Иран мен Израильде қанша Қазақстан азаматы бар?
Израиль, Иран, Ливанда қаза тапқан немесе зардап шеккен Қазақстан азаматтары туралы ақпарат түскен жоқ. Бұл туралы Азаттық радиосы жазды.
Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігі ресми өкілі Айбек Смадияров Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты өткен брифингіде айтты.
Смадияров Қазақстанның Израиль, Иран, Ливандағы елшіліктері сол елдердің уәкілетті органдарымен тұрақты байланыста отырғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, әскери-саяси жағдайға байланысты министрлік Орталық референдум комиссиясымен бірге осы елдердегі референдум учаскелерінің қызметін уақытша тоқтатуды жөн көрген.
Смадияров министрлік уәкілетті органдармен репатриация рейстері бойынша ахуалды қадағалап отыр деді.
"1 қазанға дейін Ливандағы жүзден астам шетелдік елшіліктің ешқайсы өз азаматтарын эвакуациялаған жоқ. Ливан билігі де нұсқау берген жоқ. Сондықтан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселесі талқыланып жатыр. Бұл мәселе министрліктің ерекше бақылауында", - деді сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияров.
Консулдық есепке сәйкес, Израильде – 120, Иранда – 102, Ливанда 139 Қазақстан азаматы тұрады. Оның арасында дипломаттар мен олардың үй іші де бар.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров көп азамат консулдық есепке тұрмайды, сондықтан олармен байланысуға, тізім дайындауға уақыт кетеді деді. Ол басқа елдегі азаматтарды да есепке тұруға шақырды.
Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне алаңдайтынын мәлімдеген министрлік бейбіт тұрғындардың қазасы мен жағдайдың одан әрі нашарлауына жол бермеу үшін тараптарды сабыр танытып, күш қолданбауға шақырды.
Abai.kz