Жұма, 31 Қазан 2025
Ақмылтық 732 0 пікір 31 Қазан, 2025 сағат 13:11

Орталық Азия және АҚШ: Алпауыттың арты диірмен тарта бере ме?

Коллаж: Abai.kz

Сөз жоқ, Дональд Трамп қайта каденциялап билікке келгелі ойын ережелері бүған дейін мызғымастай боп келген әлемдік саясат оның жекебас қабылдайтын, кейде субъектвиті де біржақты шешімдеріне тәуелді боп қалғаны – ащы шындық. Соның бір жарқын көрінісі – өте-мөте дамыған елдердің басшыларының өзі сөз басын оның құлағына жағатын мақтаудан бастауы. Өкінішке орай, әлем дәл сондай өркениеттік даму деңгейіне «жетті».

АҚШ президентінің Орталық Азия мемлекеттері – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан – басшыларын «С5+1» форматында «Орталық Азия – АҚШ» саммитін өткізу үшін 6 қарашада Вашингтонға шақыруын өз басым дәл осы жаңа, бұрын-соңды боп көрмеген астар негізінде қабылдаймын.

Иә, бұл форматтағы кездесу бұрын да, президент Байден тұсында өткен. Бірақ та, ол саммиттердің формасы осындай болғанымен, фабуласы басқаша еді. Бір сөзбен айтқанда, АҚШ-тың постсоветтік кеңістік елдеріне, соның ішінде Орталық Азия мемлекеттеріне қойылар экономикалық, құқықтық, геосаяси және демократиялық талаптары өзгеше еді. Бұдан былай бұл қағидаттар АҚШ-тағы Демократиялық және Республикалық партиялардың идеологиялық тұғырнамаларына ғана емес, ендігі жерде әлемдік саясаттың басты анықтауышына айналған «Трамп факторына» негізделетін сияқты.

Меніңше, бұл саммиттің болмысын бірнеше тұрғыдан қарастыру керек.

Біріншіден, ең жоғары деңгейдегі жиынға шақырып отырған АҚШ мүддесі тұрғысынан. «Күштінің арты диірмен тартады», өзін әлемдік бітімгер ретінде танытқысы келетін Ақ үй ешкімнің қабағына қарамай түпкілікті экономикалық һәм геосаяси мүдделерін көздейтіні айтпаса да түсінікті.

Саммит алдында Ақ үй шенділері Орталық Азияға, соның ішінде, Қазақстанға дипломатиялық «барлауға» кеп кетті. АҚШ Мемлекеттік департаменті хабарлағандай, бұл сапардың мақсаты – «сауда мен аса маңызды минералдық ресурстар мен энергетикаға инвестиция» тақырыптарын талқылау екен.

Бұған қоса, осы аптада АҚШ Конгресінің бірқатар мүшесі Трампты «АҚШ-тың осы аймақтағы стратегиялық мақсаттарын орнықтыру үшін қауіпсіздік, экономикалық байланыстар, «жұмсақ күш» және тиімді басқару тәсілдерін пайдалануға шақырған-ды.

«Жұмсақ күш» дегеніміз Трамптың түсінігінде саясаттан гөрі сауда-саттықта көбірек қолданылатын тұрпайы «келісімге» («сделка») саятынын бүгінде барша әлем біліп алды.

Басқа-басқа емес, Қытай мен Еуроодақ секілді алпауыттарды дегеніне көндіріп жатқан АҚШ экономикалық һәм саяси әлеуеті о бастан белгілі Орталық Азияны шайнамай-ақ, жұтып жібермей ме? Әлде, ертеңгі күні өз мүддесіне қайшы келетін ұсыныс болса, Трампқа: «Кешіріңіз, Трамп мырза, біз онымен келісе алмаймыз!», - деп қай орталықазиялық басшы қарсы шыға алады екен?!

Екіншіден, жаһандану үрдісінің ешкім күтпеген бір қызық «нәтижесі» сол: жалпыадамзаттық талас-тартыста әр ұлт, әр мемлекет өзінің төл мүддесіне жүгіне бастады. Сол себепті аймақтық түсінік дегеніңіз геосаяси түрғыдан алғанда өте-мөте шартты нәрсе. Сол себепті Орталық Азия құрамына кіретін елдердің формальды түрдегі ортақ географиялық белгілері мен аймақтық қызығушылықтары болғанымен, жеме-жемге келгендегі түпкілікті ниеттері мен ынталары бөлек болуы заңды. АҚШ осы, саяси эгоистік факторды ескеріп, өз ойынын ойнайтынын осы бастан болжай беруге болады.

Үшінші жағдаят екіншіден бастау алады: сол себепті, өкінішке орай, Орталық Азияда бір-бірін «туыс, бауыр, көрші, шекаралас» деп танитын елдер Вашингтонда әрқайсысы өзінің мақсат-мүддесін қуалап кетуі де ғажап емес. АҚШ секілді держава алдында бірегей аймақтық ұстаным таныту сол елдер басшыларының қолынан келе ме, оған менің үлкен күмәнім бар. «Бөліп таста та, билей бер» деген қағидат қай кезде де, қай жерде де өміршең де өзекті екенін Трамп мырза білмейді деп ойламаймын.

Төртінші жағдаят біздің алып көршілеріміз бен кей жағдайда АҚШ-пен ұстанымы сәйкес келе бермейтін Еуроодаққа, саяси тұрғыдан қайта табысып жатқан түркі әлеміне қатысты. Қытай мен Ресей қол қусырып, қарап отырған жоқ. Бір қызығы, Ресей сол баяғы «орыс әлемі» идеясын саяси сес һәм күш көрсету арқылы орнықтырудан аса алмай жүрсе, Қытай баяғыда-ақ біздің аймақтағы экспаниясының экономикалық, қаржылық, меншіктік алғышарттары мен негізін қалап тастаған. Еуроодақ та елгезектік танытып, біздің аймақпен бірге саммиттер өткізуді бастады. Түркі әлемінің де АҚШ-қа қатысты өзара келісілген ұжымдық ұстанымы нақтылана қойған жоқ.

Сол себепті ертең Вашингтонда болатын саммитте залда отырған Орталық Азия елдері басшылары мен Дональд Трамптың артында сол ел басшыларының көзге түсе қоймайтын көлеңкесі тұратыны анық. Сол фактор да алдағы кездесуде қабылдануы ықтимал шешімдерге өз әсерін тигізеді деп ойлаймын.

Әміржан Қосан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 1306
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10866