Жұма, 8 Қараша 2024
Билік 629 1 пікір 28 Қазан, 2024 сағат 21:08

Еңбек адамына - ерекше құрмет: «Еңбек Ері» Гүлжанар Нұрпейісовамен сұхбат

Сурет спикердің жеке мұрағатынан алынды.

Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, терін төккен бағбан мен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан тәлім алған.

Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Жағымды жаңалық, биыл ел тарихында тұңғыш рет Республика күнін атап өту аясында екі бірдей педагог «Еңбек Ері» атанды. Сонымен қатар  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ел дамуына қосқан қомақты үлесі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Алқалы жиында қарапайым еңбек адамдары, әсіресе ғылым-білім, денсаулық сақтау, мәдениет, өндіріс салаларындағы қызметкерлерге ерекше көңіл бөлінді. Маңызды мемлекеттік мерекеде үлкен марапатқа ие болған Алматы қаласындағы №4 зағип және нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернаттың педагогы Гүлжанар Нұрпейісованы әңгімеге тартқан едік.

- «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы құтты болсын, бұл марапатты алғандай қандай сезімде болдыңыз?

- Бұл тек маған емес, бүкіл ұстаздар қауымына көрсетілген құрмет деп есептеймін. Себебі тек мен ғана емес, еліміздің жарқын болашағы жолында қаншама әріптесім шәкірт тәрбиелеп, аянбай еңбек етіп жүр. Әрине, Мемлекет басшысының қарапайым еңбек адамдарын елеп-ескеріп жатқаны үлкен қуаныш сезімін сыйлады. Алдында Президентіміздің өзі «Елімізде еңбекқор әрі кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Мұндай азаматтар  мемлекетімізді дамытады» деп айтқаны белгілі. Қарапайым еңбек адамына құрмет көрсету тек сөз жүзінде қалмай, нақты іске асып жатқаны біздің қоғамға жаңаша леп берді. Адал еңбекте жүрген адамдарға үміт отын сыйлады десем артық айтқандық емес. Мен өзім 40 жылдан астам уақыт білім саласында тер төгіп келем. Сол 40 жылдың 26 жылын көру қабілеті бұзылған және зағип балаларға арнаппын, қазір мен Алматы қаласындағы №4 зағип және нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернатта математика пәнінен сабақ беремін.

- Осындай марапаттар сізге және әріптестеріңізге қаншалықты шабыт береді деп ойлайсыз?

- Әрине, еңбек еленсе, шабыт та шалқиды. Десек те жұмысты ешқашан да атақ-даңқ, марапат үшін жасаған емеспін. Мұғалім болуды жас кезден армандадым, өзім шын көңіліммен қалаған сүйікті мамандығым. Мұғалім болу - ең құрметті және абыройлы мамандық деп есептеймін. Елімізде соңғы жылдары білім саласына айрықша мән беріліп жатыр. Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов «Ел ісін түзеуді - білім беруді түзеуден бастау керек» деп айтқан. Білім беру жүйесі мықты мемлекетте мықты ұрпақтар қалыптасады, бұл мемлекеттің болашағын баянды ететін фактор.

- Педагогтардың мәртебесіне қатысты ой-пікіріңіз қандай? Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар туралы не ойлайсыз?

- Кезінде алаш ардақтысы – Мағжан Жұмабаев айтып өткендей, «Алты алаштың басы қосылса төр – мұғалімдікі» деп айтқан. Кезінде қай бір жылдары педагогтардың мәртебесі түсіп, мұғалімдерге мемлекет тарапынан ешқандай көңіл бөлінбей кеткен кездер болды, талай қиын жағдайды бастан кешірдік. Бес жыл бұрын заңға қол қойылған соң осы іс қайта жанданып, қазір педагог мәртебесі айқындалды. Оған Үкімет тарапынан заң аясында үлкен істер атқарылуда, оны күнде көріп-естіп, бақылап отырмыз. Педагог мәртебесін көтеру туралы заң қабылданған соң мұғалімдердің жалақысы алғаш рет 25 пайызға, одан кейін 4 жыл көлемінде екі есе артты және білім саласының қызметкерлеріне үлкен жағдайлар жасап жатыр, еркін жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Соның арқасында шығар, мұғалім болам деген жастардың саны артты. Тағы айтатын нәрсе, кезінде мұғалімдерді өзіне тән емес кез келген жұмысқа қосып қоятын, қазір педагогтар өзіне қатысы жоқ жұмыстардан босатылды. Алаңсыз жұмыс істеуге, өз біліктілігімізді арттыруға мүмкіндік молайды.

- Ерекше балаларға білім беру күрделі іс екенін білеміз. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқытуда қандай қиындықтарға тап боласыз және оларды қалай жеңесіз? Сабақ барысында қандай жаңашыл әдіс-тәсілдер қолданасыз?

- 26 жылдан бері осы мектепте математикадан сабақ беремін. Біздегі бір қиындық - оқулық мәселесі еді. Себебі біз қолданатын кітаптар - жалпы білім беретін мектепке арналған оқулықтар. Ол оқулық бойынша біздің балаларымызға жұмыс жасау қиынға түсті. Сол себепті, біз  Әлеуметтік дамыту және еңбекпен қамту орталығымен бірлесе отырып, негізгі пәндер ағылшын тілі, химия, биология пәндерінен оқушылардың оқулықтарын балаларға бейімдеп жасап шығардық. Қазір еліміздегі көру қабілеті бұзылған балаларға арналған өзге мектептер де біздің жасаған оқулықтарымызбен жұмыс жасап жатыр. Бұл оқулықтың басты ерекшелігі – жазулары, сандары үш есеге үлкейтілген. Кез келген геометриялық фигуралар, жазулар, суреттері анық, балалар бір қарағанда түсінетіндей етіп жазу-сызуларды реттедік. Бала бір қарағанда барлық түстерді ажырата алатындай етіп жасалған.

- Ұстаздық жолда осындай биік марапатқа жетелеген негізгі ұстанымыңыз қандай?

- Бар ұстанымым, бар арманым - осы шәкірттерімді жалпы білім беретін мектептерде оқитын балалармен тең қылу. Арнайы білім беретін мекемеде еңбек еткеннен кейін бізде одан өзге мақсат-мұрат жоқ. Барлық ұстанымдарымыз осыған келіп тоғысады. Басқа білім ордаларындағы оқушылары сияқты осы балалар да қатарынан кем болмаса екен деймін. Жалпы мұғалімнің еңбегі шәкіртінің жетістігімен бағаланады ғой, шәкіртіміз жетістікке жетіп жатса біз медаль алғаннан ары қуанамыз. Көзі ашық, көкірегі ояу, саналы, білімді, денсаулығы мықты, оқушыларым көп болса мен үшін ең үлкен марапат сол. Біздің оқушыларымыз ерекше балалар болғандықтан олардың қоғамда толыққанды азамат болуына, бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуіміз керек.  Шәкірттеріме заманға сай, жан-жақты білім беру үшін көп ізденемін, әлемдік тәжірибелерге сүйенемін. Қазіргі ұстаз оқушыға  білім беріп қана қоймай, оны әлемдік білім кеңістігіне еркін шығуға, яғни бәсекеге қабілетті етіп бейімдегені абзал. Бұл жерде біз әр баланың қолына ұстатып, көрсетіп, әр оқушымен жеке жұмыс атқарамыз. Біздің оқушылар денсаулығына байланысты топпен бөлініп оқиды. Брайль сыныбы, жай сынып болып екі топқа бөлініп білім алады. Ұжым болып балаларға көмек беріп, қатарынан кем қылмау үшін мұғалімдер барын салады. Әр оқушымен жеке-жеке дәріс өткіземіз. Қолымыздан келген мүмкіндігімізді пайдаланып, білім нәрімен сусындатамыз. Мыңдаған кәсіп ішінде мұғалім мамандығы - жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, мейірімділікті қажет ететін мамандық. Қазіргідей мемлекет тарапынан ұстаздар қауымына зор қолдау бар кезде оқытушылар жаңашылдықпен еңбек етуі тиіс деп ойлаймын.

- Қазіргі жас мұғалімдерге қандай кеңестер берер едіңіз?

- Педагогика саласын таңдап келген жас мамандарға айтарым, қажымай-талмай еңбек ете білсеңіз, баламен тіл табыса білсеңіз, шыдамдылық танытсаңыз, ең бастысы - өз ісіңізді жақсы көрсеңіз абырой-атақ өздігінен келеді. Қарапайым еңбек адамдары еленіп жатқанына қарап, жастар шабыт алады, ерінбей ізденсе сол еңбектері осы елде еленеді деп ойлаймын. Қазір біз ашық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Бар күш-жігері мен білімін бала тәрбиесіне жұмсаған білікті педагогтың еңбегі ақталады. Жастың аты – жас, жұмысын енді бастаған жас маманға дәл қазір марапат маңызды болуы мүмкін, бірақ уақыт өте келе оқушылар мен ата-аналардың алғысын естіген кезде ең биік марапат шәкіртіңнің  жетістігі екеніне көзің жетеді.

Сұхбатыңызға көп рақмет!

Әңгімелескен Меруерт Райым

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1132
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2347
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2357