Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5620 0 пікір 20 Наурыз, 2014 сағат 08:17

Берік Әбдіғалиұлы: Ұлт мәселесі саясатқа тіреліп тұр

Арқалық қаласының әкімі болған белгілі саясаткер Берік Әбдіғалиұлы атқарушы биліктегі қызметінен кеткен сәтте оның «ұшынуына» ұлттық бағыттағы көзқарасы себеп болды деген сөз шыққан-ды. Кейіннен оны «кетірудің» астарында ұлт патриоттарына «жаңа көсем жасау» саясаты жатыр деген пікір айтылды. Ал биылғы жылдың басынан бері Берік мырза үкімет құрамындағы бір лауазымды қызметке оралады деген жорамал айтылуда.
Әлбетте, Берік Әбдіғалиұлы сияқты қазаққа қарайлас қызмет етіп жүрген азаматтың қарым-қадамына жұртшылық тарапынан қызығушылық тууы заңдылық болса керек. Оның үстіне, арада біраз уақыт өтсе де, танымал саясаткер күнгі бүгінге дейін жұмыссыз жүр. Украинадағы жағдайдан кейін ұлт мәселесіне алаңдаушылық танытқан газет оқырмандарының өтініші бойынша, біз Берік мырзаны әңгімеге тартып, біраз мәселе төңірегінде тілдескен едік.

– Берік мырза, Арқалық қаласының әкімі қызметінен кеткен (әлде – кетірген) соң, сіздің қызмет-қадамыңызда біраз үзіліс болып қалған сияқты. Содан да болар, ұлт кадрларына жаны ашыған оқырмандар Берік қазір қайда жүр деп сұрайды?

Арқалық қаласының әкімі болған белгілі саясаткер Берік Әбдіғалиұлы атқарушы биліктегі қызметінен кеткен сәтте оның «ұшынуына» ұлттық бағыттағы көзқарасы себеп болды деген сөз шыққан-ды. Кейіннен оны «кетірудің» астарында ұлт патриоттарына «жаңа көсем жасау» саясаты жатыр деген пікір айтылды. Ал биылғы жылдың басынан бері Берік мырза үкімет құрамындағы бір лауазымды қызметке оралады деген жорамал айтылуда.
Әлбетте, Берік Әбдіғалиұлы сияқты қазаққа қарайлас қызмет етіп жүрген азаматтың қарым-қадамына жұртшылық тарапынан қызығушылық тууы заңдылық болса керек. Оның үстіне, арада біраз уақыт өтсе де, танымал саясаткер күнгі бүгінге дейін жұмыссыз жүр. Украинадағы жағдайдан кейін ұлт мәселесіне алаңдаушылық танытқан газет оқырмандарының өтініші бойынша, біз Берік мырзаны әңгімеге тартып, біраз мәселе төңірегінде тілдескен едік.

– Берік мырза, Арқалық қаласының әкімі қызметінен кеткен (әлде – кетірген) соң, сіздің қызмет-қадамыңызда біраз үзіліс болып қалған сияқты. Содан да болар, ұлт кадрларына жаны ашыған оқырмандар Берік қазір қайда жүр деп сұрайды?

– «Творчестволық» демалыстамын... Еңбек жолымды ғылымнан бастаған соң, сол салаға ара-тұра сағына-сағына оралып тұрам. Бұл жолы да соның сәті түсті. Әкімшілік жұмыста жүріп, қатты шаршаған кездері бәрін тастап, ғылыми жобаларға кетуді армандаушы едім. Сол армандарым орындалған сияқты... Кезінде, 2009 жылдың соңында газет беттерінде «саясаттан шаршадым» деп жариялап, ауылға кеткен едім. Сол саясатты әзірге сағына қойған жоқпын...

– Соңғы алты-жеті жылдың берісінде Ұлытау ауданының, Жезқазған мен Арқалық қалаларының әкімі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, ҚР премьер-министрінің кеңесшісі қызметтерін едел-жедел атқарып өткен екенсіз. Сонда біз бұл билік ұлт мәселесін көтерген ұлт кадрларына көңіл бөле бастаған шығар деп ойлаған едік...

– Сұрайын деген ойыңызды түсіндім. Жалпы менің айтарым – билікте қызмет қылып жүрген ұлт жанашырлары, патриоттар аз емес. Тек олардың көпшілігі біз секілді тура жырлай бермейді... Бәрі де қолдан келгенін жасап жүр. Қиыны – ұлт мәселесі саясатқа тіреліп тұр. Ал саясатпен айналысу – бүгінгі жүйеде әркімнің қолынан келе бермейді...

– Дегенмен, сіз лауазымды қызметтерде жүре тұра, ұлт мәселесін батыра айтқаныңызды баспасөзден білеміз. Ара-тұра осы тақырыпта біздің газетке де сұхбат бергеніңіз бар. Шамасы, осы төңіректегі батылдығыңыз әлдекімдерге жақпай қалған сияқты ғой?..

– Ол саяси ойындар ғой... Мен ешқандай да жаңалық ашқан жоқпын. Айтсам, елдің көкейінде жүрген мәселелерді көтердім. Маман ретінде өз ойымды білдірдім. Ол туралы маған ешкім «айтпа!», «неге айттың?» деген емес. Бүгін болмаса да, болашақта саясатта жүрген азаматтардың бәрі де өз ойларын ашық айтуға дайын болуы керек. Кімнің кім екені, көзқарасы қандай, өзіндік позициясы бар ма екен деген сауалдар анықтаушы фактор болады. Бұл либералдық жүйенің, саяси бәсекелестіктің талабы.

– «Ұлт мәселесі» деген әңгіме Украинадағы жағдайдан кейін ушыға түскенін саясаткер ретінде сіз елден ерек сезетін шығарсыз... Ендігі жерде елдегі мемлекеттік саясатқа да әлдебір өзгертулер енгізу керек деп ойламайсыз ба?

– Тұтастық қажет, елімізге шынайы жанашарлық қажет. Біз әлі де Украинадағы жағдай не болып жатқанын түсінбеген секілдіміз. Қыл үстінде болмасақ та, үлкен сын алдында тұрмыз. Тәуелсіздік ұдайы жүретін күрес екенін ұмыттық. Ресейден бәрін де күтуге болатынын ел азаматтары енді түсінген шығар деп ойлаймын.

Бір жағынан пайымдар болсақ, Қырымдағы жағдайда Ресейдің кінәсі шамалы. Бұл украиндықтардың кешірілмес қателігі. Киевтегі саяси топтардың елді ұмытып, заңды бұзып, билікке таласуының жемісі. Ресейге өз қолдарымен Қырымды «сыйлап» жіберді.
Украин халқының маңдайына бір дұрыс басшы бұйырмады. Бұл сол «жирен революциялардан» басталған. Олай айтып отырған себебім – 2006 жылы Киевтің жанындағы Вышгород қаласы басшысының кеңесшісі қызметін атқарғанмын. Тимошенко мен оның қасына ергендер – популистер мен демагогтар екеніне сонда көзім жетті. Жеке бастарына қатысты мәселелерді шешпесе, қалалық Радаға жұмыс істетпей, айқай-шуға айналдыратын. Олардың қасында Янукович билікке келген кезде іскер сияқты болып көрінетін. Ол да оңбаған басшы болып шықты.

– Сіздің ойыңыз да «орысшыл» болып кеткен жоқ па?..

– Жоқ, мәселе «орысшылдықта» емес. Ресейдің империялық пиғылы бар екенін бәрі де біледі, талай айтып та жүрдік. Оларға тек сылтау керек еді. Грузиядағы жағдай да осылай өрбіген еді. Империялық жоба – бұл Ресей мемлекетінің табиғаты, өмір сүру заңы. Орыстың билігінде кім болса да, Путин емес, тіпті Немцов немесе Явлинский келсе де, олар Ресейдің империялық саясатын жүргізеді. Ресей бүгінгі күні белгіленген халықаралық қауіпсіздік құқығы немесе АҚШ, Еуропа елдерінің берген кепілдігі емес, бәрін де күш шешетінін көрсетіп отыр. Қазақтың «Орыстан досың болса, беліңде балтаң болсын» деген сөзі дәл осы жерде дәлелденіп отыр.

Бүгін біз Украинаның мемлекеттік дағдарысқа ұшырағанына, мемлекетінің ыдырағанына куә болып отырмыз. Қырымнан айырылды. Оңтүстік-шығыс аймақтарында да бақылауды жоғалтуы мүмкін. Осыған жол берген Януковичке де, «Майданға» да, соны қолдап кеткен саясаткерлерге де еш кешірім жоқ. Демократияның жоқтығына, адам құқының бұзылғанына, тіпті жемқорлық пен аш-жалаңаш жүргеніне шыдауға болады. Ал жерден айырылғанға, ұлттық намыстың қорланғанына төзуге және оны кешіруге болмайды. Бұл украин саясаткерлерінің кешірілмейтін қылмысы. Бастарына түскен бақты жоғалтып алды десе де болады. Бүгінгі күні азаматтық қақтығыс – ұлтаралық қақтығысқа айналып барады. Бұл ертеңгі күні гуманитарлық катастрофаға әкеледі, бүкіл Украина бойынша босқындар ағылып, ағайынды украиндар мен орыстар қанға бөгеді. «Ойыннан от шықты» деген осы. Бұл – үлкен трагедия. Мәселенің маңыздысы – осы.

Осыған байланысты мені болашақтағы еліміздің жаңа президентін сайлау науқаны алаңдатады. Қырғызстанда, Украинада болған жайттар халықты да толғандырады, соған қарап, «күніміз, еліміз не болады?» деген уайымға құлақ түру керек. Бізде әртүрлі саяси-олигархиялық кландардың қалыптасқаны рас. Ал енді билік үшін заңсыз күрес басталса, әр клан көрпені өзіне қарай тартуға ұмтылады, оған халықты араластырады, оның нәтижесі саналы қадамнан тыс мәселеге әкеліп соғуы әбден мүмкін. Ол топтар әртүрлі әдемі демократиялық, ұлттық ұрандарды көтеріп, ақшаны төксе, соған еліккен жұртты көшеге шығарып, оларды өз мақсатында пайдалана бастайды. Сонан соң сайлауда «жеңіске жеткен» олар билікке өздері отырып алып, ойына келгенін істейді. Шындығында Украинада сондай болып жатыр ғой. Халықты ойлап жатқан ешкім жоқ. Сол алаңдатады. Бізді де сондай қиыншылық күтіп тұруы ықтимал... Халыққа сүйкімі бар тұлғаның билікке келуін қамтамасыз ететін шара керек. Барлық мәселе ашық әрі әділетті болуы керек. Әйтпесе билікке деген заңсыз талас елдігімізді бұзып, Украина секілді басқаларға жем боламыз. Құдай содан сақтасын!

– Қазақстанның солтүстік облыстарын қазақиландыру саясатын ел президенті де жақсы біліп отырса керек. Бұл – азаматтардың әртүрлі саяси көзқарасына қарамай, Қазақ елінің болашағына қатысты жасалатын қам деп түсінеміз. Осы әредікте сіз қандай ой қосар едіңіз?

– Әлбетте, бұл мәселе саяси көзқарастарға байланыссыз алаңдаушылықтың нысаны болуы тиіс. Дәл осы жерде ел астанасының Алматыдан не себепті көшірілгенін,ол қандай қажеттіліктен туғанын байқауға болады ғой. Ұлттық миграциялық толқындар оңтүстіктен солтүстікке ағылып, ауылдан қалаға көшуімен жалғасты. Өкініштісі – Петропавловск, Павлодар, Усть-Каменогорск қалаларының аттарын уақытында ауыстыра алмадық. Енді бізде «орыс факторының» ықпалының күшеюіне байланысты жақын арада бұларды ауыстырумыз екіталай екенін, өкінішке орай, мойындауымыз керек. Ол енді болашақтың еншісінде болмақ.

Осыған байланысты ресейлік ақпараттың бізге дендеп, еркінсіп енуінен күдіктенем. Орыс ақпараттық құралдарының, мәдениет туындыларының (кино, эстрада) қазақстандықтарға ықпалы зор. Бізге олармен бәсекелесу қиын. Сондықтан осындай экспансиядан қорғануымыз қажет. Дегенмен де, Ресей тарапынан бізді арнайы орыстандыру бағдарламасы бар деп ойламаймын. Керісінше, өзіміздің отарсыздану әрекетіміз бен ұлтты дамыту бағдарламасының жоқтығынан өзімізден-өзіміз орыстану қаупіміз басым.

– Ақпарат құралдарында көтеріліп жүрген Ұйғыр ауданының атын өзгерту мәселесі бойынша не ойлайсыз?

– Бұны біздің ел үшін соншалықты күрделі мәселе деп есептемеймін. Біріншіден, ұйғыр – бауырлас халық. Екіншіден, қазақ пен ұйғырды қақтығысқа итермелейтін сыртқы күштер, соның ішінде шығыстағы көршіміз мүдделі болуы мүмкін. Жалпы ұйғырлар біздің ұлттық құндылығымызды құрметтейтін түркілердің бірі, қазақ еліне дұшпан болатындай факторға айналу қатері қауесет пен көріпкелдікке емес, арнайы зерттеу арқылы қолға алынуы керек. Соған негіздеп қана шара қолдануға болар. Егер де Ұйғыр ауданының атауы біздегі ұйғырлардың сезіміне сонша жара салатындай, қазақтан көңілдері қалатындай болса, мен оны қолдамаймын. Ал ұйғырлар Қазақ елінің унитарлы екенін ескеріп, әлдебір өзге сепаратистік пиғылға қарсы үлгі болсын деп, өздері келісіім беріп жатса, қолдауға болар.

Бастысы, олар отырған жері – қазақ жері екенін мойындайды, еліміздің көркеюі мен нығаюына өз үлестерін қосып жатыр. Ішіміздегі шағын ғана ұйғырға қыр көрсетіп, аудан атауын өзгертіп, өзіміздің мықтылығымызды солай дәлелдеуге өз басым қарсымын.
Бізді қытайлық қатерден сақтап, алакөздікке бөгеу болып отырған сол ұйғырлар екенін ескеруіміз керек. Олар онсыз да қағажу көріп отырған халық. Әзірге шығыстүркістандық ұйғырлар буфер ретінде рөл атқарып тұрғанда, өзімізге тағы бір бас ауруы мен абыройымызға дақ салатын іске ұмтылу – орынсыз. Сондықтан Қытайдағы ұйғырларға да, біздегі ұйғырларға да шамамыз келгенше рухани-мәдени жағынан жәрдем етуіміз керек.

– Украинадан кейін Еуразиялық одақ мәселесі өзекті деп ойлайсыз ба?

– Өз басым, болашақта Қазақстан Евроодақтың мүшесі болуын қалаймын. Украина дағдарысынан кейін, әлемдік күштер Ресейге қысым жасаса, Ресей өз кезегінде қолдауды талап етіп, көршілес одақтастарына қысым жасайды. Қызықтың бәрі әлі алда. Экономикамызға да кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Бәріне де дайын болуымыз керек. Әрине, бұл жағдайда Еуразиялық одаққа кірудің қажеті де жоқ. Дегенмен де, процесс басталып кетті, енді ол одаққа кіруге мәжбүр болатын шығармыз. Бізде үйде отырып алып, интернет арқылы қарсылық білдірмесе, көшеге шығып, наразылық білдіретін ешкімді көріп тұрған жоқпын.
Ендігі кезеңде Еуразиялық одақты қазақты қайта бодан ету тетігі ретінде ғана қарамай, өз пайдамызға қолдану жолдарын ойластыру қажет. Біздің ондай кері кетуіміз мүмкін болса, ол тек қана өзіміздің кемшілігімізден. Егер біздің ішкі қуатымыз бен рухымыз нығайса, бізге ешқандай одақ та қорқынышты емес. Біздің тәуелсіздігімізге қауіп төндіретін себептерді Ресейден гөрі, мен өзіміздің басымыз бірікпей, тілге, дінге, жүзге бөлініп, жемқорлыққа тапталып, азаттығымызды бағаламауынан көремін. Әлемдік үдерісте саяси-экономикалық одақтардан қорықпайтын, сондай ортақ кеңістікте өздерін судағы балықтай сезінетін мықты ұлт қана аман қалатын болады. Сондықтан ендігі жерде ол одақтан қорқумен өмір сүрмей, қандай одақ болса да, ұлтты бәсекелестік пен күреске дайындау әрекеттерімен шұғылданған жөн.

– Әрине, геосаяси жағдайға байланысты біз үшін көрші елдермен ерегескен саясат жүргізу тиімді емес. Дегенмен, дәл осы жағдайда өзіңіз біраз уақыттан бері көтеріп келе жатқан «Қазақ миссиясы» бағдарламасын жандандыру қажет деп санамайсыз ба?

– Жұртқа мәлім болса керек, Желтоқсан, Кенесары, Алаш тақырыптарын қозғағанда, біз алдымен Ресейге қарсы ұлттық иммунитет түзгіміз келді. 2006–2008 жылдары әдейі қолға алғанда, Кенесары хан майданын, Алаш күресін, Желтоқсан көтерілісін, ашаршылықта миллиондаған халқымыздың қырылғанын Ресейдің бетіне басып, онымен тең сөйлесуге саяси ахуал әзірлеуге бет бұрған едік.

Ол мемлекеттік деңгейде болмаса да, қоғамдық деңгейде жүріп жатыр. Қазір сол бастаманың нақты жалғасы, нәтижесі байқалады. Сол рухта тәрбиенің шетін көрген жаңа буын сондай кесапатты енді болдырмауын және Ресейге оңай берілетін ұрпақтың азайғанын білдіруде. Бұл мемлекеттік инстинктің, ұлттық мінездің қалыптасуындағы маңызды рефлекс деп ойлаймын.

Ендігі сатыда халықтың Ресейге дұшпанкөздігін арттыруға емес, өзіміздің сондай қауіпке қарсылығымызды, иммунитетімізді әрекет жүзінде қалыптастыруымыз керек. Кезінде 90-жылдары антиотарлық «Азат», «Невада-Семей» қозғалыстары секілді енді «Антигептил» сияқты қозғалыстардың болуы заңды, ол тарихи спиральдың көрінісі. Бұл енді Ресейге есе жіберуге қарсылық. Бізге жаңа сапалық «ұлттық мінез» керек.

– Әлбетте, сіз сындарлы саясаткер болғандықтан, елде қалыптасқан ұлттық саясатқа қатысты ойыңызды ашық айтуға бармасыңыз аян. Бірақ сонда да, «айтылмаған сөздің атасы өледі» демекші, біздің бір сауалымызға жауап беріп көріңізші: Ұлттық сарындағы БАҚ билік басында ұлтына жаны ашитын, ұлт намысын ту етіп көтеретін азаматтар аз деген пікір айтады. Сіз осыған не дер едіңіз?

– Аз деп ойлаймаймын. Бұғып жатқан ұлттық мінезділер баршылық, дер уақытында олар да ұлттық рухты ту етіп шығатынына сенімім мол.

– Жөн-ақ екен! Ал енді қандай тірлік қылып жүрсіз? Бұны сұрап отырған себебіміз – сіз сияқты ұлтқа жанашыр азаматтардың шетқақпай қалғанына көзі ашық қазақ таңданыс танытпай отырған жоқ...

– Көңіл-күйім жаман емес: тірліктің бәрі лауазымды қызметпен өлшенбейді ғой. Бұл орайдағы сұрағыңызға Герольд Бельгер ағамыздан бір үзінді оқып берейін (қойын кітапшасын қолына алды):
«Свободному духу свойственно дерзание. В дерзании – необузданность таланта, концентрированная энергия, неукротимость духа. Дерзание — это порыв, отвага, смелость, риск. Дерзанию, однако, нередко предшествует и терзание. Человеческой душе, чуткой, пытливой, взыскующей, тяжко мириться с суровой, часто несправедливой, тускло-обыденной действительностью; душа страдает от подавленности и насилия, а потому смущается, мучается, изводит себя – терзается. Терзается нравственно. Болью. Страхом. Унынием. Скукой. Тоской. Мукой неутоленной страсти. Неосуществленной мечтой. Задавленным желанием.
Дух терзается. Дух дерзает. Терзание – дерзание. Они созвучны – эти два слова в русском языке. Для мыслящего, неравнодушного человека, для «зрячего сердца», по выражению Абая, в сущности, вся жизнь – терзание. Особенно в наших условиях. В нашей стране. В наше вконец разладившееся, распавшееся, взбесившееся время. Жизнь на растерзание – отнюдь не метафора. Самая что ни на есть реальность...».
Герағаңның осы ойы менің бүгінгі көңіл-күйімді дәл ашатын сияқты...

– Ендеше ішіңізді тырмалаған ойлардың қазаққа да қайырымы көп болсын! Сұхбатыңызға көп рахмет, Берік мырза!
Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
«D»

«Общественная позиция» (проект «DAT») от 19 марта 2014 г.

Тақырып өзгертіліп алынды. Түпнұсқадағы тақырып: Бізге жаңа сапалық «ұлттық мінез» керек

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1948