Қазақстан балалар дәрігерлерінің сиезі өтіп жатыр
Алматыда Қазақстан балалар дәрігерлерінің Х СЪЕЗІ өтіп жатыр.
Қазақстан балалар дәрігерлерінің Х съезі жұмысына Италия, Польша, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресей, Беларусь және т.б. алыс және жақын шетелдерден педиатрия және балалар хирургиясы саласының жетекші ғалымдары мен сарапшылары, сонымен қатар еліміздің әр өңірінен 400-ден астам педиатрлар мен балалар хирург-дәрігерлері қатысуда. Басқосу оффлайн және онлайн түрінде өтіп жатыр.
Шараның басты мақсаты - еліміздегі педиатриялық қызметтің жетістіктері мен даму болашағын саралау, педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы өзекті мәселелерді көтеру, жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру, педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы инновациялар бойынша жас ғалымдар арасында тығыз халықаралық қарым-қатынасты орнату, жас мамандарды ғылыммен айналысуға шақыру.
Еліміздің және шет елдің балалар дәрігерлерінің басын қосатын съездің беделді алаңында балалардағы ауруларды емдеу мен диагностикалаудың заманауи әдістері, балалар хирургиясындағы өзекті мәселелер, педиатрия және балалар хирургиясын дамытудың ғылыми және практикалық аспектілері, педиатриялық кадрларды даярлау мәселесі және т.б. педиатрия және хирургия саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, ғылыми жобалар ұсынылады және практикадағы ерекше клиникалық жағдайлар ортаға салынады. 12 ғылыми сессияда барлығы 121-ден астам баяндамалар тыңдалатын болады. Баяндамалардың тақырыптар ауқымы кең.
Съезд аясында ертең, 18 қазан күні докторанттарға, магистранттар мен резиденттерге арналған «Жас зерттеуші: заманауи педиатрия және балалар хирургиясының сын-тегеуріндері мен даму болашағы» атты жас ғалымдардың халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді.
Abai.kz