Светлана Жақыпова: Мүгедек жандарды жұмыспен қамту 50%-ға да жетпейді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мүгедек жандарды жұмыспен қамту мәселелерін көтерді.
«Маңызды мәселелердің бірі – мүгедек жандарды жұмыспен қамту. 1 қарашадағы жағдай бойынша 148 мың адам, яғни жұмысқа қабілетті халықтың 39%-ы жұмыспен қамтылған. Бірақ өңірлерде жұмыспен қамту деңгейі 50%-ға да жетпейді. Жұмыспен қамту саласында жетекші орындар бойынша ғылыми қызмет (28%), мемлекеттік басқару (12%), білім және сауда (9%-дан), денсаулық сақтау (7%) салалары алда келеді. Мамандығы бойынша мүгедектігі бар адамдардың 21%-ы кәсіби маман, 19%-ы біліктілігі жоқ жұмысшы, 13%-ы – техник-мамандар, 11%-дан басшылар мен мемлекеттік қызметшілер санаты», - деді Светлана Жақыпова Үкімет отырысында.
Одан әрі министр мүгедек жандарды оңалту мәселесіне тоқталды.
«Бүгінде еліміздің 7 өңірінде аутистік спектр бұзылысы және басқа да менталды ауытқулары бар балаларға арналған күндізгі болу орталықтары ашылды. Одан бөлек, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облысы, Ұлытау облысы және Шымкент қаласында құрылысы жүріп жатыр. Оңалту шараларының тиімділігін арттыру және бақылауды күшейту мақсатында цифрлық оңалту күнделігі іске қосылды. Нозология түрлері бойынша әлеуметтік оңалту хаттамалары әзірленді», - дейді ол.