Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6720 0 пікір 12 Наурыз, 2014 сағат 05:20

БАҚСЫЛЫҚ

Суретте: Нышан Әз (соқыр Нышан) атанған Смайыл Шәменов. Сурет Берік Жүсіповтің жеке мұрағатынан алынды.

Адам-ғазизді серке шығарған құдіретті күштің iлкiдегi бір аты – Сенім едi. Қай нәрсеге болсын шексіз сену мен сенімсіздік таныту ешкімнің ерік-еншісінде емес, тек жүрек-патшаның құзыретінде. Біз білетін ақиқаттың анығы: Өзіңнен гөрі Өзгеге көбірек сенген күні шектелетіндігің!

Бұған дейін күмәннің жетегінде ұзақ жүрген адам-пенде алдындағы асқар асулардың шешімі – сенім деген жалғыз қазыққа байланған күні бақсының бағы жанған. Содан соңғы заманда сенім бар жерде ертеңгі күннен үміт барлығын, ол жоқ жерде болашақ дегеніміздің өзі буалдыр бұлтқа оранған сағым екенін ұғындырған дегдар тұлға – бақсы абыройының өлшемі де шексіз. Табиғат-ананың тылсым тәмсілдерін түстеп тани алмаған адам-пенде қарақан басындағы шиеленістер түйінінің шешілуіне зәру болғандықтан, шиыршық атқанда шешімі табылмай, талай тағдыр құрдымның түбіне кеткен.

Суретте: Нышан Әз (соқыр Нышан) атанған Смайыл Шәменов. Сурет Берік Жүсіповтің жеке мұрағатынан алынды.

Адам-ғазизді серке шығарған құдіретті күштің iлкiдегi бір аты – Сенім едi. Қай нәрсеге болсын шексіз сену мен сенімсіздік таныту ешкімнің ерік-еншісінде емес, тек жүрек-патшаның құзыретінде. Біз білетін ақиқаттың анығы: Өзіңнен гөрі Өзгеге көбірек сенген күні шектелетіндігің!

Бұған дейін күмәннің жетегінде ұзақ жүрген адам-пенде алдындағы асқар асулардың шешімі – сенім деген жалғыз қазыққа байланған күні бақсының бағы жанған. Содан соңғы заманда сенім бар жерде ертеңгі күннен үміт барлығын, ол жоқ жерде болашақ дегеніміздің өзі буалдыр бұлтқа оранған сағым екенін ұғындырған дегдар тұлға – бақсы абыройының өлшемі де шексіз. Табиғат-ананың тылсым тәмсілдерін түстеп тани алмаған адам-пенде қарақан басындағы шиеленістер түйінінің шешілуіне зәру болғандықтан, шиыршық атқанда шешімі табылмай, талай тағдыр құрдымның түбіне кеткен.

Көне дәуірлердің көшіне жетекшілік жасап, «тірі әруақ», «тәңір текті тұлға» атанған бақсы бейнесін ғалымдар шамандық дін өкілі ретінде қарастырған. Расында да, ол - адамдар әлемі мен әруақтар дүниесінің арасындағы дәнекер, адамзат баласының басындағы барша мәселелерді шешуші, өмір сүріп отырған ортасындағы қоғамдық, әлеуметтік ой-пікірлерді реттеуші. Бір сөзбен айтқанда, табиғат-ана сырларының алдында өзін дәрменсіз-әлсіз сезінген адам-пенденің басындағы барша шытырман мәселелердің бітімшісі осы бақсы болған. Ал, бақсы-емшінің балгерлік әлті аз айтылып, аз жазылмаған жайт. Түсі мен тегінің бөтендігіне қарамастан бақсы сияқты тұлғаның әлем халықтарының біразында болғанының өзі қоғамдық даму мен дағдарыстың белгілі бір сатыларынан бақсы мен адам-пенде баласы қол ұстасқандай қатар өткендігін айғақтай береді. Бірақ сол деректердің бәрі бүгінгі кәсіби халық емшілігінің негізін салушы бақсы тұлғасы туралы толық шешімдер мен қорытындылар жасады деуге бола ма?

Бақсы тұлғасын зерттеген ғалым В.Н.Басилов бақсылықтың алыс палеолит дәуірінде пайда болғандығын айтады. Ал, Окладников, Формозов, Запорожский, Марғұлан, Ақышев сияқты ғұламалар тарапынан бақсылық неолит дәуірінің аяғында пайда болды деген ойлар алға тартылды. Олар өздерінің сөз деректерін археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған заттық айғақтармен бекітіп отыру арқылы бітім айтады.

Бақсылық зікір кезінде киілетін рәсми киім үлгілеріне байланысты бақсылық үрдіс «ана еркі» дәуірінде, әйелдер арасында болған құбылыс ретінде де қарастырылды. Содан соң, бақсыларды психикалық ауруға шалдыққан адамдар деген деректі алға тартушылар да аз болған жоқ. Шын мәнінде бұл деректердің қайсысы қаншалықты деңгейде ақиқат аулына маңайлайтынын әзірге ашып айтқан ешкім жоқ. Ендеше, бақсылықтың пайда болуының ғылыми ортада қалып алған басты себептерінің бірнешеуіне тоқталып өту ләзім.

Палеолит адамдары өздерін табиғат-анамен тұтас организм ретінде қабылдағаны белгілі. Дәуір жылжыған сайын адамдар өздерін табиғатқа қарсы тұра алатын ерекше жаратылыс ретінде сезіне бастағандықтан, Неолитте жағдай айтарлықтай өзгерген еді. Осы кезде рулық қоғамдар пайда болып, әр рудың салт-рәсімдері ортақтаса бастады. Енді сол қоғамға осы бейреттілікті реттейтін тұлға керек болды. Ол қызметті рухтар мен рух иелері арасындағы дәнекерші-абыздар атқарды.

Дуальдық бөлініс кезінде өлілер әлемі мен тірілер әлемі арасындағы үшінші әлем – рухтар әлемін біріктіретін әлеуметтік медияторлар керек болды. Дәл осы кезде бақсы тұлғасы пайда болып, олар барлық ырыми рәсімдерді өз қолдарына алды да, өздеріне дейінгі жрецтер тұлғасын толық ығыстырды.

Бақсылықтың басқа культтерден ерекшелігі – адамдар мен рухтар арасындағы ерекше дәнекерлікке шексіз сенімінде болатын. Олардың ойынша, бұл бақсыларды сол белгілі рухтардың өзі таңдап-тәрбиелемек. Бұл кездегі бақсы-дәнекершінің міндеті рухтарға қызмет ету, сол арқылы адамдарға көмектесу еді. Бұрын бақсылардың міндетіне өлгендердің жанын бақи дүниеге шығарып салу да кірді. Ежелгі бақсылар болжам жасау, бақытсыздықтан сақтандыру, жоқ қарау, аурудың себебін анықтау, науқас емдеу кезінде рухтар көмектесетініне бек сенді. Кейбір деректер олардың сиқырлы «жады тасы» арқылы табиғатқа да тікелей әсер етіп, қар, жаңбыр жаудыра алатындықтарын айғақтайды. Күні кешеге дейін өмір сүрген көптеген бақсылар қырық бір құмалақ тартып, мақтың (магияның) сырын білді.

Ақындар мен жыраулар бақсыдан тек сөз мағын, сөз киесін ғана қабылдады. Бақсылық зікір кезінде пайдаланылған даңғыра, қобыз сияқты алғашқы музыка аспаптарын да жасаушы бақсылар еді. Бұл – ұлы бақсылардың әртүрлі тарихи деректер таңбалаған көп қырлы тұтас тұлғасының жалпы бейнесі. Ендеше, осы бақсылық қасиет тұтқасын ұстап отырған жандарда, әсіресе, бүгінгі кәсіби халық емшілерінде әлгіндей ерекшеліктерден не қалды?

Бақсылықтағы басты қасиеттердің бірі – рухтар. Олар адамның өлген соң да өмір сүретін өз рухтары және бұрынғы өткен ата-бабаларының рухтары болып екіге бөлінеді. Ертеде бұл рухтарды түркі жұртында бір сөзбен «жын» деп атаған және ол жындарды киелі және кесірлі деп қақ жарып қараған. Кейіннен «жын» сөзін арабтың «аруарх», яғни «рух» сөзі алмастырғаны байқалады. Кейбір ғалымдар тарапынан рух-жын қонған адамды «жынданған» санауы да содан болса керек. Бірақ осылардың бәрі өзін ақтаған нақты тарихи дерек көзі бола ала ма? Біз қолға түскен дерек көздер негізінде бақсы бейнесінің мынадай бірнеше жиынтық бейне сұлбасын көреміз:

Бірінші: Түркі әлемінде билік тұтқасын ұстаған басқарушының Тәңірілік тегінің белгіленуі. Мұндай қасиетке кейін «аспан қалаулысы» атанған бақсы да лайық деп табылды. Билеуші де, бақсы да мифтік тарихта олардың ілкі ата-бабалары басты тұлға болғандықтан өздеріне де сол ерек билікті меншіктеді, сөз магиясын меңгерді. Ал, сөз магиясы бақсылықта үлкен орынға ие. Сөз – ем жасаудың да басты құралы деп саналды.

Екінші: Дәстүрлі қоғамда ақсақалдар да үлкен әлеуметтік рөлге ие еді. Өйткені, жасы үлкен адамдар әруақтар әлеміне жақын деп есептелді. Жастың ұлғаюы оларды рухтар мен ата-баба әлеміне бір табан жақындатты, яғни ақсақал-абыз бейнесі мен бақсы бейнесі қатар қарастырылды. Қай халықта болсын, жасы ұлғайған бақсы кемел бақсы саналатындығы сондықтан.

Үшінші: Бақсылыққа жақын тұрған бейненің бірі – ақындар. Олар басында беташар, ас, той сияқты рәсімдерді атқарушы ретінде пайда болып, жаңа түскен келіннің бетін ашты. Бұл ата-баба культінен әлдеқайда бұрын пайда болған салт болатын. Ақын мен бақсының рәсми дәнекерші ретіндегі ортақтығы Сібір халықтарында бақсылардың эпикалық шығармалардың орындаушысы әрі сақтаушысы болғандығынан да білінеді. Бұрынғының адамдары сөз бен саз киесіне кәміл сенгендіктен, жыраудың жыры мен бақсының зікірі кешке, шоқ жарығы сөнгенде басталатынын сыртқы ұқсастық деп қарауға болмайды.

Емшілік сеанс кезінде бақсыны ерекше ахуалға түсіретін құрал – «бақсылық музыка». Әскери жорықтар кезінде де бақсылар қолына қобыз алып, қосын жауынгерлерінің рухын көтеріп жыр айтқаны, күй тартқаны бесенеден белгілі. Қобыз өз тегін садақ адырнасынан алатындықтан, ол әскери рухпен тікелей байланысты аспап саналады.

Аңыз бойынша, бұл аспапты жасаушы – Қорқыт. Әйтсе де, Х.Г.Короглы Қорқыттың тарихи негізі жоқ дегенді айтса, ғалым С.Қасқабасов Қорқыт тұлғасын жиынтық бейне деп есептейді. Ал, Ә.Марғұлан Қорқыт мұрагерлерін Қойлыбай бастаған ежелгі бақсы-жыраулар, Кетбұға сияқты қобызда күй шалушылар, Сыпыра дәстүрінің ізіндегі жырау-абыздар, Жанаққа жалғасқан қобыз ұстаған ақындар деп төрт топқа бөледі. Әрине, бұл жіктеудің өте шартты екенін естен шығармаған шарт. Бұдан белгілі болып отырғаны: Қорқыт дәстүрін жалғаушылар бақсылық пен кәсіби музыканың арасында тұрған тұлғалар екендігі. Бұл – бақсылықтың қазаққа ғана тән бір ерекшелігі. Қазақтағы ескі жыршы-жыраулардың жыр толғағанда өздерін қобызбен сүйемелдейтіні бақсы болмысынан қалған соңғы рудимент-нышан.

Бақсы қобызының құрылымы да арнайы сөз етілуге тиіс күрделі мәселе. Ә.Марғұлан, Б.Сарыбаев, С.Амановалар қобыздың сыртқы пішіні құс періштесі – аққуды бейнелейтіндігін айтса, В.Н.Басилов қобызды мініс көлігіне ұқсатады және оны түйе малы деп дәлелдейді. Сөйтіп, оған қобыздың шанағына түйе мойнағының тағылуын куәлікке тартады. Рас, қазақ бақсыларының қолындағы даңғыра туралы Андреев, Спасский, Броневский, Тронов, Ходырев сияқты орыс ғалымдарының біршама жазып, тер төккендіктеріне қарамастан, күні бүгінге дейін қобыз бен даңғыра аспабының ортақтығына жөнді назар аударылмай келеді. Бір белгілі ақиқат, қобыз өзінің бастапқы кейіп-қалыбын даңғырадан алуы әбден мүмкін екендігі және бұл формалық ұқсастық ілкі санада адам тәнінің (организм) көшірмесі есебінде пайда болды деуге негіз мол. Сібір халықтарында бақсы өлгесін оның даңғырасы мен киімін орманға апарып, қайың ағашының басына іліп қоятын рәсім болған. Қазақта өлген адамның домбырасы мен қобызын теріс қаратып ілетін салт күні кешеге дейін келді. Ал, бақсы моласын басқа молалардан бөлек қойғаны екінің біріне белгілі. Осы жайттерді тексере келе, бұлғар ғалымы Дончев қияқты аспаптар Еуропаға түрік-бұлғарлардан келген деген болжам жасады. Оған дәлел – бұл аспаптың әлі күнге дейін украин тілінде «кобза», немісте «коба», түрікте «копус», венгрлерде «копус», поляктар «копа», серб-хорваттар «копус», румындар «кобза» атайтындығы.

Демек, аспапты музыканың алғашында бақсылық медитация есебінде пайда болғандығы туралы ойдың тінін тірілтіп, тектеуге негіз жеткілікті. Музыканың ілкі міндеті түрлі дұға, жасырын күштер арқылы табиғатқа әсер ету үшін магия есебінде пайда болғаны да дәлелдеуді қажет етпейтін қағида. Басында сыңар шекті садақты аспапқа айналдырып, дамытқан да бақсылар болатын. Өйткені, бақсы музыка сүйемелімен табиғат күштерін өзіне қаратты, өзінің көмекші рухтарын да музыка арқылы шақырды. Демек, музыканың кәсіби халық емшілігінде әлі күнге негізгі қызмет атқаратыны да сондықтан. Емші де, емделуші де транс жағдайына тек музыка көмегі арқылы ғана түспек!

Қобыз музыкасын Ықыласқа дейін кәсіби емес, рәсми музыка ретінде бағалайтын қасаң көзқарас ұлттық музыкатанушылар арасында қазір де өз үстемдігінде. Біздің ойымызша қобыз музыкасының рәсми және жоғары эстетикалық кәсіби қасиеті әуел бастан-ақ бөлінбес бүтіндікте болған. Бұл екі қасиеттің негізінде де музыканың адамды ерекше экстазға түсіретін магиялық күш жатыр. Камаров атты ғалым қазақ бақсысының бедеу қатынның ішін жарып, сары су алып бергенін, әлгі қатынның содан соң үбірлі-шүбірлі әулетке айналғанын жазады. Ендеше, Еуропа мен орыс ғалымдарының бақсылық туралы айтқан болжалдарын қазақ бақсыларына сол қалпында қаптай салуға асықпаған абзал. Мысалы, В.Н.Басилов бақсы жасайтын кереметтерді: «Өз денесін еркін меңгеруі (пышақ салу, ату, ұру); Сезім мүшелерін реттеп отыру (кетпен жалау, жалаң аяқ шоқ кешу); Қолдың ептілігі – гипноз жасау» деп үш топқа бөледі. Осы ғажайыптардың қай-қайысы болсын бақсылық жолын берік тұтынған қазіргі кәсіби халық емшілігінде де кездеседі. Амал қанша, сол дүлей күштің бүгінгілердің бойында біркелкі еместігі өкінішке орын қалдырумен келеді емес пе?

Бақсылық қуат жойылып кететін белгісіз күшке немесе ғайыптан даритын тума қасиетке жоруға келмейтін тұңғиық тылсым. Бақсы алдына келіп жүгінген адам-пенденің алдымен жүрегіне үміт сәулесін түсіріп, содан соң барып оның санасына сенім ұялатады. Қара ормандай қарауытып, түнере теңселген ордалы ой қайғысын сейілтіп, санаға қызмет ете бастағанда ғана тән қожалығы азаптан арылып, сауығып, кәдімгідей тазара бастамақ. Бақсы – «рух» пен «сенім» иесі. Ал, ол жасаған шипаның дауасы Жаратушы Жалғыздан.
Анығы Соған аян!

Берік ЖҮСІПОВ, фольклортанушы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5342