Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
Бұ не мазақ? 3349 26 пікір 11 Қараша, 2024 сағат 13:44

Ресейдің «ортақ тарих» оқулығы – идеологиялық диверсия!

Коллаж: Abai.kz

Әлемдік тарих ғылымында фашизмнің – ұлттық фашизм, таптық фашизм, діни фашизм және мемлекеттік фашизм деген түрлері бар. Осының ішінде діни фашизмді Израиль мен Армения ту етіп ұстанып отырса, мемлекеттік фашизм АҚШ, Ресей және Қытайдың басты қаруы.

Фашизм Гитлермен бірге келмеске кеткен жоқ. Қайта жаңа форманы иеленіп, әлемдік саясатқа өз ықпалын тигізе бастады. Ал, Ресейдің үкілеген тарихындағы «Ұлы Отан соғысы» бар болғаны адамзат тарихындағы ІІ Дүниежүзілік соғыстағы ұлттық фашизм мен таптық фашизм арасындағы қанды қасап қана.

Енді «Ортақ тарих» деген пәлені ойлап тапқан Ресей билігі «Жеңістің 80 жылдығын» желеу етіп, ТМД кеңістігіндегі түркі мемлекеттеріне өз концепциялары мен түсініктерін таңбақ.

«Ойнай білмеген шешесінің алды-артын түртіп ойнайды» деген қазақтың қияңқы сөзі - Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа қарата айтылғандай.

«Қазақстанда да, Ресейде де ауық-ауық ортақ тарихи өткеніміз туралы тақырыптар көтеріледі. Әртүрлі пікірлер - бұл қоғамда шиеленіс тудырады. Ортақ тарихшылар тобын құру - осындай жанжалдарды шешу үшін маңызды қадам. Бұл бастама екі елде де өршіп келе жатқан «жаңа тарихқа құштарлықты суытуға» көмектеседі», - деді Сергей Лавров. Ол қол жеткізілген келісімді «екі тарап үшін де оң әрі пайдалы» деп атады.

Лавровтың бұл лепірмесі – жеке адамның ауызындағы сөз ғана емес, бүкіл Ресей елінің ортақ пікірі.

Лавров айтты. Ал орыс баспасөзі ол жайлы не дейді?

Ресейдің «Вести» телеарнасы: «ТМД елдерінің мектеп оқулықтарында жалпы Кеңестік тарихтың негізгі оқиғалары жоқ немесе бұрмаланады. Мұндай қорытындыны сарапшылар жасады, олар бұрынғы одақтас 12 республикада 187 оқу құралына талдау ажсаған», - дейді Лавровтың сөзін қоштай.

Әрі қарай: «Оқулықтардың авторлары Ресейдің бейнесін жексұрын отарлық империя ретінде бейнелейді. Ресейге қосылу дербестікті жоғалтуға теңестіріледі, ал бұл оқиғаның жағымды тұстары қаралмайды. Кеңес Одағын Екінші дүниежүзілік соғыстың кінәлі мемлекеті деп атайды. Мұндай түсіндірмені Грузия, Украина және Балтық жағалауындағы оқулықтарда табуға болады», - дейді Ресей телеэфирі.

Ресейдің «Мемлекеттік Клуб» дейтін қоры: «Осы оқулықтардың барлығында біз нақты деректер мен олардың түсіндірмелерінің сәйкессіздігін байқадық. Бізде мынадай сұрақ туындайды: біздің Украинадағы, Грузиядағы және Қазақстандағы әріптестеріміз тарихты осылай түсінеді ме?», - деп сұрау салады Ресей тарихшылары.

Билігі мен саясаткерлері не дейді?

ТМД істері, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс комитеті төрағасының орынбасары Қазбек Тайсаев: «Біздің команда ТМД елдерінің тарих жөніндегі оқулықтарын жинады және талдау барысында Ұлы Отан соғысы оқиғаларын сипаттауда елеулі бұрмалаушылықтар анықталды. Ресей Президенті ТМД-да бірыңғай білім беру кеңістігін құру қажеттігі туралы бірнеше рет мәлімдеген болатын, бұл біздің ортақ тарихымыз бойынша бірыңғай оқулықтар жазуды білдіреді. Ұлы Жеңіс алдындағы біздің парызымыз - тарихи деректердің бұрмалануына жол бермеу және бізге осындай жоғары бағамен қалған мұраны сақтау», - деп көсіледі.

РФ Думасының ағарту комитеті төрағасының бірінші орынбасары Ян Лантратова: «Бұрынғы КСРО елдері үшін тарихтың осы кезеңі туралы өтіріктің посткеңестік кеңістікте таралуына қарсы тұру үшін Ұлы Отан соғысы туралы мектеп оқулығын жасау қажет», - деп мәлімдеді.

РФ Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев: «АҚШ ТМД елдері үшін тарихты бұрмаланған түсінікпен оқулықтар әзірлеуді қаржыландырады. Тарихты бұрмалау және фашизмді қайта жаңғырту әрекеттері - Батыстың гибридтік құралдарының арсеналынан қауіпті», - деп мәлімдеді.

Ресейдің Федерация Кеңесінің спикері Валентина Матвиенко: «ТМД елдерінің бірлескен оқу құралдарын дайындау Жеңістің 80 жылдығына орай аяқталуы тиіс. Тарихқа ортақ көзқарасты сақтаудың маңызды. Бұл бағытта практикалық жұмысты жүзеге асыру үшін өткен жылдың қазан айында Сыртқы істер министрлерінің шешімімен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің тарихшылар мен мұрағатшылардың халықаралық қауымдастығы (комиссиясы) құрылды», - деп мәлімдеді.

Осылай тізбелей берсек, аяғына бүгін жетпейміз. Біз Abai.kz оқырмандарына Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидің пікірін ұсынамыз...

Сурет ҚР Мәжілісінің баспасөз қызметінен алынды.

Ермұрат Бапи:

– Бұл кімнің бастамасы? Мақсат қандай? Бір тәуелсіз елдің тарихын екінші бір рухани араз ел жасауы мүмкін бе? Лавров айтқандай, тарих ілімінде «взаимное уважение» деген түсінік болмайды, болатыны - тарихи деректер негізіндегі ақиқат пен тарихқа деген әділетті көзқарас!

Біз өз тарихымызды өзіміз жасаймыз! Регресстен басқа ештеңеге білмейтін ресейлік эксперттер бізге қажет емес!

Какая может быть совместная группа экспертов по истории, когда Российская империя, потом СССР, теперь Россия, все вместе около двух веков искажали историю степных народов?

Ауу, қазақ тарихшылары, қайдасыңдар?!

Түйін: Әлбетте әлем тек Ресей мақұлдаған көзқарастағы тарихты жазу керек деген ойдағы Путин режимінің Қазақстандағы бұл астамдығы ғылыми ортада қолдау таппасы анық. Ресейдің Орталық Азия мемлекеттерінің тарихи оқулықтарына қарсы науқанын - «Ірігеннің аузынан шіріген сөз шығады» деп түйіндеуге болады. Қазақ шынайы тарихты Ресейдің нұсқауынсыз жазады!

Abai.kz

26 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2026