АҚШ және ATACMS: Ким мен Путинге соңғы ескерту...
Өзінің президенттік мерзімі аяқталуға аз қалғанда АҚШ президенті Жо Байден Украина үшін аса маңызды шешімдердің бірін қабылдады. Ақ Үй өзі берген қарумен Украинаға Ресейдің ішкі аумақтарындағы әскери нысандарға соққы жасауға рұқсат берді. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды.
Байден әкімшілігінің бұл шешімін жаһан ақпараты жарыса жазып жатыр. Украинаның әскери һәм саяси басшылығы АҚШ билігіне бірнеше жолы қайрылу жасап, Ресейдің ішкі аумақтарына соққы жасау үшін жақтастар берген қаруды қолдануға рұқсат сұрап жүргелі талай уақыт өтті.
«New York Time» пен «Washington Post» қатар таратқан ақпаратта: «АҚШ президенті Жо Байден мен оның әкімшілігі ATACMS тактикалық-балистикалық зымырандарын пайдаланып, Ресей аумағына соққы жасауға рұқсат бергені» жазылған. Бұл ақпаратты «ВВС» мен «CNN» де растады.
АҚШ-тың бұлай шешім қабылдауына себеп – Ресейге көмекке Солтүстік Корей әскерінің жіберілуі болған. Анығы: Ресейге көмекке барған Ким әскерінің (КХДР әскері) Курскі майданына жіберілуіне АҚШ осылай жауап берген.
«Washington Post»: «АҚШ-тың Ресей аумағын соққылау үшін АҚШ қаруын қолдануға рұқсат беруі – Солтүстік Корей әскерінің Курскігі жіберілуіне жауап. Бұл қадам Пхенянды Ресейге тағы да әскер жіберуден тежеу үшін жасалды. Солтүстік Корей лидері Ким Чен Ын Ресейге әскер жіберу қате шешім екенін, оның құны қымбатқа түсетінін түсінуі керек», - деп жазды.
АҚШ тарапынан көп күттірген рұқсат ресми жарияланған соң, іле-шала Ұлыбритания мен Франция да өздері берген һәм беретін алыс қашықтыққа соққы жасауға арналған қарулармен Ресей аумағын атқылауға рұқсат берді деген ақпарат тарады. Бұл ақпаратты Францияның «Le Figaro» басылымы жазды.
Бұл үшін Франция мен Ұлыбритания Украинаға «Storm Shadow/SCALP-EG» балистикалық зымырандарын беруді жоспарлаған.
ПРЕЗИДЕНТ ЗЕЛЕНСКИЙ НЕ ДЕЙДІ?
Украина президенті Зеленский кеше кешкісін аталған жаңалыққа қатысты былай деп пікір білдірді: «Бүгін әлемнің бірсыпыра ақпараты Украинаға Ресей аумағын соққылауға рұқсат берілгенін жазып жатыр. Бірақ, соққы сөзбен жасалмайды! Соққы жария жасалмайды! Зымырандар өз қуатын істе көрсетеді! Міндетті түрде!», - деп қысқа қайырды.
ПРЕЗИДЕНТ ПУТИН НЕ ДЕЙДІ?
Мәскеудің ресми тұлғалары әзірге аталған шешімге қатысты жарытып пікір білдірмесе де, Ресей президенті Путин осыған дейін: «Ресейдің ішкі аумақтарына соққы жасауға рұқсат беру – НАТО-ның соғысқа тікелей араласуын білдіреді. Мұндай зымырандар спутникпен басқарылады. Ал Украинаның өзінің спутниктері жоқ. Демек, НАТО спутниктері қолданылады», - деп сөйлеген.
Түйін: Байден әкімшілігінің бұл шешімі қазір жаһандық ақпараттың қызу талқысында. Десе де, сарапшылар Ресей мен Укарина арасындағы потенциалды келіссөздерге дейін Украина Ресей аумағына бірсыпыра соққы жасап, өз позициясын нығайтуға тырысады деп болжайды. Соққылардың дені Курскі облысының аумағына жасалуы мүмкін екені айтылады. Ал АҚШ-тың сайланған президенті Трамптың командасы Байден әкімшілігінің бұл шешіміне келіспейтінін мәлімдеп жатыр.
Abai.kz