Жұма, 27 Қыркүйек 2024
Қоғам 571 3 пікір 25 Қыркүйек, 2024 сағат 14:56

Срапашы: Биыл астық арзан бағаға экспортталады

Фото: Kazinform

Белгілі аграрлық сарапшы, «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков биылғы жаңбырлы жаз астықтың экспорттық сапасына қалай әсер еткені туралы пікір білдірді.

«Көктемнен бастап ауа райы егіншілерге қолайлы болды. Әрине, тамыз айындағы жауын-шашынның біраз әсері бар. Кеше ғана ірі фермерлермен кездестім. Солар қамбаға түсетін астықтың көбі төртінші класты өнім болатын сияқты деп отыр. Бірақ төртінші класты астық экспортқа жарамсыз деп ойлауға болмайды. Өйткені одан ұн шығаруға болады. Қырып кеткен дәнеңе жоқ. Сондықтан биылғы ылғалды жаз астық экспортын күйретіп кетті деуге келмейді. Мысалы, Ауғанстан сияқты оңтүстігіміздегі негізгі нарықтар керісінше бірінші, екінші, үшінші класты бидайды емес, төртінші класты бидайды көбірек сатып алады. Өйткені олар бидайды ұн үшін алады. Оның үстіне бағасы да өздеріне қолайлы», - дейді ол.

Төлеутай Рахымбеков Қазақстан астығына биыл да сұраныс бар екенін, бірақ оның бағасы жылдағыдан әлдеқайда төмен болатынын атап өтті.

«Бұдан басқа бір мәселе бар. Ол осы бағамен байланысты. Биылғы ерекше қиындық деуге де болады. Тамыздың басында Алматы облысында бидай бағасы тоннасына 35-40 мың теңгеге дейін түсіп кетті. Қазір Солтүстік Қазақстанда бидайдың тоннасы 70-75 мың теңге, арпаның тоннасы 40-45 мың теңге болып тұр. Ал осыдан екі жыл бұрын бидайдың бір тоннасы 180-200 мың теңге болған. Қазір 70 мың теңге десек, 2-2,5 есе арзандап кеткен. Ал бірақ өндіріске деп сатып алатын заттары 2,5 есе арзандаған жоқ қой. Айлық, жанармай шығындары да жылдан жылға артпаса, азайып жатқан жоқ. Сондықтан мемлекеттік қолдау саясатын күрделі түрде өзгерту керек. 4-5 жылдан бері айтып жүрген мәселе бар. Қазір қолданыстағы мемлекеттік аграрлық саясат екі ғасырдың тоғысында әзірленген. Одан бері көп дүние өзгерді. Фермерлердің білім-білігі, көзқарасы кеңейді. Әлемде жаңа трендтер пайда болып жатыр. Соның бәріне жауап бере алатын саясат керек», - дейді сарапшы.

Abai.kz

3 пікір