Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Алашорда 4007 1 пікір 17 Маусым, 2024 сағат 12:46

Құпия қызмет және біз

Сурет мақала авторының жеке мұрағатынан алынды

Саяси қуғын-сүргіндер жайында тек арнайы еске алу күнінде ғана емес, әрдайым айта беру ләзім. Сонда ғана сонау қасірет табиғатын тереңірек түсінетін болармыз. Осы орайда оқырман назарына төмендегі танымдық материалды ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

Мәңгі ескертпе

Тәтті ұрандармен және мылтықтың найзасымен орныққан соң кең қолданысқа енген саясатты жалаулатқан солақай модернизациялардан біздің халқымыздың айтып-жеткізгісіз қасіретке ұшырағаны мәлім. Өйткені олар репрессиялармен, жаппай қуғын-сүргіндермен астастыра жасалған еді. Мұндай ахуал, әрине, барша Совет Одағында орын алып тұрған-тұғын. Сондықтан да бір сәт жеңімпаз партияның шешімдерін сөзсіз жүзеге асыруды қамтамасыз етіп тұрған қаһарлы жұдырық хақында да ойланған дұрыс. Әрине, күллі қуғын-сүргіндердің таптық ту көтерген революцияның алғашқы күндерінен-ақ туындағаны, советтік тауарихымыздың күрделі кезеңдері таптық күреспен түсіндірілетіні дау туғызбайды. Ендеше  сол күресті әрдайым жеңіске ұштастырып отырған құпия күштің ресми мекемесі қалай ұйымдастырылғанына шағын шолу жасай кеткен жөн тәрізді.

Сонымен, ескі құрылыс орнына келіп жатқан жаңа өкіметтің мүддесін жедел әрекет етіп қорғаған, заңнан тыс оқыс та оғаш істері оң сипатта танылған күш – большевизмнің жауынгерлік органы – қалай ұйыстырылды екен? 1917 жылғы 6 желтоқсанда Халкомкеңес (төрағасы Владимир Ильич Ленин) үкіметтік мекемелерде қызметшілердің забастовка жасауы ықтимал екендігі жайында мәселе қарап, сондай ереуілдерге қарсы ең жігерлі де шешімді революциялық тәсілдер қолданып күресу мүмкіндігін қарастыру үшін  ерекше комиссия құруды Дзержинскийге тапсырған-ды. Ол сол күннің ертеңіне-ақ, 7 желтоқсанда, Халкомкеңесте «Саботажбен күрес комиссиясы мен оның құрамы туралы» баяндама жасады. Баяндаманы үкімет мүшелері бір ауыздан қолдаған. Сөйтіп Халкомкеңестің мақұлдауымен Контрреволюция және  саботажбен күресу жөнінде бүкілресейлік төтенше комиссия (БТК, ВЧК – Всероссийская чрезвычайная комиссия) құрылды. Төрағалыққа Лениннің ұсынысымен баяндамашы Феликс Эдмундович Дзержинский тағайындалды. Бұл ресейлік және польшалық революционер империяның Вильна губерниясында (қазіргі Беларусь Республикасының Минск облысында) 1877 жылы туған. Төтенше комиссияның негізін қалаушы және алғашқы басшысы, осы арнайы қызметтің идеологиясын жасаған, Темір Феликс деген лақап атымен кең танылған чекист. Ленинмен 1906 жылы Стокгольмде тікелей танысып, сенімді үзеңгілесіне айналған.

ВЧК төрағасының орынбасары Петерс болды. Яков (Екаб) Христофорович Петерс. Латыш  текті орыс революционері. Ресей империясының Курляндия губерниясында (қазіргі Латвия) 1886 жылы дүниеге  келген.  Он  сегіз  жасында Латвия социал-демократиялық жұмысшы   партиясына   кіріп,   белсенді   саяси  жұмыстарға  араласқан.  Ақпан революциясынан кейін Солтүстік майдандағы әскери бөлімдер арасында үгіт-на-

сихат жүргізді. Қазан төңкерісі қарсаңында әскери бөлімдерді қарулы көтеріліске даярлаған. Бүкілресейлік төтенше комиссияны құру және оның қызметін ұйымдастыру жұмыстарына белсене қатысқан. Тиісінше  бірден  ВЧК төрағасы  Дзержинскийдің орынбасары лауазымына бекітілген. Ленин Дзержинскийді осынау маңызды Комиссияның басшысы лауазымына ұсынғанда, кейін Петерс еске алғандай, Ұлы француз революциясы кезеңіндегі саяси клубты меңзеген екен. Дзержинскийді «пролетар якобшысы (якобинец)» деп сипаттаған көрінеді. Сонда Дзержинский, отырыс аяқталғаннан кейін, мұңлы кескінмен: егер ол енді Робеспьер болса, онда, шамасы,  Петерс – Сен-Жюст шығар депті. Екеуінің де күлуге зауқы жоқ-тын, ыңғайы, сонау француз революционерлерінің – (якобшылар серкесі, Ұлы француз революциясының аса ықпалды саяси қайраткері Робеспьердің және оның Конвент депутаты Сен-Жюст пен өзге де белді үзеңгілестерінің) сотсыз, тергеусіз өлімге қиылғанын ойлаған болар. Қалай дегенмен осы екеуі төтенше комиссияның тез аяғынан тік тұрып кетуіне өлшеусіз көп еңбек сіңірді. Әсіресе Петерс Прибалтика өлкесінде социал-демократиялық астыртын ұйымның бастан кешкен қиындықтарын бірге өткерген латыш жолдастары мен жерлестерінің  чекистер қатарына ағылып келуіне кең жол ашты. Өзі ЧК-ның төрағасының орынбасары, алқасының мүшесі және қазынашысы, әрі 1918 жылдың сәуірінен ВЧК партия ұйымының тұңғыш хатшысы қызметін де атқарды. Ол Мәскеудегі шетелдік елшілердің астыртын әрекетін әшкерелеуге, сондай-ақ солшыл эсерлер бүлігін жоюға қатысқан. 1918 жылғы 30 тамызда Ленинге қастандық жасаған эсер Капланды тергеді. Жазушы Борис Савинковтың «Отан мен бостандықты қорғау одағы» ұйымын жоюға да басшылық етті. Петерс Мәскеуде Ленинге қастандық жасалуына байланысты жарияланып, елу мың адам өмірін әкеткен әйгілі «Қызыл террордан» соң, 1919 жылы Лациспен бірге Киевте де үлкен қырғын жасауға қатысты. Екеуі де большевизмге Латвия социал-демократиялық жұмысшы партиясы қатарында белсенді жұмыс атқарып барып келген-тін. Лацис Мартын Иванович (шын аты-жөні Ян Фридрихович Судрабс) Азамат соғысы кезеңіндегі ең белгілі чекистердің бірі болған-ды. Империяның Лифляндия губерниясында (қазіргі Латвия) 1888 жылы туған. Ол 1917 жылы Петроградта Қызыл гвардияны ұйымдастырушылардың бірі, Әскери-революциялық комитеттің мүшесі, ӘРК комиссарлары бюросының жетекшісі, Қазан төңкерісіне тікелей қатысушы-тұғын. 1918 жылы – ВЧК алқасының мүшесі. Сол жылы қызыл латыш атқыштарының командирі  Иоаким (Юкумс) Вацетиспен бірге Мәскеуде солшыл эсерлер бүлігін басу шарасын басқарды.  Шығыс майдандағы 5-ші армияның ЧК-сы мен Әскери трибуналының төрағасы боп істеді. Содан соң 1919 жылы Бүкілукраиндық Төтенше комиссияның жетекшісі болды және Киев ЧК-сын тікелей басқарды.

Сол 1919 жылғы тамызда Киевке комендант және гарнизон басшысы қызметіне Петерс келді де, қаланы Деникиннің ақтар армиясы бөлімдерінің және Петлюра әскерлерінің шабуылынан қорғау жұмыстарын Лациспен бірлесіп жүргізді. Алайда елеулі қарсылық көрсетуге шамалары келмеді. Бірақ қала тұрғындары ішінен совет өкіметіне дұшпандық пиғылда деп күдіктенгендерінің баршасын чекистер алқасының шешімімен жаппай атып тастауды ұйымдастырды. (Киевті басып алғаннан кейін Деникин комиссиясы жүргізген тексеру он мыңдай адам өмірі чекистер құрбандығына шалынғанын анықтаған). Киевтен айрылғаннан соң Петерс Тулада – Әскери кеңес мүшесі, Мәскеуде – темір жолдарда соғыс жағдайы жөніндегі ерекше комитет төрағасының орынбасары. Одан 1920 жылдың басында Солтүстік Кавказда ВЧК-ның толық өкілетті өкілі, Солтүстік Кавказ теміржолының комиссары боп істеді. Одан соң Түркістанға аттанды...

Азамат соғысы қызып тұрған шақта Шығыста жұмыс істеу үшін арнайы орган құру туралы ой туып, Дзержинский тарапынан жоғары билікке тиісті ұсыныс берілген-тін. Соған сәйкес РК(б)П Орталық Комитетінің Саяси бюросы 1919 жылдың соңында ВЧК-ның Ерекше бөлімі жанынан  Шығыстағы контрреволюциямен күрес бойынша ішкі бөлім (подотдел) ашу мәселесін қарады. Дзержинский бұл бөлімшені басқаруға қазақ өлкесінде (Қазәскериревком мүшесі болып) жұмыс істеп келген партия қызметкері (кезінде өзіндей Қазревком мүшесі Ахмет Байтұрсыновпен мәжіліс үстінде тапаншасын суырып ерегісуге дейін барған) В. Лукашевке тапсыруды сұрады. Алайда Саяси Бюро мұсылмандар арасындағы контрреволюциялық қозғалыспен күресті, арнайы ішкі бөлім құрмай-ақ, ЧК жинайтын деректерді Ерекше бөлімде топтап, мұсылмандар тұратын губерниялардағы чекаларға тапсырмалар беріп тұрумен шектелуді ұсынды. Бұл мәселе одан кейін де бірнеше рет сөз болып, ақыры 1922 жылғы 2 маусымда Мемлекеттік саяси басқарманың (МСБ, ГПУ) арнайы Шығыс бөлімі құрылған-ды.  Осы Шығыс бөліміне Петерс бастық лауазымына тағайындалды. Бұған дейін ол Түркістан өлкесінде қызмет істеп оралған. 1920–1922 жж. РК(б)П Орталық Комитеті Түркістан бюросының мүшесі, ВЧК-ның Түркістандағы өкілі және Ташкент Төтенше комиссиясының бастығы болды. Дутов, Анненков, Әнуар пашаға қарсы жүргізілген операцияларға жетекшілік етті. Сосын Мәскеуге шақырылған. Сөйтіп ГПУ-дің Шығыс бөлімінің бастығы ретінде Түркістан, Бұхара, Хорезм, Башқұрт, Татар, Қырымда істейтін чекистердің жұмысын үйлестіріп басқаруға кірісті. Петерс орталыққа оралғаннан кейін арнайы қызметтің Түркістандағы толық өкілетті өкілі болып Лев Николаевич Бельский істеді. Шын аты-жөні Абрам Михайлович Левин, 1889  жылы Минск губерниясында туған. Советтік арнайы органның басқарушы қызметкерлерінің бірі. 1918  жылдан чекистер қатарында. Ташкентке ГПУ-дің Қиыр Шығыстағы толық өкілетті өкілі қызметінен келген. (Оның есімін өзін тергеген ОГПУ-дің Қазақстандағы толық өкілетті өкіліне 1930 жылы күзде, алдағы қысқа әзірлік мәселесіне байланысты Мәскеуден «Скотовод» басқармасының іссапарымен Қызылордаға келгенінде тұтқынға алынған Жанша Досмұхамедов атап айтқан-ды: өзінің 1927 жылға дейін Ташкентте тұрған кезеңі, Түркістан өлкесінде атқарған қызметі жайында «жолдас Бельский жақсы біледі», тиісінше ол, яғни Досмұхамедов, совет өкіметіне ешқандай да кесір келтірмей адал жұмыс атқарды деп «жолдас Бельский» куәлік ете алады деген).

Түркістанда істеген тағы бір чекисті айта кеткен жөн. Ол – Глеб Иванович Бокий. 1879 жылы  Тифлисте (Тбилисиде) туған. Алғашқы ЧК қызметкерлерінің бірі, Мәскеуде 1918 жылы басталған «қызыл террор» кезінде – Петроград Төтенше комиссиясының төрағасы, Петроградтағы «қызыл террорды» ұйымдастырушылардың бірі болған.  1919 жылы әуелі Шығыс майданы ВЧК Ерекше бөлімінің бастығы, одан 1920 жылдың күзіне дейін Түркістан майданындағы  ВЧК Ерекше бөлімінің бастығы, ВЦИК пен Халкомкеңес құрған Түркістан комиссиясының мүшесі, Халкомкеңестің жанындағы БТК-ның Түркістандағы толық өкілетті өкілі қызметтерін атқарған. Шетелге қашып кеткен чекист Георгий Агабековтің 1930 жылы берген көрсетуіне қарағанда – Бокий 1919–1920 жылдары  Түркістанда асқан қатыгездікпен жүргізілген  «қызыл террорды» ұйымдастырушыларының бірі болған екен. Кейін НКВД-нің арнайы тобы Францияда өлтірген бұл қашқын-чекистің  шын аты-жөні – Геворк Арутюнов. 1895 жылы Асхабатта туған. 1918–1920 жж. Қызыл армия қатарында басшы қызметтерде болып, Түркістанда соғысқан, одан Төтенше комиссияға қызметке кіріп, Түркістан майданы ЧК-сында істеген, Ташкентте шпионаж және контрабандаға қарсы күрес жөніндегі бөлімді басқарған, сонымен бір мезгілде ГПУ партия ұялары бюросының хатшысы қызметін атқарған. Бұхарада совет өкіметіне қарсылық қозғалысын ұйымдастырып әрі басқарып жүрген Түркияның әскери және саяси қайраткері Әнуәр пашаны жоюға тікелей қатысқан.

Көрнекілік суреттерді мақала авторы ұсынды

Осы большевиктер дүниеге әкелген чекистер ұйымының құрылымы үздіксіз жетілдіріліп жатты. 1922 жылдың ақпанында ВЦИК-тің қаулысымен ВЧК таратылып, өкілеттіліктері Мемлекеттік саяси басқармаға (ГПУ-ге) берілді. Мемлекеттік қауіпсіздік органы ретінде ГПУ РСФСР Ішкі істер халкоматының (НКВД-ның) жанынан құрылған-ды. ВЧК-ның бұрын атқарып келген «социалистік заңдылықты» қадағалау қызметі сол жылдың ортасында қарамағында Прокуратура құрылған Әділет халкоматына жүктелді. 1922 жылдың соңына қарай Совет Одағы (ССРО) құрылуына байланысты, 1923 жылғы қарашада ГПУ одақтық деңгейге жоғарылатылып, аталымы ССРО Халкомкеңесі жанындағы Біріккен мемлекеттік саяси басқарма (ОГПУ) деп өзгертілді. Біздің елде де, басқа республикалардағыдай, осы арнайы қызметтің (ЧК-ГПУ-ОГПУ) тиісті басқармалары жұмыс істеп тұрды. Жер-жерден қажетті жансыздары мен қызметкерлерін жасақтап алған бұл басқармалар мен олардың бөлімшелерін орталықтан жіберілген эмиссарлар басқарды. Осындай тәртіппен жасалған құрылым өзгеше ойлаушыларды уысында ұстауға, қажет деп тапса тез залалсыздандырып, жойып жіберуге  ыңғайлы ахуал туғызды. Барша ұлт қайраткерлерін жаңа империяның ұйыстырушы күші, күзетшісі әм қорғаушысы болған осы арнайы қызмет құпия бақылауда ұстады. Қырына алғандарын арандатудың қилы тәсілдерін қолданды.

Басшы қызметтегі ұлт коммунистері бақылауда тұрғанын жас ұлт қайраткері Дінше Әділов 1928 жылдың соңына қарай ОГПУ тергеушісіне берген көрсетулердегі бір мысалдан байқауға болады. Бұхарадағы Зәки Валидовке барып, оның тапсырмасымен Ферғанаға сапар шеккенінде ауруға шалдығып кері оралғаннан соң Әділов әуелі Ташкентте, одан елінде емделді де, 1922 жылдың күзінде ауылынан оқуға түсетін балаларды ертіп Ташкентке қайтып келді. Сонда «Ташкентке құпия түрде Валидовтың келгенін» естіп, кездескен: «Ол маған менен айрылысқаннан кейінгі өз қызметі жайында әңгімеледі» деді бұл жайындағы көрсетуінде. Сосын Валидовтың қатысуымен пікірлестердің басқосуы өткенін айтты: «...Қашқынбаевтың пәтеріне жиналыс шақырылды, онда Досмұхамедов,  Қашқынбаев, жалпы талай кісі болды. Валидов бізге өзінің қайғылы тарихын айтып берді. Ол өзінің осында жүргенін Рысқұловтың білетінін, мұның құпия пәтеріне соғып, амандасып кеткенін айтты. Ол Валидовқа кеңес беріпті: Рудзутакқа өтініш жасап, ашық жағдайға ауысуға тырысқан жөн депті. Валидов өзінің қаупін әңгімеледі: «мүмкін Рысқұлов оған шын жүректен соны тілеген шығар, бірақ, бәлкім, мұны ұстап беру арқылы жоғарғы жақтың қалтқысыз сеніміне ие болудан дәмеленер. Жалпы, өзінің мансап биігіне жолын ашып алудан үміттенетін шығар». Валидов осы күдігін аян етіп, жиналысқа қатысып отырғандардан ақыл сұраса керек, ал оған мынандай кеңес айтылыпты: «өтініш беру – қауіпті, тіпті Рысқұлов шынымен де оған жақсылық ойлап отырса да, дегенмен, қатер төнсе, құтқарып алуға шамасы жетпейді. ...Валидов бұдан әрі де жасырын жағдайда жүруге тиіс деп шешілді».

Осыдан кейін Әділов  бір реті келгенде Түрксовнарком төрағасы  Рысқұловқа барған екен. «Валидов оған мен жайында хабар берген, мені өзінің сенімді досы ретінде сипаттаған болатын, – деді ол тергеушіге осы орайда. – Рысқұловпен біз бұрын да кездескенбіз. ...Рысқұловқа Қожановпен бірге барған болатынбыз. Ол Қожықовтың пәтеріне келген. ...Сонымен, мен Рысқұловқа келдім. Амандастым да, өзімнің Валидовпен көріскенімді айттым. ...Мен даусымды шығарып сөйлеп отырғанмын. Бірақ Рысқұлов менен жайырақ сөйлеуімді өтінді. Себебі басқа бөлмеде Лаумуллин отырған. Ол, айтпақшы, жазалаушы органдарда – әлде милиция, әлде қылмыстық іздестіру жағында қызмет ететін. Ол ақсақ еді, Рысқұлов: «Ақырын сөйле, ана ақсақ («хромыш») естіп қалып жүрмесін», – деді»... Бұл дерек Түркістан Республикасы Халкомкеңесінің басшысы өзінің арнайы қызмет тарапынан қадағалауда екенін білетінінен хабардар етеді. Ал жалпы чекистер ұлттық аймақтарда қызметті қандай тәсілдермен жүргізіп отырғанын ГПУ қызметкері Фома Ивановтың хаты әшкерелейді. (Хат тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиевтің елімізде өткен ғасырдың 20–40-жылдары орын алған саяси қуғын-сүргіндер кезеңін зерттеген еңбегінің 316–317-беттерінде жарияланған: «Сталинизм и репрессии в Казахстане 1920–1940-х годов». – Алматы, 2009. – 448 б.).

Аталған хатты (өтініш-мәлімдемесін) Ф. Иванов РК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің басшысы Филипп Голощекинге және Өлкекомның бюро мүшесі, қазақ коммунистері арасындағы беделі жоғары Смағұл Сәдуақасовқа өте құпия түрде 1926 жылғы 10 қыркүйекте жолдапты.  Өтініш-мәлімдемеде большевиктер жұмысының астары айтылып, құпия орган ұстанған ішкі сыр айқара  ашылған. Мәлімдеме жасаушы Иванов «еуропалық қызметкерлер тобы жүргізіп отырған саясатты» көзбе-көз көріп, біліп, жүзеге асырысып жүрген ГПУ қызметкері ретінде, өзіне белгілі келеңсіздікті «еуропалық басшы» – БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің жауапты хатшысы Голощекин мен «қазақ басшы» – бюро мүшесі Сәдуақасовқа «объективті пайым жасаулары үшін» жеткізуді партиялық борышы санайтынын айтқан. Оның ағынан жарылуынша,  ГПУ-дегі топтың «антипартиялық саясаты қолдарындағы барлық күштерді қазақ қызметкерлеріне қарсы пайдалану жолымен, оларды қудалау және қуғынға түсіру жағына бағытталған». Осынау адал көңілімен өлке басшылығына қобалжулы хабар беріп отырған ГПУ қызметкері өзі әшкерелеп отырған саясат ауқымында  қандай жұмыстар жүргізіп жүргендерін ашып айтады. Біріншіден, Қазақ Республикасындағы ГПУ қызметкерлері атқарған басты міндет – қазақ қызметкерлері үстінен жалған куәліктер жинастыру болған. Бұл үшін түрлі әдіс қолданылыпты. Ең алдымен «қазақтардың басбұзар (қылмыстық – Б.Қ.) элементтерін жалдап, немесе ат ұрлаушыларды тұтқындап, қазақ қызметкерлері туралы куәгерлік жалған көрсетілімдер аламыз». Екіншіден, «қазақтың жауапты қызметкерлеріне айдап салу үшін ықпалды рубасылары мен орыс кулактарынан әдейі арнайы топтар құрудамыз. Сөйтіп олардан өздерімізге қажет материалдар аламыз». Үшіншіден, «аңдуды, із кесуді күшейтудеміз, сол жолмен қазақ қызметкерлерінің жұмысын шарасыздық кейіпке түсіру үшін, бірінің «кінәсін» екіншісіне жапқызып, бір-біріне айдап саламыз» дей келе, әдейі арандатудың бір масқара тәсілін баян етеді: «Біздің саясатымыздың сипатына сай, жемісті операцияларымыздың нәтижесінде, ГПУ желісі бойынша жыл сайын ондаған қазақ кедей шаруаларын өлтіріп жүрміз, – осылай қазақ жарлылары мен орташаларын қазақ қызметкерлерінен алшақтатудамыз». Чекист Иванов қанды қол құпия органның қылмыстарын қалай жүзеге асыратынын да жасырмайды, бұл сан айлалы жасырын қызмет кісі өлтірушілерді тауып, құрбандықтарына  астыртын айдап салатын да көрінеді: «Егер өзіміз тікелей өлтірмесек, онда орыс бұзықтары арқылы әрекет етеміз» (316-б.).  Осындай ағынан жарылуынан кейін арнайы орган қызметкері Иванов өтініш-мәлімдемесін жазған сәтте немен шұғылданып жүргендерінен хабардар еткен: «Биылғы жылы (яғни 1926 жылы – Б.Қ.) бұрынғы жылдардағыдай әдетпен, әскерге шақырылғандарды тек қазақ тұрғындарына қарсы әрекетке ғана емес, лауазымды орындарда отырған жауапты қызметкерлерге де қарсы жұмсап жүрміз».  Демек, ұлттық республикалардың басшылары мен беделді қайраткерлерін уыста ұстау үшін қилы арандатушылықпен шұғылдану – Қазақстандағы чекистердің басты кәсібі болған. Ивановтың құпия хабарына қарағанда, чекистер  қазақ тұрғындары мен лауазымды қызметкерлерге де қарсы айдап салып жүрген әлгі әскерге шақырылғандарды орыс тұрғындары алдында «жылқы ұрлаушы» (конокрад) деп айыптап түсіндіретін көрінеді. Сонда, құпия қызметтің түрлі қитұрқы тәсілмен қиюластыруы нәтижесінде, орыс тұрғындары қазақтың басшы қызметкерлерін ат ұрыларын басқарушылар  іспетті қабылдайтын болады. Егер олардың мұндай әрекетінің түбі шикілігі сезілер болса, онда күдік туғызбайтын ыңғайлы таптық  жамылғыны бүркене қояды: яғни әрекеттерінің жасандылығын «біреу-міреу байқап қалса, – дейді  чекист Иванов, – бәрін орыс кулактарына, атамандарына, қазақ рубасыларына жаба қоямыз». Өйткені олардың ішінде де сенімді адамдары жетіп артылады: «орыс кулактары мен қазақ рубасылары арасында бізден үлкен ақша алып, қазақ қызметкерлері үстінен бізге қажет елеулі материалдар беріп жүрген агентіміз болып табылатындар жеткілікті, соларды Қазақстан жағдайына орай тиімді басқарып, жауапты қазақ қызметкерлеріне қарсы  пайдаланамыз» (317-б.).

Біздің елімізде «тарихтың қалауымен» ортақ тағдыр кешкен халықтардың «достығы» құбылысы астарында, міне, көрінбейтін қызмет осындай қулық-сұмдықтармен  қалыптастырған жағдай жатыр. Ал көздеген мақсаттарына жету үшін ешқандай да бұрмалаудан тартынбайтын большевиктер, республика партия ұйымын басқарушылар (біздің жағдайда – орталықтың эмиссары Ф. Голощекин) сонау көрінбейтін қызметтің әрекет-қимылдарын өз пиғылына сәйкестендіріп қозғалысқа келтіріп отырған. Еске түсірейік, Голощекин «Қазақстан диктаторы» (ұлт қайраткері, Сырдария губкомының төрағасы Ыдырыс Мұстанбаевтың бағасы) боп тұрған шақта қайғылы солақай реформалар (кәмпеске, зорлықпен отырықшыландыру, күштеп ұжымдастыру, қарсылық қозғалыстарын аяусыз жаныштау, ұлт қайраткерлерін қуғын-сүргінге ұшырату, тәуелсіздік дәуірінде «Алаш ісі» деп аталып кеткен жасанды сот науқанын, дұрысында – сот үдерісіне жатпайтын үштік шешімімен екі дүркін – 1930 және 1932 жж. репрессиялау) жүргізілді және солардың салдарынан  халық алапат аштыққа –  ұлттық апатқа душар болды. Мұның баршасын қазақ республикасын билеуші «адал лениншіл» эмиссар чекистерге арқа сүйеуі нәтижесінде ойындағыдай етіп өткізе алды. Репрессиялар, бүгінде мейлінше айқындалғандай, «социалистік заңдылықты» сақтап жүргізілген жоқ, әділеттен аулақ болды. Мәселен, «Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Дінмұхамед Әділов және басқалар (барлығы 44 адам) ісі» бойынша 1930 жылы Мәскеуде ОГПУ үштігі үкім шығарғаны мәлім. Тәуелсіздік дәуірінде қолға тиген тергеу материалдарына қарасаңыз – 1920 жылы ресми жойылған Алаш-Ордаға қатысы болғандарды қиыннан қиыстырып, екі өңірде ұйыстырылған (Торғайда – Дулатовтар, Сарысуда – Әділовтер басқаратын) қарулы бандаларға арқа сүйейтін жаңа «контрреволюциялық ұлтшылдық ұйым»  мүшелері ретінде  жазалаған. Қызығы, аталған «бандалардың» жауыздық әрекеттерін көрсететін бір де бір мысал жоқ. Соған қарамастан олар, әсіресе, жеті ағайынды Әділовтер түгелдей, отбастарымен бірге қуғын-сүргінге ұшыратылған. Олардың ішінен екеуі: үлкені Байсейіт Әділов пен ортаншысы Дінмұхамед (Дінше) Әділов (екеуі де алғашқы Қазақ Республикасы Орталық Атқару Комитетінің мүшелері) оққа ұшты. Байсейіт – өзін тұтқындауға келген жасақтың үйді сыртынан атқылауынан, Дінше – ОГПУ үштігінің үкімінен ажал құшқан...

Ф. Голощекин Қазақстанның он жылдығына арналған үлкен жиында Ахмет Байтұрсынов бастаған «ұлтшылар ұйымының» жойылғанын және  «Мұхамеджан Тынышбаев бастаған ұлтшылдар ісін» тергеу басталғанын жария еткен-тін. Бұл ретте эмиссардың тапсырысына сай еңбектенген Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың Қазақстандағы Толық өкілетті өкілдігі патшалық кезеңінен ұлттық қозғалысқа қатысушыларды түгелге жуық күдіктілер қатарына жатқызған-ды. Сөйтіп олардың совет кезеңіндегі істерінен  «ұлтшылдық» әрекеттер іздеген. Репрессияның алғашқы толқынында тергелген Алаш қайраткерлерінің бірі советтік билік орындарында істейтіндерді екіге бөліп қарайтынын: бірін – езіліп келген, әлі де оңды жетістікке қолы жете алмай жүрген жұрттың пайдасына бірдеңе істей алатындар және екіншісін – халыққа түк пайдасы жоқ жәй ғана чиновниктер деп бөлетінін мойындаған еді. Арнайы қызметшілер үшін осы екінші топ – «жәй ғана чиновниктер» – өкіметке пайдалы, ал «қазақ пайдасына бірдеңе істей алатын» алғашқы топ – «ұлтшылдар»-тұғын. Сондықтан да іс жүзінде қызыл империяның ұлтсыздық туын желбіретушілер қазақ қайраткерлерінің жергілікті ұлт мүддесіне қызмет етуге тырысушылығын «ұлтшылдық» деп есептейтін еді.

Қазақстандық чекистер арнайы қызмет абақтысында бір жылдан астам уақыт бойы қамалып жатқан Қоңырқожа Қожықов бастаған 18 тұтқынды тергеу «сотқа беруге жеткілікті дерек болмағандықтан» тоқтатылатыны жайында 1931 жылғы қазанның соңына қарай қаулы алды. Осы топ «жиналған дәлелдің жетімсіздігіне байланысты» түрмеден шығарылғаннан соң, Әлімхан Ермеков, Мұхамеджан Тынышпаев бастаған 20 адамға қозғалған іс материалдары 1931 жылғы желтоқсанда (ОГПУ Алқасы 1930 жылғы Ахмет Байтұрсынов бастаған топты репрессиялағандай шара қолдансын деген үмітпен) екі дүркін Мәскеудің қарауына жіберілді. Алайда Мәскеудегі ССРО ОГПУ-і Голощекиннің үш ұйықтаса түсіне кірмеген шешімге келді.  Іс екі айдан кейін «осы 20 айыпталушы үстінен қосымша тергеу жүргізілсін немесе бәрі де босатылсын» деген ұсыныспен ОГПУ-дің Қазақстандағы Толық өкілетті өкілдікке кері қайтарылды. Өкілдік «тергеуді бір жарым жыл бойы жүргізгеніне қарамастан», жұмысын сапасыз қорытқан, Мәскеуге жіберілген істі ОГПУ Алқасында тыңдау мүмкін емес – мұны ССРО Жоғарғы сотының Прокуроры Алматыға арнайы жолдаған хатында атап айтты. Мұндай қорытынды жасауға екі түрлі себеп болған. Біріншіден, айыпталушылардың «Қазақстандағы саяси бандитизмге қатысы, олардың ұйымдастырушылық және жетекшілік рөлі дәлелденбеген», «айыпталушылар және орталық ұйым мен нақты бандиттік жасақтар арасындағы байланыс» буындары айқындалмаған. Екіншіден, айыптау қорытындысы негізінен айыпталушылардың «1918-22-ші жылдарғы контрреволюциялық өткеніне» сүйенген, ал соңғы жылдар материалдары олардың өткендегі контрреволюциялық қызметін жаңғыртқанын нақты көрсетпейді, бұлар тек «ұлтшылдық көзқарастар мінездемесі ретінде ғана» қарастырыла алады.

Хатты оқыған алматылық лауазымдылар бұрыштама соңына қызыл сиямен «полит. скандал» деген сөз түсіріпті. Бұл шынында да «саяси масқарапаздық жанжалға» ұшыраудың тап өзі еді. Голощекин, шамасы, өзінің аса маңызды тапсырмасын құпия қызметтің осынша оралымсыз орындағанына күйіп-піссе керек, ол ОГПУ өкілдігінің басшыларымен де, Мәскеудегі бұған қатысы бар орталық мекемелердің қызметкерлерімен де тиісті әңгімелер жүргізді. Нәтижесінде Мәскеуге: «Ұлтшылдар ісі бойында қосымша тергеу жүргізу нақты нәтиже бермейді. Оларды бостандыққа жіберу қазақ ұлтшыл элементін белсенділендіріп жібереді, Өлке басшылығына және ОГПУ органдарына шабуылдардың жаңа толқынын туғызады. Осыған және Өлкенің саяси жағдайына сүйене отырып, қазіргі уақытта айыпталушыларды Қазақстан шегінен тысқары жақтарға жер аудару мақсатымен істі ОГПУ Алқасының Көшпелі Сессиясында қарауға санкция беруіңізді өтінеміз. Шұғыл жауап тосамыз», – деген жеделхат жіберіледі. Алайда оң жауапқа шұғыл қол жеткізе алмай, Голощекин Алматыға келген Орталық бақылау комиссиясы төралқасының мүшесін қатыстырып, чекистермен маңызды мәжіліс өткізді де, өз ойын мақұлдатқан шешім шығартты. Артынша ОГПУ-дің Қазақстандағы Толық өкілетті өкілі Василий Каруцкий «Сольц, Фельдман, Голощекин қатысқан кеңестің шешімін жүзеге асыру ретімен» Алматыдан Мәскеуге арнайы жеделхат жолдап, «Өлкедегі саяси ахуалды, ұлтшылдар ісі бойынша тұтқындалғандардың бәрін беталды босата салудың зияндылығын ойлай отырып», аталған мәжілісте келісілген шараны айыпталушыларға өз тараптарынан қолдану (іс қозғалған 20 адамның ішінен 15 адамдық үлкен топты Қазақстан шегінен тыс жаққа бес жылға жер аудару, үшеуін біржолата босату, екеуін концлагерьге шартты қамауды қолданып, абақтыдан босату) үшін кіндік басқармадан рұқсат сұраған.  Айыпталғандардың «әрқайсысына жеке-жеке санкция беру мәселесі Голощекин жолдаспен келісілді» деп хабарлаған. Көп ұзамай Мәскеуден «барлық тұтқындалғандарға қатысты белгіленген шаралармен келісетіндіктерін» айтқан жеделхат келді. 1932 жылғы 30 сәуірде Қазақстандағы ОГПУ Өкілдігінің Үштігі тиісті қаулысын шығарды...

Ұлт қайраткерлерін бұл жолғы жазалау Голощекиннің алғашқы көздегеніндей болмағанмен, ұлттық мүддені ойлайтын қайраткерлерді белгілі дәрежеде ауыздықтап, жұртшылықты ұдайы үрей шеңберінде ұстап тұруға едәуір қызмет етті. Ал Үлкен террор жылдары сотсыз, тергеусіз жазықсыз жазалаулар мүлдем шектен шықты. Мәселен, Алматы түбіндегі төрт мыңнан астам адам көмілген репрессия құрбандары қорымының аумағы «Әділет» қоғамының қарамағына берілген-тін, сонда Мемориал тұрғызылды, әуелі арнайы музей, сосын мешіт салынды. Жанындағы «Жаңалық» ауылы ішінен әлі күнгі бассүйектерін оқ тескен адамдарды жасырған орлар табылуда, тиісті сараптамадан кейін сүйектер Жаңалық мемориалы аумағына қаралы салтанатпен жерленіп жатыр.  Осындай жәйттер неше түрлі көңілсіз ойға жетелейді... Жалпы, атап айтқан жөн, сол дәуірде қазақ қызметкерлері арнайы қызметтен үркіп, қуатын мойындап қана қоймай, оған өз мүдделеріне орай жүгінуге де тырысқан. Соның бір мысалы ретінде Халкомкеңес жанындағы ОГПУ Шығыс бөлімінің бастығы Петерстің 1924 жылдың ортасында БК(б)П ОК Бас хатшысы Иосиф Виссарионович Сталинге жолдаған хатына назар аударайық.

«Жолдас Сталин, маған Ташкенттен Бельский жолдас жіберген Рысқұлов жолдастың екі хатын Сізге жолдап отырмын, – деп жазыпты Петерс. – Бұл хаттар белгілі алашордашыл Дос-Мұхамедовтің пәтерінен табылған». Одан әрі ол хат жайында төрт тармаққа бөліп мыналарды хабарлады... Алғашқы тармақты Рысқұловтың Түркістаннан келгеннен кейін өзіне кіріп, қолындағы «Қожанов алғысөз жазған өлеңдер жинағын» көрсеткенін, «өлеңдер – контрреволюциялық» дегенінен бастаған. Өлеңдерге тәржіме жасатылып, Орталық Комитеттің Үгіт-насихат бөліміне жолданыпты. «Содан соң ол Қожановты алашордашылардың қорғаушысы және жарнамалаушысы ретінде айыптады», –  деп, өзінің оған бұл жайында Орталық Комитетке немесе Орталық бақылау комиссиясына хабарлауға кеңес бергенін жазған. Келесі тармақта Рысқұловтың хатындағы Киргизия (Қазақия) жөнінде Петерстің онымен әңгімелескені, оны сонда жіберу туралы айтты деген мәлімдемесі бекер екені айтылған. Үшінші тармақта Рысқұловтың хаттарында жалпы жалғандық көп, «әсіресе ОГПУ органдарындағы «Қожановтың агенттері» турасында жазғаны өтірік деп көрсеткен. Ал төртінші, бесінші тармақтарда «шығыстағы шет аймақтарда төтенше, бірақ өткір топтық күрес өрбіп кетуіне байланысты» өзінің ОГПУ органдарына осы күрестен сақтану жайында қатаң директива бергенін Сталин жолдасқа хабарлай келе: «Рысқұлов жүргізіп отырған топтық күрес пен жанжалға байыпты назар аударуыңызды және бізге не істеу керектігі жөнінде директива беруіңізді немесе мені жеке шақыруыңызды сұраймын» деген.

Біз бұған байланысты Сталиннің қандай шешім қабылдағанын білмейміз, мәлімі – ол көп ұзамай Моңғолияға аттанды, ал одан оралған соң аз мезгіл, екі-үш айдай Қазақстанда істеді. Сол шақта онымен кездескен ұлт театрының директоры Дінше Әділов 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне: «Рысқұлов қазақ қызметкерлерімен жақын араласудан қашқақтап жүрді» деп көрсеткен-тін. Бұған, бәлкім, уақыт та жетпеген шығар, Тұрар Рысқұлов 1926 жылдың мамырында РСФСР Халкомкеңесі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды. Осы жауапты қызметті атқарғанына он бір жыл толғанда Үлкен террор шеңгеліне ілекті... Петерс көсемге ұсынған екі хат, сондай-ақ  Рысқұловтың сол 1924 жылы Сталинге және көшірмесі арнайы қызметке жолдаған хаттары 2009 жылы Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының басқармасында талқыланған болатын, талқылау нәтижесінде осы жолдар авторы «Ұлттық ымыра» атты мақала жазып, «Түркістан» газеті мен «Абай.кз» ақпараттық порталында жариялаған-тұғын (мен ол кезде осы қоғамдық ұйымның президенті едім). Мақсатымыз – аталған хаттарға және сол замандағы осылар тақылеттес арыз-шағымдарға түсіністікпен қарап, оларды әділ талдауға және ел қадірлейтін қайраткерлердің жетістіктері мен кемшіліктерін бүкпей қамтитын толымды бейнесін жасауға тырысу болатын.  Біз бұл хаттарды халықтан жасырып қойғаннан гөрі адал талқыға салып, ақ-қарасын ажыратып қараудың дұрыс болмағын, мұндай көзқарастың өткендегі қаралы тарихты терең ұғуға, ұлтымыздың түрлі түсініктегі азаматтарын шын мәніндегі ымыраласуға апаратынын ойлаған едік. Хаттардан үзіктер содан бері әрәдік әр жерде жарияланып жүрді. Ал «Әділеттің» талқылауынан он бір жыл өткен соң, «Central Asia Monitor» газеті осы хаттарды екі санында: 2020 жылғы 8 маусымда («Опубликован секретный донос Рыскулова Сталину на казахов») және 15 маусымда («Что Яков Петерс писал Сталину о письмах Рыскулова») басты. Репрессиялар табиғаты әбден танылғандықтан шығар, жарияланымдар оқырмандар тарапынан у-шусыз, тыныш қабылданды. Сол 2020 жылғы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы үндеу жария етіп, жыл аяғына қарай (2020 жылғы 24 қарашада) өз пәрменімен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрған болатын. Мемкомиссия үш жыл жұмыс істеді. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің  2023 жылдың 26 желтоқсанындағы Комиссияның қорытынды отырысында атап өткеніндей,  425 ғалым мен зерттеуші еліміздің түкпір-түкпіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивте 1920–1950 жылдарғы жаппай саяси қуғын-сүргін кезеңін ауқымды зерттеуге алып, терең зерделеді.  Репрессияға ұшыраған 311 мыңнан астам адамды анықтап, оларды қолданыстағы заңнама негізінде ақтауға бағытталған нақты жұмыс жүргізді. 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталды. Әлденеше ондаған томдық бұрын жария болмаған құпия құжаттар жинағы жарыққа шықты.

Енді бұдан былай әрбір зерттеуші советтік дәуірде арнайы қызметтің «социалистік заңдылықтан» жоғары тұрып, жұртты қасіретке душар еткенін көрсететін, құдды кейінгі ұрпаққа жасалған мәңгі ескертпе сынды архивтік деректермен тікелей таныса алады. Бұларды қаралы тарихымыздан, ұлт қызметшілерінің әділетсіздікті бастан кешкен қайғылы өмір жолдарынан сабақ ала білу үшін, нағыз демократиялық құндылықтармен қаруланып, жарқын болашақ құрылысын сеніммен қаласу үшін білу қажет.

Бейбіт Қойшыбаев,  

Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1972