Жұма, 22 Қараша 2024
Ақмылтық 1158 7 пікір 14 Қараша, 2024 сағат 17:45

«Болашақтың» болашағы қандай болмақ?

Сурет dauletten.kz сайтынан алынды.

ZTB NEWS сайты 14 қарашада «Болашақ» бағдарламасы бойынша сараптамалық мақаласын жариялады. Бұл тақырып еліміздегі шет елден білім алуға талпынған мыңдаған жастар үшін өте маңызды тақырып болғандықтан, біз оны ықшамдап аударып, қазақ тілінде жариялауды жөн көрдік. 

Болашақта Халықаралық «Болашақ» стипендиясына үміткерлерді іріктеу ережелері өзгеруі мүмкін. Қатысты қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Жаңа редакцияда жоғары білікті кадрларды дайындау үшін «мемлекеттік қызметкерлер» санаты енгізілген, бұл Қазақстанның мемлекеттік аппаратының қажеттіліктеріне сәйкес келеді.

Енді магистр дәрежесіне үміткерлер соңғы бір жылды қоса алғанда, екі жылдан кем емес еңбек өтілі бар қазіргі мемлекеттік қызметшілер болуы тиіс (саяси мемлекеттік қызметшілерден басқа). Сондай-ақ құжатқа «Болашақ» стипендиаттарының өтініштерін қарау комиссиясын анықтау қосылды, бұл шешімдердің ашықтығын арттырады және әкімшілік рәсімдерді жеңілдетеді. Жаңа бағыт – Split PhD бағдарламасы енгізілді, ол зерттеулерді Қазақстан мен шетелдегі екі университетте бір уақытта жүргізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, үміткерлер университетті таңдау мен стипендия қажеттілігін негіздейтін мотивациялық хат жазуы керек. Іріктеудің үш сатылы механизмі енгізіліп, әлсіз дайындалған үміткерлерді бастапқы кезеңдерде-ақ анықтауға мүмкіндік беретін жүйе жасалды. Енді іріктеуден өтпегендер бір жыл ішінде қайта өтініш бере алады, бұл бұрынғы тыйымды жояды. Бұл Қаулы жобасы 15 қарашаға дейін талқыланады. 

«Болашақ» бағдарламасының 31 жыл ішіндегі даулы оқиғалары.

Болашақ «Болашақ» болғалы, үнемі дауға тап болып отырады. Өйткені, мұның артында үлкен қаражат тұрады. Кезінде, айтулы қызметтегі шенділердің балалары «Болашақты» көптеп пайдаланды. Көпшілігінің ұрпақтары қазір шет елдерде қызмет етіп жатқан да болар... Бірақ, олар мемлекет бөлген қаржыны қайтара алды ма, жоқ, сыбайласқан тетіктер арқылы «жуып‑шаайып» жіберді ме? Ол жағы да әлі күнге түманды...

Бірақ, елге келген «болашақшылардың» да аттары шығып жатыр. Соның ең шулы болғаны – эксминистр «Бишімбаев ісі». «Болашақ» бағдарламасының алғашқы түлектерінің бірі – Қуандық Бишімбаев министр лауазымына дейін жетті, бірақ оның мансабы жемқорлық жанжалымен аяқталды. Қазір ол 24 жылдық жаза мерзімін өтеп жатыр.

2006 жылы «Болашақ» бағдарламасын басқарған Орталықтың жетекшісі Әлжан Бралиевке президенттік стипендияларды бөлу барысында заң бұзушылықтар жасады деген күдік келтірілді. Алайда іс құрамы болмауына байланысты жабылды. 

2017 жылы «Болашақ» орталығының бас бухгалтері Павел Корепанов жалған шоттар арқылы 472 миллион теңге жымқырғаны үшін сегіз жылға сотталды.

2022 жылы Димаш Құдайберген Нью-Йорк киноакадемиясына грант ұтып алған еді, бірақ грантты басқа қазақстандыққа беруге шешім қабылдады. Орталық бұл мүмкін емес деп, оның оқуға кеткен қаражатын қайтаруын талап етті. 

Бағдарлама бойынша 12 мыңнан астам қазақстандық шетелде оқыды, алайда олардың 268-і елге оралудан бас тартты. Олар оқуға жұмсалған қаражатты қайтаруға міндетті.

Сарапшылар бағдарламаның жаңалықтары мен артықшылықтары туралы пікірлерін білдірді:

Ирина Смирнова, Мәжіліс депутаты: «Болашақ» бағдарламасы мемлекеттік қызметкерлерді оқытуға бағытталған, бірақ оның қажеттілігіне күмәнім бар. Кім және не үшін оқытылады? Мен бұл бағдарламаға қарсы пікірдемін. Шетелде оқығысы келетіндер өз қаражаты есебінен барса, дұрыс болар еді. Қазақстандық университеттер де білікті мамандар дайындай алады».

Расул Рысмамбетов, қаржы сарапшысы: «Мен «Болашақ» бағдарламасын жалғастыру қажет деп санаймын, бірақ Қазақстанда техникалық және кәсіби білім беруді дамыту керек. Бағдарлама өзін жақсы жағынан көрсетті. Кейбір түлектер елге оралғаннан кейін қиындықтарға тап болғанымен, олар Қазақстанда маңызды салаларды дамытады».

Андрей Чеботарев, қаржы талдаушысы: «Болашақ» бағдарламасы елдің болашағына үлкен үлес қосады. Қазір бағдарлама табысты, және оны өзгерістерге бейімдеу қажет. Қазіргі жетістіктер бағдарламаның маңыздылығын төмендетпейді».

Abai kz. өз тарапынан мынадай қосалқы мәселелер шоғырын ұсынады:

«Болашақ» мемлекеттік бағдарлама ретінде, мемлекет қаржысымен мемлекеттік қызметкерлерді, ғылыми зерттеу орталықтарының ғалымдарын, салалық министрліктердің сұранысы бойынша мамандарды даярлауға жібереді. Оның шарты бойынша, оқып келген маман өз шығынын қызметі арқылы ақтауы керек, яғни, алған мамандығы бойынша қызмет етуі тиіс.

Бірақ, осыған қарамастан, еліміздің мемлекттік басқару органдарында «Болашақпен» оқып келген мамандардың білім сапасы, менеджементтік қабілеті, ең бастысы, мемлекетшілдік позициясы қазіргі заман қойы отырған талаптарға сай еместігі алаңдатады.

Ендеше, шет елдерге белгілі бір протежье арқылы аттанған жастардың біразы  оқудағы өз жауапкершілігін сезінбей, оқу процесіне жүрдім‑бардым қараумен шектеледі деген ой туындайды. Иә, ондай жастардың көбі ауқатты отбасыларынан. Еш қаржылық тапшылық жоқ. Сондықтан, ондай еркетотай балалар «өз елінде ойнап жүріп алған дипломымен» шет елде ғылым‑білімді жаңғақтай шағады деу – ақылға симайды. Себебі, маңдай терлете еңбек ету дағдысы қалыптаспаған, білімді де атүсті алған «болашақшы» ‑ шет елге бара сала түбегейлі өзгереді деу қисынға келмейді... Ақыр соңында, шамасы келген сонда қалып қояды. Ал оған шамасы келмеген елге келіп, мемлекеттік қызметте бос уақытын өткізеді...

Одан өзге, қазір көп жастар шет елдердегі беделді мамандықты өз бетімен игеруді қолға ала бастады. Ол жақтағы оқу Қазақстанға қарағанда әлдеқайда арзан. Мысалы, Қытай және бірнеше елдер осыны пайдаланып, жастарды өзіне тартуда.

Міне, біздің ойымызша, шет елдегі оқуларға осы қатардағы, яғни, өз бетімен барып оқып жатқандар арасында нағыз дарынды балалар көбірек пе деп болжар едік. Бірақ, олар болашақта елге қайта ма, қайтпай ма – оған мемлекеттік ықпал етер тетігі жоқ. Сонымен қатар, олардың мамандығы бойынша оларды «елге шақыратындай» жоғарғы жалақылы жұмыс, табыс, карьерлік өсу, әлеуметтік қамсыздандыру тетіктері жоқ. Бұл – әділетті емес.

Себебі, «Болашақпен» барып, мемлекет қаржысына оқығанға мемлекеттің өзі кепіл. Ал, өз бетімен оқып қайтқанды – мемлекет екінші қатарға сырғытады...  Ендеше, мемлекет үшін қызметке алу кезінде «өз бетімен оқығандар» мен «болашақшылар» арасындағы конкурстарда «тепе‑теңдік» жағдайды орнықтыру тиімді болады деп санаймыз...

Яғни, ол жағдайда мемлекеттік қызметке орналасудағы барлық «коррупциялық элементтер» басы бүтін жойылуы керек. «Болашақ» статусына қарамастан, әрбір маманның өзгелермен терезесі тең болуы керек. Маманның өз саласына ендірген жаңалықтары мен пайдасы оның еңбегі нәтижесінің индикаторлары арқылы өлшенуі керек. Сонда ғана шет елден білім алушы жастар елге мол пайда әкеледі...

Әбдірашит Бәкірұлы,

сарапшы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1434
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3200
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5142