Жұма, 15 Қараша 2024
Әдебиет 108 0 пікір 15 Қараша, 2024 сағат 13:09

Алматыны жазу қиын

Сурет liter.kz сайтынан алынды. Сурет авторы М.Золотухин

Эссе

Бала кезімде осынау  аңыз қалаға аңсарым ауып, үлкендерден:

– Алматы қандай қала? – деп сұрайтынмын.

Ал мен болсам, үлкендерден тек: «Алматыдай қала қайда, Сарыарқадай дала қайда!..» деген жұмбақ жауап алатынмын. Одан ары қазбалай сұрағанымда оларда дәп басып айта  алмай: «Керемет деген соң керемет қой, өте  керемет қала!», – дейтін.

Алматы маған одан арман жұмбақтанған сайын, оған деген аңсарым тіпті де ауа түседі. Шынымды айтсам, дәл осындай жұмбақтың жетелеуінде 20 жасымда  арман қала Алматыға ақыры келдім. Сол келгеннен бақандай 4 жыл тұрып қалдым.

Бәрі есімде, келе сала дегбірім таусылып досыма осынау қаланың елден ерек, бөгенайы бөлек, көшелері мен көркем көрінсітерін көрсетуге асықтырдым. Кеуде қаға сенім білдірген серігім өз көлігімен алып жүрді. Әлде бір зәулім ғимараттың алдына келгенде көлігін тоқтатып:

– Міне, мынау 20 қабаттық ғимарат, осы қаладағы ең биік әрі бетке басар сәулетті үй, – деді. Мырс етіп күлдім. Бейжіңде өскен маған мынау әрине, ешқандай таңсық емес. Менің іздегенім де бұл емес тұғын. Досыма қалай айтарымды білмедім,   сірә не іздейтінімді оған өзім де айтып бере  алмайтын едім.

Зауқым соқбаған сол сәтте, басымды көтергенім сол-ақ екен, жанарым жарқ ете түсті. Ой, тауба, алдымда Алатау тұр! – Алатау, Алатау! – деп дауысым жеткенше  айқайлап жіберіппін. Серігім селк етіп шошып қалды да, одан соң таң қала, үдірейе, үрке қарап тұр.

– Елден ерек, бөгенайы бөлек дегенім дәл осы Алатау! – дедім мен. Енді оның десі қайтты білем:

– Алатауды Алматының қай жерінен де көре бересің, тек басыңды көтере алсаң болғаны, –  деп басын шайқады.

Ол меннен мұның нендей таң қаларлығы барын сұрап  дағдартты.

– «Керемет» деген соң керемет қой, өте керемет! – деп бір талайдан соң зорға жауап қайтара алдым. Көп көрім жазушымын деп жүріп мынадай картина алдында тілім байланар деп ойлап та көрмеген едім.

Әлемдегі көз сүріндірер көркем көріністерді жан жадылар әсем теңеулермен әрлеп хикіметтендіріп аңызға айналдыруға әбден болады. Ал, өз қалпындағы өмірден туған сәтердегі сезімді тек сол өмірдің өзі ғана ұғындыра алады. Мен  үшін Алматы – анау ақ басты Алатау. Алатау –  Алматы. Бұл ұқсастық – екеуін де алғаш көргендігімнен  болған елестік ұқсастық емес. Табиғи табысқан егіз ұқсастық.  Иә, таң қалар таңсықтар  табыла берер, тасалары көп мына заманда ,кездескен кереметтер кейде елге мәлім болып кеткендіктен ескерусіз қалып жатады  емес пе.

Өзім туып өскен Бейжіңнен Алматыға келгеніме мінеки 4 жылдың жүзі болыпты. Алматыға аяқ басқаннан-ақ бекер келмегеніме имандай сенгенмін. Сөйтседе, кейде маған Алматының кереметі Алатаумен ғана шектелмесе керек деген ой келе береді.  Алматыға келгендегі ең үлкен олжам бәлкім, осы болар.

Шынымды айтсам, ханзуша жазылған Алматы жайлы әсерлер жоқ па деп ойлаймын.  Бар болса да мен көре алмадым. Қазақ достарыма Алматы жайлы қалам тербеу ойымды айтар болсам, олардың маған бұл қаланың кереметін қытайлық достарға жеткізуді табыстап тақым қысары анық. Ал, маған оңайға  түсе қояр ма екен? Өйткені, менің тәнті болғаным олар айтқан үлде мен бұлде, әлем мен жәлем дүние емес, қаздиған қарапайым тұлға, кәдімгі келбеттер ғой.

Терезе текшесінде отырып кітап оқығанды ұнатамын, көзім талғанда басымды көтерсем Алатау алдымда тұрады. Өзім жалғызбын, шаршап- шалдыққан, қайғырып-қаймыққан сәттерде  сырласым – Алатау. Биік ғимараттар көз алдымды тоспағанына құл разымын. Маған  керегі осы,  көзім қайда болса, көңілім сонда ғой, өте биік үйлердің болмағаны да жақсы.

Кітап оқып демалғым келгенде есік алдындағы өзен бойындағы ұзын орындыққа барып қиялға батып  отырамын. Қариялар жағалауға қолдарындағы дәндерін шашады, көгершіндер ұшып кеп теріп-жеп жатады. Алғаш барғанда мен «көгершін» деген құс неткен сүйкімді болады деп қайран қалсам, олар маған қайран қалысады. Маған көгершін таңсық, оларға көгершінге қайран қалған мен таңсық, ой, дүние-ай, десеңші!

Сәбилерін арбаға салып итеріп келе жатқан кариялар неміре-жиендеріне көз алдағы көркем дүниені айтып келе жатады:

– Бүгін күн қандай тамаша еді, гүлдердің ашылып кеткенін қарашы.

Балалар көздерін бадырайта, мойындарын  соза көз қыдыртады. Мынау кәдімгі дүние оларға керемет сезіледі.

Өзен бойына ең көп баратындар да, өзен бойында ұзақ болатындар да  уәделескен жастар. Бір жолы, өзен жағалап аяқ жақтағы досымды іздей бардым. Екеуіміз бірге тамақтандық, армансыз әңгіме соқтық. Қайтқан жолда мен бара жатқанда  ұзын орындықта отырған әлгі ғашықтардың сол қалпы әлі отырғанын көріп қайран қалдым. Әңгіменің қызығына батып кеткен, жігіттің қасы-көзі ойнақап, жымың-жымың қағады. Қыз сықылықтап наздана күледі, кейде ұяла тартынған болады. Олардың не айтысатынын білгім келіп, бір жолы байқатпай аялдап бір талай тыңдап та көрдім. Қос ғашық керемет ештеңе емес, жай әңгіме соғып отыр екен. Алайда, сол жай әңгіме жан толқыта ойға салды-ау мені. Иә, айтып-айтпай не, көз тартар көркемдікті ғана сұлулық деу жалаңдық етеді. Алтынның алтын екені рас болса, күндердің күнінде жарқырап шыға келетіні шындық. Ал, алтыннан ардақты  болса да ескерусіз қалып елеусіз өтіп жатқан нәрселер де аз емес. Өйткені, олар нұр шашып жарқырап тұрмайды да.

Осынау күндері арман қалаға әбден қанық болып үлгірдім. Дегенмен алғаш келгендегі әсерім бөлек. Мұндағы адамдардың аман-сәлемі сол бөлек әсерлердің бірі дегім келеді. Мен туған елде жол жөнекеи кездесіп қалған таныстар қолдарын көтеріп таныстық білдіреді де, кідірместен жай-жайларына жөнеле береді. Ал, мұндағылар  арнайы тоқтап, қол беріп амандасады. Тіпті,  өзара танымайтындар да алдыңа келіп амандасып жатады.  Ата-анаңның кім екендігін, әуелі, ата-әжеңнің кім екендігіне дейін жәмпілдеп сұрап жатады. Мұндайда мен кейде амандасып тұрған адамның бұрынғы таныс немесе бейтаныс екендігіне жіп таға алмай дал боламын.

Біздің байқауымызша мұндағылар жалқаулау көрінеді, қазақ-рахатқұмар халық. Мұндағылардан «қолымнан келмейді, шамам келмеиді» дегенді ести алмайсың. Кей достарың кеуде қағып сонша көпіртіп  өзін көкке көтере мақтанғанымен, шындығында жағдайы шамалы ғана болып шығады.

Есімнен кетпестей бір тамаша музыка сауық кеште болғаным бар. Сондай  керемет сәулетті музыка залда  тек балалар ғана концерт орындады. Мұнда мынадай бір дағды бар: балалар кішкентай  болғанына қарамастан үлкендер секілді бой түзеп кастюм-шалбар киеді. Мінеки, саханада бір бала иіліп іззет білдіріп тұр, көзі оттай жайнап, асқақ жігер байқатып жалын шаша қарайды. Баланың концерті ересен тартымды болатын шығар деп ойлаппын. Ал, ол тек қана ауыз гармонмен «Қуаныш уалисін» өте қарапайым орындады. Өзімнің де дәл осындай бала кезімде қол гармон емтиханына қатнасқаным есіме орала кетті. Мен сол кезде «Көкек уалис күйі» секілді күрделі күйлерді орындай алатынмын. Музыка дәрежелік емтиханға өнер көрсеткенде екі пернені қата басқандығым үшін бағалаушы мені тоқтатып тастады. Бағалаушыға тағы да бірер минут уақыт беруін жалына өтінсем де «басқалардың уақытын алма» деген жауаппен тойтарылдым.

Мұнда қандай ғажайыпты көріп тұрғанымды айтайын ба? Қазақстандық кішкентай дос көп санды Қытай оқушыларының өзі музыка сабағында орындай алатын жай тапсырманы жай ғана орындады. Бүкіл залдағылар оған тегіс қошамет көрсетті. Көрермендер баланың болмашы нәтижесіне қабағат қуаныш білдіріп, ду қолшапалақ соғуда. Қара тер басқан кішкентай бала да көрермендерге иіліп іззет көрсетіп жатыр. Осы сәтте балақай өзін ұлы музыкандтардай сезініп, орындаған концертінен сенім алып тұр. Музыка оны сарқылмас ләззат-шаттыққа бөлегендей еді.

Бұдан бұрын мен қазақ өздерін келсе-келмес керемет көрсетуінен не табар деп ойлайтынмын. Осы көргенімді досыма айтқанымда ол:

– Бәлкім, Қытайдағыдай үйренген балалардан ұлы музыкандтар шығатын шығар, – деді.

Ләм-мем демей ойланып қалдым. Бұл кесімнің дұрыс-қателігі жайында емес, бізге ондай керемет музикандтің сірә қандай қажеті барлығының байыбына бара алмай ойландым.

Ал, мынау қала өмірдің арпалыс майданынан басқашалығын ұқтырып тұрғандай. Өмірде жеңгендердің барлығы жеңіс шаттығына бөлене бермейді, шертіп шығып шемпион болу,  ең бірінші болу ғана ғанибет болса, онда жаратушы миллиондап тіршілік иелелерін жаратып не қылады? Жалғыз өзі жаппар ие болып жүре берсе болмас па еді.

Жібек жолы көшесінде келемін. Көше бойы жамыраған жаймалар емес, қайта оның есесіне әйгілі суретшілер мен олардың туындылары көзге ұрылады. Суретшілер өздерінің бірегей туындыларын осы көшеге алып келеді, әрине, олардың бәрі мінсіз туындылар да емес-ті. Кейбіреулерінің сызған суреті неше он мың юаньға сатылатынын, ең арзан дегенінің өзі 200 юаньға сатылғанын көзіммен көрдім. Әлде бір суретші маған:

– Мен әсемөнер факультетінің студенті ғанамын, суретім жақсы емес, осыншалық ақшаға ғана жарайды, кейін жақсартатын болармын, – дегені бар.

Көкбазардан өткендер өз қалауына, шамасына қарай сурет сатып алады. Бәрінен керегі суреттің өзі емес, бәлкім, мінсіз деп санаған сурет туынды шыға алуында болса керек. Нағыз қылқалам шеберлері одан ондай-мұндай мін де табар, мейлі тапса таба берсін. Мейлі егей суретші болсын, әлде әдеттегі әуесқой суретші болсын, әйтеу бәрінің сурттерін көтеріп көшеде кезіп жүргені маған ұнайды.

Мұндағыларда міне осындай мінез, бейне қазақ сахарасындай кең дарқан, бұрма-бүкпесі жоқ дарқан мінез бар. Бұл мінез маған айна қатесі жоқ ауыл иісін аңқытып, далалықтардың дарқандығын аңғартады.

Осындай ұсақ-түйек істерді айтсам, өзін көрсеткендік саналама деп досыма айтудан жасқанғаным бар. Кейін, зер сала ойлап көрсем құштарлық та не кінә бар? Алматы тек осыларымен ғана бөгенайы бөлек керемет болып тұрған жоқ, қайта өз қалпы осылай да осылай.

Алматының әрбір көшесінің аты өнерпаздар мен ұлы адамдардың атымен қойылған. Жол бойындағы гүл бақшалардың ортасында сол алыптардың ескерткіштері еңсе көтеріп тұрады. Қалайша екен, әйтеу оларды көрген сайын жаным жай тауып сергіп қаламын. Қуанып не мұңайып жүрген сәттерімде  солардың қасынан өтсем, олар да мәз бола қуанып, жездей жасып қайғырған болар-ау деген ой түседі.

Абай көшесінде Мұхтар Әуезовтің мүсіні бар. Қазақтың осы ұлы жазушысының «Абай жолы» романы қазақтың ең ұлы шығармалары саналуда. Мен қар жауған күндері осы ұлы адамның ескеркішіне баруды ұнатамын. Оның ойға батқан нар тұлғасының тең жарымы қарға көміліп тұрады, маған сонда да айбатты да мейірбан тұлға әлде нені күтіп тұрғандай сезіледі.

Қазақ халқы ақын-жазушыны басына хан көтере ардақтайтын халық. Телевизорда қоғамдық мәселелерді соғып жататындар  қайдағы бір қоғам қайраткерлер емес, қайта ақ басты, ақ шашты ақын-жазушылар болып келеді. Олар сізге  мәселенің туылу себептерін бармақпен санап көрсетіп бермесе де, орамды сөздерімен, отты ойларымен жастарды баурай алады, әрі өзі теріс деп санаған іске ғазабы қайнап кегін бүркеді.

Мұнда ең қысқасы тахси жүргізушісі де бірталай қазақ ақындардың өлеңдерін жатқа айтып бере алады. Жол бойы сенімен өлең жолдарының керемет қисынын шалқи сөйлеп шабыттана саралайды. Алматы – әдебиет бақшасы секілденеді.

Кішкентай балалардың көшеде домбыра көтеріп кетіп бара жатқаны үнемі көзге шалдығады. Алматыда ақысыз домбыра ұйрететін ұстаздар көптеп кездеседі. Адамдар өздерінің осынау төл тума мәдениетін өнер аталауының бәрінен артық әспеттеп ардақтайды. Таяуда қала орталығындағы алаңда «Домбыра айтысы» дейтін өнер түрі жарыққа шықты: жастар домбыра аспаптарын көтеріп алаңға жиналып домбыра шертіп, күй тартып, өнер жарыстырады. Мұны «Күй айтыс», «Домбыра айтыс» деп атайды. Арлы-берлі өтіп бара жатқандар  немесе  домбыра дауысын естігендер тоқтай қалып, топтасып, олардың өнерлерін көріп бәрекелді айтысады.

Домбырада тек екі ішек қана болады. Онда басқа музыка аспаптарындай көп ішек болмағанымен, әр қандай күрделі музыкаларды орындауға әбден болады. Мен домбыраны ұнатамын, құлақтан кіріп бойға тараған домбыра дауысына балқып отырып, өзімді бейне арғымаққа мініп байтақ далада самғап бара жатқандай сезінемін.

Қазақта «қазақ – қазақ емес, домбыра – қазақ» деген  тәмсіл бар, бұл тәмсіл қазақты қазақ еткен домбыра деген мағананы білдіреді. Ханзу достарым мұның байыбына бара алмайды, меннен қарапайым ағаштан жасалған бұл музыка аспабы қалайша ет пен сұйектен жаралған адамзат пендесі болған қазақтардан да  нақ қазақы қазақ делінетіндігін, мынау Алматы қаласының, қазақтың домбыраға  мұншама құштарлығының қайдан, қалай басталғандығын сұрайды.

Қазақ сайын сахарада жасайды. Алайда, мұндай өмір сабылған саяхатшылар көргендей  күні-бойы  жасыл жайлауда тұлпар мініп құйғытып қана жүретіндей романтик хияли өмірден өзгеше өз мәнерінде болады.  Таудағы өмірің ызыңсыз тыныш өмір, тыныш болғанда кейде тіпті табиғатпен табысып, сіңіп кеткендей болады. Жалғыздыққа жанашыр, сырыңды сыбырласар пенде қайда? Киіз үй аспандағы жұлдыздар секілді жайлаудың бұрыш-бұрышында айдалада андыздап көрінеді. Қазақтың сырласу деген сөзі міне, осындай оңашалықтан ораза ашып іштегі әңгімелерді ақтарысу тілегін меңзейді.

Бұлағы сыңғырлап, терегі сыбдырлаған қала тұрмысындағы біздерде қаншалық сырластар бар? Қызметтен бас алмаймыз, махаббат мұңына бататын күндеріміз болады. Елден ерек болғымыз келеді, белгілі мәннен айтқанда, тірліктің құлымыз. Ал, сырласқан сырластарымыз айналып келгенде осындай тірлікке бірге жегілгендер болып табыламыз. Ендеше, ың-дыңсыз тау қойнауында шы? Онда тірлік қалай, бейнеленіп, қалай білінер? Тек, музыка,  қос ішектен бебеулей сарнаған домбыра дауысы ғана жым-жырт сайын сахарадағы  тірлік үнін, тірі пенделер мұңын көрсетіп, білдіріп тұрады.

Қазақ үшін, музыка – көңыл көтеру, сауық үшін ғана емес, жалаң өнер де емес, дәл сондай тірлік үні іспетті. Айталық, бұл дүниеде қазақ деген халық жасаған ба делік, әрине, жасаған. Белгі бар ма? Әрине, бар, ол – музыка, ол – домбыра.

Алуан қаланың алуан әрі бар, нәрі бар. Үлкен қалада өскен балалар есепшіл, ертеңін есептеп, келешегін кестелегіш келеді. Кейде осындай есептен есеңгіреп, дағдарып тығырыққа тірелетін кездері болады. Мен кейде мұндағы достарыма мұң шағынғанымда олар:

– Ойбой, тұнжырап түңілетін несі бар, – дейді көбінесе.

– Мына мәселеден қалай құтыламын? – деймін мен тызалақтап.

– Көңілің жайсыз болса, жүр, биге барайық, – дейді олар.

– Немене, билесек болғаны, әуреден арылып, мұңымыз шешіліп кете ме? –деймін мен қызарақтап.

Достарым бір-бірлеріне бағжия қарасып алады да, онан соң маған:

– Әрине, солай, – деп жауап береді ақылдасып алғандай.

Алматы  дала емес, қала болғанымен, онда көк кілем, көк жасаң жайлау болмағанымен, оның сыры мен қыры туралы әңгіме арқауы мынау қаздиған ғимараттаран, осынау биналардың бірінші кірпішінен басталмау тиіс. Алматының ариясы жасыл жайлау, сайын сахарадан, сол сахарада  сарғайып күй тартқан абыз атадан басталу тиіс.

Кішкентай қалада өскендігімнен болар, сондықтан, дала дастүріне, сахара мәдениетінің мәйегіне құштар болыппын.

Алматы десе, бөгде ұлттардың есіне алдымен қазақ  орала кетеді. Оларға қазақ десе, үнемі сахаралықтар, күн бойы аттың үстінен түспейтін түлкі тымақты қазақтар ғана елестеуі, қазақ атқа мінсе  ғана қазақ  болып сезілуі мүмкін. Ал, Алматыға аяқ басқанда ғана әр алуан әйгілі маркалы автомобілдердің мұнда сәнге табылатынын, әрбір үйде кемінде бірден артық автокөлік болатынын өз көздерімен көреді. Мұндағы құрылыстар көбінесе ХХ ғасырдың 60-70-жылдарындағы бұрынғы Кеңес одағы кезінде салынған үйлер болып келеді. Тұрғын ұйлердің ең биігі төрт қабаттан аспайды, іп-ретті, қаз-қатар тізіліп, айналасы жасыл жамылғы бүркеніп көз тартып тұрады. Бейжіңде мұндай байырғы биналар көп табыла бермейтін болғалы қашан? Маған сол биналардағы қабыршақтанған тамдар мен ондағы жылдар айғыздаған айғақтар сыр шертіп, баурап тұрғандай сезіледі. Ал, менің достарым бұлай емес, оларға мына тамдар тілсім емес, қайта мен тілсім сезінетін секілдімін.

Алматыда бас қосулардан тамақтанғанда елдің бәрі базза (писса) делінетін батысша тамақ жейді, шанышқы істетеді. Алматылықтар да қытайлықтарға ұқсас Еуропаның әйгілі маркалы киімдеріне қызығады.

Алматыға алғаш келгенде сәл жабырқап жүрдім, қаланың  аты қала ғой, қалалар әлемиленудің арқасында біртіндеп ұқсастанып келеді. Кейде маған бұл қала да бөлек бөгенайынан біртіндеп айрылып қалар ма деген үрей келеді.

Достарыма тауға шығуды үнемі өтінемін. Олар кыдырып қалады да:

– Ойбой, тау қашып кетпейді ғой, бүгін кеште не биге барайық, не кино көрмейміз бе, – дейді үнемі. Кешкі сауықханаларға әдетте көп зауқым жоқ, оған баспаймын, көңілім көншімесе де кейде олармен бірге киноға  барамын.

Өзіме тау ең ұнайды, кейде қазаққа қара көрсетіп тұрған анау Алатау  күндердің күнінде ғайып болып кетер ме деп қорқамын. Бәлкім, мұным артық алаңдау шығар. Зер салып көрсем, мұндағыларға табылмас асылдардың бәрі әдеттегі ғана сезіледі, мүмкін мұндай асылдар бұларда көп болғандықтан осылай сезілетін де шығар.

Алматыда оңаты келіп бір тойға қатнасып қалғаным бар.

Жұбайлар кадилак маркалы көлікпен келді, ат шаптырымдай сәулетті залда тегіс батыс ұлгісінде той киім киген тойшылар. Егер мынау тойшылардың бет әлпеттерін есепке алмағанда, мына тойды басқа әр қандай ұлттың тойы деуге болатындай, сонда да  той барысында естен кетпес ерекше сәттерге куә болдым.

Тойда беташар болды, келіннің беттін домбырамен ашты. Бет ашушы домбыра тартып, әндетіп, келінге ұзатылған жерге барғанда үлкендерді құрметтеп, жастарды аялайтын жақсы болуды өсиеттеп айтып болған соң, домбыраның шанағымен орамалды көтеріп, келіннің бетін ашты.

Көңілді музыка басталды, шаштары ағарайын деп қалған  әлде бір ақсақал масаңдау көрінеді білем. Майданда музыка әуеннен дөйдала  болса да өте көңілді, мәз болып,  былғалақтап билеген болып жүр. Елдің бәрі мәз майрам, тойда  өзара танысып, білісіп жатыр. Әлгі ақсақал билегісі келмегендерді биге зорлап жүр, «бүгінгі мынадай қуанышта билемесек болмайды» деп қояды оларға.

Төрт-бес жастардағы кішкентай балалар да көптің арасында секектеп жүгіріп жүр. Олар тойдың не екенін нақтап біле бермесе де, тек әйтеуір қуанышты сәт екенін сезеді де. Балаларына алаңдаған ата-ана жоқ мұнда, анеки, жеті-сегіз жастардағы қыз балалар өздерінің кішкентай інілері мен сіңлілеріне қарайласуда. Талайлаған қазақтың бұдан кейінгі өміріндегі  достықтары осындай тойлардағы ортақ думандатқан балалардан басталып жатады. Аталар достығы баладан басталған деген осы екен.

Қазақ той томалаққа ерекше мән береді ғой, мінеки, мынау тойда қызыңқырап қалған кейбір ағалар маған ақылдарын айтып жатыр. Шынын айтқанда олардың ақылдарының астары да көрініп тұр, тоқ етері осынау тойлардың мән-мағанасы жайында өрістеп жатыр. Мінеки, манағы бұлғалақтап билеп жүрген ақсақал қасыма келіп отырып құлағыма құйып жатыр:

– Мына той той болыппа, – дейді ол-біздің қазақ бұрын отыз ойын, қырық тойын өткізетін...

Мен одан той жасаған адамдармен қандай жақындығы барлығын сұрғанымда, ол өзінің тойы болған қыздың әкесінің сыныптас екендігін, кезінде Батыс Қазақстанда оқығанда онымен сыныптас болғандығын, 20 неше жылдан кейін енді кезігіп отырғандығын айтты. Айтып болғасын орнынан тұрып миығынан мырс етіп бір күлүп алды да, иығымнан қаға:

– Жігітім жарайды екенсің, айтар жоқ, жарайсың, – деді.

Сәлден соң бұл ақсақал дуылдаған музыкаға құлақ сала отырып, отырған орындығында қалғып кетті. Сүт пісірім болмай жатып қайта оянып алды, сосын тағы да билегендердің арасына кіріп кетті. Қәзіргі заман үлгісінде  жаңаша өтсе де мына тойдан маған қазақ иісі аңқып тұрғандай сезілді. Шетел бұйымдарының үстіне ұлттық өрнек түсіріп алып, ұлттық мәдениетіміз деуден марқадам түспейтіні маған мәлім. Өйткені, «қазақы» деген сөздің өзі  адам шоғырының атауы ғана емес, қайта ол біртүрлі құн көзқарас, біртүрлі мүмкіндік есептеледі. Қазақ менің білуімде бір-біріне ешқандай бүкпесіз, қалтқысыз  адал халық, кең дала секілді кең пейіл, жер бетіндегі арамдықтардан аулақ, таза аспан әлемінде емін-еркін самғап жүрген бүркіт секілді қыран тірлік кешіріп жатқан халық. Мінеки мына тойдың өзінде мінез- құлқы, білім-мәдениеті бір-біріне ұқсамайтын алуан адамдар әр жайдан  Алматыға келіп бас қосып, шүйіркелесіп-шүңкілдесіп, үйірлесіп жан тартып, бауыр басып жатпайма.

Бала күнімнен Бейжіңде туып өскендіктен қазақшам  тым мәз емес-ті. Алайда, мыналармен ұқсап кететін бір ортақтығымызды етқұмар халық екендігімді өзгертпеппін. «Ет дегенде бет барма» дейді  бұл қазақ. Алдыға ет келгенде алматылық болайық, әлде басқа жерлік, басқа елдік болайық, әйтеу қанымыз қазақ екені рас болса болғаны, жауша жапырып саламыз. Біздің қазақ өздерін ет хоректілердің ішінде екінші орында тұрамыз дейді. Біріншісіне әрине, қасқырды қойып отыр ғой. Мына тойда да  ет желініп болғаннан кейін енді біреулер мінеки шарапқа бас қойып, бірдемде қызара бөртіп, шалқып шыға келді...

Иә, Алматы тек қала сипатындағы  Алматы ғана емес, дала сипатындағы қазақтың Алматысы.  Адамы құжынап тұрмағандығынан Бейжің секілді ірі қалаларша қазандай қайнап тұрмаса да, ондағы әрбір картиналар  өмір логикасымен өбісіп жатады. Алматы арман қала делінетіні әрине, содан. Солай болуға да әбден қақылы. Алматы асқақ арман, мұқалмас мұрат бесігі. Бесікте тербететіндер де, тербелетіндер де сол қазақтар. Алматы әсемпаз қазақтардың   әлем дидарына  әр болып қосылған  әсем кестесі.

Алматыда ағайындарым баршылық. Жер асты өткегінде ән айтып ақша табатын әлде біреру сол достарымның ішінде қартамыс болса да, көнекөз досым болып кеткен еді. Мен университетке баратын жолда  жер асты өткегінен ары-бері төрт рет өтемін, ол досым да төрт жыл ән салып  ақша  табумен болды. Ол домбыра тартып жан жүйкені босата ән салғанда мен: қай жырғағаннан осылай істеп түр ғой дейсің, баяғы қол қысқалықтан мынау қара көлеңке, суық жер асты өткекте сайрап тұр ғой байқұс деп ойға кетемін. Алайда, қол қысқалықтан дейін десең, оған да иланбастай, ғажабы – оның арлы-берлі өткендердің ақша берген бермегенімен мүлде қақысы жоқ, тек өзімен өзі болып ән сала береді, ән сала береді... Оның мынау тірлігі де Алматы ариясының бір эпизоты тәрізденеді.

Алматы да не істейтіндігіңнің қанша жасқа келгеніңмен еш қатысы болмайды. Ақсақал тоқтай қалған әредікте мен оған майда ақша бердім, әуелі оған іззетпен сәлем беріп амандастым. Онан соң ақшаны алдына жайып қойған дорбаға  тастадым. Ол ештеңе айтпады, сірә, сөзге сараң болса керек. Әйтеуір бірнеше күйді қайта-қайта қайталап тарта береді, тарта береді. Төрт  жыл тартты, төрт жыл тыңдадым. Төрт жылда өзі де дардай қартайып қалған іспеттенеді. Бәлкім, бұл қартың да кезінде  қонышынан басып дәурендеген де болар, дегенмен  адам тағдыры да аққан өзен секілді, тасып-толқып барып ақыры арнасына түсетіні болады ғой. Әр  рет кездесіп қасынан өткенде бас изесіп қаламыз. Бұл біздің дағдымызға айналып қалды. Мен бұл арада тек бас изеуды ғана  ауызға ала аламын, төрт жылдан бергі таныстығымыз бар болғаны осы. Мұнда ешқандай үндестік те, тілдестік те жоқ, тек осы жері өкінтеді мені.

Жан достарыңмен бірге туылған күн өткізудің өзі естен кетпес ғанибет екен. Мұндағы қыздар туылған күнді өткізуді ерекше әтуерлейді, басқаларды таңқалдыруға бастарын қатырып әбігерлікке түседі. Кейде маған мұндай туылған күн өткізу әуре сияқты сезіледі. Жатақтасым туылған күн өткізерде сондай болды. Қыздар оны амалдап алдап сыртқа шығарып жіберді де, одан соң өздері әбігерлікке түсіп  дайындыққа кірісті. Олардың мұнысына  күлгім келіп мен қайранмын. Былай істеудің нендей мән-мағанасы барлығы маған мәлімсіз, бұл жөнінде қыздардан сұрап та көрдім, олар: – Анау келейін деп қалды, сен неғып әлі мандырап тұрсың, – деп өзіме жекіді.

Маған мына қыздардың бәрі ақмақ секілденіп көрініп кетті, ал, олар абың -күбің, абыр-сабыр, дайындалып жатыр.

– Ойбай, келіп қалды, баспалдаққа шығып келеді, балауыз шамды жағыңдар, тез болыңдар, – деп айқай салды біреуі. Қыздар бір топ торғайдың балапанындай шыр-пырға түсті. Мен  асығып-абдырап жүріп ең соңғы балауыз шамды тамызып болдым. Бәріміз өте ыждағатты бейнеде балкүлшені есікке таман апардық, жатақтасым есікті ашып кіріп келді де, мына орналастыруларды көрып аңырып, бірталайға дейін не болып жатқанын біле алмай тұрып қалды. Бұған қыздар дардай ренжіп қалды білем:

– Осыншама әуреленіп дайындасақ та, тіпті бір ауыз жылы сөзің жоқ па өзіңнің? – деп жабыса кетті.

– Иә, иә, өте тамаша екен, өте тамаша екен! – деп міңгірледі жігітім.

Осыдан соң, бәріміз балкүлшеге бас қойдық. Туылған күн өткізіп құдайдан ғұмыр тілеген жатақтасым:

– Туылған күн дейтін не тұр, осыншама әуре болғандарың не? –деді. Оның ауызда былай дегенімен көкейінде қуанып тұрғанын маған мәлім. Шынымды айтсам, бағана балкүлшені есікке жақындатып оның келуін күткен сол сәтте ғана  маған мұның бөлек мәні бардай сезілді: қыздардың сондай сабырлы да ыждағатты жүздерінен біздің күтіп тұрғанымыз – тек сол бір адам ғана емес, қайта, таяп келе жатқан сондай бір сүйкімді сәттің өзі ғана еді.

Бейжіңде біздердей қыз-жігіттердің барлығы ертеңін ойлап елең-алаңнан жан таласқа түседі. Ал, мына қыздар дөйдала біреудің туылған күнін өткізіп беру үшін ән-би дайындап әбігер.

Мінеки, туылған күн отырысы басталып та кетті. Достарыммен бірге халық әндерін кезек-кезек шырқап, таң атқанға дейін сайран салдық. Отырыс тарап қыздарды шығарып та салдық. Енді мінеки, қалай болса солай шашылып жатқан үй ішін жинастыру керек болып тұрғаны. Туылған күн өткізген досым екеуіміз бірімізге-біріміз қарап еріксіз мысқылдай күліп алыстық.

– Өте тамаша болды, ә! – деді ол.

– Расында солай, – дедім мен.

Сонымен екеуіміз ас үйді жинастыруға кірістік, жинап та болдық. Таң да атып үлгірді. Әбден болдырған екенмін. Дегенмен, сол сәтте маған: адам кейде осындай пәлендей қажетсіз істерді істеп тұрғанда ғана өзінің өзгелерге, өзгелердің өзіне керек екендігін байқайды екен-ау, деген ой келді. Менің Алматыдағы достарыммен өткен ең тамаша сәттерім де осы болып қалды.

Алматылық жастар достарымен кездесетін күні басқалай жұмыстарға мойын бұрмайды. Әлі есімде, алғаш келгенде жоспар дегенді бірінің артынан бірін бытырлата орналастыратынмын. Үнемі мына сағатта мына істі, ана сағатта ана істі істесем деп  арасынан қыл өтпестей  қысып отырып тізіп тастаймын. Бір жолы шақырған досымның кешігіп келгендігіне қатты ренжідім, ал досым болса:

– Досыңды шақырған күні басқа жұмсытарды да орналастырғаның не қылғаның? – деп меннен бетер ренжімесі барма. Ренжуін ренжіп болған соң досым иығымнан қағып тұрып:

– Жақын досың іздеп келгенде одан маңызды қандай жұмыс болсын?  Өзің айтшы, 365 күннің  бір күнін досыңа қимайсың ба? – деді. Досымның сөзі әбден орынды еді, тек мен ежелден бұлай  ойлап көрмегенмін.

Қала сәніне қадала қарайтындар  қашанда тек асығыс жолаушылар ғана болса керек. Ұзақ тұрып қалған  мен үшін, мынау қаланың маған бағыштаған байлығы халқымен қабыстырғандығы, салтымен табыстырғандығы болса керек. Өзгеше өркениет иелерімен араласу барысында мүлде басқаша логикадағы ой қабылдадым. Өзім де,  осынау ойларымда пыса түскендей. Иә Алматы айта қалсын тамаша логика ғой.

Қазақтың мінез сипаты мен өркениет өрісінде романтикалық түс өте қою болады. Осы романтикалардың барлығы ойдан ойып құрастырған қуаныш қиықтары емес, оның өз нәрі, өз топырағы бар. «Ли Бай ақын батыс өңірде туып өскен» деген аңыз бәрімізге мәлім ғой, бұл аңыз мейлі дұрыс болсын, әлде бұрыс болсын, ақын осынау топырақтан нәр алған деген сөздің меніңше қалайда жаны бар секілді. Ли Байдың «Барында батып іш» деген ойы осы қазақтардан аумайды.

Расында, біздің қазақ тапқан таянғанының денін бір тойға шаша салады. Олар «қайта оралмас қымбатты шақтарға шашылған дүниеде обал жоқ, қымбат күндер қайта оралмайды, ал,  дүние табылады» дейді. Олар үшін, бүгін ұстаған бір теңге мен ертең тапқан бір теңгенің не парқы бар? Бүгінгі қуаныш ертең қайта оралмайды, әуелі, ұқсас адамдармен ұқсас орында кездессе де, орын ұқсағанмен уақыт ұқсамайды, сәні ұқсағанымен, мәні ұқсамайды.

«Өмір өзен» деген осы, бұл өзенді ешкім де екі рет кешіп өте алмайды.

Алматың міне осы.

Қалам тоқтатарда әуел бастағы айтылған сол тауға қайта оралайық. Ақыры бұл тауға шықтым, әрине, қарлы таудың ең биігіне бара алмасам да, осынау  ұлы тауға бір шығу арманыма жеттім. Тау төбесыне шығудың да қажеті шамалы. Бір биігіне шығып қарасаң да қала аяғымыздың астында көрініп тұрады. Тауға шыққаннан кейін ғана әңгімемізге тұздық болған арман қаланың мынадай кішкентай боларына қайран қалып тұрмын.  Мейлі, қандай үлкен-кіші  қала болса да жер шары жөнінен тарының дәніне де жетпеитін шығар. Қайрыла қарасаң өліп-өшіп қолға түсіргеніңнің бәрі түкке тұрғысыз болып қала береді. Осындай ойлармен жаным тыныштық тапқан бір сәтте  таудағы жасыл қарағайларға, одан ары етек жақта жайқалған гүлдерге көзім түсті. Ал, көңілімде мынадай тамаша картиналарды жаппар ие жаратушының тауға ғана топ толығымен бағыштауында қандай терең мән бар екен деген ой тұрды.

Бәлкім бізге дүниенің алғашқы жаралмысы осындайлығын көрсету үшін осылай орналастырылған да болар-ау. Жаратушы дүниенің мөлдір бұлағымен, зәулім терек, көк шалғынымен қоса, алабында әдемі гүлдер ашылған әсем даласымен қоса мүкамал мінсіз жаратқан екен ғой.

Ал, қалаға келсек, қағида тәртіптері мен кесім-шешімдерінің бәрін адам жаратқан. Тірлік қажеті үшін әрине, материя керек, үздіксіз керек. Тауда тұрып осынау қалаға көз салып тұрған сол сәтте басыма мынадай бір ой  орала кетті: осындай болмашы  саяда хан болып қарық болғаннан  не түсер еді? Одан да мына тауға шығып бар дауысты қоя бере бір ән салған артық емес пе? Ондайда өзіңді  бүкіл дүниеге хан болғандай сезер едің. Мейлі  бай бол, әлде кедей бол, мұндай сезім тек таудан ғана табылар еді.

Мінеки, таудан түсіп, Алматы көшесінде жүріп келемін. Тағы сол сезім: Алматы бейне Алатау секілді, ол маған алыптығынан ғана емес, ата пеиіл, ана мейір секілді ыстықтығы үшін солай сезілді.

Эпилог орнында әлде бір ақсақалдың өзіме айтқан сөзін баяндап берейін.  Ақ сақалдың айтқаны мынау:

– Саған айтсам сенерсіңбе? Алатауға қарамасам көзім ашиды, дүниенің шетін көрмесем жаным ашиды. Алатау – жанарымның тұрағы іспетенеді, бейне Тәңірім маған: дүниені осы араға дейін көрсең болғаны, одан ары көзіңді салма, дегендей болады. Барлық тамаша табысулар мен тәтті көңіл тек осы сайдан, осы дүнйеден ғана табылады.

Тәңір меңзеген сол сайдың аты – Алматы, Алатау етегіндегі Алматы.

Айдос Амантайұлы

Қытайдың «Батыс бөлек» (№ 1, 2014 жыл) жұрналынан тәржімалаған Қанатбек Жұмабайұлы. 

Дайындаған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1277
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3014
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3776