Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 720 0 пікір 10 Қыркүйек, 2024 сағат 13:50

Қазақ баспасөзі: Шеттегі қазақтан не көріп, не оқып жүр?

Сурет Abai.kz мұрағатынан алынды.

Осыған дейін Abai.kz ақпараттық порталында шекара сыртындағы қазақтардың баспасөз құралдары туралы Омарәлі Әділбекұлының топтамасын жариялаған едік. Аталған мақал портал оқырмандарының ерекше ықыласына бөленді. Бүгін Шыңжаң қазақтарын ақпаратпен қамтыған, тарихы тереңге тамыр жіберген БАҚ-тардың жалғасын жариялап отырмыз.


11. Алтай гәзеті

«Алтай» гәзеті 1935 жылы желтоқсанның 27 күні Сарсүмбе (Алтай ) қаласында Шәріпхан Көгедаев қатарлы қайраткерлердің ұйтқы болуымен шықты.  Гәзеттің жауапты редакторы Мұқаш Жәкеұлы болды. Гәзет халықты өнер-білімге баулу, Кеңес Одағының жағымды жақтарын насихаттау бағытын ұстанды. 1937 жылы Мау Цзэдунның «ұзаққа созылатын соғыс туралы» мақаласын Мұқаш Жәкеұлы қытай тілінен аударып гәзетке жариялады. Бұл гәзет кейін «Шыңжаң газетінің Алтай беті» деген атпен шығып тұрды да Шәріпхан Көгедаев бастаған ел жақсылары қамалғанда тоқтап қалды.

12. Жаңа Алтай журналы

«Жаңа Алтай» журналы 1936 жылы Сарсүмбе (Алтай) қаласында Шәріпхан Көгедаевтың басшылығымен жарық көрді. Журнал негізінен Кеңес Одағының жетістіктерін таныстыруды,  Жапонға қарсы соғысты насихаттауды, ел ішіндегі парақорлық,  зорекерлік сияқты нашар әдет-ғұрыпты сынауды, халықты отырақтасып ауылшаруашылығымен айналысуға , өнер, білім жолына түсіуге үндеуді негізгі бағдары етті. 1945 жылы журналдың аты «Таңшолпан» болып өзгеріп, Үш Аймақ үкіметінің мүддесі үшін қызмет етті.

13. Ерікті Алтай гәзеті

«Ерікті Алтай» гәзеті Үш Аймақ үкіметі Алтай аймақтық уәли мекемесінің органы ретінде 1945 жылы 19 қыркүйектен бастап Сарсүмбеде (қазіргі Алтай қаласы) жарты баспа табақ болып күн араласып шығып тұрған. Жауапты редакторы Мұқаш Жәкеұлы. Гәзет Үш Аймақ үкіметінің бағыт-саясаттарын үгіттеуді, халықты өнер-білімге бағыттауды негізгі нысанасы етті. 1951 жылы гәзеттің аты «Алтай халқы» болып өзгерді.

14. Одақ журналы

«Одақ» журалы «бейбітшілікті және демократияны қорғау одағының» органы ретінде 1948 жылы Құлжа қаласында дүниеге келді. Бұл одақ өзінің тарихи міндетін аяқтап, 1950 жылы тарағаннан кейін, яғни, 1952 жылы журналдың құрамы Үрімжіге көшіп келіп «Алға» деген атпен жұмысын жалғастырды.

15. Хантәңір гәзеті

«Хантәңір» гәзеті 1946-1950 жылдар аралығында Гуоминдаң билігі бақылауындағы Үрімжі қаласында зиялы жастар жағынан шығарылды. Гәзет  ұйғыр, қазақ, екі тілде аралас шықты. Басылымның бас редакторы Ыбырайым Тұрды, орынбасары Сәліс Әміреұлы болды.

16. Іле гәзетханасы (Баспахана)

«Іле гәзетханасы» Үш Аймақ үкіметі кезінде «Іле газетін» негіз етіп құрылды. Бұл баспадан Таңжарық Жолдыұлының «Түрме халы» атты кітабы және «Абай таңдамалы шығармалары», «Мың бір түн» қатарлы кітаптар басылып шықты.

17. Сәуле баспасы

«Сәуле» баспасын 1946 жылы Үрімжідегі қазақ зиялылары жұмыстан сыртқы уақыттарын пайдаланып құрған. Өлкелік үкіметтің бас хатшысының орынбасары, Өлкелік қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымының төрағасы Сәліс  Әміреұлы баспа директоры, өлкелік қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымы мәдениет бөлімінің меңгерушісі Нығымет Мыңжани баспаның редакторлық міндеттерін атқарды. Бұл баспадан «Абай таңдамалы шығармалары», «Қазақ тарихының дерегі», «Тұрмыс тілшісі» (повесть авторы Н.Мыңжани) қатарлы кітаптар шықты.

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052