Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
Алашорда 1109 1 пікір 19 Қараша, 2024 сағат 16:15

Рысқұлов тоталитаризмдегі сана метаформозасында

Суреттер Б.Қойшыбаевтың мұрағатынан және Википедиядан алынды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Т. Рысқұловтың130 жылдығына орай өткен  конференциядағы баяндама

Тұрар Рысқұлұлы Рысқұловты тоталитарлық билік қалыптастырған тарихи сана метаформозасында танып-білдік. Шынтуайтында, жаңғыз Тұрар емес, күллі репрессия құрбаны болған азаматтарымызды тану да сондай ахуалда жүзеге асты. Белсенді саяси өмірге революция идеяларына сеніп келгендердің дені қуғын-сүргінге ұшырағаны мәлім. Ұлттық тұтастықты сақтауды аңсағандар да, тапшылдар да Үлкен террор аранына жұтылды. «Жылымықта» жазықсыз жазаланған ұлт коммунистері де, тіпті Әлихан Бөкейханов бастаған алашордашылар да ақталған, бірақ реабилитация артына идеологиялық сүзгі қойылғандықтан, көбі қоғам өміріне ақталған бетте қайтарылмады, тиісінше олар жайында белгілі дәрежеде сыңаржақ пікірлер қалыптасты. Тіпті, бар ғұмырын совет өкіметі мүддесіне арнаған адал коммунист Тұрар Рысқұлов туралы да солай болды. Ол 1956 жылы ақталғанмен, есімі 70-ші жылдарға дейін аталмады.

Дұрысында, оны жұртшылыққа алғаш таныстырған мақала «Социалистік Қазақстан» газетінде 1960 жылы шыққан еді. Авторы Рақымәлі Байжарасов Қарағанды қалалық партия комитетінің екінші хатшысы кезінде репрессия құрығына ілігіп, 18 жылын айдауда өткізіп оралған. Сосын жеке басқа табынудың әшкереленуін, жазықсыз опат болған аты одаққа мәлім дүмді қайраткерлердің ақтала бастағанын көрген соң, сол қатардағы Тұрар Рысқұловты жұртшылыққа таныстыруға бел буған-ды. Алайда мақала республиканың партиялық билігіне ұнамай, Рысқұлов қайтадан ұлтшыл, түркішіл, контрреволюционерлер шыңырауына құлатылды. Газет редакторы мен оның орынбасары қызметтерінен босатылды. Мақала авторы Рысқұловтың адалдығын дәлелдеу үшін күресті,   ақыры, жүрек талмасынан дүние салды.

Тұрартану осындай көңілсіз оқиғамен басталған-ды, дегенмен қайраткер жайындағы оң пікірді оның 80 жылдығы қарсаңында партия тарихшылары айта бастады. Тұрардың өз еңбектеріне де қол жетті. Оның тарихи тұлғасын қалпына келтіру жұмыстары қанат жайды. Содан 90 жылдық қарсаңында Шерхан Мұртазаның алғашқы  романдары, Виктор Устиновтың монографиясы шықты. Шерхан ағамыздың 1988 жылы сахналанған «Сталинге хат» пьесасы көпшілікті ерекше риза етті.  Мұрағаттан алынып, драматургиялық шығармаға негіз болған хат Қайта құру жылдары ғылыми айналымға түсті. Соның негізінде кей оқымыстылар қазаққа аштықтан жойылып кету қаупі төнген қатерлі кезеңде «халықты құтқару үшін Т. Рысқұлов И.В. Сталинге қаймықпай хат жазып, ерлік жасады» деп бағалады. Сол алапат ашаршылыққа қатысы болған лауазымды қызметкерлердің бірқатары репрессиядан ағашқы лекте ақталса да, олардың адал есімдері мен нақты істері теріс бағаланған қалпы тәуелсіздікке  дейін саяси торда тұтылып тұрған. Содан бері, жасырылған деректерді жаңа көзқараспен әділ сараптап, тарихи шындықты қалпына келтіру ісіне атсалысуға жол айқара ашылғалы отыз жылдан асcа да, бұрынғы сталиндік қасаң билік тұсында бұрмаланып қалыптасқан сана ақиқатқа әлі де жол бермей келе жатқан секілді.  Бұған мысал ретінде кейбір тұрартанушылардың: «Т. Рысқұлов 1918–1919 жылдардағы және 1931–1933 жылдардағы ашаршылық кезінде қазақ халқын құтқару үшін ерен еңбек сіңірді», – деген тұжырымын атауға болады.

Қазақ елін іс жүзінде Ұлттық Апатқа душар еткен большевизмнің солақай саясаты бұл күнде баршаға белгілі.  Апаттың 1917–1919 жылдарғы бірінші кезеңінде Түркістандағы көшпенді қазақтар зардап шекті. Жылқысы қызыләскер үшін тартып алынып, Мұстафа Шоқай әшкерелеген «большевизмнің аштық саясаты» салдарынан азық-түліктен де қағылған өлкедегі халықтың 1 миллион 114 мыңы опат болды. Миллиондаған жан ашығып жатты. Аштықпен күрестің орталық комиссиясын 1918 жылдың қара күзінен басқарған Тұрар Рысқұлов қазақ мүддесін көзге ілмейтіндерге, тек «әлемдік революция жасайтын қызыл гвардия» мүддесін ойлайтындарға, «марксизм тұрғысынан болашағы жоқ» дейтін көшпенділерге азық бөлуден бастартып, олардың «аштан қырылуын революцияға қосқан үлестері» деп арсыздықпен мәлімдегендерге қарсы аяусыз күреске түсіп, көпшілігін ажалдан арашалап қалды.

Ал 1931–1933 жылдарғы сұрапыл аштықта Бас хатшы Иосиф Сталинге жолданған хаттардың ең пәрмендісі Қазақ Республикасы Халкомкеңесінің төрағасы Ораз Исаевтікі болатын. Ол 1932 жылғы тамызда берген хатында ахуалды адал баяндап, жағдайды әділ талдаған, қателіктерді жою хақындағы ұсыныстарын тізбелеген. Және аса маңыздысы, орын алған жағдайға өлкекомның барлық бюро мүшелерімен бірге жеке басының да жауапты екенін мойындай келе, «өзіне өзі сын көзбен қарауға қауқарсыз» Филипп Голощекин басшылықта отырғанда «жағдайды сауықтыру еш мүмкін емес» екенін жазған. «Бірінші хатшының көпке мәлім ерекше рөлін» ескере келе, оны лауазымынан босатпайынша ахуалдың оңалмайтынын айтқан. Сөйтіп ол Голощекинді өлке партия ұйымы жетекшілігінен кері шақырып алуды Бас хатшы Сталиннің өзінен тікелей, еш мәймөңкелемей, жападан жалғыз, ашық талап еткен еді.

Исаев сол хатында мал шаруашылығына байланысты шұғыл орындалуды тілейтін мәселелер орайында Орталық Комитеттің арнайы шешім шығаруын сұраған-тын. Бұл өтініші толығымен қанағаттандырылды. Оның ұсыныстары Орталық Комитеттің Қазақстандағы мал шаруашылығын дамыту жөнінде 1932 жылғы 17 қыркүйекте қабылдаған Қаулысына негіз етіп алынды, Ораз көрсеткен кемшіліктер талданып, міндеттер белгіленді. Қаулыда, әрине, Голощекиннің аты аталған жоқ, тиісінше ол Қазөлкекомның бағытын Орталық Комитет қолдады деп жариялап, Қаулы шешімдерін жүзеге асыруға білек сыбана кірісті. Тек арнайы келген мәскеулік комиссияның қорытындысынан кейін ғана, Алматы коммунистері «адал лениншіл» Голощекинді үлкен құрметпен Мәскеуге, Жоғарғы Төрелік соттың төрағасы қызметіне шығарып салды...

Ал 1932 жылғы 29 қыркүйекте РСФСР Халкомкеңесі Төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов Сталинге жолдаған хатында Қазөлкеком жол берген кемшіліктердің салдарларын жүйелеп, 17 қыркүйек Қаулысының жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге бағытталған ұсыныстарын жазған-тын. Сол хаттың көшірмесін жөнелтпе жазбамен 1933 жылғы 31 қаңтарда  Қазақстанның жаңа басшысы Левон Мизоянға жіберген-ді.

Қазақ халқын Отыз екінші жылғы қасіреттен құтқарудың елеулі қадамдары осындай ретпен жасалған.

Өлке мұсылмандарын партия қатарына тартуды мақсат еткен Мұсылман бюросын Рысқұлов 1919 жылдың көктемінде басқарды. Мұсбюро атынан ол Ресейдің революциялық отаршылдығы мен оған қарсылықтан туған басмашылықты ауыздықтай алатын саяси реформа жасау идеясын көтерді. Сол идеясын нақтылайтын Кеңестік Түркістанның мемлекеттік құрылысы туралы тезистерін 1920 жылғы қаңтарда өлкепарткомның, мұсбюроның және Мәскеудің эмиссарлық билігі – Түркістан комиссиясының бірлескен отырыстарында ортаға салды. Ол түрк (тюрк, түркі) халықтарының ұлттық саяси бірлігі негізінде өлкені басқарудағы отаршылдықтың сарқыншақтарынан арылуға, жергілікті тұрғындардың саяси құқтарын  кемсітуді жоюға және осындай батыл шара арқылы әлемдік революцияның Шығысқа таралуына жәрдемдесуге болады деп санады.

Саяси көзқарасы айқын, ашық, батыл Тұрар Рысқұлұлы түрк халықтары арасынан бірінші болып Түркістан Орталық Атқару комитетінің төрағасы лауазымына сайланған-тұғын. Түркаткомның жергілікті ұлттан шыққан тұңғыш төрағасының беделін барша қайраткер мойындады, сондықтан да оның тұжырымдап қорытқан ұсыныстары: Түркі халықтарының коммунистік партиясы мен Түркі кеңестік республикасын құру жайындағы құжаттар жобасы 1920 жылғы қаңтарда өлкелік компартияның Түрккомиссия мүшелері де қатысқан бесінші  конференциясында және ақпанның басында мұсылман коммунистерінің үшінші конференциясында бірауыздан бекітілді. Бұл 25 жасар Тұрар Рысқұловтың күллі түркі халықтарының мүддесін көздеген аса ірі саяси жеңісі болатын.

Алайда 1920 жылғы бұл жеңістің де, 1924 жылғы Орта Азияны ұлттық-аумақтық жіктерге межелеу науқанында ұсынылған Ортаазиялық Федерация құру жайлы идеяның да орындалуына Лениннің басшылығымен жаңа империя құрып жатқан  большевиктер жол бермеді. Өйткені олар күшейіп кетуі мүмкін түркі бірлігінен қорыққан еді. Ал бізге бұлардың бүгінгі Түркі мемлекеттері ұйымының  бастауында тұрғанын ұмытпай, мақтан ете білген жөн.

Тұрар Рысқұлов, сөз жоқ, аса ірі саяси тұлға, өте көрнекті мемлекет қайраткері. Бертінде оның жарқын тұлғасына көлеңке түсіруі ықтимал мәліметтердің пайда болуы қоғамда үлкен шу туғызды. Бұдан он-он бес жылдай ілгеріде жалпыұлттық және таптық көзқарастар ыңғайымен жіктелген қайраткерлердің бұрын беймәлім істері жайлы деректер «Алаш қозғалысы» бес томдық құжаттар жинағында жария болған. Баспасөзде 30-шы жылдарғы саяси элита хақында қорғалған диссертация бойынша қилы оғаш пікір бой көрсеткен. Алашорда тарихын баяндаған деректі фильмде де тосын ой естілген. Мәселе Тұрардың 1924 жылғы сәуірде ұлт қайраткерлерінің іс-әрекеттерін сыни тұрғыда әшкерелеп, Сталинге, көшірмесін ГПУ-ге жолдаған, сондай-ақ үзеңгілесіне түрлі тапсырма берген құпия хаттарының табылғанында болатын. Осыған орай 2009 жылы «Әділет» тарихи-ағарту қоғамында пікір алысулар өтті.  Академик Мәлік-Айдар Асылбеков және «Әділеттің» байырғы мүшелері – қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары – хаттарды талдап, талқылай келе, оларды желеу етіп, Рысқұловты бір жақты ғайбаттауға болмайды деп тапты. Бұл архивтік құжаттарды жұртшылықтан жасыру да қате, бізге бұларды сол замандағы идеологиялық күресті дұрыс тану үшін, жаманнан жиреніп, жақсыдан тәлім алу үшін білу қажет, демек аға ұрпақты кемшіліктерін дабыралатып біріне бірін қарсы қоймай, салқын-қандылықпен сараптай білу үшін ұлттық ымыра керек деген ойға тоқтады.

Біз бұларды туғанына 130 жыл толуын атап өтіп отырған аса көрнекті қайраткердің көзқарасындағы эволюциялардың әлі де терең зерттеліп, толыққанды бейнесін танытатын саяси портретінің штрихтары толықтырыла түскені абзал деген оймен айтып отырмыз.

Пайдаланылған әдебиет:

Қойшыбаев Б. Түнектен оралған есімдер. ІІІ том: Үш пері. – Алматы: «Рух БГ» баспасы, 2016;

Қойшыбаев Б. Ұлттық апатты тану. Публицистикалық хроника. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2019;

Қойшыбаев Б. Құпия қызмет және біз. – https://abai.kz/post/184270; Мәңгі ескертпе. – «Халық» газеті, 30.05.2024; 5.06.2024.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1992