемiзде,
Мәңгi бақи “ң” болып қаламыз ба?!
 
Шүкiршiлiк,
әзiрге ашық аспан,
Болар iстiң жақсы ғой басын ашқан.
Жетекке ерiп кетермiз мәңгi бақи,
Ойланбасақ, ағайын, осы бастан.
 
ЖЕТIМДЕР
Отан – Анаң дейтiн едi бұрынғы,
Бұрынғылар көрсе қазiр түрiңдi
Шошыр едi, аспанға аттық бөрiктi,
Жерге түспей бөрiк көкке iлiндi.
 
Ата-баба топырағында жүрсек те,
Қуаныштар қалды шығып бiр шетке.
Жақсы өмiрге, армандаған бабалар,
Түрiмiз жоқ жететұғын өлсек те.
 
Өз Отаның өгей анаң секiлдi,
Өгей ұлдар қаптап кеттi не түрлi.
Өгей ана тұрғызбайды аялап,
Жақсылыққа бұрғызбайды бетiңдi.
 
Тағы да ұрам деген сынды жыласаң,
Жетiмдердi саба дейдi сабасаң.
Бiрiкпейтiн халық болдық бастары,
Биiктейтiн емес мүлдем аласаң.
 
Жетiм бала қай кезде де қам көңiл,
Қарақшы боп кеттi халық сенген ұл.
Иiрiп жүр қойдан жуас халықты,
Пайдам тисiн дейтiн жан жоқ елге бiр.
 
Әкесiнен қалған мұра сияқты,
Барлық байлық бiр тобырда тұрақты.
Талайларды жазықсыздан құлатты,
Талайларды жазықсыздан жылатты.
 
Өгей ана, өгей бала қаптаған,
Өксiгенмен ашылмайды ақ-қараң.
Елес болып, елдi кезiп жүр бүгiн,
Сол баяғы шұбырынды ақ табан.
 
Ит сияқты итаяқтан ас iшкен,
Өгей бала, өксiп-өксiп басы iскен.
Өгей балдар оралады үйiне,
Қайтқан малдай қурап қалған өрiстен.
 
Тойынғандар “өз баласы” Отанның,
Сияқтанып өгейлермен қатар жүр.
Солар үшiн тұрған сынды айналып,
Арайланып атқан таң мен батар күн.
 
Осы жерге байланған соң кiндiгi,
Өгейлердiң қатқан кегi бiр күнi
Жарып шығып, ортасына түседi,
Өгей елдiң шаңырағы мен түндiгi.
 
Быт-шыт қылдық мақсаттар
мен арманды,
Быт-шыт қылдық қасиеттi қорғанды.
Дала шiркiн күңiренiп, күрсiнер,
Отаным деп жаны ашитын кiм қалды?!
 
Қажығанға керек пе екен бұл Отан,
Алжығанға керек пе екен бұл Отан.
Атпаса егер, халық қажып шаршады,
Шын тәуелсiз Отан үшiн жаңа таң.
 
Тәуелсiздiк деген сөздi қозғама,
Тәуелсiздiк деген жай бiр сөз ғана.
Қарғайды ертең қанағатсыз ұлдарын,
Бабамыздан қалған байтақ боз дала.
 
БАҚЫТ ЖАЙЛЫ СЫР
Бұл дүние ештеңе жоқ теп-тегiн,
Кейде айналып оралады өткенiң.
Досқа айналып шыға келер дұшпаның,
Қысқа айналып шыға келер көктемiң.
 
Ұстай алсаң үзiлмейтiн желiсi,
Бақыт деген – ол  да ойдың жемiсi.
Пейiшiң де айналады тозаққа,
Тарылғанда уақытыңның өрiсi.
Бақыт жайлы ой келмей тұр жамбасқа,
Бақыт жайлы түсiнiк те әр басқа.
Бақыт деген – билiк қой деп адаспа,
Бақыт деген – байлық қой деп алжаспа.
 
Бақыт деймiз,
Бақыт жайлы елге сен,
Не айта аласың, бақытты боп көрмесең.
Бiр-ақ тiстем нан да бақыт аштықта,
Бiр-ақ жұтым су да бақыт шөлдесең.
 
Бақытты боп кете алмайсың бiр демде,
Бақытсыздық тұрады ылғи iргеңде.
Бақыттымын дейсiң қалай өзiңдi,
Жан-жағыңда бақытсыздар жүргенде.
 
Алтын  балық iлiнбейдi қармаққа,
Бақыт жайлы ой жетелейдi жан-жаққа.
Бақыттымын дейсiң қалай өзiңдi,
Бақытыңды бөлiсетiн жан жоқта.
 
Бақыт жайлы ойлай бермей уайым ғып,
Алдыменен болу керек ойың нық.
Шын бақытты болу үшiн, алдымен,
Сол бақытқа жасау керек дайындық.
 
Бiреу жөнсiз,
бiреу мұның жөн десiн.
Бiреу сенiп,
бiреу мүмкiн сенбесiн.
 
Бақытты боп кету қиын, алайда,
Сол бақытқа дайындықсыз келгесiн.
 
НҮКТЕ
Көбеюде нүктесiз сөз, сөйлемдер,
Тыныс белгi қоя алмайды өлгендер.
Болды қазiр үтiр қоя салатын,
Бұған дейiн нүкте қойып келгендер.
 
Үтiрден соң “бiрақ” пенен “сосын” бар,
“Мүмкiн” менен “алайда”-ны қосыңдар.
Қай сөйлемге, қай уақытта, қай күнi,
Қашан нүкте қойылады, тосыңдар.   
 
 Нүкте керек, бiзге нүкте көп керек,
Ойларыңды кездестiрер жекпе-жек.
Онда өмiр не болады,  бiр күнi,
Үтiрлер де кетiп қалса өкпелеп. 
Нүктесi жоқ сөйлемдерге шашалып,
Мағынасыз талай тiрлiк жасадық.
Өзiнше ой айта алады қашанда,
Әр нүктеден кейiн тұрған Бас әрiп.
 
Ереженi сақтамаудың кесiрiн,
Қандай екен, көрiп жүрмiз осы күн
Қалатұғын түрiмiз бар, нүктесiз,
Үтiрлерге жасай берсек кешiрiм.
 
Арамшөптен тазартқандай жер бетiн,
Өтеу үшiн сөйлемдер өз мiндетiн.
Нүктелердi қою керек   ойыңның
Келiстiрiп тұратұғын келбетiн.
 
Бұл өмiрде нүктесiз,
Ешқашанда көрген жоқпыз бiткен iс.
Үтiрменен аяқталар ойлардан,
Мағыналы ештеңе де күтпеңiз.
 
СҰЛУЛЫҚ ҚАШТЫ
Сұлулық қашты суреттерден,
Сұлулық қашты әннен де.
Бiр кезде халық құдiрет көрген,
Қазына жатыр шаң жерде.
 
Албасты болды ару бейнелер,
Қылқаламменен өрiлген.
Шошитын болды оны көрген ел,
Өлi жандардай көмiлген.
 
Әннiң де мүлдем жоқ шырын дәмi,
Осылай өнер сөне ме?!
Желiккен елдiң жексұрындары,
Бiздерге үлгi-өнеге.
 
Көлбеңдеп жүрген маған жат елес,
Көзден де қашып кеттi нұр.
Ән шырқап тұрған адамзат емес,
Сайтандар сынды кұдды бiр.
 
Сұлулығымыз ластанды қанша,
Ертеңдi ойлап қиналам.
Түрлерi түзу жастардың мұнша,
Талғамы қалай қираған!
 
“Қой” десең көзiн бақырайтады,
Жүректе сәуле жоқ бүгiн.
Әкесiне де ақыл айтады,
Балалар қазiр боқмұрын.
 
Сұлулық қашты көңiлден, күйден,
Қыз бойында да жоқ қылық.    
Жылылық қашты өмiрден, үйден,
Тамырдан қашты тектiлiк.
 
Кей қарттарымыз сияқты албасты,
Шошисың түрiн көргенде.
Көзден де, сөзден де сұлулық қашты,
Сұлулық қашты көрден де.
 
Армандарымыз далбаса бопты,
Жау келген жоқ қой тосыннан.
Әлемдiк қайғы болмаса неттi,
Тек қана бiз бе шошынған!
 
Сұлулық бiзге жат емес едi,
Ол жайлы аңыз, дастан көп.
Өмiрде кiмдер қателеспедi,
Өкiнемiз ғой өшкенде от.
 
Қымбатымыз көп жоғалар әлi,
Жанымыз жатыр тоналып.
Жарық дүниенiң не болар мәнi,
Сұлулық кетсе жоғалып...
 
САҒЫЗ
Мың сан жылда қалды жерде мың сан iз,
Мойныңызды бiр сәт кейiн бұрсаңыз,
Бiр созылып,бiр қысқарып жүр әлi,
Жұрт шайнаған тарих деген құм сағыз.
 
Бiр ауыздан бiр ауызға сол сағыз
Ауысқалы шайнап жүрмiз баршамыз.
Адам емес, надан дейдi ел сенi,
Сол сағызды шайнай алмай қалсаңыз.
 
Ескiлiктен бiзге жеткен аңыз көп,
Созылады үзiлмейтiп сағыз боп.
Тарихшылар таба алмай жүр алғашқы
Сол сағыздың шыққан жерiн әлi iздеп.
 
Тiршiлiктi жатқан мәңгi оянбай,
Жүрмiз әлi сiлкiлеудi қоя алмай.
Жаратқанның қолтығына қол салып,
Бұл адамзат не боп кеткен, ой, Алла-ай!
 
Ми түгiлi, қиял жетпес жаққа бiр
Ұмтыламыз, ұстатпайды жоқ тамыр.
Бiзге жеткен аңызда да жоқ тамыр,
Бiз шайнаған сағызда да жоқ тамыр.
 
Бола ма екен тамыры жоқ тiршiлiк,
Талай iздеп қазған жерден су шығып,
Сағыз қазған жерден қою шаң шығып,
Өлетұғын болдық қазiр тұншығып.
 
Шайнайтұғын сағыздың да түрi көп,
Бiрi кетсе, шайнап жатыр бiрi кеп.
Сөйлетуге неге сонша құмармыз,
Өлiп қалған тiршiлiктi тiлi жоқ.
 
Сағыз шайнап, миы қатты талайдың,
Өткен өмiр – шетсiз, шексiз көк айдын.
Сылтау бiзге – Шыңғыс ханның көрi де,
Мақсатымыз – өзiн ұстау Құдайдың!
 
Уақыт-пойыз өтiп жатыр дүрсiлдеп,
Сағызыңды жинап жатсың сен сүрлеп.
Құдай бiзге күлiп тұрған секiлдi,
Есуастар сағыз шайнай тұрсын деп.
 
"Жас Алаш" газеті
0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5553