Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 3332 7 пікір 30 Қазан, 2024 сағат 14:38

Қазақстандағы «ұлтын өзгерту» статистикасының мәні неде?

Суреттер Abai.kz, egemen.kz және dalanews.kz сайттарынан алынды.

«Ұлтсыз адамның» ұлттығының пайда болуы туралы философиялық кіріспе сөз

 Адам анадан туғанда ұлтсыз боп туады. Ұлт – мәдени ортаның туындысы. Адам өмірге келгенде ‑  ол алдымен биологиялық тіршілік иесі. Шақалақ. Бірақ, ол адамның физиологиялық эволюциясы бастауында оның саналы тіршілік иесіне (адамға, интеллектке) айналуының потенциалды мүмкіндіктері қоса жаратылады. Осы потенциал белгілі бір мәдени ортаға тап келеді де, ол ортада сол мәдениетке сай әрбір шақалақтың адами қалыбы қалыптаса бастайды.

Ол мәдениет осы ортада өсіп‑жетілген «мәдениетті адамның» бар қырын қамтиды: ұлтын, тілін, дәстүрін, салтын, өмір сүру қалыбын, дүниетанымын және т.т. Адам, әуел бастан қазақ болып, не басқа ұлт өкілі болып тумайды. Сол сияқты, адам о бастан мұсылман, не, басқа діндегі адам боп тумайды. Адам, Әл‑Фарабдің айтуынша, әуелі «потенициалды интеллект» болып өмірге келеді. Міне, осы «интеллект» өзінің қозғалысында, яки, даму барысында өте күрделі трансформацияларға ұшырайды. Адамдар, өздеріне тәуелсіз, өзінен тысқары тұрған әлеуметтік және т.б. жағдайларға байланысты ұлтын да, тілін де, мәдениетін де, салт‑дәстүрін де өзгертуге, өзге мәдени ортаға бейімделуге қабілетті.

Бірақ, адамдар осыған қабілетті болса да, біз адамзаттық деңгейде мұндай үрдістің жапай орын алып жатқанын байқамаймыз – ол жекелеген құбылыс ретінде ғана көрініс беруде. Оның себебі  ‑ Аристотель адам болмысының қоғамдық сипатын бейнелеу үшін «Адам – қоғамдық жануар» деген ұғымға тоқталғандай – адамның өзі өскен мәдени орта мен мәдени қалыптан ажырауы, өзі өмір сүріп жатқан қоғамнан алыстауы – жеке индивидке әруақытта қасірет әкелетінінде болса керек.

Мәселен, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаншама қазақ отбасылары «соғыс жетімдерін» асырап алғанын білеміз. Ол балалар әр ұлттардың өкілдері болатын. Ол балалар, әлі де интеллектуалды деңгейі жетілмегендіктен – өздерін асырап алған жаңа мәдени ортаға, яғни, қазақы ортаға тез сіңісті. Олар өздерінің «белгілі бір отбасы мүшесіне» айналып, өте аянышты жетімдік зардабынан құтылғанын инстинкт пен интуация деңгейінде сезініп, аз уақытты жаңа ортаның тұрақты мүшесіне айналды.

Міне, осындай алмағайып заманда қазақ халқының «тектілік мәдениеті» өзінің бар қырынан жарқырап көрінді: баланы асырап алған отбасылар, егер ол есі кіріп, өзін таныған болса – оның есімін өзіне қалдырды, ұлтын да жасырмады. Тек өз арасында оның есімін қазақшалап алумен шектелді.  Мысалы, біздің бір ағайынның Гена атты баласы «Кенебай» боп өзгерді. Сол Кенебай ағамыз өмір бойы өзін «қазақпын» деп өтсе де, өзінің түбі славяндық халықтан екенін біліп кетті. Бірақ, өзінің артынан «таза қазақпыз» деген ұрпақғын қалдырды... Мұндай мысалдар өте көп.

Ал, егер, сәбидің әлі есі кірмеген болса, онда, әрине, оған жаңа қазақша есім берілді. Тағы бір апайымыздың есімі таза қазақша еді. Ол кісі өмірінде «өзге ұлтсың» дегенді мойындамай кетті. Олай айтқан адаммен бет жыртысуға дейін барушы еді, жарықтық... Тіптен, кейін оны Мәскеуден КГБ полковнигі дәрежесіндегі туған бауыры тауып, артынан іздеп келгенде де, ол бірге туған бауырын мойындамай қойғанын білеміз.

Міне, осындай оқиғалар адамның ұлттығының қалыптасуы – оның өскен ортасына байланысты екенін көрсетеді. Әрине, мұнда орта қандай мәдениетке ие екендігі де маңызды. Ол ‑ лакмус қағазы. Мәселен, демократиялық қоғамда асырап алған баланың ұлтын жасыру, оның биологиялық ата‑анасын көруге деген қызығушылығын шеткеу – адам құқын бұзудың бір көрінісі саналады. Ал, керісінше, авторитарлық‑тотолитарлық қоғамда – ол жасырын ұсталады. Осы жағынан алғанда, өз шежіре заңы бойынша «тектілік» заңын қалыптастырған қазақ халқының бүтін болмысы – қазіргі шынайы демократиялық үрдістерге сай екендігін көреміз.

Сөз арасында айта кету керек, осы тұжырымнан біз үшін мынадай маңызды екінші тұжырым туындайды, ол – «Қазақ халқын оның өзіне тән  Дала демократиясы қалыбымен басқарса ғана – бұл халық барлық салада өте зор табыстарға жете алады. Егер, оны автократияға, не диктатураға, не құлдық санаға бұрса – ол өзінің барлық потенциалды мүмкіндігінен айырылып, шарасыз‑қауқарсыз күйге түседі. Ол – өзінің еркіндік жағдайындағы жауынгерлік, өршіл‑намысшыл Рухынан айырылады» деген ереже.

Сол себепті, біздің халық өз көшбашысының қасиеті мен қабілетін осы жағынан ажырата алатындай деңгейде болуы керек. Бұл – ұлттық идеология мәселесімен айналысушылар үшін үлкен сабақ. Ал, қазір онымен кімдер айналысуда? Дұрыс – «ішкі саясат» бөлімі. Бірақ, оларда осындай кең өріс бар ма? Әзірге, білуімізше, олардың өздері де қасаң авторитарлы‑бюрократтық ой‑санадан ажырамаған күйде қалып отыр. Ендеше, бізге мемлекет пен қоғамды басқарудың шынайы демократиялық үрдістерін қарқынды түрде енгізіп, оны Ұлттық идеологияның приоритетті (басымдық) жағына айналдыру қажет.

Адамның ұлтын өзгертуінің табиғи және экономикалық‑саяси аспектілері туралы

Қазіргі технологиялық заман адамзаттың бұрын‑соңды көрмеген‑білмеген жаңалықтарын қарқынды ендіріп жатыр. Мысалы, соның қатарына клондау, адам ағзаларын ауыстыру, адамның жасанды ағзаларын өсіру, жасанды тамақ, жаңа қару‑жарақ және т.т. жатады. Әрине, бұл техногендік үрдіс әруақытта «адами қалыппен» өлшеніп отыратыны заңды. Бірақ, осы жаңалықтардың «адами қалыпқа» симайтын жақтары да көрініс беруде. Ол, мысалы, адамның өз табиғатын өзгертуі, жынысын ауыстыруы.

Ұлы Жаратушы адам табиғатын жаратқанда оның үздіксіз өсіп‑өнуінің өте күрделі «механизмін» қоса жаратқан десе болады. Адам егер осы «табиғатты» жасанды түрде бұзатын болса, онда ол адамзат болашағына жаңа қатерлер, яғни, адам баласының өзін‑өзі тудыруына, жаңаны генерациялауына үлкен қауіп төнеді. Сол сияқты, адамзат өміріне қауіті қару‑жарақ түрлеріне де шектеу қойылмаса – адамзаттың жойылып кетуінің мүмкіндігі пайда болады... Міне, осы факторлар адамзатқа ғылым мен технология дамуын «адами факторды» ескере отырып жасауды міндеттейді.

Бұл үрдістен саяси және экономикалық факторлар тысқары қала алмайды. Соның бірі – адамның «ұлтын өзгерту еркі». Егер, біз «клондауды» биологиялық түр ретіндегі қауіпке санасақ, ал «ұлтын өзгерту» ‑ қоғамдық даму тұрғысындағы катаклизмдерге бастайтын үрдіс қатарына енеді. Мәселен, әлемдегі елдердің басым бөлігі Ұлттық мемлекеттер формасында өмір сүруде. Олардың жалпы атауы – «Унитарлы мемлекет» деп аталады. Қазір осы мемлекеттік форманы өзгеру еш мүмкін емес болса, онда сол мемлекетті құраушы ұлттың да ұлттығын оңды‑солды өзгерте беру еш мүмкін емес. Себебі, мемлекет дамуындағы басты факторлардың барлығы – ұлттық экономика, ұлттық идеология, ұлттық мәдениет, мемлекеттік саясат ‑ өзге мемлекеттермен арадағы қарым‑қатынастар, негізінен ‑ «Ұлттық факторды» ескеру арқылы құрылады. Мысалы, осы негізде халықаралық саясаттағы ережелер қабылданады. Ол БҰҰ‑ның қағидаларында  бекітіледі.

Бірақ, қазіргі заман дамуы тұрғысында «Адам құқы» мәселесі әлемде бірінші орында тұрады. Адамның сөз бостандығы, таңдау еркіндігі және т.б. құқықтары сақталады. Шиеленісті жағдай осы жерде туындайды, мәселен, «Адам жынысын өзгерту – әр адамның еркіне сай әрекет пе?», «Әлде, ол адам табиғатынан тысқары, ауру адамға тән әрекет пе?», «Ендеше, қоғамда ауру адамның «еркін» табиғи тұрғыдағы сау адамдардың еркімен теңестіруге бола ма?» деген сұрақтар қоғамды ойландыра бастайды. Бізде бұл мәселе біржақты шешілген, ол – «Адам табиғатына қол сұғу – Ұлы Жаратылыс заңын бұзу» деген. Сондықтан, біздің қоғам ондайға ерік бермейді.

Ал, енді, «Ұлтын өзгерту» ‑ ежелден шежірелік заңмен өмір сүріп, бір‑біріне туыстығын осы заң бойынша анықтап келген қазақ ұлты үшін  өте ауыр жағдай. Қазақ оны сатқындыққа балайды. Себебі, осындай әрбір сатқындыққа тек бір адамның емес, бүкіл тұтас қауымның тағдыры байлаулы деп есептеледі. Сол себепті, әрбір қазақ өзінің ұлттық іргетасы сөгілетін әрекеттен бас тартады, одан қорғанады...  Бұл «ұлттық тәрбие жүйесі» арқылы қоғаммен қадағаланады. Кері кеткен әрекетке «шіріген жұмыртқа» деп, оны адам қатарынан сызып тастайды...

Қазақстандағы «ұлтын өзгерту» статистикасының мәні неде?

Кешегі ақпаратта 12 мыңнан астам қазақстандық соңғы төрт жылда ұлтын өзгертті деген мәлімет жарияланды. Ондағы дерек бойынша, көпшілігі орыс ұлтынан неміс ұлтына ауысқан екен. Неге олай болып жатыр?

Ұлтын өзгертушілердің көпшілігі орыстан неміске өткен. Сондай-ақ, өзбек ұлтынан қазақ ұлтына ауысу сұранысқа ие. Соңғы төрт жылда ҚР ІІМ-нің ұлтты өзгерту статистикасы келесідей:

2021 жылы – 3 254 адам;

2022 жылы – 3 363 адам;

2023 жылы – 3 366 адам;

2024 жылы (қазіргі уақытқа дейін) – 2 158 адам.

«Жүргізілген талдауға сәйкес, қазақстандықтардың ең көп саны ұлтын орыстан неміске (743 адам), өзбектен қазаққа (354 адам), орыстан украинға (300 адам), украиннан орысқа (246 адам) және орыстан қазаққа (11 адам) өзгертті», – деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.

Бұл қалай жүзеге асады?

Қазақстан азаматтары ата-анасының бірінің ұлты бойынша ұлт таңдай алады. Егер ата-анасының ұлттары әртүрлі болса, бала паспорт алған кезде әкесінің немесе анасының ұлтын таңдайды. Кейінірек ұлтты тек бір рет өзгертуге болады. Ұлтын өзгерту үшін азамат өтініш, туу туралы куәлік және жеке куәлігін көші-қон қызметіне тапсыруы керек. Екі жұмыс күні ішінде шешім қабылданып, оның негізінде жаңа жеке куәлік беріледі.

Осы дерекке мұқият қарасаңыз, онда одан қазіргі замандағы саяси‑демографиялық өзгерістерді анық байқауға болады. Мәселен, ең көбі – орыстан – неміске. Оның себебін бүгінгі Ресейдің агрессиялық саясатынан іздеген жөн. Себебі, РФ бүкіләлемдік санкцияға ұшырап, өзге елге соғыс жариялаудың арқасында шет елдерге қоныс аударушы орыс ұлты өкілдері де осы соғыстың шырпауында қалды. Оларға деген көзқарас негативті бола бастады. Бұрынғы «Ұлы орыс мәдениетінің өкілдері» бүгінде «варварлық‑жабайы мәдениет өкілдері» ретінде қабылданатын күйге бұрылды.  Сондықтан, өздерінің қанында немістің қаны бар адамдар жедел «орыс» ұлтын өзгертіп, болашақта экономикалық тұрақты Германияға қоныс аударуды мақсат еткендер десе болады.

Ал, «өзбектен – қазаққа» дегеннің астарынан ұлттық саясат іздеудің қажеті жоқ сияқты. Әрине, оның түпкілікті себептері саясаттан туындаған. Негізі  ‑ КСРО қираған соң Өзбекстанда орын алған «жапай паспорт ауыстыру» кезіндегі саясатта жатыр. Со кезде Өзбекстанда тұратын мыңдаған қазақтардың паспорттарына «өзбек» деп жазу науқаны жүрді. Ол жасырын түрде болды. Қазір ол «өзбектер» өздерінің тарихи Отаны – Қазақстанға қоныс аударуда. Сондықтан, олар осында келген соң ғана өздерінің ұлттығын қайта қалпына келтіріп жатыр. Мұнда нағыз өзбектің «қазақ болам» дейтіндей дерегі жоқ, болмайды да. Себебі, қазақстанда өзбектерге ұлттық қысым көрсетіліп жатпағаны белгілі. Біздегі ұлттық толерантылық – кімге де болса үлгі болатындай жағдайда.

Ең қызығы, «орыстан – қазаққа» болып тұр. Әрине, оның саны тым аз. Сонда да болса, бұл деректе үлкен мағына жатыр. Әйтсе де, мұның ішінде таза орыс жоқ екеніне сенімдіміз. Себебі, ұлт өзгерту үшін әр адам өзінің ұлтқа қатысы бар екенін дәлелдеуі керек. Ендеше, бұлар Ресейде жүріп орыстанып, өзінің қазақ ұлтынан ажыраған қандас қазақтар деуге келеді. Олар енді ғана «өз қателіктерін» түсініп, ұлтына оралып жатыр. Оларға еш кінә тағуға болмайды – олар тарихи жағдайлардың зардабын шегушілер.

Әбдірашит Бәкірұлы,

философ

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052