Жұма, 24 Сәуір 2026
Күбіртке 109 0 пікір 24 Сәуір, 2026 сағат 13:38

Дилетанттық сараптама

Сурет: unite.ai сайтынан алынды.

Оптимистік хат

«Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дейді қазақ. Мұның өзі әркім өзі жақсы білетін салада жұмыс істегені дұрыс дегенге меңзейді.

Ал, дилетант деген сөзді жұрттың бәрі біледі. Ол кез келген шаруаға істің жайын білсін-білмесін  араласып, жөн айтуға тырысатын, арнайы кәсіби мамандығы жоқ адамдарға қаратылып, көбінесе жағымсыздау түрде айтылады. Қазіргі кезде «пайдалы дилетант» деген де ұғым бар. Бұлардың нағыз дилетанттан айырмашылығы, кәсіби маман болмаса да, айтқан сөздерінің құлақ асуға тұрарлық нәрі бар және іске практикалық пайдасын тигізеді. Олар – әуесқойлар, белгілі бір шаруаға ынтамен  берілген адамдар. Негізгі мамандығы болмаса да мұндай әуесқойлардың небір жаңалықтарды ашуға тигізген үлесі мол. Мысалы, көптеген ірі археологиялық жаңалықтардың осы әуесқой-дилетенттардың қажыр-қайраты арқылы ашылғаны белгілі. Астрономияға құмар әуесқойлардың атымен аталатын аспан денелері де бар. Ол нысандарды осы әуесқойлердың өздері ашқан.

Сондықтан саясаттанушы болмасам да, тарихшы болғандықтан қазіргі болып жатқан жаһандық үдерістерге жалпылама талдау жасап көрмекпін. Тарих пен саясаттану бір-бірінен сонша алшақ кетпейтін, қайта бір-біріне тірек болатын пәндер. Тарих – әр заманындағы жүргізілген саясаттың көрінісі, ал қазіргі ахуалымыздың өзі де кешегі саясаттың бүгінгі жемісі.

Сонымен, қазір дүниенің астаң-кестеңі шығып жатыр. Жалпы, адамзат тарихында соғыс-қақтығыссыз тыныш заман болған жоқ деуге де болады. ІІ-дүниежүзілік соғыстан кейін орнаған салыстырмалы тыныштық бұзылды. Әртүрлі жүйедегі алпауыт елдер арасындағы текетірес, бәсекелестік, экономикалық-саяси қысым жасау ешқашан тоқтаған емес. Қысымға шыдамай жүйелер құлады (социалистік елдер лагері). Әлем өзгерді, әлдебір елдер күш жинады, дамыды. Экономикалық бәсекелестік саяси тартысқа, санкциялар арқылы қысым жасауға, дипломатиялық дөңайбатқа жол ашты. Келісім, шегіну жоқ жерде соңы, әрине, соғысқа әкелуі заңды құбылыс.

Й.Геббельс: «Бұқаралық ақпарат құралдарын қолыма берсе, кез келген халықты бір қора шошқаға айналдырамын» деген екен. Монополияландырылған бұқаралық ақпарат құралдары, шындығында да нағыз идеологияны тарату құралы болғанын кеңес заманында көзіміз көрді. Бұл әлі де пікір алуандығына шектеу қойылған тоталитарлық режимдерде өз міндетін атқарып келеді. Цензура, белгілі бір идеологиялық шеңберден шықпау – биліктің бұқараға қоятын нақты шарты. Оны бұзғандар міндетті түрде жазаланады, көпшілік алдында жауыз, әлдебір елдің мүддесін қолдайтын сатқын ретінде көрсетіліп, нағыз «халық жауына» айналады. Елі үшін күрескен небір ерлердің (мысалы, кешегі алаш қайраткерлері) бұқараға аты да аталмады, ал аздаған оқығандарға олар жағымсыз жексұрындар етіп көрсетілді. Мұны да көзіміз көрді. Мұндай қоғамда балама ақпарат «ұзынқұлақ» түрінде, бір-біріне сыбырмен ғана айтылады. Оның да қоғамға недәуір әсері бар.

Ал, қазір демократиялы елдерде сөз бостандығы және өз пікірін әркім барынша тарата алатын да мүмкіндігі бар. Бір қызығы, мұндай қоғамда таза ақпаратқа, шындыққа қанығамын деп ойлаудың қажеті жоқ екен. Сан алуан пікірді тыңдау, оны сараптап, шындық іздеу – қиынның қиыны. Бір біріне қарама-қарсы пікірлер ғана емес, қисынсыз өтіріктер мен сандырақ болжамдар адамның шынайы ақпарат алуына мүмкіндік бермейді. Мысалы, қазіргі қақтығыс болып жатқан аумақтардан журналистер (блогер де сол журналист қой) «иран күйреді», «иран ғаламат соққы берді», «украина бітті», «Россия жеңіліп барады» деп өздерінше дәлелдер келтіріп, саясаткерлер мен саясаттанушыларды сөйлетіп, олардың беделін сала хабар таратып жатады. Әлемдік экономика туралы да сондай жағдай, бірі «Қытай әлемдік экономикада АҚШ-ты ығыстырады», десе екіншісі «Қытай экономикасы құлдырауда, ұзамай құриды» деп сәуегейлік танытады.

Осылардың бәрін құлақ естиді, теледидар мен интернеттен көз көреді. Қайсы рас, қайсы өтірік – айырып болмайды. Саясаттанушылардың беделіне де сенім артуға келмейді, себебі олардың көбі белгілі бір идеологияға жұмыс істейді. Сондықтан олардың міндеті де сол, неғұрлым қалың көпшіліктің ойы мен пиғылын өз мүдделеріне қарай тарту, неғұрлым өз көзқарастарының кеңінен таралуын қамтамасыз ету.

Сезім мен сенім иесі – адам болған соң, бұра тартпай, талдау, саралау оңай емес. Қазір ешбір жаққа бүйрегі бұрылмайтын, эмоциядан ада, прагматикалық сараптаманы ЖИ (жасанды интелект) жасайды дейді. Менің ойымша, Жасанды Интелект те жоқтан бар жасай алмайды, адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған ілімі мен тәжірибесін, тарихи жолын пайдалана отырып, салқынқанды сараптайтын шығар. Бірақ, ол да тапсырыстың қалай берілгеніне (тапсырысты адамдар береді ғой) орай жауап жасайтын болар. Яғни, ЖИ «құдайдай сенетін»  нәрсе емес, жауаптың бір болжамды нұсқасы.

Саясаттанушылардың ең жиі қолданатын сөздерінің бірі – «болжам жасау - рахметті іс емес»  (делать прогнозы – дело неблагодарное). Солай бола тұрса да, болжам жасау саясаттанушының, сарапшының негізгі мақсаты болып қала береді. Онысыз саяси, экономикалық сараптамалардың ешқандай мәні де болмаған болар еді.

Бұдан басқа «сәуегей», «көріпкел» т.б. дилетант болжампаз-сарапшы сияқты болжам жасаушылар бар. Деректерге сүйене отырып, ғылыми негізделген тереңнен жасалған тұжырымдарға бойлай алмайтын қалың бұқараның бір бөлігі осы «сәуегейлердің» тыңдарманы. Олардың жүз болжамының бірі дәл келсе болды, сол «әулие» болады. Сондықтан оған мән берудің де қажеті шамалы.

Ақпарат ағынын сүзіп, болжам жасауға мен де талпынып көрейін. Қазіргі болып жатқан соғыстар мен текетірестерді тарихи дамудан, адамзат дамуының ұзаққа созылған соқпағынан бөліп қарастыру дәйекті нәтиже бермейді. Сол себепті, сараптама жасағанда негізінен осы біраз ғұмырымда көзім көрген жағдайларға, тарихи дамуға арқа сүйеп көрмекпін.

Адам баласы салыстырмалы түрде қысқа ғана өмірінде өзі өмір сүрген заманды үлкен өзгерістер уақыты, тіпті, барлық мәселелерді шешетін уақыт деп қарастырады. К. Маркстың: «Философтар дүниені әртүрлі тұрғыда түсіндіреді. Алайда істің мәні дүниені өзгертуде болып отыр» деген сөзі де осыған меңзейді. Бұның ешбір сөкеттігі жоқ, әрбір ұрпақ адамзаттың ғылыми-техникалық дамуына және қоғамдық қатынастардың дамуына өз үлесін қосып отырады.

Жалпы қоғам дамуын ғылым шартты түрде формацияларға бөліп: алғашқы қауымдық құрылыс, құлдық қоғам, феодалдық қоғам және қазіргі капиталистік, социалистік қоғамдар деп қарастырады. Адамдар өндіріс құралдарын жетілдіру арқылы экономиканы дамытумен қатар қоғамдық қатынастарды да барынша  өзгертіп, жетілдіріп отырғанын байқау қиын емес. Жол бір бағытта – қарапайымнан күрделіге қарай – дамуға, жетілуге, қоғамды жақсартуға бағытталған. Бұл – заңдылық, бұл – прогресс. Қоғамдық қатынастардың өзгеруі өздігінен бола салмайды, қоғам мүшелері арасындағы үлкен қайшылықтар кейде эволюциялық, кейде революциялық жолмен шешіледі. Ескі қоғам жаңаға өз орнын оңайшылықпен бере қоймайтынын тарихтан білеміз. Сондықтан прогресс кейде қантөгіспен, орасан шығынмен келеді. Бұл тоқтамайтын тарихи үздіксіз үдеріс.

Біз де сол тоқтаусыз үдерістің, «жаңа» мен «ескінің» арасындағы үздіксіз тартыстың үстіндеміз. Бұрынғы патшалар мен хандар әулеттері мұраға қалдыру арқылы  билік жүргізген қоғамды «ескі», билігі (президент, премьер-министр) сайлау арқылы ауысып отыратын соңғы ғасырлардың жемісі – демократиялық қоғамды «жаңа» деп қарастырсақ, түбі жеңіс прогресс жағында, яғни, «жаңа» жағында болуы керек. Адам құқығы қорғалып, тұлға ретінде еркін дамуға мүмкіндік болғандықтан «Жаңа» қоғам тартымды. Сол себепті, Америка мен Батыс елдеріне барып, сонда тұрғысы келетіндер өте көп. Тіпті, авторитарлы елдер элитасының отбасылары мен балалары сол Батыста тұрады.

Қазіргі жаһанданған заманда әр елді бөлек, немесе жекелеген қақтығыстарды оқшаулап қарастыру қателікке ұрындырады дедік. Сондықтан қазіргі болып жатқан соғыс-қақтығыстарды әлемдік тұтас үдерістің жекелеген эпизодтары ретінде қарастырған жөн сияқты.

Өзім өмір сүрген уақытта ғана ондаған елдердің отаршылықтан құтылып, тәуелсіздік алғанын көзіміз көрді. Осы тәуелсіздік алған елдердің көпшілігі постколониалдық кезеңде демократиялық жолға түсе алмады. Демократия атын жамылып, сайлауды бұрмалап (көп жағдайда мәжбүрлеп) жеке дара билік жүргізу, билікті бұрынғы патшалар сияқты ұрпақтарына беру орын алды. Белгілі бір топ пен жеке адамның билігіне құрылған жүйе өзін сақтап қалу үшін үнемі жау іздеп, жанталаса қарулануы – басқа елдерге қауіп төндірді. Жаһанданған заманда демократиялы елдер (жиынтық түрде бұл елдер «Батыс» деп аталады) бұған көз жұмып қарай алмады. Әртүрлі тәсілдер арқылы билікті иемденгендерді тақтан тайдырды. Оған мысал, «араб көктемі» арқылы 42 жыл билікте отырған Каддафи бастаған бірнеше диктаторлар билігі құлатылды. Соңғысының бірі Россияға арқа сүйеген, таққа тәуір-ақ жармасқан Сирия президенті Башар Асад еді, ол да кетті. Осыдан-ақ бағамдауға болады, дінді идеологияға айналдырған Иран билігінің де соңғы күндері жақындап келеді. Бұл жерде Иран мемлекеті туралы сөз жоқ, ел де, мемлекет те қалады, тек диктаторлық басқару жүйесі тарих саханасынан сырғуы керек. Осы қисын бойынша оның соңынан Россия, Қытай, Солтүстік Корея да әртүрлі жолдармен біртіндеп жеке дара биліктен кетуі тиіс сияқты. Бұл тез арада оп-оңай шешіле салатын шаруа емес, кейде ұзақ жылдарға созылады. Тарих жолы түп-түзу болмайды, оның бұрылыс-қалтарыстары, кейде кері шегіністері (регресс) де болуы мүмкін. Ең бастысы, жеке дара биліктен құтылу сол елдің жеңісі. Мысалы, Иранда аятоллалар билігін сақтап қалса, бұл иран елінің жеңілісі. Өз халқын аяусыз басып жаныштағанын қаңтарда көзіміз көрді.

Демократиялық қоғам да өзін үнемі жетілдіруді, әсіресе, «ескіні» аңсаушы кертартпа пиғылдардан қорғануды қажет етеді. Қазіргі прогресшіл Батыс өркениеті билікті иемденген диктаторларға қарсы күресті тоқтаусыз жалғастырып келеді. ХХ ғасырдың ең мықты саясаткерінің бірі У.Черчилл: «Демократия сұрқия, бірақ адам баласы одан артық ештеме ойлап тапқан жоқ» деген еді. Адам құқықтары мен еркіндікті жоғары құндылық етіп қоя білген сол демократия бүкіл әлемде әлі күш ала алмай келе жатқанымен, біртіндеп таралып келе жатқанын да көріп отырмыз.

Біз де, қазіргі қоғам да дамудың басы да, аяғы да емес. Өмір жалғаса береді. Әрбір ұрпақ өзі өмір сүретін қоғамды, тұрмысты барынша қолайлы, жақсы ету жолындағы күресін жалғастыра береді.

Р.S. ХХ ғасырдың озық саясаткері У.Черчилдің деген жоғарыдағы сөзіндегі «ойлап тапқан жоқ» деген тіркесі, қоғамдық формацияның жаңа түрін әлі де «ойлап табуға» болатын мүмкіндік бар екеніне меңзейтін сияқты (утопия түрінде коммунизм деген бар ғой). Соған қарағанда, қазіргі демократиялық қоғам да дамудың соңғы құрылымы емес сияқты. Маған мұның шешімі ғылыми-техникалық жетістіктер жағынан келетін сияқты болып көрінеді. Өйткені, кванттық ЖИ-тің сараптауы, ең оңтайлы шешім қабылдау мүмкіндігі адамнан миллиондаған, тіпті миллиардтаған есе зор дейді. Ендеше ЖИ-ті неге тыңдап, айтқанын қабылдамасқа? Мүмкін ЖИ өзінің айтқанын орындататын да тетікті табатын шығар. Сөйтіп, соғыс атаулыдан, зорлық-зомбылық атаулыдан адамзат құтылатын күн туатын болар. Дамудың қазіргі қарқынына қарап отырып, келешекте қылмыс жасау, алдау, өтірік айту т.б. жаман қылықтарды жасау мүмкін болмай қалатын сияқты көрінеді. Білім-таным жемісін жегені үшін жұмақтан қуылған Адам ата мен Хауа ана ұрпағы мыңдаған жылдар бойы үздіксіз өзін дамыта отырып, сол жұмаққа білім-ғылым арқылы қайтадан жететін болар деген үміттемін.

Мұхаметбек Асылбеков,

тарихшы-өлкетанушы, Шәкәрім университеті ардагері

Abai.kz

0 пікір