СOP29: Бакудегі жаһандық саммитте Тоқаев не деді?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуде Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы аясында өтіп жатқан климат саласындағы іс-қимыл жөніндегі әлем көшбасшыларының саммитіне қатысты.
Пленарлық сессияның ашылуынан кейінгі алғашқы сөз Қазақстан Президентіне берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Қазақстан жаһандық климат күн тәртібін қолдайтынын растап, табиғаттың өзгеруіне қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор екенін атап өтті. Мемлекет басшысы еліміздің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде биік мақсат қойғанын еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл міндетті орындау үшін нақты қаржыландыру көздері мен заманауи технологияларға арқа сүйейтінін айтты. Сондай-ақ «Климаттық қаржыландыру бойынша жаңа ұжымдық мақсат» (NCQG) аясында табиғат өзгерістеріне осал аймақтарға, әсіресе, теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдерге айрықша мән берілуі қажеттігіне тоқталды.
– Әлемдегі зиянды шығарындылардың 1 пайызы ғана Орталық Азия елдеріне тиесілі. Соған қарамастан бұл аймақ көптеген климаттық қатерге ұшырап отыр. Табиғаттағы өзгерістерге қарай әрекет ету шараларының тиімділігін арттыру үшін біз жасанды интеллект, жерсерік арқылы мониторингтің озық технологияларын, қауіпті алдын ала ескертетін, су және жер ресурстарын анағұрлым тиімді басқаратын басқа да цифрлық құралдарды белсенді қолдануға тиіспіз, – деді Президент.
Қазақстан «көміртекті егіншілікке», яғни ауаға таралатын парниктік газдардың мөлшерін азайту және топырақты құнарландыру арқылы ауыл шаруашылығын жүргізу әдістерін енгізуге қай жағынан да қолайлы мемлекет. Бұған еліміздегі ауыл шаруашылығына жарамды 200 миллион гектар жер мүмкіндік береді. Президент қызығушылық танытқан тараптарды Қазақстанның осы саладағы әлеуетін зерттеуге шақырды.
– Еліміз әлемдік уран жеткізу ісінің 43 пайызын қамтамасыз етеді және көміртегі мөлшері төмен қуат көзі саналатын ядролық энергетиканы дамытуда маңызды рөл атқарады. Биыл қазан айында өткен жалпыұлттық референдумда халқымыздың басым бөлігі Қазақстанда атом электр станциясын салуды қолдады. Біз осы саладағы жетекші технологиялық алпауыттармен серіктесе отырып, аталған жобаның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге ұмтыламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев дүние жүзіндегі су ресурстарына қатысты проблемаға тоқталды.
– Климаттың өзгеруі жаһандық су цикліне әсер етіп отыр. Әлемдегі табиғат апаттарының 80 пайыздан астамы су төңірегінде орын алады. Биыл біздің еліміз бұрын-соңды болмаған алапат су тасқынымен бетпе-бет келді. Келешекте осындай төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етіп, одан кейінгі қайта қалпына келтіру жұмыстарын тез атқару үшін қауіп-қатерді басқарудың кешенді жүйесін енгіземіз. Су мәселесіне жаһан назарын аудару мақсатында биыл желтоқсан айында Франциямен бірлесіп One Water саммитін өткіземіз. Форумға қатысушылар су ресурстарын жаһандық деңгейде басқару мәселелерін талқылайды. Бүгінде Каспий теңізіне қауіп төніп тұр. Әлемдегі ең үлкен көлді құтқару – баршаға ортақ міндет әрі бұл ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастықты талап етеді. Осы орайда Президент Ильхам Әлиевтің Каспий маңы мемлекеттерінің сарапшылар тобын құру туралы ұсынысын қолдаймыз. Сонымен қатар Қазақстан Арал теңізін құтқару үшін нақты шаралар қабылдап жатыр, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Әзербайжанның СOP29-ға табысты төрағалық еткені және саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Президент Ильхам Әлиевке ризашылық білдірді. Мемлекет басшысы әділ, инклюзивті әрі ашық климаттық күн тәртібін қалыптастыруда Қазақстанның халықаралық серіктестермен ықпалдастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.
Саммитте 80-нен астам мемлекеттің басшылары, халықаралық және өңірлік ұйымдардың жетекшілері сөз сөйледі.
Сонымен қатанр Қасым-Жомарт Тоқаев СOP29 cаммитінде бірқатар елдің делегация басшыларымен әңгімелесті
COP29 Дүниежүзілік климат саммитінің аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбритания Премьер-министрі Кир Стармермен, БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид әл Нахаянмен, Молдова Президенті Майя Сандумен, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен және басқа да жоғары лауазымды тұлғалармен кездесіп, аз-кем әңгімелесті.
Кездесулер барысында әртүрлі саладағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективасы, жаһандық климаттың күн тәртібі, сондай-ақ халықаралық құрылымдар аясындағы ықпалдастық мәселелері талқыланды.
Дүниежүзілік климат саммиті аясында Мемлекет басшысының қатысуымен ҚР Үкіметі мен Ислам даму банкі арасында Қазақстандағы су ресурстарын дамыту жобасын іске асыру үшін ұзақмерзімді қаржыландыру туралы келісімге қол қойылды.
Abai.kz