Бейсенбі, 7 Қараша 2024
Ақмылтық 171 4 пікір 7 Қараша, 2024 сағат 11:58

Философияға сұрақ көп...

Сурет turkystan.kz сайтынан алынды.

Философияға сұрақ көп, бірақ, философия әруақытта қоғамға одан да көп сұрақ қояды... Бір жағынан, қоғам өкілдерінің – мейлі, ол ғалым болсын, не қарапайым шаруа адамы болсын – философияны «іздей» бастағаны, оған сұрақ қоя бастағаны – қоғамның қандай да бір сауығу жолына түсуге бетбұрысының нышаны болып табылады. Бұл – қоғам үшін ізгілік белгісі. Екінші жағынан, соған сай, философия да қоғамға «өз сұрақтарын» қоя бастайды. Ал, енді, «Осы сұрақтарға қоғам жауап беруге даяр ма, әлде, даяр емес пе?» – бұл қоғамның қаншалықты күйзелісте екендігін білдіретін белгі болып табылады... Ендеше, бір‑бірімен тығыз байланысты осы екі мәселе қоғамдық пікір алаңына көтерілсе – ол тек жақсылық болып табылады...

Ол – көтерілді. Оны көтерген белгілі профессор‑ғалым, елге сыйлы азамат Жамбыл Артықбаев. Ол жуырда философтарға, соның ішінде, қоғамға осы сұрақты қойды, назар аударыңыз:

«Философтарға сұрақ:

– Кезінде философияны көңіл бөліп, зейін қойып оқымадық, мүмкін ұстаздарымыз тарапынан да кемшілік болған шығар, жас адамды философияға қызықтыру да оңай емес қой. Бүгінгі күні осы кемшілік күнде алдыңнан шығады. Философия  даналықтың кілті, жолы. Білімді, ақылды болу бір басқа, дана болу бір басқа, тіпті білім мен ақылдың арасында биік асу тұрғанын жаңа түсініп жатырмыз.

Менің ойымша дәстүрлі қазақ қоғамы диалектиканы жетекшілікке алған сияқты, бүкіл тіршілігі, тұрмысы рационалды, күреске және есебін тауып елден қалмауға негізделген.  Г.Н.Потаниннің қазақ моральді онша мойындай қоймайды дегені де сол болса керек. Қазіргі күні біздің жалпы  дүниетанымды метафизика билеп бара жатқан сияқты, барлық жұртты емес, дегенмен елдің көпшілігін.  Ертеде біздің елде аздаған дуаналар болған, соның бірі Мәшһүр Жүсіп атамызға қыстың күні жолаушылап, жаяу-жалпы, жалаңаш  барса керек. Мәшекең оны аяп, "бейшара-ай, тоңдың ғой, мына тонды үстіңе жамылып жүр" деп, тонын берсе, оны дуанекең айдалала жатқан тастың үстіне жауып кеткен екен дейді, тасты аяған түрі. Метафизика консерватизмге, ол болса дүмшелікке жол ашады. Түкке тұрмайтын бірдемені шұқылап, соның мән-мағынасын іздеп жүрген адамдар көбейді.

Болашаққа, бақуаттылыққа, бала-шағасының қамына бола тіршілік еткен қауым  диалектика ережелерін ұстануы, инновацияларды қабылдауы керек-ау», - Проф. Ж.О.Артықбаев. 

Сұрақ қойылды, енді оған жауап берілуі керек‑ақ...

Әрине, сұраққа, оның мазмұнына орай, ең алдымен, еліміздегі Ұлттық Академияның «Философия, саясаттану және дінтану институты» философтары жауап берулері керек еді... Оған ілесе, Қазақстан философтарын оқытатын Әл Фараби атындағы Ұлттық университеттің Философия және саясаттану факультеті, одан әрі, Қазақстандық философтар қауымдастығы дүр көтеріліп «жауап берулері» керек еді...

Шынында да, күнделікті жағдайда әр деңгейде «Елімізде философия іліміне жеткілікті көңіл бөлінбейді. Қоғам философиялық ойлау мәдениетінен ажырап бара жатыр» деген сыңайда әңгімелер көп айтылатыны жасырын емес. Енді, міне, осы мәселені олар емес өзге тарап – қоғам қойып жатса, бұл философтарға «өздерінің әбден жауыр болған мәселелерін алға тартуға, философиялық ой мәдениетін қалыптастырудың инновациялық жолдарын ұсынуға, сол арада, қоғамның да философияға деген көзқарасына оңынан ықпал етуге» таптырмас тетік не құрал болмас па еді?

Бірақ,өкінішке орай, ол жақтан жауап берілмеді... Бұл нені білдіреді? Турасын айтсақ, бұл қоғамда философия ілімінің өзі де самарқау  күйде тұрғанын,  оның көп жағы әлі де «отыз жылдық авторитарлық езгіден» арыла алмай жатқанын, қазақстандық философия ілімінің қарымы қысқа болып тұрғанын, тіптен, қоғам санасын «жаулауда» бүгінде күш алып, өзінің «ұлттық дүниетанымға қарсы антиуағыздарымен» қоғамда ашу туғыза бастаған діни догмадан философияның артта қалып қойғанын білдіре ме деп ойлауға мүмкіндік береді...

Болмаса, сұрақ мазмұнына мұқият назар аударсақ, онда көптеген өзекті философиялық мәселелердің басы көрінетінін байқау қиын емес:

1. Адамды (қоғамды) философияға қызықтыру да оңай емес – оның жолдары қандай?

2. Философия даналықтың кілті, жолы. Білімді, ақылды болу бір басқа, дана болу бір басқа – осының аражігі қандай?

3. Білім мен ақылдың арасында биік асу тұр – оны қалай игереміз, сол асудан қалай асамыз?

4. Метафизика консерватизмге, ол болса дүмшелікке жол ашады – осы формула дұрыс па?

5. Түкке тұрмайтын бірдемені шұқылап, соның мән-мағынасын іздеп жүрген адамдар көбейді – ол қандай адамдар, жаңа адамды қалай қалыптастырамыз?

6. Болашақ қауым диалектика ережелерін ұстануы, инновацияларды қабылдауы керек-ау – қазақ дүниетанымы диалектикалық сипатта ма, әлде, догмалық консерватизмде ме? Философия не дейді?

Міне, сұраққа шұқшия қарағанда – осындай мәселелер ауқымын табуға болатын сияқты... Бұл аз ба, әлде, көп пе?

Меніңше, сұрақтар біздің алға жылжуымыздың (дамуымыздың) мәселесін көтеріп отыр. Яғни, сұрақты «Тәуелсіз Ұлттық (унитарлы) мемлекетімізді құру»; «Әлемдік мәдени қауымдастыққа Ұлттық болмысымызбен, өз бейнемізбен ену»; «Өзіміздің жер жағдайына сай экономиканы түзу» және т.т. мәселелердің алғышарттары ретінде қоюға болады екен.

Егер сұрақ осылай қойылса, оның әрқайсысы бүкіл ғылыми институттардың жүгі боларлықтай салмаққа ие болар еді‑ау? Әлде, мен қателесіп отырмын ба?

Философияның құдіреті неде?

Әрине, мыңдаған жылдық тарихы бар Философия ілімінің қоғамдағы ролі туралы ежелгі заманнан айтылып келеді. Мәселен, әйгілі Платоннның өзі «Мемлекет туралы» ілімінде «Мемлекетті философтар басқарса, ол қоғам бақытты болады» деген пікірді айтқан. Оның шәкірті Аристотель оны бекітеді. Өйткені, оның шәкірті Александр Македонский бөшкеде аскеттік өмір сүріп жатқан Диогеннің даналық даңқын естіп, оған келеді. Патша атынан (Буцефал) түспей бөшкедегі Диогенге «Менің кеңесшім бол, не қалайсың, бәрін орындатқызам» дейді. Сонда Диоген «Мәртебелі патша, сенің көлеңкеңнен менің бөшкеме күн жарығы түспей қалды. Арырақ барып тұрсаң қайтеді – менің қалауым сол» деп жауап берген екен... Осылайша Диоген даналықты барлық байлықтан, атақтан, патшалықтан жоғары қойған екен... Осы қағиданы өз бабамыз Әбунасыр Әл‑Фараби да дәріптеп өтті. Оның Ел билеушілеріне берген сипаттамасында оның даналық бастауды жоғары қойғанын, ал тіршілікте «ақиқатты пәлсәпа арқылы тани аламыз» деуін – «Фарабидің түркілік дүниетанымының көрінісі» демей не дейміз?

Қазақ дүниетанымы болмысынан диалектикалық сипатта

Қазақ дүниетанымын және болмысын жас кезінен қанына сіңіріп өскен жас философияны тез меңгереді. Қазақ дүниетанымы - өмір алуандығын, сан қырлылығын, қозғалысын (өтпелілігін) өзінің даналық сөздері арқылы, қысқа-нұсқа жеткізе білген. Сондықтан, әр қазақ мақал-мәтелінің астарында белгілі бір философиялық түйін жатады. Әрі, ол «өмір сүру ережесі» ретінде моралдік реттеуші қызметті қатар атқарады. Яғни, қазақ дүниетанымы әуел бастан диалектикалық сипатта. Себебі, қазақ оны табиғаттың өзінен алады. Онда догмалық жасанды конструкция болмайды. Шындық бейнеленеді. Содан болар, біздің төл дүниетанымымыз қазіргі дін домасына еш сай емес - оған қарама-қайшы. Мысалы, Ұлы Табиғатта «құл болу» жоқ. Қазақ санасы да оны солай қабылдайды. Алайда, ол оны «шарасыздық» түсінігімен алмастырады. Табиғатта «өмір үшін күрес» қозғалыстың басты мақсаты (ақиқаты). Қазақ та, сол сияқты өмірді (қозғалысты) ең басты құндылық санайды. Бұл оның болмысын құрайды және барлық моралдік бейнесін айқындайды. Себебі, қазақ дүниетанымында дінге тән өз алдына бөлек, өмір құндылығын жоққа шығарушы дүние – «жұмақ» түсінігінің өзі жоқ! Оның орнын «Аруақтар әлемі» алмастырады... Ал, қазақ санасында «бар ізгілік осы жарық дүние» деп есептеледі. Сол себепті, қазақ әрбір жарық күнін бағалайды, оны маңызға толтырады, қадамын аңдап басып, шынайы прагматикалық ойды басшылыққа алады. Өкініштісі, табиғатта «алдау-арбау» жоқ болатындықтан, қазақтың да төл болмысында адамға сенгіштік қасиет еш бүкпесіз қалыптасады. Ұлттық тәрбие де осы бағытты нығыздайды. (Небір қу дүмшелердің қазақты оңай қақпанына түсіретіні де сондықтын болар...).

Қазақ философиясына диалектика қажет пе?

Бұл – дау тудыратын мәселе қатарына жатпайды. Себебі, дүние – қозғалыс. Оны білу үшін де сана оған ілесуі керек. Яғни, ойдың өзі диалектикалық сипатта болуы керек. Осы туралы Ж.Артықбаевтың сұрақтарына философ Г. Абдрасилова былай деп жауап беріпті:

– Қазіргі Философияда олқылықтар көп, мысалы, «тәуелсіздік» аталатын кезеңнен бастап Назарбаевтың «сауатты» идеологтары Философияның өзегі – Диалектиканы оқу программасынан алып тастап, оның орнына ешбір теориялық базасы жоқ «Мәңгі ел» сияқты мифологиялық элементтер қосып қойған.

– Ғарифолла Есім «атқа қонғалы» «Қазақ философиясында диалектика жоқ» деген сандырақты мақтанышпен айтып жүргеніне 10 жылдан асты. Бұл «Жер бетінде атмосфера жоқ», немесе «Тіршілікке оттегінің керегі жоқ» дегенмен бірдей. Бұл «ноу‑хауды» философ-мамандар тоқтаусыз сынап та жүр. Әзірше нәтиже жоқ – профессордың конвейерінен шығып жатқан шәкірттерінің Дискеңесте: «Мен өз ұстазым Ғ.Есім сияқты Кант, Гегельдерді философ санамаймын, ал Қазақ философиясында диалектика жоқ» дегенін де естідік. Қазақстандық философияның бүгінгі сиқы осы» ‑ деп жауап беріпті. Өте дұрыс жауап! (Жауаптар Ж.Артықбаевтың ФБ‑постына жазылған Г.Абдрасилованың комментарийлерінен алынып, аздап өңделді. – Ә.Б.).

Иә, бұл философтың сөзінде ащы шындық бар. Себебі, қазіргі оқыту бағдарламасы кезінде дүркіреп тұрған «Мәңгілік ел» концепцияын басшылыққа ала отырып құрастырылған. Ол бағдарлама бойынша Қазақстан  тарихы, өнері мен мәдениеті, дәстүрі мен салты, дүниетанымы туралы біршама білімге қол жеткізуге болады. Алайда, ол бағдарламада осы білімге қол жеткізетін әдістемелік базаны меңгеру толық қарастырылмаған. Яғни, диалектиканы «жоқ ету» арқылы, біз ұлттық мәдениеттің эволюциялық дамуын, оның трансормациялануын (сабақтастығын) жоққа шығарамыз. Бұл – ойдың догмалануына, дәстүрдің консервациялануына, яғни, жаңа заманға бейімделу, жаңару мен өзгеру, жетілу тетіктерінен ажыратуға алып келеді.

Сонымен бірге, қолданыстағы бағдарламада мыңдаған жылдық әлемдік философия тарихы мүлдем оқытылмайды десе болады. Өйткені, осының бәріне бөлінген екі сағатта (мүмкін төрт сағат) қысқаша түрде «Философия тарихына» шолу жасап шығуға ғана болады. (Оның өзіне де бұл уақыт жетпейді). Сөйтіп, Философиялық даму заңдары ілімі мен Философиялық Таным теориясы со күйінде студенттерге белгісіз күйде қалады...

Міне, осылай, кезінде бір адамның өз қызмет дәрежесін пайдаланып, философиялық білім беруде волюнтаристік шешім шығаруы – еліміздегі философиялық ойдың дамуына қаншалықты тұсау болып отырғанын осыдан байқаймыз... Бүгінде біз авторитаризмнен демократияға бет бұрамыз десек, философиядағы осы қателікті тез арада жойып, оның орнына заманауи жаңа Оқыту Бағдарламасын  қабылдайтын уақыт жетті деп санаймын.

Философиялық ой жұтаңдығы – дін догмасына жол ашады

Қазіргі кезде, елімізде дінге деген құлшыныс жасарып барады. Олай болуға себеп көп. Біріншіден, еліміздегі жұмыссыздық, кәсіби шеберлікке деген сұраныстың жоқтығы – білім құндылығын әлсіретті. Екіншіден, тоқсаныншы жылдары болған «ұлы дағдарыс» кезінде біздің ұлт өзінің ұлттық тәрбиедегі сабақтастығын жоғалтып алды. Кейіннен, 2000 жылдан соң эконоикалық жағдай біршама түзелген соң, ұлттық тәрбие өзегін елімізге «атеизмнен кейін қайта оралған дін» өз қолына алуға белсенді кірісті. Оған мемлекет тарапынан қолдау жоғары болып, мыңдаған мешіттер, діни оқу орындары ашылды.  Ал, ғасырлар бойы «ұлттық трансформацияны» қамтамасыз етіп келген Қазақ дүниетанымы мен Ұлттық тәрбие өз позициясын (шебін) дін мен діни тәрбиеге беріп қойды.

Енді «Дінсіз алған білім дұрыс емес, адам алдымен дінді меңгерсе дұрыс», - дейді көптеген теологтарымыз... (Бірақ, бұл сөзді Фараби бабамыз басқаша айтқан болатын. Ол: «Тәрбиесіз алған білім» туралы айтып еді)..

Жә, жарайды, сол жолмен‑ақ жүрейік бәріміз делік ‑ ол да жаман болайық деп жатпаған болар деп... Сонда нәтиже қалай болмақ? Онда мына жағдаймен бетпе-бет келеміз:

...Құдай туралы білімді игеруге бір адамның ғұмыры жетпейді. Осы «біліммен» айналысқан адам өмірін осымен өткізеді, осымен шектейді ...

Одан адамзатқа, өмір сүруші қоғамына еш пайда жоқ. Себебі, ғылым мен білім мақсаты Құдайға емес, адамға бағытталған. Адамзат ғылым арқылы жаратылыстың, яғни, тұтас табиғаттың жұмбағын ашады. Сөйтіп, оны адамзат игілігіне айналдырады.

Ондай ғалымға Құдай да разы. Себебі, ол ғалым өзі жаңалық ашқан сайын Жаратушы Құдайдың шексіз тылсымына бір табан жақындай түскен болып саналады.

Ал ғылым мақсатына бірден Құдайды қойған адам - шексіздікте шатасып, Құдай «жұмбағының» маңына да жолай алмайды. Ол өмірін ертегі айтумен, текке өткізеді.

Себебі, ғылым тетігі Құдай туралы ертегі‑аңызда емес, ғылым тетігі - адамның ақылында!

Құдай да адамға ақылды сол үшін берді...

Міне, бүгінде біз тап болып отырған «ғылым мен білімнің ауыр жолы» біздің қоғамның «Философиялық адасуынан» туындады деп орытындыласақ – ақиқаттың ауылынан алыс кетпегеніміз.

P.S. (Мақала авторы ретінде осы мәселені қозғауға түрткі болған ғалым Жамбыл Артықбаевқа құрметімді һәм алғысымды білдіремін). 

Әбдірашит Бәкірұлы,

еркін философ‑публицист

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1106
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2062
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2055